Тәуелсіздікке 30 жыл

Жас ұрпаққа үміт сыйлады

Қазақстанға отыз жыл бұрын екі нәрсе бірден келді. Бірі – тәуелсіздік, екіншісі – нарық. Ал кей алып елдер егемендік алғанға дейін-­ақ нарықпен таныс болатын. Оларға тек тәуелсіздік керек еді. Социалистік қоғамда өмір сүрген қазақ халқы нарықтық қатынастарды түсінбеді, тіпті тәуелсіздіктің не екенін білмейтіндер де көп болды. Дегенмен «Тәуелсіздік – қасиетті ұғым, тәуелсіздік – арман. Ол жас ұрпаққа үміт сыйлап, қазақ халқының өзінің саяси­-экономикалық мәдени еркіндігін қамтамасыз етті» дейді белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, абайтанушы Ғарифолла ЕСІМ газетімізге берген арнайы сұхбатында.

[smartslider3 slider=1533]

Тәуелсіздік бізге не берді деп санайсыз?

– Менен тәуелсіздік алған жылдары бір бала келіп былай деп сұрады: «Осы тәуелсіздік туралы мұғалімдерден сұраймыз, айта алмайды, әке-шешемізден сұраймыз, айта алмайды. Сіз айтыңызшы, тәуелсіздік деген не?». Оған асықпай отырып түсіндірдім: «Тәуелсіздік деген – халықтың еркіндігі, мысалы, таза ауамен қалай дем алғыңыз келеді, сол сияқты нәрсе тәуелсіздік. Тәуелсіздік деген – өз-өзіңді алдамай, өзіңнің қайратың мен ақылыңды салып өмір сүру, қазақ болып өмір сүру». Тәуелсіздік бізге қазақтың кім екенін, қайда бара жатқанын, болашағы қандай екенін түсіндіріп берді. Тәуелсіздік деген өте жас кезден басталады. Мысалы, алты жастағы балада тәуелсіздік туралы ой, сана-сезімі болуы керек, егер болмаса, одан кейін айтқанмен ешнәрсе шықпауы мүмкін. Осы жасқа дейін дұрыс тәрбие бермесек, біз үлкен қателікке ұрынамыз. Тәуелсіздіктің не екенін отбасында балаға ақырындап түсіндіре беруі керек. Бұл ұғымды батырларымызды, қазақтың мақалдарын, дәстүрлерін білу арқылы санаға сіңіруге болады. Тәуелсіздік деген – қазақ болып өмір сүру. Балаға қазақша ат қойғаннан бастап қазақша тірлік кешу қажет.

– Отыз жылдағы ең басты жетістіктеріміз не?

– Тәуелсіздіктің жетістіктеріне әлемді аузына қаратқан Димашты, сол сияқты көптеген талантты жастарды, мықты спортшыларды жатқызуға болады. Ең үлкен, ешқандай дау туғызбайтын жетістік – тәуелсіздік жылдары өсіп, өніп келе жатқан жас ұрпақ. Олардың саны – қазір 9,5 миллион, бұл – қазақ халқының жартысы. Сонда қазақтың жартысын 30 жастағы адамдар құрайды деген сөз. Олардың сезімі, санасы, ойы, келешек туралы ұғымдары өзгеше. 2030 жылы осы ғасырдың басында туғандар 30-ға келеді, олар сол кезде елімізде сапалы өзгеріс жасайды. Ал тәуелсіздік құрдастары 40-қа жетіп, қамал алатын жасқа келеді. Егер тәуелсіздік құрдастары қамал ала алмаса, артынан келе жатқан отыздағы жаңа ғасыр жастары: «бас аяғыңды» деп дайын тұрады. Еріксіз, тәуелсіздік құрдастары қамал алуға кіріседі. «Қамал» дегенде де ол – өз-өзіміз алатын, Қазақстанды гүлдендіретін қамал. Қазір жоғарыдағы бұрыннан қалған буынның, үлкендердің қате тәжірибемен өмір сүретіні көрініп қалады. Кеңестік жүйедегі теріс тәжірибе оларға сіңіп кеткен. Өкінішке қарай, олардың бәрі кейінгі тәуелсіз ойлайтын жастарға орын бермей отыр. Тіпті осы соғыс ардагерлерін шақырып, естелік айтқызудың өзі – қате нәрсе. Соғыс туралы балаларға не айтуға болады? Сонда соғыста біз немісті өлтірдік деп айту мақтаныш па? Ол, негізі, мәжбүрлі әрекет болған. Соғыс деген қасірет-қайғы, халықтың мұңы ғой. Басшылар, комсомолда, партияда жүргендер дұрыс сөз айта алмайды, оларды да мектепке жолатуға болмайды.

– Қазіргі таңда қоғамымыздағы ең үлкен мәселе – қазақ қызының, қазақ отбасының мәселесі. «Қазақ қызының ағасы бар ма?», «Қазақ қызының қорғаушысы бар ма?» деп сіз де дабыл қаққан едіңіз. Ендеше қазақ қызын қалай қорғай аламыз, отбасы құндылықтарын қалай қайтадан көтеруге болады?

– Еуразия ұлттық университетінде «Қазақ қызы» идеясы деген дәріс жүргіземіз. Ол – менің авторлық  идеям. Сонда үлкен мәселелерді көтереміз. Қазақ қызының «ағасы» біздің  Қазақстанда жоққа жақын, мүлдем жоқ деп айтуға болмайды, бірақ олар көп емес. Қазақ – қызын әуелден еркін ұстаған ел, бірақ қазір гендерлік саясат деп тым шектен шығып кетті. Отбасы институтының бұзылу себебі де осыдан. Қазақ қызына қорған бола алмай отыр. Кей елдер қызына өзге ұлттың көзін тігіп қарағанына шыдай алмай, төбелес шығаруы мүмкін. Ал біз сонау Ұлы Отан соғысында да мыңдаған қыздарымызды соғысқа жіберіп отыра бердік. Әйелдің орны – отбасы, ошақ қасы. Сонда қоғамда бәрі орнына келеді. Болмаса әйел күніне тек 4 сағат жұмыс істеп, бірақ оларға жалақы бәрімен бірдей болуы керек. Ал қазір не, әйелдер еркекпен бірдей жұмыс істейді. Үйде баласы қараусыз, жолдасына да көңілі аз бөлінеді. Содан ажырасу, жартылай отбасы, жалғызбасты ана, әкесіз ұрпақ өсіп шықты. Менің ұсынысым – әйел адамға тек төрт сағат жұмыс істету. Бұдан мемлекет ұтылмайды. Есесіне 8 сағат істеп жартысын босқа өткізу азаяды, бар жұмысын сол аз уақыт ішінде жасап тастауға ұмтылады. Үйге көңіл бөлген соң бала да ауырмайды, оның білімі дұрыс болады, күйеудің жұмысы алға басады. Сөйтіп әйелге кеткен шығын екі есе боп қайтып келеді.

«Абайға қарап әр қазақ өзін танысын» депсіз. Қазақ Абайды қаншалықты танып білді?

– Абайды тану деген – үздіксіз үрдіс. Оны әркім өзінше таниды, өзінше айтады. Бірақ Абай туралы айтатын сөздердің бәрі оны танытатын сөздер емес. Ол туралы сөз айтатын адамның өзі Абайға рухани жақын болуы керек. Білімі мен көргені, рухы жағынан ұқсас болуы тиіс. Рухы жағынан жақын болу деген сөз – ақын сияқты жан тазалығының болуы. Өзіңнің білгенін айтудың бәрі Абайды тану емес. Оны толық оқыдым дегеннің бәрі бос әңгіме.

– Ұлы деп Абайға да, басқаға да қосуға болмайды депсіз, хакім деп атау керек, ол ғалымның ең биік деңгейі деген ойыңызды тарқатып айтып берсеңіз. Мысалы, кейде ұлы ұстаз деп те пайдаланамыз.

– Ұлы деген сөзді адамға байланысты мүлдем қосуға болмайды. Абай ұлы емес, Абай – хакім. Оны хакім деп Шәкәрім айтты, Мағжан солай деп өлең жазды. Ал ұлы деген – Алла Тағаланың эпитеті, ол – абсолют мағына. Алласы бар адам Абайды ұлы демейді. Бұлай деуді тоқтату керек. Қалай болса солай сөйлей салатын адамдар бар. Олар кім көрінгенді солай айтуы мүмкін. Ұстазға келсек, ол сөздің өзі – мұғалімнің кемелденген түрі.

– Абайтану ғылым десек, осы ғылымда әлі тіс батпаған қандай қырлары бар?

– Абайтану ғылымы – өзінен-өзі айқындалатын шаруа. Оған мемлекеттің ешқандай қатысы жоқ. Абайдың өз зерттеушілері, іздеушілері бар. Ол сізден ақыл сұрамайды. Өздері оны биікке көтере береді. Мемлекеттің қатысы жоқ оған.

– «Абайы бар қазақ халқы бақытты» дейсіз. Бүгінгі ұрпақ сол бақытты сезіне ала ма?

– Абайы бар қазақ, расымен, бақытты. Ол болмаса, бұдан да төмен болар еді. Жаратушы оны қазаққа бақ етіп өзі берген. Кейінгі жастар да оны сезіне алады. Абай өз адамдарын іздеп табады.

Қазіргі қазақ Абайдың тілінде сөйлемейді, ал тілін ұмытқан ел оның рухынан да айырылады. Мұны қалай тоқтатуға болады?

– Қазақ тілінің мәселесі қазақтардың қолында. Қазір балаларды орыс мектептеріне беру солтүстік облыстарда, осы астанада қарқынды жүріп жатыр. Неге? Себебі қазақ тілі туралы мемлекеттік деңгейде нақты нәтиже беретін шаралар жүргізілген жоқ.  Қазақ тілін өз бетімен қоя берді. Себебі ең жоғарғы биліктегілердің біразына осы үрдіс ұнайды, яғни қазақ тілінің орнына орыс тілінің жүргені жағады. Бұл жерде көрші Ресейдің ықпалы өте зор. Сол елдің ықпалында жүрген биліктегі адамдар қазақ тілінің осылай болуына жағдай жасап отыр. Олар балаларын, немерелерін орыс мектебіне береді, олармен орыс тілінде сөйлеседі. Міне, осы түсінік қазір белең алып бара жатыр. Бізде Халықтар ассамблеясы деген бар, солардың адамдары, ұрпақтары қазақ тілін оқымайды. Біз бұл халықтарға жағдай жасадық. Ал олардың бізге жанашырлық танытуы, көмектесу жағы өте әлсіз.

– Абайды толғандырған сол замандағы әділетсіздіктерді ақын осы кезге қайтып келіп қарар болса, одан сайын шошынып, жағасын ұстар ма еді?

– Әділетсіздік әр кезде бар. Қазір көп, ол кезде аз деп айта алмаймын. Абайдың заманында әділетсіз адамдар кімдер еді? Болыстар, байлар еді. Ал қазіргі кезде әділетсіздік лауазымды билікте, ел басында отырғандар тарапынан болып жатыр. Оған шамаң келмейді. Абайдың кезінде ол әділетсіздікке шамалары келген. Әрине, ол кездегі ең үлкен әділетсіздік бодандық болды. Тәуелсіз елде болып жатқан жайттар мен бодан елдегі жағдайды салыстыруға келмейді. Ел ретінде еркіміз болған жоқ. Қазір ел ретінде еркіміз де, Президентіміз де бар.

– Сонда да болсын кемшіліктер көп қой…

– Бірнеше кемшілікті атап айтар едім. Бірінші – кедей мен байдың арасындағы алшақтық, екінші – қазақ тіліне қатысты кемшілік, үшінші – сот жүйесіндегі әділетсіздік, төртінші – сыбайлас жемқорлық және бюрократия. Осындай кемшіліктерден әділетсіздік туындайды. Бұларды жеңе алмай келе жатырмыз. Жеңу керек.

– Өзіңіз қазір немен айналысып жатырсыз?

– Шыңғыс Айтматов туралы семинар өткізіп жатырмын. «Мұң» деген роман жазып бітірдім. «Жақсы қазақ пәлсапасы» деген еңбегімді жазып болдым. «Баланаме» деген кітап аяқталды, бұл кітапта балаға 500 жағдайға байланысты айтылатын ақыл-кеңес жазылған. Одан басқа «Дүниетаным баяны» және «Ғарифолла Есімнің дәрістері» деген еңбектерім жарыққа шықты.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button