Тағзым

Нәубет жаңғырығын жеткізгендей

Елордада Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарын еске алу шарасы өтіп, 1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш монументке гүл шоқтары қойылды.

Ізгілік шарасына Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимов, қоғамдық ұйымдар мен қуғын-сүргінді басынан өткізген аға ұрпақ өкілдері қатысып жазықсыз құрбандардың рухына тағзым етті.
– Тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш қабылданған заңдардың бірі – 1993 жылы 14 сәуірдегі «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң болды. Ал 1997 жылы Елбасының Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып бекітілді. Жыл сайын осы күні еліміздің барлық аймағында жазықсыз қуғынға ұшыраған аға буын еске алынып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осынау азалы күні XX ғасырдың 30-шы жылдарындағы қуғын-сүргін және ашаршылықтың құрбаны болған ата-бабаларымыздың рухына мәңгілік тағзым етеміз, – деді қала әкімінің орынбасары митингте сөйлеген сөзінде.
Абай мен Республика даңғылының қиылысындағы монументке жиналғандардың жүрегін Қобыздың азалы сарыны тебірентті. Азалы үн өткен ғасыр басындағы нәубеттің жаңғырығын жеткізіп тұрғандай әсер берді.
Бұл жылдары, яғни 1929-1933 жылдар аралығында 2 миллионға жуық адам қаза болып, тағы бір миллиондай адам жан сауғалап, елден босып кетті, саяси ілікпен 103 мың адам сотталып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілген. Осы кезеңде тек қазақ жерінде 11 жазалау лагері құрылып, онда сотталғандар мен олардың отбасылары адам төзгісіз қиын күндерді бастан кешті.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button