Басты ақпарат

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Ел бірлігін қасиет тұта білдік

Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI сессиясы болып өтті. «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» тақырыбы өзек болған алқалы жиынға Қазақстан Президенті – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, баяндама жасады.

Сөзінің басында баршаны Ассамблеяның XXVI сессиясының ашылуымен құттықтаған Елбасы ұйым құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келе жатқанын, бүгінде еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепіліне айналғанын атап өтті.
– Әрдайым елдік істердің басында жүретін Ассамблея менің іргелі бастамаларыма әр уақытта қолдау білдіріп, халқымызға түсіндіру жұмыс­тарын жүргізуде. Қазақстан сан қырлы жаңғыруға бет бұрған қазіргі таңда Ассамблеяға да тың міндеттер жүктеледі, – деді Мемлекет басшысы.
XXVI сессияның тақырыбына тоқталған Нұрсұлтан Назарбаев оның мән-маңызын аша түсті.
– Бес бастама елдің әл-­ауқатын жақсартумен бірге, ұлтты ұйыстыра түсудің тағы бір қыры – әлеуметтік бірлікті нығайтуға бағытталған. Оның табысты жүзеге асуы азаматтардың өз болашағына, мемлекетіне, қоғамына, қала берді бір-біріне сенімін арттырады. Бізде халықтың күнделікті өміріне түбегейлі өзгеріс әкелетін мұндай әлеуметтік бағдарлама ешқашан болған емес.

Осының бәрі – тәуелсіздік жылдарында Қазақстанды түрлі бәле-жаладан сақтап келе жатқан елдігіміздің бойтұмары – ел бірлігін қасиет тұта білгеніміздің арқасы. Әйтпесе, көгінде туы, төрінде билігі болса да, бірлігі қашып, бүгіні тұлдыр, болашағы бұлдыр болған қаншама мемлекет бар. Біз осыны берік ұстанып, мызғымас ынтымақ-бірлігімізді таусылмас ырыс-берекеміздің бастауы етіп, сеніммен қадам басып келеміз, – деді Қазақстан Президенті.
Әр сессия Қазақстан дамуының мейлінше өзекті мәселелеріне арналатынын, Ассамблея бейбітшілік пен татулықтың нағыз шырақшысына айналғанын, бүгінгі таңда да әлеуметтік интеграция факторын пайдалана отырып, тұтастығымызды одан әрі нығайта түсетінімізді айтқан Мемлекет басшысы әлемдегі мықты мемлекеттер тәжірибесіне тоқталып, олардың барлығы біртұтас бірегейлікке сүйене отырып жаңғыратынын, біз де осы жолға түскенімізді атап өтті.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының, соның ішінде «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының мәні де осында. Әлеуметтік бірлік саясаты – біртұтас Ұлт қалыптастыру жолындағы маңызды қадам деп білемін, – деген Елбасы қазақстандықтардың тұрмысын жақсартуға тың серпін беру мақсатында шынайы ниеттен туған «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асырудың негізгі үш себебін атап өтті.
Елбасының айтуынша, біріншіден, жаһандық жә­не өңірлік тәжірибе көрсеткендей, қалыптасқан мемлекет – бұл әлеуметтік бірлік негізі саналы түрде нығайтылатын мемлекет. Жаңа бастамаларымыз, ең алдымен, осыған арналады.
Екіншіден, қазіргі заман­ғы экономикалық және сая­си теория мен тәжірибеде әлеуметтік және мәдени капитал өсімінің тұрақты драйверлері деген көзқарас берік орнықты. Білімнің жаңа экономикасы, цифр­ландыру, өндірісті роботтармен жабдықтау, технологиялық инновациялар әлеуметтік және мәдени капиталдың мүлде басқа сипатын қажет етуде. Сол себепті жаңа әлеуметтік бастамаларымыз жаңа экономиканың дамуына серпін береді.
Үшіншіден, полиэтникалық мемлекет жағдайында әлеуметтік және ұлттық саясат өзара тығыз байланысты. Бес әлеуметтік бастама еліміздің барлық азаматтарын қамтиды, бүкіл халқымыздың дамуына септігін тигізеді. Әсі­ресе, тұрғындардың аз қамтылған бөлігі мен жас­тар үшін ерекше маңызды. Осы мәселе Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясының күн тәртібіне шығарылуының себебі сол.

Одан әрі Мемлекет басшысы жаңа ауқымды әлеу­меттік жобаларымыз­дың негізгі қағидаттарын атап өтті.
– Қазақстанның ұлттық байлығы – қоғам игілігі. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің ұлттық байлығы азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға ықпал етіп келеді. Бұл экономиканың өсімі, еліміздің резервтері арқылы жүргізілуде. Соның арқасында инфрақұрылымды дамытып, әлеуметтік саланы өркендетіп отырмыз, – деген Нұрсұлтан Назарбаев егемен ел болғалы осы саладағы еңсерген биіктерімізді қолмен қойғандай тізіп берді. Елбасының айтуынша, Қазақстан қазір дамушы 74 елдің рейтингінде 15-орында тұр. «ХХІ ғасырдың бас кезеңімен салыстырғанда бүгінгі жағдайымыз – жер мен көктей. Бұл өзгерістер әр­қай­сымыз­дың өмірімізде байқалады деп ойлаймын. Біз алдағы уақытта да қазақстандық әр отбасының әл-ауқатын арттыру үшін әлеуметтік капиталды барынша көбейтетін боламыз. Мен үшін адамның өз ісіне және бүкіл елімізге деген жауапкершілікті сезінуі, өзін шаруақор адам ретінде көрсетуі маңызды. Мен 5 наурызда айтқанымдай, «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» идеясы дәл сол кезде жаңа мәнге ие болады. Осы қағидаттардың жүзеге асуы халқымыздың болашаққа деген сенімін нығайтады деп кәміл сенемін» деді Мемлекет басшысы.
Әлеуметтік бірлікті толық нығайту үшін қабылданатын шараларға тоқталған Елбасы «Бес бас­тама» – ең маңызды бес әлеуметтік проблеманың шешімі екенін ерекше атап өтті. Бұл бастама­лардың әрқайсысының мақсатын тарқатып өткен Қазақстан Президенті олардың барлығы әрбір қазақстандықтың әл-ау­қатын жақсартуға бағытталған әрі бүкіл қоғамға арналғанын айтты.
– Бұл – жалпыұлттық жобалар. Жергілікті жерлерде Ассамблея мүшелері бұған белсене қатысып, олардың орындалуын «Нұр Отан» партиясымен бірлесе бақылауға алуы керек. Турасын айтқанда, мұның бәрі мемлекет үшін арзанға түспейді. Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру үшін жалпы 2,6 триллион теңгеден астам қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз. Бұл – өте үлкен қаражат, біздің адамдарымызға, олардың болашағына бағытталған тікелей инвестиция. Мұндай әлеуметтік саясат жал­ғаса береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы алға жылжу мақсатында бірқатар міндеттерді шешу қажеттігін айтып, соның ішінде Ассамблея жаңғырудың өзекті міндеттерін орындау үшін азаматтық қоғам өкілдерінің қатысу аясын кеңейтуге тиістігін атап өтті.
– Ассамблеяның елеулі әлеуеті бар. Бұл – мыңнан астам этномәдени бірлес­тік, бес мыңға жуық қо­ғамдық келісім кеңестері мен аналар кеңестері. Осы әлеуетті барынша белсенді ету үшін менің тапсырмаммен «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Парламент оны қарастырғаннан кейін мен оған қол қойдым.
Енді жаңарған заңды жүзеге асыру үшін нақты жоспар керек. Атап айт­қанда, этномәдени бірлестіктер мен Достық үйлері мәдениет, тіл, дәстүр саласында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жұмыс­ты жалғастыра беру қажет. Үкімет қазақстандық этностардың мәдениетін дамыту үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды жинақтауға тиіс. Әлеуметтік бірлік жолындағы жұмыстарды ескере отырып, үкіметтік емес ұйымдар үшін берілетін гранттардың тақырып аясы кеңейтілсін, – деген Елбасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне «Нұр Отанмен» және Ассам­блея­мен бірлесіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен жаңа әлеуметтік бастамаларды ілгерілету үшін ғылыми-ағарту жобасын әзірлеуді тапсырды.
Бұған қоса, жаңғырудың басымдықтарын, әлеуметтік саясатты, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ескере отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму жоспары мен концепция­сын сапалы түрде же­тіл­діруіне, Ассамблея мем­лекеттік органдармен бір­­лесіп, қайырымдылық жұмыстарын жалғастыра беруіне, Ассамблеяның «Жаңғыру жолы» атты жаңа жастар қозғалысы жастарды жаңғыру аясында біріктіруіне назар аударды.
Астана, Алматы және облыс әкімдері, сондай-ақ Ассамблея аудандар мен округтердегі Қоғамдық келісім кеңестерін жергілікті бюджетті тиімді пайдалануға жұмылдыру керектігін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Астананың ел өміріндегі айшықты, айрықша рөліне тоқталды. «Биыл біз елорданың 20 жылдығын атап өтеміз. Астана – бірлік пен келісімнің жалпыұлттық үлгісі. Қала әкімдігі Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, «эталонды стандарт» ретінде қабылданатын елордалық Ассамблеяның бағдарламасын әзірлеуі қажет. Астанада Достық үйін ашу мәселесін шешетін кез келді деп санаймын. Ол үшін Бейбітшілік және келісім сарайы қолайлы болады деп ойлаймын» деген Мемлекет басшысы сөзінің соңында барша қазақстандықтарды және еліміздің қонақтарын Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.
Қазақстан халқы Ассам­блеясының ХХVI сессиясына, жалпы алғанда, 1500-ден астам адам жиналды. Олардың арасында Ассамблеяның барлық өңірден келген мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестік төрағалары болды. Қазақстан Президентінен кейін олар сөз алды. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Елбасы ұсынған «Бес әлеуметтік бастаманы» жүзеге асырудың маңызы мен өздеріне жүктелген міндеттерге тоқталды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясына қатысушылардың үндеуі қабылданды. Қатысушылар ҚР Тұңғыш Президентінің қоры ұйымдас­тырған «Астана – Ұлы да­ланың інжу-маржаны» фо­токөрмесі мен мерекелік концертті тамашалады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button