Руханият

Ниеті барлар мемлекеттік тілді үйренуде

Егемен ел болғаннан кейін жер-жерде құрылған тіл басқармалары ана тілімізді қайтадан өзінің деңгейіне көтеруде маңызды рөл атқарды. Мемлекеттік тіл аясын кеңейтуден бөлек көшелерге ат беру, қате жарнамалар мен көрнекі ақпараттар бойынша жұмыстар – басқарманың басты бағыттарына жатады. Елордада осы шаруаның қалай реттелетіні, жалпы бас қаладағы қазақ тілінің мәртебесі туралы Нұр-Сұлтан қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеппен El-Orda Youtube арнасында болған  сұхбат барысында білдік.

[smartslider3 slider=1531]

– Биыл өзіңіз басқаратын басқарманың да құрылғанына 20 жыл толыпты. Осы мерейтойға қандай жетістіктермен жеттіңіздер?

– Біздің басқарма жұмысының бір бағыты – тілдерді оқыту, соның ішінде ең бірінші кезекте ана тілімізді – қазақ тілін оқыту. Қазіргі таңда жылына мемлекеттік тілді үйренгісі келетін бір жарым мың адамды оқытамыз. Олардың ішінде өзге ұлт өкілдері де көп. Екінші, әлемдік тіл ретінде азаматтарға ағылшын тілін оқытамыз. Жұмыстың тағы бір бағыты – ономастика, көшелерге ат беру. Тәуелсіздік жылдары елорданың мыңнан аса көшесіне ат беріліпті, бұл салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, Қазақстан бойынша ең көп көрсеткіш.

– Мемлекеттік тілді кәсіпкерлер, басқа да адамдар арасында үйрету қолға алынды. Бірақ сол қаншалықты сапалы деңгейде жүргізілуде?

– Жаңа айтып өткендей, 1,5 мың адамды түрлі деңгейлер бойынша арнайы әдіспен оқытамыз. Бір айта кетерлігі, олардың 40 пайызы – өзге ұлт өкілдері, әсіресе, славян тектес ұлттар. Одан бөлек, қызмет көрсету салаларында мемлекеттік тілді білмейтін азаматтар, кәсіпкерлер оқытылады. Сауда орындарында, түрлі қызмет көрсету секторларындағы қызметкерлерден: «Мемлекеттік тілде сөйлеп тұрған адамға неге қазақша жауап бермейсің?» деп сұрасаң, «Мен тілді білмеймін» деген жауап аласың. Білмегенге бізде мынадай курстар бар деп оқуға шақырамыз. Бұл – қарапайым ғана интенсивтік курс, бір ай көлемінде аптасына 3 рет 2 сағаттан өткіземіз. Күнделікті қолданатын қарапайым сөздер, мысалы: «Қош келдіңіз!, Қайырлы күн, Сәлеметсіз бе?, Мұның бағасы осынша тұрады, Бізде бұл жоқ немесе бар, Сау болыңыз, Келіп тұрыңыз» деген сияқты 100-ге жуық сөздердің әр сала бойынша тізімін жасадық. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында 20-дан астам оқыту курстары жұмыс істеп тұр. Оларға сабақ оқытудан бөлек spiking clab ұйымдастырылады.

– Елордадағы «Пригородный», «Кирпичный», «Железнодорожный», «Интернациональная» деген тұрғын алаптарының атаулары неге әлі күнге қазақшаланбай отыр?

– Қаланы дамыту саясатында «Нұр-Сұлтан – шет аймақсыз қала» деген бағыт бар. «Пригородный», «Лесозавод» және т.б. атаулар бұрынғы Ақмола, Целиноградтың кезінен қалған. Ол кезде қала аумағына кірмеген сондай ауылдар көп болды. Кейін қала аумағы ұлғайып, олар елорданың құрамына кіргізілді. Сонда да болса, халық үйреншікті әдетпен бұрынғы аттарын атай береді. Қазақша баламалары бар. Солармен атауға болады.

– Елордада көше аттарына қазақтың белгілі тұлғаларының есімі берілуде. Оларды таңдап, қайсысын қай көшеге бөлу мәселесі қалай қаралады?

– Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы Ономастикалық комиссия бар, оның құрамына тарихшы ғалымдар, профессорлар, қоғам мен мемлекет қайраткерлері, мемлекеттік құрылым басшылары, парламент депутаттарынан құралған 20 шақты адам кіреді. Осы құрам бізге келіп түскен ұсыныстарды қарайды.  Тарихи тұлғаның еңбегін саралаймыз, қалаға есімін беруге лайық па, лайық емес пе тексеріледі, себебі кейбіреулер өз атасын ұсына салуы да мүмкін. Ондай жағдай өте көп, елорданың деңгейінде беруге бола ма, болмай ма, анықтамай жатып «менің атам керемет» деп ұсынады. Соның барлығы сарапталып, ұсыныс қолдау тапқан жағдайда оны мәслихатқа жібереміз. Мәслихатта депутаттар, қала тұрғындары, БАҚ өкілдері кіретін қоғамдық тыңдау болады. Одан шыққаннан кейін қоғамдық кеңесте қаралады. Сонда қолдау тапқандарды республикалық ономастикалық комиссияға жібереміз. Мұндағы ғалымдар қолдаған жағдайда мәслихат шешім, әкімдік қаулы шығарып, есім беруді заңдастырамыз. Жылдың басынан бері 40-тан аса көшеге және 12 мектепке тұлғалар есімі берілді.

– Көшедегі жарнамалар мен көрнекі ақпараттарда жалпы қате табылса қандай шара қолданасыздар? Меншік түріне қарамастан соларды өзгертуге басқарманың өкілеттігі бар ма?

– Жарнама – үлкен проблема. Тек астанада ғана емес, бүкіл өңірде жарнамада қателер кездесіп жатады. Заң бойынша сол жағында мемлекеттік тілде, оң жағында орыс тілінде немесе мемлекеттік тілде үстінде, орыс тілінде астында жазылуы керек. Бірақ заңның талаптары сақтала бермейді. Өкінішке қарай, елімізде жарнамадағы тілге қатысты кемшіліктер бойынша 2008 жылы жергілікті бақылау функциясын алып тастаған. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде кәсіпкерлерге салынатын айыппұлдардың тізбесі бар, осындай жағдайда кәсіпкерге айыппұл салынатын еді. Соның ішінде бұрын «тіл туралы талаптарды бұзған жағдайда» деген тармақ болған. Соны «Атамекен» ҰКП мен ұлттық экономика министрлігі мәселе етіп көтеріп, заңнан алып тас­тады. Қазір тілге қатысты кемшіліктер болып, тіл талаптары бұзылған жағдайда кәсіпкерге айыпұл салынады деген жоқ. Бірақ солай екен деп қарап отыруға болмайды, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, хат жазамыз. «Сіздің осындай нысаныңызда жазылған жарнамада қате бар немесе мемлекеттік тілдегі нұсқасы жоқ, осыны заңға сәйкестендіруіңізді сұраймыз» деп айтамыз. Көпшілігі айтқанға көнеді, кейбіреулері: «Менің оны жөндеуге қаражатым жоқ» дейді, бірақ оған ешнәрсе істей алмайсың. Айыппұл салу, заңды қатаңдату жағын қолдаймыз, соны бірнеше рет ұсындық. Себебі айыппұл салып, әкімшілік жауапкершілік болған кезде сәл де болса аяқ тартады.

– Бұрын көшедегі жарнамалар, маңдайша жазулары латын әріптерімен жазылып келді, қазір олай жазуға тыйым салынуда. Ал бұрын жазылып кеткендері тұра бере ме?

– Латынға көшу туралы ұсыныстар айтылғанда, халықтың басым бөлігі оны қолдады. Жастар да латыншаны көп қолданып, жеке адамдар арасындағы хат алмасуларда да латынша қолдану жақсы белең алды. Алғашқы әліпби нұсқалары шығып, бекітілді, ережелері қаралды, өкілетті органдар кәсіпкерлердің ынтасы болса, жазам десе жаза берсін деді. Бірақ 2019 жылдың соңында соңғы нұсқаға байланысты қайтадан дау туындады ғой, жаңа нұсқасы ұсынылып жатты, бізге сол кезде тоқтата тұруға тапсырма берілді. Содан бері латынмен бекітіп, жазып жүрген жоқпыз. Бірақ бұрынғы нұсқалары әзір тұра береді. Аса үлкен қате болып немесе адамдардың ар-ожданына тиетін болмаса, біз оларға тиіспейміз.

– Тұрғындарға қызмет көрсету саласында, мысалы, дүкендер, банктер т.б. қазақ тілде қызмет көрсету әлі күнге дейін толыққанды қолға алынбады. Осы мәселені қалай шешудесіздер?

– Жауапкершілікпен қарауымыз керек. Себебі ана тіліміз бізден басқа ешкімге керек емес. Ал біз тілімізді өзіміз қажет қылмаймыз, бірақ біреуден талап етеміз. Ол дұрыс емес. Банктерге немесе ХҚКО-на барып: «Неге сен қазақша сөйлемейсің?» дей алмаймыз. Олар – өздерінің жұмыстарын істеп отырған адамдар. Егер тұтынушы қазақша сөйлеп, банк қызметкері орысша жауап берсе және соның салдарынан бір кикілжің шықса ғана біз: «Сіз тұтынушының құқығын таптап отырсыз, мемлекеттік тілде сөйлеңіз» деп айтуға қақымыз бар.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button