Руханият

ПАРАСАТ БИІГІНДЕ

1997 жылдың мамыр айы. Менің Парламент Сенатының аппаратында қызмет істеп жүрген кезім. Негізгі міндетіміз депутаттардың жұмысын қамтамасыз ету. Оның ішінде іс қағаздарының қазақ тілінде жүргізілуіне қолғабыс жасау. Бұрындары журналист ретінде еркін жүріп-тұрып үйренген адамның мұндағы ресми қарым-қатынасқа, қимыл-қозғалысыңда да, сөйлеген сөзіңде де шалт кетіп, шашау шықпауға дағдылану қиынға соғады екен. Оның үстіне басшыларымыз депутаттар алдында әдеп сақтауды, оларға жеке шаруасын айтып мазалайтындардың жазаға тартылатынын айтып, қорқытып, үркітіп тастаған. Сондықтан берілген тапсырманы орындаудан әріге бармаймыз.

Күндердің күнінде осы үрдіс бұзылды. Редакциялық-баспа бөлімінің меңгерушісі Болат Бодаубай мені шақырып алып:
– Аймақтық даму комитетінің төрағасы, депутат Өмірзақ Озғанбай деген ағаңа барып жолық. Мәтінді орыс тілінен қазақ тіліне аударуға қатысты бір шаруасы бар екен. Қолғабыс жаса, – деді.
Депутаттардың бәрін сыртынан білетін болғандықтан, бұл кісіні де танимын. Сұңғақ бойлы, қоңырқай жүзі үнемі күлімдеп жүретін, бетінен иманы төгіліп тұратын адам. Өмірбаянынан да хабардармын. Себебі кадр бөлімі депутаттардың орысша жазылған өмірбаяндарын бізге аудартып, іс қағаздарына қаттап қояды. Содан білетінім, бір парақ қағазға қатталған тақ-тұқ деректерден-ақ Маңғыстаудың маң даласында туып өскен Өмірзақ ағаның бұлтарысы мен бұралаңы көп өмірдегі қилы тағдырын анық аңғаруға болады.
Орта мектепті Түркіменстанда бітірген. Әкесі бұл қырқынан шығар шықпаста Ұлы Отан соғысына аттанып, Отан қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан. Анасы жалғыз ұлын адам қатарына қосу жолында өмірдің бар қиындығын бастан кеше жүріп еңбек еткен. Туған жерді тастап, Түркіменстан асуына да аумалы-төкпелі заман желі себеп болса керек.
Біз қазір балалық шақ – бал дәурен деп атайтын кезең Өмірзақ аға үшін анау айтқандай қызыққа толы болмағаны, керісінше, соғыс кезіндегі, соғыстан кейінгі ауыр тұрмыс тауқыметі, жоқ-жітік, жаутаң көз тіршілік балалықты ұмыттырып, тырбанып тірлік істеп, тірі қалып, арпалысып алға ұмтылу әрекетімен өткені өмірбаян жолдарынан анық байқалады.
Тіршіліктің осындай тар жол, тайғақ кешулеріне қарамастан, Өмірзақ ағаның балаң кезінен зерек, өзіне талап қойғыш, оқуға ынталы болғаны аңғарылады. Орта мектепті алтын медальмен бітіруі осының дәлелі емес пе. Әттең бір жағынан тапшылық, бір жағынан аяулы анасын жалғыз қалдыру қол байлап, ауылдан ұзап кете алмаған. Көзілдірік таққан, сұңғақ бойлы, сұлу мүсін баланың жанарындағы отты, бойындағы шоқты тап басып байқаған ұстаздары Өмірзақ ағаны мектеп пионерлерінің жетекшісі қызметіне қабылдайды.
Өмекеңнің бұдан кейінгі саналы өмірінің жарты ғасырға жуық уақыты тәрбие, білім, ғылым саласына арналуы тап осы кезден бастау алған тәрізді. Нағыз жүйріктердің шапқан сайын өрлейтіні сияқты Өмірзақ ағаның осы жолда арынды желіспен үнемі асудан асуға, белестен белеске көтеріліп отырғаны көзге шалынады.
Бәрін ретімен баяндайық. Өмекеңнің ес біліп, етек жапқаннан кейінгі қолға алған ең бірінші шаруасы туған өлкеге – Маңғыстауына оралу болды. Бұдан нені аңғарамыз. Басқалар әлі оң-солын тани қоймаған деп ойлайтын қаршадай бозбаланың Отаным, елім, жерім деп соққан жүрек дүрсілі байқалмай ма. Іздене жүріп, әрекет ете жүріп, оған да қол жеткізді. Сөйтіп педагогтық, ұстаздық қызметті туған жерінде жалғастырды. Бастауыш сынып мұғалімі, мектеп директорының орынбасары, аудандық оқу бөлімінің инспекторы, аудандық, қалалық партия комитеттерінің бөлім меңгерушісі, облыстық «Білім» қоғамының басшысы, облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының директоры, республикалық оқу-әдістемелік орталықтың директоры, облыстық білім беру басқармасының бастығы, облыс әкімінің кеңесшісі, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Былай қарағанда құрғақ баяндау сияқты болып көрінетін осы бір қысқа ғана мәліметтің өзінен Өмекеңнің бойындағы бұлқынған күшті, адуынды арынды, қайтпас қайсарлықты, үнемі алда болуға деген ұмтылысты байқау қиын емес. Бұдан былайғы өмірлік дағдысында да осы жағдай, белсенділік, қайраткерлік, қоғамдық істерде үнемі алдыңғы қатарда жүру қайталанып отырады.
Мысал үшін айтсақ, Қазақстанда азаттық таңы атқан алғашқы жылдарда білімі де, саяси өрісі де әбден толысып, кемеліне келген Өмекең республикалық деңгейдегі қоғамдық істерге белсене араласады. 1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 1995-1999 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты, комитет төрағасы бола жүріп, еліміздің ең жоғары билік органдарында бел шеше еңбек етіп, егемендігімізді орнықтыра түсуге лайықты үлес қосады.
Еліміздің осындай белсенді, көрнекті қоғам қайраткерімен жоғары билік тармақтарының бірі – Парламент қабырғасында қатар жүрудің өзі мәртебе емес пе. Осы мәртебеге малданып, қайраткер ағаларымызды сырттай мақтан тұтып жүргенде танымал жазушы, басшымыз Болат Бодаубайдан тапсырма алғанымды жоғарыда айттым.
Тапсырманы орындау – парыз. Депутатқа бардым. Есіктен бөлмесіне кірген бойда Өмекең орнынан жеделғабыл көтеріліп, менімен бұрыннан таныс адамындай ашық-жарқын амандасқаннан кейін бірден шаруасын айтуға көшті. Ол кісінің әңгімесінен «Ресейдің Мемлекеттік Думасы және Қазақстан» атты кітап жазып жатқанын, осыған байланысты мұрағат материалдарымен де жұмыс істеп жүргенін, олардың барлығының әрине орыс тілінде екенін, кейбіреулерін қазақ тіліне аудару керек болып тұрғанын ұқтым. Тасқа басылған оншақты бет мұрағат материалдарын алып, аударып, апарып та бердім. Бар болғаны осы. Мұнан кейін сол баяғы жұмыс бабындағы ресми тіршілік жалғасын табуға тиіс емес пе. Бұл жолы олай болмады. Өмірзақ аға кездесе қалған жерде күлім қаға бұрылып, мені бауырына тартады.Ол кісімен жақын таныстығымыз осылай басталған еді. Бұл нені білдіреді? Менің ойымша бұл көп адамдардың бойынан, әсіресе лауазым иелерінің бойынан табыла бермейтін кішіпейілдіктің, табиғатында бар биязы мінездің көрінісі болса керек.
Айтпақшы, ағамыздың Ресейдің Мемлекеттік Думасына қатысты сол еңбегі үлкен том болып жарыққа шыққаннан кейін онымен танысу барысында Думаға қазақ даласынан сайланған қазақ депутаттары жөнінде бұрын еш жерде айтылмаған, жарияланбаған мол мағлұматтың қамтылғанының куәсі болдық. Қазір бұл еңбек алаштанушылардың, Ресей Мемлекеттік Думасына сайланған қазақ депутаттарының өмірін зерттеушілердің қолынан түспейтін кітапқа айналды.
Содан бері арада жиырма жылға жуық уақыт өтіпті. Уақыт өтеді, адам өзгереді деп жатады ғой. Өзгермейтін де адамдар болады. Өмекең солардың қатарында. Сәлем бара барсаң сол баяғы күлім қаққан бейнесімен аңқылдап қарсы алып, жайдары көңілмен әңгімесін айтып, жаймашуақ күйде шығарып салады. Әлдеқандай пәнейі бір себептермен қағажу көріп келген адам бұл кісінің алдынан мәселесі шешілсе де, шешілмесе де қанаттанып шығады. Бұл арада неге деген сұрақ қоюдың өзі орынсыз. Себебі, Өмекеңнің бойы тұнған ізгілік, инабаттылық. Сол ізгілік пен инабаттылық аурасы алдына келген адамды да баурап, барлығы көтеріңкі көңіл-күймен тарасады.
Және бір айтпағым, Өмекеңнің табиғатында бар осындай ізгілік қасиеті оның ұзақ жылдардағы жемісті педагогикалық қызметіне де өзінің игі әсерін тигізді-ау деген ойдамын. Өйткені, біздің Өмекең Қазақстан Республикасындағы жаңа типтік лицейлерді, гимназияларды, тұңғыш қазақ-түрік лицейлерін, тереңдетіп оқытылатын арнаулы мектептерді ұйымдастырушылардың бірі ретінде де танымал қайраткер. Педагогикалық қызметте, өскелең ұрпаққа тәлімді тәрбие беруде тындырылған осындай игі шараларды ізгілік іздері деп атасақ та болғандай.
Өмірзақ аға ғылым мен қоғамдық жұмысты қатар алып жүре білетін қабілетінің арқасында педагогика ғылымдарының кандидаты, тарих ғылымдарының докторы, академик ғылыми атақтарына ие болып, педагогика мен тарих тақырыбында 200-ден астам ғылыми-танымдық мақала, 30-дан астам кітап жазған майталман. Қоғамға сіңірген еңбектері «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, бірнеше медальдармен, Президент сыйлығының грантымен атап өтілді.
Сонан соң осы уақыт ішінде мен Өмекеңнің өмірін арнайы зерттеуші болмасам да, ол кісінің бір сәт аялдауды, шаршап-шалдығуды, осы да жетер, бір адамдай еңбек еттім ғой деп, тоқмейілсуді білмейтін әдетіне тәнтімін. Тағы да деректерге жүгінейікші. Мәселен, депутаттық міндетін абыроймен атқарғаннан кейінгі 1999 жылдан бастап Өмекең бірсыпыра жауапты қызметтер атқарып келеді. Ы.Алтынсарин атындағы Казақ білім академиясының президенті, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің проректоры тәрізді жауапты жұмыстарды бар ықыласымен, кәсіби біліктілікпен атқарып, қызметтестерінің арасында шынайы құрметке ие болды. Міне бірнеше жылдан бері «Ардагерлер» ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігін білгірлікпен басқарып, қоғамға еңбегі сіңген ардагерлеріміздің, зейнеткерлеріміздің лайықты да, белсенді өмір сүруіне жағдай жасауға бар күш-жігерін жұмсау үстінде.
Тегінде қоғамдық істерде қашанда алда жүру Өмекеңнің тағдырына жазылған ба деп те қаласың кейде. Мұны мен ағамыздың қазіргі атқарып жүрген қызметіне байланысты айтып отырмын. Ол кісі мұнда да ізгілік үлгісін көрсетуде. Бұл ұйымның іргетасы 1987 жылы қаланған екен. Содан бері ардагерлерге, зейнеткерлерге қатысты талай игілікті істердің атқарылғанына күмән жоқ. Ал бұл ұйымның іс басына Өмекең келгелі бері жұмыс бұрынғыдан да жандана түсті десем, артық айтпаймын. Соның бір парасы «Ардагерлер ұйымының» тарихында тұңғыш рет» деген сөз тіркесінің жиі қолданылатынынан байқалады. Мысал келтірейік. Бірлестік тарихында тұңғыш рет республикалық ардагерлер басылымдары: «Ардагер айнасы» газеті мен «Ветеран и общество» журналы шығарылды.
Өмекеңнің ардагерлер ұйымына басшылық жасай бастағанына бес жыл толар-толмас уақыт болды. Осы жылдар ішінде Орталық Кеңес басшылығының,қызметкерлері мен белсенділерінің жергілікті жерлерге жасаған іссапарлары бірлестік тарихының барлық жылдары ішіндегі көрсеткіштен асып түскен. Бұл ардагерлер ұйымы жұмысының, қызметкерлер белсенділігінің еселеп артқанын көрсетеді. Ардагерлер Кеңесі Төралқасының шалғай ауданда көшпелі отырыс өткізу үрдісі де тұңғыш рет қолға алынып отырған игі шара. Материалдық базаны нығайтуға да тұңғыш рет қадам жасалған. «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер!» атты ардагер көркемөнерпаздардың байқау фестивалі де тұңғыш рет өткізілген.
Ардагерлер ұйымының жұмысын жандандыра түсуге қатысты Өмекеңнің басшылығымен жүргізіліп жатқан жұмыстарда «тұңғыш рет» деген сөздің жиі қолданылатынын осылай жалғастыра беруге болады. Бұл Өмекең жүрген жерде игі істердің жандана, жалғаса түсетінін көрсетеді. Ардагерлердің жуырда болып өткен жетінші съезінде Өмекеңнің және бес жылға ұйым жетекшілігіне қайта сай­ла­нуының сыры да осында жатса керек.
Өмекең ұзақ жылдардан бері қоғам тіршілігіне белсене араласып, талай жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің рухани, мәдени өмірін ғылым, білім саласын жандандыра, жақсарта түсуге бір адамдай үлес қосып келе жатқан көрнекті қоғам қайраткері,үлкен ғалым ғана емес, жоғарыда айтқанымдай, ел өмірінің сан алуан мәселелерін қозғайтын, республиканың рухани өміріне қатысты түрлі тақырыпты қамтитын 30 шақты кітаптың, жүздеген мақалалардың авторы. Бұл шығармалардан автордың қоғам тіршілігіне, айналасында болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамайтыны байқалады. Тарихи тұлғаларымыздың мемлекетімізді қалыптастырудағы рөлі, әйелдердің қоғамдағы орны, салт дәстүріміз, дін мәселесі бәрі-бәрі назардан тыс қалмайды. Олардың біразымен оқырман күнделікті баспасөз материалдарынан таныс та шығар. Сонда да болса автордың кейбір ойларына көңіл аударуды жөн көріп отырмын.
Ағамыздың негізгі мамандығы мұғалім, яғни ұстаз. Ал ұстаздың ұрпақ тәрбиесімен айналысатынын жұрттың бәрі біледі.Өмекең шығармашылығының бүкіл желісі де осы мәселе төңірегінде өрбиді. Қандай да бір шығармасында қайсыбір тақырыпты сөз етпесін, хандарымыз, батырларымыз жөнінде әңгімелесе де, шешендеріміз, билеріміз төңірегінде сөз қозғаса да, қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі – ас беруді айтса да, дін туралы, үлкенді сыйлау туралы мысалдар келтірсе де – бәрінде де бүгінгі адамдарға, өскелең ұрпаққа ишара түрінде жеткізілетін ойлар қамтылады.
Мысалы, «Бейбітшіл дінімізді бекемдей түсейік» деген мақаласында автор біздің – үлкеннің алдын кеспеген, сөзінен аттап өтпеген, ақсақалын ардақ тұтқан ел екенімізді айта келіп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау ісіне ақсақалдарымызды да тарту керектігін, әңгімелесе, «Ата салтымызды ардақтайық» атты мақаласы ата-анасының алдындағы перзенттік парызын ұмытып, туған әке-шешесін Қарттар үйіне тапсыратын тасбауырлар саны күннен күнге көбейіп бара жатқанын, бұл – біз сияқты бауырмал, өзінен бұрын өзгеге өзегін суырып беруге дайын тұратын халқымыз үшін мүлде жат көрініс екенін,көңілге қаяу түсіретін мұндай көріністер ұлттық болмысымыздың қожырап, қазақы құндылықтарымыз бен ата-бабамыздан келе жатқан озық салт-дәстүрлеріміздің, бала мен ата-ана алдындағы қасиетті борышымыздың селдіреп, ұлттық мұраттарға енжар қарай бастауымыздың, ұлтымыздың ұлағатты, сыпайы мінезінің бұзылмауына, адамгершілік ізгі қасиеттердің сақталуына, жастардың рухани азып-тозып құлдырамауына мән бермеуіміздің әсері екенін жайып сала отырып, ұрпақ тәрбиелеуде ұлттық құндылықтарды пайдалану керектігін ортаға салады.
Немесе «Ұлт ұйтқысы, ұрпақ анасы» деген мақаласын алайық. Қазақ тарихында, ұлт мәдениетінде, салтында, дәстүрінде әйел адамның, қыз баланың қоғамдағы орны ең алдымен отбасындағы орнымен қадірлі саналған ғой. Сондықтан автор «әйел адам қоғамымыз үшін болашақ ұрпақты жалғастырушы ана, мемлекет өміріндегі жа¬уапты қызметкер, отбасындағы аяулы жар екендігін біз ешқашан науқандық саясатқа ай-налдырмауымыз керек» деген түйін жасайды.
Біз ағамыздың шығармашылық ойларының кейбіреулерін ғана атап өттік. Ал мұндай құнды пікірлер,адамгершілікті насихаттайтын толғау-түйіндер, оралымды тілмен, өткір оймен, толғақты пікірлермен әдіптеліп, шабыттана әңгімеленетін туындылар Өмекеңнің шығармашылығында жетіп артылады.
Біздің қазақта едәуір жасқа келсе де тұғырынан таймаған, өзінің қайратты келбетімен, қажырлы ісімен жұртшылықты сүйсіндіріп те, сүйіндіріп те жүретін адамды «Сүйегі асыл жан ғой!» деп көтермелейді емес пе. Мұның ар жағында бабалар қасиетін жалғастырушы деген ой жатады ғой. 75 жасты еңсеріп, сексеннің сеңгіріне аяқ басқан Өмірзақ ағамызды – адамгершілік, ізгілік, парасаттылық, тіліне, еліне, жеріне адалдық тәрізді ұлтымыздың небір жақсы қасиеттерін өн бойына жинақтаған асыл азаматты даналық жасына жетуімен құттықтай отырып, өз ойымды ағамызға арнаған өлең жолдарымен қорытындылағанды жөн көрдім.
Сыпайы, сырбаз мінез бір ағам бар,
Жаны жаз, жүзі жарқын, жүрегі адал.
Сұңғақ бойы жарасып келбетіне,
Жүреді ылғи нұр төгіп қабағынан.

Сыр ақтарсаң тыңдайды ол бейілімен,
Құлақ қойып отырар зейінімен.
Жақын тартып тұратын
жұрттың бәрін,
Азамат қой әу бастан пейілі кең.

Қайраткер ол, ғалым ол, академик.
Ой мен сөзді жанына еткен серік.
Талайлардан қошемет көрсе-дағы,
Кеуде қаққан кезі жоқ дақпыртқа еріп.

Жүрсе-дағы лауазым биігінде,
Ерінбейді халқына иілуге.
Абзалдығына осындай ағамыздың,
Бәрекелді, ел-жұрт та сүйінуде.

Өмірден көп көрсе де теперішті,
Адам ол қайтпас, қайсар рухы күшті.
Әкесі қан майданда қаза тауып,
Қамкөңіл жан шешенің қолында өсті.

Қиындықтың тартса да тақсыретін,
Жоғалтпаған ақ ниет қасиетін.
Биік-биік мінбеге шығады ол,
Сөз айтуға жұрт тоқтап, ел сүйетін.

Сол аға кепті міне 75-ке,
Күн боп тұр қуанышты қалар есте.
Жандарды жадыратар мінезіңмен,
Демекпін, шыға бергін бел-белеске.

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
филология ғылымдарының
кандидаты

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button