Қала мен СалаМәслихат

ӨНДІРІСТЕГІ ЖАРАҚАТ ӨРШІП ТҰР

13_STROIII

Қалалық мәслихаттың заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысында Астана кәсіпорындарындағы еңбек құқыларының қорғалуы мен еңбек қауіпсіздігін жақсарту мәселелері талқыланды.

Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Ермек Оспановтың айтуынша, елорданың құрылыс нысандарында өндірістік жарақат өршіп барады. Жыл басынан бері қала кәсіпорындарында 108 қайғылы оқиға тіркелсе, оның 34-і өліммен аяқталған. Жазатайым  жағдайлар салдарынан 118 адам зардап шегіп, оның  84-і ауыр жарақат алған. Осындай оқиғалардың 95 пайызы құрылыс алаңдарында орын алуда.

Ағымдағы жылдың басынан бері аталмыш басқармаға жеке және заңды тұлғалардан 1884 өтініш келіп түскенін, олардың 1859-ы қаралып, 25-і қаралу үстінде екенін баяндаған басқарма басшысы өтініш білдірген 450 адамға еңбек заңдылықтары мен еңбек қорғау мәселелері бойынша ауызша кеңес берілгенін жеткізді.

Сонымен бірге биыл мемлекеттік инспекторлардың материалдары бойынша Астана қа­ласындағы Ішкі істер департаменті Қазақстан Рес­публикасы Қылмыстық Кодексінің 152-бабына сәйкес 99 қылмыстық іс қозғаған. Өндірісте болған қайғылы оқиғалар дерегі бойынша 85 тексеру жүргізіліп, олардың сексен екісі процессуалдық шешім қабылдау үшін тәртіп қорғау органдарына жіберілген. Орын алған заң бұзушылықтар негізінде 41құрылыс нысанының материал­дары сотқа жөнелтіліп, олардың жұ­мысы тоқтатылды.

– Өндіріс орындарындағы оқыс оқиғалар, көбінесе, құрылыс алаң­дарында техника қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтамаудың салдарынан болады. Мұндай жарақаттар мен адам өлімі – сол ұйымдар жетек­шілерінің салғырттығы мен тәртіпті бетімен жіберуінің көрінісі, – дейді Е.Оспанов.

Өкініштісі сол, «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінің құрылыс жұ­мыстарын жүргізетін астаналық төрт құрылыс компаниясында да адам өлгені анықталып отыр. Атап айтсақ, осы жылдың он айында «BI GROUP» АҚ, «Базис» ҚК, «Sembol» және «MABETEX GROUP» компаниясында он төрт адам өлгені тіркелген. Бұл қаладағы барлық қайғылы оқиғалардың қырық пайызын құрайды. Әрине, алаң­да­тарлық жағдай. Осыған орай, Ермек Сабырбекұлы алдағы айда «Астана ЭКСПО-2017» дирекциясымен бірлесе отырып, жоғарыда аттары аталған құрылыс компанияларының басшылары мен техника қауіпсіздігі және еңбек қорғау жөніндегі инженерлерін шақырып, мәжіліс өткізуді жоспарлап отырғандарын жеткізді.

– Көбіне жұмыс қауіпсіздігі та­лап­тарының сақтамауға қатысты шикіліктер шағын және орта бизнес төңірегінен шығады. Себебі, ірі бизнес өкілдері өз имиджін бұз­бауға тырысады. Ал, біз Президент жариялаған мораторийге бай­ла­нысты барлық орта және шағын кә­сіпкерлік субъектілерін тексере алмаймыз. Егер прокуратура өзгеріс енгізіп, тексеруге рұқсат ет­се, бәлкім, жұмысшылардың жаза­та­йым жарақат алуы немесе еңбек­ақы­ны уақтылы төлемеу секілді заң бұ­зу­шылықтардың алдын алуға болар еді, – дейді басқарма басшысы.

Тұрақты комиссияның төр­ағасы Н.Мещеряковтің төрағалығымен өткен отырыста баянда­машы Астанада жұмыс істеп жүр­ген­дерімен, заң жүзінде басқа қалада тіркелген кәсіпорындарға қатыс­ты қиындықтарға тоқталды. Мұндай мекемелерде жұмысшы мен жұмыс беруші арасында еңбек даулары туындаған кезде қалалық Еңбек инспекциясы жөніндегі басқар­ма­ның заң бойынша оларға тексеріс жүргізуге құқы жоқ. Мәселен, «Алтын ТЕТ» ЖШС-нің Астанадағы жұмысшыларынан 2014 жылдың мамыр айынан бері жалақысыз жүргендері жөнінде жазбаша өтініш келіп түскен. Өкінішке орай, компания Алматы қаласында тіркел­гендіктен, аталмыш басқарма оларға тексеріс жүргізе алмай отыр. Демек, қаптаған құрылыс фирмаларының қызметін өркениетті елдердегідей ретке келтіріп, уақыт созбай нақты заңдар мен міндеттер қабылдау қажет. Бұл ретте елордадағы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандардың біліктілігін көтеріп, жұмысын үйлесімді ұйымдастырған жөн. Е.Оспановтың айтуынша, бүгінгі таңда басқармада небәрі он инспектор жұмыс істейді. Бұл, әрине, Астанадай алып шаһарға аздық етеді.

Одан әрі сөз алған қалалық кә­сіп­­одақтар кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев осы мәселені қаузады. Жалпы, өндірістегі жа­рақаттар мен еңбек дауларына қа­тысты түрлі заң бұзушылықтардың алдын алу үшін ол келесі жылдың басында қаңтар айында Жұмыс берушілер форумын өткізуді, сонымен бірге Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма, Жұмыс берушілердің бірлестігі және Кәсіп­одақтар орталығы бірлескен мемо­рандумға қол қоюлары керек деген ұсыныс білдірді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button