Басты ақпарат

Көңілді Comic Con

Елорда жастары үш күн бойы комикстер әлеміне еніп, Марвэл кейіпкерлерімен кездеседі, оларға еліктегісі келетіндері косплэй жарысына қатысады, сондай-ақ ең жаңа компьютерлік және үстел ойындарымен танысып, авторларының әңгімесін тыңдайды. Бұл мүмкіндіктердің барлығы Comic Con фестивалі аясында іске асқалы тұр. АҚШ-та қырық жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан халықаралық іс-шара Нұр-Сұлтан қаласында биыл тұңғыш рет өтуде.

Қазақ комикстері Amazon-ға да жеткен

Іс-шараның бірінші күні Конгресс-орталық алдындағы ұзын-сонар кезектен басталды. Гик-кеңістіктің маңызды оқиғасынан тыс қалғысы келмейтін жасөспірімдер тым көп екен. Ішке кіре сала олардың әрқайсысы өзі қызығатын салаларды іздеп кетті. Бірі сонда жүрген Марвэл қаһармандарымен бірге фотосессия жасауға аттанса, енді бірі комикс құрастырушылардың шеберлік сыныптарына асықты. Біз де соны бетке алғанбыз. Сөйтсек отандық комиксші Мәдібек Мұсабековтің «Алтын жауынгер» атты жаңа туындысы тұсаукесерінің дәл үстінен түсіппіз. Автордың айтуынша, мұндағы оқиға сақ патшайымы Томирис пен парсы патшасы Кир арасындағы текетірес заманында өрбиді. Сақ жерін басып алуды көздеген Кирді тоқтату үшін Томириске 12 алтын жауынгер көмекке келеді. Комикс фэнтэзи жанрында берілген.
Бұған дейін Мәдібектің қолынан шыққан «Ермек батыр» атты алғашқы қазақстандық комикс ТМД ғана емес, АҚШ тұрғындары арасында да танымалдыққа ие болыпты.
– Американы біз Amazon сайты арқылы бағындыруды шештік. Онда комиксімізді 2 доллардан саттық. Әрине, бұдан көп пайда түсірмедік, бірақ мол тәжірибе жинадық. Amazon-ның модернизациясынан өтудің өзі – үлкен жетістік, өйткені ол компания комикстегі суреттің, мәтіннің, сюжеттің сапасы мен басқа да техникалық параметрлеріне қатаң талап қояды, – дейді ол.

Кей комиксті салуға он шақты жыл керек

Фестиваль көрермендері отандық қана емес, шетелдік комиксшілердің де дәрістерін тыңдап, әңгімелесуге мүмкіндік алды. Мәселен, солардың бірі Ресейден келген қонақ, бірнеше графикалық новелланың авторы Юлия Никитина комикс жасаудың қыр-сырын бастан-аяқ түсіндіріп берді.
– Әдетте комикс жанрына жаңадан келіп жатқандар оқиғаның сценарийін жүре бара жетілдіремін деп ойлайды. Әу баста нақты сценарий болмағандықтан, сюжеттің кей жерлері сәтсіз шығып, соның кесірінен редактор сол тұстарды түзеуі мүмкін. Ал комикс дегеніміз бір-бірімен өзара байланысатын суреттерден тұратындықтан, сценарийдің бір жері өзгерсе, сәйкесінше бүкіл комиксті де қайта салып шығу керек. Сондықтан еңбегің еш кетпесін десең, іске кіріспес бұрын не саларыңды әбден саралап алған жөн, – дейді Юлия.
Өз кезегінде астаналық жастар одан бір комиксті жасауға қанша уақыт кететінін сұраған-ды. Бұған ресейлік иллюстратор былайша жауап қатты:
– Ол көбінесе сценарийге байланысты. Мысалы, мен кейбір комикстерді жарты жыл жасаймын. Ал кейде бұған бір-екі жыл уақытым кетеді. Жақында біздің студиямызға Санкт-Петербургтен бір кісі келіп кеткен. Ол он екі жыл бойы бір жобамен жұмыс істеп жатыр екен. Бұл суретшінің аса шыдамды болуы қажеттігін көрсетеді.

Ұлттық үлгідегі ойын жасаған

Comic Con қамтитын тақырыптардың шеңберіне үстел ойындары да кіреді. Осы тұста біз фестивальге Алматыдан келген қонақ, «Қазақ хандығы» атты үстел ойынының авторы Қобыланды Жанабекұлымен таныстық.
– Әр халықтың сүйіп ойнайтын өз үстел ойыны бар. Мәселен, Америкада – «Монополия», Германияда – «Каркассон», Ресейде – «Лото». Осы секілді үстел ойындары бізде неге жоқ деген ойға келдім. Ішіміз пысса, қартаны қолға аламыз. Одан адамдар қандай мән-мағына, тәлім-тәрбие табады? Ұлттық үлгідегі үстел ойынын шығару туралы идея осыдан соң келді, – дейді Қобылданды.
Ойынның шарты мынадай: ойын­шылар алаңдағы қазақ руларын бір жүздің астына тезірек біріктіру керек. Бұл жолда олар өз тастарын алаң бетіндегі ұяшықтардың бойымен жүргізеді. Әр ұяшықта карталар жасырынған. Егер ойыншыға «Барымта» деген сөз жазылған карта түссе, онда оның басқа адам қолындағы «Билік» жетонын тартып алуға құқы бар. Ал «Оба» сөзі жазулы картаға ие болған адам өзіндегі бір «Киіз үй» жетонын жоғалтады. Осылайша, ойын барысы қазақтың салт-дәстүрі мен тарихына қатысты атаулар арқылы жүзеге асады.
«Қазақ хандығы» ойынын фес­тиваль көрермендері қызыға ойнауда. Қобыланның айтуынша, мұның, әсіресе, қала жастарына берер пайдасы зор болмақ.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button