Экономика

ӨЗІМІЗДІҢ КӨЛІК НЕГЕ ӨТІМСІЗ?

Бізге керек болмаса кімге керек?

Елімізде шыққан өнімді өзіміз алмасақ көлік шығарудан біраз озып кеткен өзбекке, болмаса басқаға керек пе? Әлде біздің көліктің сапасы тым нашар ма? Олай дейін десең мемлекеттік органдардың көлік өндірушілерге ресми талаптар қойғаны туралы ақпарат тағы жоқ. Егер шенеуніктер мына көлікті былай жетілдірсе деген талап қояр болса оның несі сөкет, мемлекет отандық автомобиль өнеркәсібіне үлкен қаржы құйып отыр, сондықтан талап қою орынды. Әрі-беріден соң осы талаптар арқылы көліктерді мемлекеттік органдар үшін ғана емес, қарапайым халық тұтынатындай жақсартуға болар еді.

«Қазавтоөнеркәсіп» директорлар кеңесінің төрағасы Олег Алферовтың айтуынша, шенеуніктер өзімізден шығатын көліктерді көзге ілмей, құны 30 миллион теңге тұратын қымбат кө­ліктерді ойланбай сатып алады, осыған байланысты «Қаз­автоөнеркәсіп» мемлекеттік сатып алуға өзгеріс енгізуді сұрап, қызметтік көлік үшін жаппай отандық машиналарды ғана сатып алуды ұсынған болатын. Ақыры «Қазавтоөнеркәсіптің» ұсынысы жерде қалмады. Енді аз өткенде бұрын өзімізден шығатын көлікті «тәшке» деп менсінбейтіндер отандық көлікке отыратын болды. Бұл шенеуніктер үшін міндетті болмақ. Жуырда ғана Үкімет басшысы мемлекеттік сатып алуларға импорттық автокөліктерге 2 жыл мерзімге тыйым салу туралы қаулыға қол қойды. Қаулыда «ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңының 14-бабына сәйкес, елдің ішкі нарығын қорғау және ұлттық экономиканы дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Рес­публикасының аумағында өндірілмейтін тауарларды қоспағанда, шет мемлекеттерден шығарылатын та­уарларды ұлттық режимнен алып қою белгіленсін. 2. «CT-KZ» нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификаты бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы өндірген тауарлар мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілсін» делінген. Бұл қаулы импортты алмас­тыруға серпін беріп, елімізде импорттық тауарлардың жағымсыз сипатта өсуін тоқтатуға, отандық өнімді қолдауға сеп болу керек.

Жол картасы дамуға жол ашады

Елбасы сайтының мәлі­метіне қарағанда, еліміздегі машина құрастыратын кәсіпорындар көшін «АЗИЯ АВТО» АҚ бастап тұр. Одан кейінгі орынға «СарыарқаАвтоПром» ЖШС, «СемАЗ» ЖШС, «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ, «Hyundai Trans Auto» ЖШС, «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС орналасқан. Тек шенеуніктерге сатып отандық өндірісті дамыта алмаймыз, отандық өнімге қызығушы көп болуы тиіс. Бүгінгі таңда кәсіп­орындардың проблемалары жетерлік. Кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілік деңгейінің төмендігі, қажетті жабдық­тардың тозуы, өз ісінің ше­бері саналатын мамандар жетіспеушілігі сияқ­ты проблемаларды шеше отырып, саланы дамыту мақ­сатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Қазақ­станның машина жасаушылар одағы» заңды тұлғалар бірлестігімен бірлесіп, 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасын әзірледі. Қазақстан машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам Пішембаев ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясы барысында Машина жасау­ды дамытудың Жол картасына енгізілген шаралардың 2024 жылға қарай өндірістің жалпы көлемін кемінде 2 триллион теңгеге жеткізуге, бір жұмысшыға есептегенде еңбек өнімділігін қазіргі $12 мыңнан $24 мыңға дейін арттыруға ынталандыратынын айтты. Мәліметтерге сүйенсек, біздегі автоөнеркәсіп саласы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46 пайызға өскен. Өткен жылы 30 мыңға жуық автомобиль шығарылыпты, ал биыл 60 мыңға тарта көлікті ұсыну жоспарланып отырған көрінеді. ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Үкімет басшысы Асқар Мамин «Егер де былтыр жеңілдікпен автонесиелеу бойынша 3,2 мың көлікті қаржыландырсақ, биыл несиелеу көлемін 15 мың көлікке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Яғни отандық автокөлікті сатып алуға бөлінетін несие көлемін бес есеге арттырмақпыз» деді. Бұдан отандық көлікті халыққа қолжетімді етуде жасалып жатқан шаруаның аз емесін байқаймыз. Мысалы, жеңілдікпен автонесиелеу бағдарламасы іске қосылып, Қазақстан даму банкі бұл мақсат үшін 34 миллиард теңге бөлген. Биыл жеңілдікпен берілетін автонесиелеуге 8 млрд теңге көлемінде қаржы бөлініпті. ҚР Ұлттық банк бағдарламаға бес жыл бойы қатарынан 20 млрд теңге бөлуді қолға алған.

Ел қаржысы елде қалсын

Мемлекет қаржысын өзге елдердің қазынасын молайтуға емес, өз экономикасын көтеруге жұмсайтын ел – бақытты ел. Өйткені өз ақшасы өзінде, көңілі де жай, өзі шығарған дүниені барынша сапалы қылуға тырысатыны тағы бар, артылса көршіге де сатады, сөйтіп отандық өнімді тұтыну арқылы экономикасы да өрлейді. Отандық өнімге өріс ашуда әдіс те жетерлік, мысалы, өзбектер өзгенің көлігін өз елінде жүргізуге тыйым салды, тек өз көліктерін айдауды, отандық көліктерді мемлекеттік мекемелерге қызметтік автомобиль ретінде ғана емес, тұрғындарға жеке көлік есебінде сатып алуды қатаң міндеттеді. Бұл, бір қарағанда, жеке адамның таңдауына қол сұғу, тіпті жабайылау әдіс көрінгенімен, түптің түбінде өзбек азаматтары мемлекет мүддесі үшін деген ортақ мақсатқа жұмылды. Тіпті тағы бір автомобиль шығаратын қосымша зауыт салу туралы бастама көтеріп жатыр. Шамасы біздей емес, өз көліктеріне өздерінің көңілдері толатын болса керек. Тағы бір мысал, Филиппинде отандық өнімге қолдау жасаймыз деп шенеуніктерге тиесілі, құны 100 мың доллардан асатын шетелдік қымбат көліктердің көзін жойған. Көзін жойған деген тура мағынада, президенттері көрсе көз тоятын люкс көліктерді бульдозермен аямай мыжып тастауға бұйрық беріпті. Италия үкіметі де шенеуніктер мінген «люкс» көліктерді сатылымға қо­йыпты. «Елде жаппай дағдарыс болып жатқанда бағалы темір тұлпарлар биліктің ысырапшылдығын білдіреді» деп есептеген премьер-­министрінің айтуынша, бұл шара тек мемлекеттік қарыз­ды азайтып қана қоймай, осы көліктердің күтіміне кететін қаржыны да үнемдейді. Міне, көрдіңіз бе, мемлекет қаржысына деген ізгі ниет, сау көзқарас осындай болмақ. Бізге де осындай көзқарастағы басшылар керек. Мемлекетшілдіктің ең бірінші қағидасы – оның ақшасын орнымен мақсатты жұмсау, үнемдеу екенін ірілі-ұсақты шенеунік түгел білсе. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ең үлкен джипті мініп, ең үлкен кабинетте отырмаса өзін қор сезінетін менталитеттен арылу керек!» дегенді спикер болып тұрған кезінде айтқан болатын. Жуырда әлеуметтік парақшасындағы жазбасында «Айқын» газеті жариялаған жас кәсіпкермен сұхбатты оқып, өзінің отандық аяқ киім сатып алғанын айта ке­ліп, өз елімізде жасалған өнімді қолдауға шақырды.

P.S:Әлемдегі дамыған кез келген мемлекетті алып қарайтын болсақ, олар бірінші кезекте жергілікті тауар өндірушілердің өнімдеріне ерекше мән береді. Экономиканың негізгі күре тамыры – өнеркәсіп. Олай болса, мемлекеттік сатып алуларға импорттық автокөліктерге 2 жыл мерзімге тыйым салу туралы қаулының шыққаны да оңынан келген шаруа болды, енді шенеуніктердің өзіміздің Қостанайдан шығатын «SsangYong Chairman» көлігін айдап жүргенін көретін күн де алыс емес шығар. Айтпақшы, өзіміз әуестікпен сайтына кіріп қарадық, «құйрық-жалы төгілген, үстінен су төгілмес жорға» деген теңеуге әбден лайық көлік екен, тек осы уақытқа дейін «мемлекеттік мекемелер пайдаланатын көліктің қуаты 3000 текше сантиметрден аспауы керек» деген Үкіметтің қаулысына сәйкес мемлекеттік мекемелерде пайдалануға тыйым салынып келді. Тұрпаты «Мерседесіңнен» бір де кем түспейтін көлікті шенеуніктер мініп жүрсе, отандық өнімге қолдаудың үлгісі болар еді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button