Басты ақпаратҮйренетін үрдістер

Өзбектің тойы өзгеше болып өтеді

Өзбекстан парламентінде қазан айының соңына қарай елде тойлар мен басқа да мерекелік шараларды өткізу ережесі қабылданды. Оны президент Шавкат Мирзиеев өзінің жарлығымен бекітіп берді. Бұдан былай республикада «отыз күн ойын, қырық күн тойын» өткізетін заман болмайды, үйлену тойы бір күннің ішінде толық өтіп болады. Бұл тойларға қатысатын тойшыл қауымның саны да 200 адамнан, той кортежі 3 көліктен аспайды.

Тойға арналған құжаттың кіріспесінде «бұл салада бірқатар елеулі проблемалар мен кемшіліктер анықталғаны» айтылған. Осыған орай, нормативті актіде бірқатар азаматтардың «ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол берілетін үйлену тойы шараларын өткізу үшін қарызға кіретіндері, табыс табу үшін республикадан тыс жерлерге кететіндері» атап көрсетілген.
Енді заң тойды бір күннің ішінде, сағат 6.00-ден 23.00-ге дейін өткізіп болуды меңзейді. Той иелері мұндай шараның өткелі жатқанын билікке кемінде бір апта бұрын ескертіп қояды. Тек той дастарқанынан палау жей алатындардың саны ғана әр жерде әртүрлі болуы мүмкін. Мұндағы шектеулерді қалалық және аудандық кеңестер белгілейді. Олар мұны «жергілікті жердің жағдайына» қарай анықтайды.
Мұндай шектеулер тойға қатысатындар үшін де бар. Оған 200 адам ғана қатыса алса, палаудан дәм тататындар қатары 250 болмақ. Ал бір үйде екі жігіт қатар үйленіп жатқан жағдайда меймандар санын тағы 50 адамға ұлғайтуға мүмкіндік бар. Жаңа заң сондай-ақ кортеждегі көліктер санымен бірге тойда өнер көрсететін орындаушылар мен музыкалық топтарды екеуден асырмау­ды жүктеп отыр.
Егер шараға 50 адамнан көп қатысушы шақырылған болса, той иесі залмен, кафе не мейрамханамен келісімшарт жасасуға тиіс. Мекеме әкімшілігі бұл жағдайда ішкі істер органдарына шарадан кемінде екі күн бұрын жазбаша түрде хабарлап қояды. Көлік қызметін тек бұған лицензиясы бар жүргізушілер ғана көрсете алады.
Құжатта той дастарқанында ысырапшылдық орын алуына тыйым салынатыны ашық жазылған. Сондай-ақ «ұлттық дәстүрлерге қарама-қайшы келетін және қосымша шығындар шығаруды талап ететін» салт-үрдістерге тыйым салынған. Сонымен бірге аудандық кеңестің басшылары «отбасылық шаралардың жинақы және ысырапсыз өткізілуіне» тікелей жауапты болатыны да айтылған. Демек, елде енді шенеуніктер әрбір тойдың дастарқанына араласып, оны реттеп отырады. Олар сағат тілі 23.00-ді соққанда, бірден думанды тарқатып жібереді.
Өзбек – қашаннан тойшыл халық. Көптеген өзбек отбасылары мұндай тойларды жылдап күтеді, олардың көбі «осындай бір тойдың болуы үшін» өмір сүреді. Ата-ана үшін бойжеткен қыздарын бай жасауымен ұзату – өте маңызды мәселе. Әкесі мен шешесі бұл үшін қыздары дүниеге келген күннен дайындала бастайды.
Өзбекстанда тойдың өзі әдетте бір күнде аяқтала салмайды. Дұрыс өткен тойдың ырым-жырымдары бірнеше күнге созылады. Ол үйде құда күтуден басталады. Қалыңдықтың ата-анасы «қызымыз барған жерінде жақсы болсын» деген ырыммен осыған арнап тандыр нан жабады. Одан құдалар ауыз тиеді. Құда түсу біткеннен кейін фатиха-тойға кезек беріледі. Ол дүрілдеп өтеді. Жігіттің ата-анасы болашақ келіндеріне түрлі сыйлықтар мен тәттілер сыйлайды. Осыдан кейін үйлену тойының өзіне дайындыққа кіріседі.Қыз бен жігіт некеге тұрар алдында жеке-жеке қуаныш кешін жасайды. Қалыңдық өзінің құрбыларын жиып, «киз ош» ұйым­дас­тырса, күйеу жігіт достарына «эрталабки ош» береді. Жігіт өзінің үйінде жарандарын палаумен сыйлайды. Үйге келген қонақтар саны көп болған сайын жігіттің әкесі беделді санала түседі.
Міне, Өзбекстан билігі осының бәріне тыйым салғалы жатыр. Жалпы, елде мұндай шектеу шарасы бірінші рет жасалып отырған жоқ. Бұл тақырыптағы алғашқы жарлықты 1998 жылы президент Ислам Каримов шығарған еді. Құжат «даңғазалыққа, аста-төктілікке, шамадан тыс ысырапқа, халық дәстүрлерін аяққа таптаушылыққа, мақтаншылыққа, айналадағы жұртпен санаспаушылыққа» тыйым салған болатын. Бірақ мұның нәтижесі оншалықты табыс­ты бола қоймады. Сондықтан Ислам ака 2008 жылы осы мәселеге қатысты екінші рет құжат қабылдады. 2012 жылы Ташкент мэриясы отбасылық мерекелердің ауқымын шектейтін өз ережесін бекітті. Ал 2018 жылы Мирзиеев шенеуніктердің үйлену тойлары мен туған күн мерекелеріне баруларына тыйым салды. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметкерлер онсыз да шалқып өмір сүреді, олардың той салтанатына қатысулары жемқорлыққа негіз береді.
Дегенмен елде жаңадан қабылданып отыр­ған заңды сынап жатқандар да аз емес. Олардың көпшілігінің пікірлері қазіргі күндері әлеуметтік желілерде ереженің Өзбекстан азаматының конституциялық құқығын бұзады дегенге саяды.
Мұның ақыры не болары әзірге белгісіз. Бәрін уақыт көрсетеді.

Расул АЙТҚОЖА

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button