Басты ақпаратЖаңалықтар

МЫҢЖЫЛДЫҚТАР ТОҒЫСЫНДАҒЫ АСТАНА

ERM_7848

Бүгін «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының оң қапталындағы ат шаптырым аумақты алып отырған этноауылда «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалі ашылды. Елордада тоғызыншы мәрте ұйымдастырылған фестиваль қызығын көруге келген халық тіршілігі қызу қайнаған ежелгі қазақ тұрмысының заманына тап келгендей әсерде. Сауықшыл жұрт еңселі елорда қоныс тепкен аймақта өткен ғасырларда өтіп тұрған Қараөткел жәрмеңкесінің бар сән-салтанатына шомылғандай Астана күніне орай жер-жерден бас қалаға келіп тоқтаған әнші, биші, күйші өнерпаздардың, қолөнер шеберлерінің, аттың құлағында ойнайтын қыз-жігіттердің, құсбегілердің өнерін тамашалауда.

Мерекелік алаңда тігілген отызға тарта ақшаңқан әр киіз үйдің жұртқа ұсынар өз қызығы бар. Олардың ортасынан орын алған ханның сарайындай кең шатырда қазақтың халық музыкасы шалқып, маңайды ән-күйге бөлеуде. Фестивальді де әнші, күйші өнерпаздар ашып берді.

ERM_7773

Жетісу әншілік мектебінің белді өкілі, Қазақстанның Халық әртісі, әйгілі әнші Дәнеш Рақышевтың шәкірті Нұржан Жанпейісов құйқылжыған әнге салып, халықтың делебесін бір қоздырып алған соң сахнаға әйгілі «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі шығып, бірнеше күйді тарту етті. Белгілі әнші Ерлан Рысқали Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін» және «Қыздар-ай» атты халық әніне басып, көрерменнің жан сарайын ашты. Фестиваль жабылатын 6 шілде күні тойшыл қауым Ерланның өнерімен кеңірек таныса алатынын айта кетейік. Сол күні ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Батыс Қазақстан әншілік мектебінің ірі өкілі Сәуле Жанпейісовамен бірге «Қос алқа» атты бір сағаттық концерт береді.

Ал, фестивальдің ашылуында Ерланнан кейін Сыр бойындағы жыраулық дәстүр тінін үзбей келе жатқан жыршы Ұлжан Байбосынова, Ақтаудан Астанаға ат шалдырған Серік Сариевтің «Жорға» би мектебі, Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының әртістері, т.б. өнерпаздар өнер көрсетті.

ERM_7786

Ән-күй шалқыған алаңда, әсіресе, балдырғандар мол қызыққа кеңелуде. «Киіз қалашық» аталатын алаңқайда олар түрлі ойындарды ойнап, киіз үй құрастырудың қыр-сырына қанығуда. Балақайларға көшпенділердің баспанасын тұрғызуды Мақсат Әбсаттарұлы, Мейірлан Кішкенебаев және Ардақ Көктенов дейтін жігіттер үйретуде.

Маңайдағы бес ақ шаңқан киіз үйде «Көшпенді музей» орын тепкен. Онда Маңғыстау, Алматы және өзге де еліміздің аймақтарынан әкелініп, суретші-реставратор Қырым Алтынбеков және суретші-зергер Сержан Башировтың жидаларынан алынған заттар қойылған. Халық онда «Алтын адам», «Сармат жауынгері» сынды көптеген тарихи құнды жәдігерлерді көре алады. Сондай-ақ, бір киіз үйге Алматы қаласындағы «Шертер» фирмасының қолөнершілерінің қолынан шыққан бұйымдар қойылған. Осы кәсіпорынның өндіріс директоры Мейірбек Ділмановтың айтуынша, оның қол астындағы жұмыскерлер қазақтың ұлттық аспаптарының қырық шақты түрін жасайды.

ERM_8268

Алаңды жағалай қойылған сөрелерде өзге де қолөнершілердің қолынан шыққан сан түрлі бұйымдарды тамашалап, сатып алуға болады. Мәселен, біз ұлттық бояуы қанық ерекше картиналарға назар аудардық. Бұл картиналар бізді ғана емес, өзге жұртты да қызықтырып, тіпті шетелдік қонақтарды да бейжай қалдырмады. Гинка Капитанова атты болгар әйел Астанада еуропалық жоба бойынша қызмет атқаруда. Оның аталмыш картинаның бірін сатып алғанының куәсі болдық. Шетелдік қонақты сөзге тартпай тұра алмадық. «Астанада осындай керемет мерекені алғаш көріп, таңғалып тұрмын. Қазақтар ұлттық салт-дәстүрін берік сақтайтынына тәнті болдым. Халықтың қолөнер бұйымдары да көздің жауын алады. Астана мерекесі құтты болсын!» деді ол.

Осынау картиналар алматылық Өмірзақ әулетінің қолынан шыққан екен. «Астана күні мерекесіне орай өз картиналарымызды алып келдік. Ата-бабамыздан бері келе жатқан бізкесте өнерін заманға сай кескіндеме өнерімен ұштастырдық. Суреттерді жібек матаға, теріге күйдіріп саламыз. Мақсатымыз – суреттер арқылы ұлттық салт-дәстүрімізді, қазақтың тұрмыс тіршілігін көрсету. Картиналарды абстракциялық бағытта да саламыз» дейді ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Гүлназым Өмірзаққызы.

ERM_8229

«Құда мың жылдық», «Босағаң берік болсын» деген кәдесыйлардың жанынан өтіп кете алмадық. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Құрманғазы Қадыров жасаған аталмыш бұйымдардың ұлттық таныммен ұштасқан философиялық мәні терең болып шықты.

Бақтияр Аманбаев дейтін қолөнерші бірнеше жігітпен бірігіп, Алматы қаласында сазсырнай, сыбызғы, қобыз, дабыл сынды ұлттық аспаптарды үш жылдан бері жасап келеді екен. Олардың қолынан шыққан аспаптармен Президенттік оркестр, «Хассақ», «Тұран» ансамбльдері ойнайды. Башқұрстан, Қытай сынды мемлекеттерден де тапсырыс алып отырады.

ERM_7840

Жайдарбек Күнғожынов жетекшілік ететін «Nomad» каскадерлер тобы жыл сайын фестиваль көрермендерін ат үстіндегі өнермен тамсантып келеді. Биыл да «Ат жалында» атты шабандоздар думанында шымыр қыз-жігіттер аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату сынды ұлттық ойындарды көрсетіп, түрлі трюктермен халықты таңғалдырды.

Қарағанды облысының Шет ауданынан шыққан Мақпал Әбдіразақова атты бүркітші қыздың есімі көпшілікке таныс болуы керек. Қыз балалар қызыға қоймайтын саятшылық өнерімен 15 жасынан айнылысып келе жатқан бойжеткен ағасы және інісімен бірге мерекелік алаңнан табылды. «Бүркітімнің аты Ақжелке. Негізі жыл сайын еліміздің әр түкпірінде бүркітшілер байқауы өтіп тұрады. Соған қатысып, олжасыз қайтпаймыз. Қарағандыда «Қайрат» ұлттық ат спорты мектебі бар. Сонда жасөспірімдерді саятшылық өнерге баулиды. Осы өнермен айналысуыма әкем Мұрат әсер етті. Ал біздің ауданда Тілеуқабыл Есенбеков ағамыз бұл істі бастаған болатын» дейді Мақпал.

ERM_7923

6 шілдеге дейін жалғасатын «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалінің халыққа ұсынатын қызығы әлі мол. Қазір алаңда «Ереуіл атқа ер салмай» атты ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына арналған концерт өтіп жатыр. Бұған қоса бүгін кешке «Киім-кешек бедеріндегі тарих» дәстүрлі сән үлгілерінің көрсетілімі, «Хас сақ» және «Аманат» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдерінің концерті, «Мың бұралған» атты би ансамбльдерінің концерті , «Ерулік» сазды-энографиялық бағдарлама ұйымдастырылады. Ал бірінші күннің мерекелік бағдарламасын сағат 21.30-да басталатын белгілі әнші, ҚР еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаевтің «Ой, көк» концерті түйіндейді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button