Басты ақпаратРуханият

Өмірімді өлеңге басы бүтін бағыштай алмадым

Әбубәкір ағаның әдебиетке келген қадамы өте сәтті басталды. Аузы дуалы қаламгерлер оның ойлы, мұңды өлеңдері жайында жылы лебіздерін білдірді. Бірақ кейін поззия әлемінен сирек көретін болдық. Ақын алғашқы жыр жинағына: «Менің де жүрегімде бір ақын өмір сүруші еді, соның саңқылдаған дауысы көптен бері естілмей кетті, қайда жүр екен?…» деп жазыпты. Шынында да сол ақын қайда екен деп ойлаушы едім. Мен ғана емес оны оқырмандары да іздегені анық. Қазір ол кісі елордада тұрады. Жақында ағамызбен жолығып өлең, өмір, әдебиеттегі өз буыны туралы әңгіме өрбіттік.

САНАДА ТӨҢКЕРІС ЖАСАҒАН КЕЗДІ САҒЫНАМЫН

– Аға, топтамаларыңызды газет-журналдан көп көрмейміз, өлеңді сирек жазасыз ба, әлде басқа себебі бар ма?
– Негізі, не нәрсенің де сирек болғаны жөн, әсіресе жақсы дүниенің. Қазір қанша жазсаң да қаламыңды қағатын адам жоқ қой. Бірақ, өлең деген құдірет күнде туа ма? Бір өлеңнің өзі құбылыс боп, санада төңкеріс жасаған кездерді сағынамын. Сонау сексенінші жылдардың басында Светқали Нұржанның «Құдай туралы жыры» сондай фурор жасаған еді!
Құдай, сені жоқ деп жүр ғой адамдар,
Құдай, сені жоқ деп жүр ғой надандар
Жұдырықтай жердің тұрғындарына
Барлығыңды дәлелдеуге шамаң бар.
Басқа құл да, өзі ғана тектідей
Төбесімен жүргендерге көк тірей;
«Кісің – мен!» – деп, ісінген көп мешінге
Қарқылдап бір күлер кезің жетті ғой!
Солай деп келеді де былайша түйіндейді: «Сен күлгенде өлмей қалған, Адамдар – өмір сүрсін сор­лы Жердің бетінде»! Құдай жоқ деген қып-қызыл коммунистер заманында туған жыр әлі күнге өзекті. Фариза Оңғарсынова апайдың кабинетінде Светқалидың осы өлеңді алғаш рет оқығаны кеше ғана сияқты еді…
– Сол айтып отырған әдеби ортаға келуіңіз қалай болды?
– Алғаш рет табаным Алматыға 1981 жылы тиді. Мектепке бес жасымда барғам, содан паспорт ала алмай жүріп қалдым. Келсем, оқуға құжат қабылдау мерзімі бітіп кеткен.
Бір жылдан соң КазГУ-ге келгенде бізді Ертай Ашықбаев, Светқали Нұржанов, Бауыржан Жақыпов, Гүлнар Салықбаева, Баян Бекетова, Бауыржан Үсенов, Қайрат Әлiмбеков, Бейбiт Құсанбеков және т.б. сияқты кілең жампоздар қарсы алды. Біздің тырнақалды туындыларымызға баға берген де, сынаған да – осы толқын. Әлі есімде, 1982 жылдың қазан айында әдебиет абызы Әбділда Тәжібаев бастаған бір топ қаламгерлермен кездесу болды. КазГУ-дің үлкен залына жырсүйер қауым лық толды. Дәстүр бойынша кездесудің соңында жас ақындар өлең оқи бастады. Жас ақындар деп отырғаным, осы күнгі 60-70 жастағы қазақ әдебиетінің ақсақалдары.
Cол жолы маған үлкен аудитория – тағылымы биік алқалы топтың алдында тұңғыш рет өлең оқу бақыты бұйырыпты. Оған себепші болған жоғары курстың студенті (қазір қазақтың мықты ақыны, ғылым докторы) Бауыржан Жақыпов екенін кейін білдім. Жоғарыда аттары аталған толқын өз қатарына осылайша он жетідегі баланы жатсынбай қабылдап, сол уақыттағы әдеби ортаға алып келді. Студент жылдары «Аудитория» (1984 ж.), «Қарлығаш» (1987 ж.) атты ұжымдық жинақтарға өлеңдеріміз қатар енді.

АЙТУЛЫ АҚЫНДАРҒА АЙНАЛДЫ

– Сексенінші жылдардың соңына қарай әдебиетке келген буын қандай жаңалық әкелді, әдеби ортада өздерін мойындата алды ма?
– Әлбетте, мойындатқанда қандай! Олардың бәрі қазір қазақ поэзиясында өз орны, өз қолтаңбасы бар айтулы ақындарға айналды. Құдайға шүкір, ешбірі марапат, атақ-даңқтан құр алақан емес. Өз басым олардың әрбір жетістіктеріне қуанып, сырттай тілекші болып отырамын. Өкініштісі, біразы өмірден ерте кетті. Алайда есімдері ел есінде: Бауыржан Үсеновке туған жерінде көше берілсе, Табылды Досымовқа қоладан ескерткіш құйылды. Сөйтіп:
Бірге жүрген жігіттер күні кеше,
Бірі ескерткіш болып тұр, бірі – көше..
Сол қыз-жігіттермен бір кезеңде өмір сүріп, албырт кездегі алғашқы жеңістерінің куәгері болғанымды мақтан тұтамын. Ал енді олар әдебиетке қандай жаңалық әкелді деген сұраққа мамандар – әдеби сыншылар жауап бере жатар.
– Сергей Есенин «Менің өмірбаяным – өлеңдерімде» деп айтыпты. Поэзияны тағдырым деп айтасыз ба?
– Кезінде қаламдастарға қалжың ретінде жазылған бір дүние бар еді:
Отызында өліпті Сергейді алсақ,
(Сергей,Сергей не арман бар сендей болсақ?)
Бізге еліктеп жүрмесін кейінгі жас,
Өліп кетіп, кенеттен өлмей қалсақ!..
Поэзияны тағдырым деу астамшылық болар еді. Өйткені өмірімді өлеңге басы бүтін бағыштай алмадым. Неге? Ол өз алдына бөлек әңгіме…
Тырнақалды дүнием 1983 жылы «Лениншіл жас» газетіне шыққанда аса қуанбадым. Себебі тап сол кезде тергеу абақтысында отырған едім. Милиция қызметкеріне қол көтергенім үшін:
О-о біз қандай жалын едік, от едік
Алатауды алатындай көтеріп –
Алматыға келдік асқақ кеу­демен
Жаза басып жасадық та қателік!
Бірақ, сотта күтпеген жағдай болды. «Жап-жас бала екен, енді ақылы кіретін шығар» деп милиционер кешірім берді. Судья да аяды білем, айыппұлмен шектелді. Сондай мейірбан адамдар жолықпағанда кейінгі тағдырым қалай болар еді?
Сот залынан мен мүлде басқа адам болып шықтым. Мұны психология тілінде «сдвиг парадигмы» дейді. Ертесіне әскерге аттанып кеттім. Екі жылдан соң жады мықты, темірдей деканымыз Темірбек Қожакеевтің «Әй, Смайылов бұзықтау боп кетіп ең, түзіктеу боп келдің бе?» деп қарсы алғаны да сондықтан…
Жалпы менің өмірімде жақсы адамдар көп жолықты. Әрине, қысастық жасағандар да болды. Жас маман ретінде алайын деп тұрған пәтерімді басқаға беріп, ол аздай өзімді жұмыстан зорлап шығарып жіберген ағаларымның өзіне алғыстан басқа айтарым жоқ. Неге десеңіз, сол қиындық пен кедергінің бәрі кейін маған он есе жақсылық болып оралды. Қазір есептесем, он жыл бойы Алматыда пәтер жалдап жүріппін!
Пәтерге байланысты оқиғаны кеш естіген Фариза апай қатты кейіген:
– Неге бірден маған келмедің? Аузыңа түсіп тұрған дүниеден қалай айрылуға болады?
Ол кісі әділетсіздік атаулыға төзбейтін еді ғой. Әруағыңнан айналайын апатайым, мен үшін екі рет ерлік жасады. Біріншісі, 1989 жылғы түлектерді Алматыда қалдырмай алыс аудандарға жіберіп жатты. Билік Желтоқсан оқиғасына қатысқан, яғни демократияның дәмін татқан жастардан жасқанған болу керек. Сол кезде апай өзі басқаратын «Пионер» журналының атынан (өтірік бос орын бар) деп ресми хат жазып, мені Алматыда алып қалды.
Екіншісі, 1992 жылы «Дарын» сыйлығына ұсынып, бюрократия­лық машинамен ақырына дейін айқасқаны. Халықаралық «Азия» газетінің тапсырмасымен Ресей жақта іссапармен жүргем. Келсем, апай мен келіншегім менің сыртымнан құжаттарды комиссияға өткізіп қойыпты. Өзіңді аямасаң да, әркімнің босағасында жүрген отбасыңды ойла. Тым құрыса моральдық қолдау болсын деймін. Адамның еңбегі дер кезінде бағалануы керек. Кезінде қимаған Мемлекеттік сыйлықты кейін бергенде менің бір клеткам да қуанған жоқ!» деп барып тоқтапты.

ТҰТАС ҰЛТТЫҢ ТРАГЕДИЯСЫ

– Желтоқсан деп қалдыңыз, осы тақырыпқа жазылған «Түсік» деген өлеңіңіз бар. Соңғы шумағы «…Ел тізгінін ұстайды ер жетіп кім? Менің ұлым отызға келер еді, Кетпегенде ұшында керзі етіктің!» деп бітеді. Бұл сонда сіздің жеке трагедияңыз ба?
– Алаңға тұңғышыма аяғы ауыр келіншегіммен бірге бардық. Бәріміз студентпіз. Қателеспесем, қасымызда Бауыржан Үсенов, Амантай Шәріп сияқты ақын жігіттер болды. Бірінші бетіне Колбиннің Қазақстанға басшы болып тағайындалғаны туралы ақпарат пен табақтай суреті басылған «Казахстанская правда» газетін аяққа басып, таптап келе жаттық.
Алаңды милиция мен әскер қоршап тұр екен. Бірақ, бізді ішке емін-еркін жіберді. Бейбіт шеру. Әртүрлі ұрандарды ұстаған жастар өз талаптарын айтып жатты. «Менің Қазақстаным», «Атамекен» сияқты рухты әндер қалықтап тұрды. Республика басшыларының бірі «Үйлеріңе тараңдар, әйтпесе күш қолданамыз!» деген уақытта алаңдағы жағдай ушыға түсті. Кешқұрым мұздай темір құрсанған әскердің қоршауы бірте-бірте тарылып, құпия аты кейін белгілі болғандай, «Боран-86» операциясы басталып кетті…
Бұл – тұтас ұлттың трагедиясы! Сол күндері ұлттық рух пен намыс аяусыз басып-жаншылды. Сол күндері демократияға жерік, азаттық деген ұлын ұзақ аңсаған қазақ халқы түсік тастады.
– Қазақстан Жазушылар одағы мүшелері енген анықтамалықты қарап отырып, одан аты-жөніңізді кездестірмедім. Бүгінге дейін бір-екі ғана жыр жинағыңыз жарық көрді. Бірақ сізді, сіздің өлеңдеріңізді зерделі оқырмандарыңыз жақсы біледі, жақсы көреді. Мүшелікте жоқсыз, кітап шығаруға да құштар емессіз, сонда өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– О бастан улы-шулы ортадан саяқ жүретінмін. Қазір тіпті кісікиікпін. Жаңа достар таппадым, ескілердің қатары сиреп қалды. Адам шыныға айналған заманда өз әлеміңде, сырт көзден таса өмір сүргенге не жетсін. Шынын айтсам, жұрт неге танымал болуға ұмтылады, соған таң қалам. Ол сосын сол «образына» сай болуға тырысып, әлек болып жүреді.
Ешбір әлеуметтік желіде жоқпын. Ешқашан мүшәйра, байқау атаулыға қатысып көрмеппін. Ешқандай шығармашылық одақтың мүшесі емеспін.
Естуімше, Қазақстан Жазушылар одағының 700 мүшесі бар көрінеді. Шамасы 701-ші болғым келмеген шығар. (Күледі). Егер қалжыңды ысырып қойсақ ол туралы ұсыныс түскен, өзім саналы түрде бас тарттым. Мен сияқты көңілі қалағанда жыр жазатындар қаншама?! Көлденең көк аттының бәрі ақын-жазушы ма? Әрине, жоқ. Екіншіден, талант деп ең алдымен оқырман, ел-жұрт бағалау керек қой.
Өмір – өкініштің синонимі. Маған өзіне дән риза пендені көрсетіңізші, егер ол «бақытты ақымақ» болмаса. Абай айтпақшы, «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда». Бізге дейін де, бізден кейін де өкініш.
Жыр жазғаным болмаса тиіп-қашып,
Ұлылармен жүрмедім иықтасып.
Алдына да бармадым – аласартып алам ба деп Қадырдың биік басын.
Өз-өзімді жүргенде төмендетіп,
Өлең кімге қонды екен менен кетіп?!
Осы күні өлеңнің киесінен қорқатын болдым. Кезінде адалдық таныта алмадым. Серігімді сатып кеткендей сезінемін. Судың да сұрауы бар…
– Аға, сұхбатты бір өлеңмен бастадық, бір өлеңмен аяқтасақ…
Бізден кейін сырғып күндер сынапша,
Жыл артынан жыл ақса…
Бекер өмір сүрмегенім,
бі-і-і-ір күні
Бір өлеңім бір адамды жылатса.
Бір адамды тебірентсе тым құрса,
Жан-тәнімен ол біреуге ­ұмтылса,
Жанарында мөлт-мөлт етіп сол кезде
Бақыттымын мұң тұрса!…
– Әңгімеңізге рақмет!

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button