#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

Партиялар «Ұйқысынан оянатын» кезең

Қазақстанда сайлау алдындағы науқанның қазаны «бұрқ-бұрқ» қайнай бастады. Бүгінге дейін Орталық сайлау комиссиясы саяси аламанға қатысатын 7 партияға рұқсат бергені мәлім. Кеше ғана Әділет министрлігі «Қазақстанның халық конгресі» атты тағы бір партияның құжатын қабылдады. Бастамашы топ құрылтай өткізіп, мүшелерінің санын 5 мыңға жеткізсе, бұл партия да додаға ілігеді. Интернационалдық демократиялық партияның басында белгілі ақын Олжас Сүлейменов тұр. Саясаттанушылар мен сарапшылар бұл сайлау соңғы 19 жылдағы ең қызықты, тартысты дода болады дегенді айтады

Үміткерлер есімін жариялады

Осы аптада бірқатар партия құрылтай өткізіп, өз үміткерлерінің есімін атады. Бірінші болып Қазақстан халық партия­сы жиын өткізіп, өз үміткерлерін анықтады. 52 адамның арасында 6 ұлт өкілі бар, 32 пайыздан астамы – әйелдер мен жастар. Үміткерлердің орташа жасы – 50. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың серігі болған экс-министр, экс-дипломат, Қаңтар оқиғасынан кейін ҚХП-ны басқаруға келген Ермұхамет Ертісбаев «Қазір біздің партияға шабуыл күшейді. Сатқындар да, опасыздар да бар. Олар басқа партияға өтіп, депутат болғысы келеді» деп ҚХП-ның құрамынан шығып жатқандарға шүйлікті. Құрылтайдың алдында Мәжілісте депутат болған 4 адам ҚХП-ның құрамынан шықты, арасында екі рет президенттікке түскен Жамбыл Ахметбеков те бар.

1 ақпанда «Ақ жол» партиясы құрылтай өткізді. Мәжіліс сайлауына 54 адам, бір мандаттық округ бойынша 24 адам сайлау­ға қатысатыны белгілі болды. Партия тізімінде бұрынғылардан Азат Перуашев, Дәния Еспаева, Берік Дүйсембинов, Қазыбек Иса бар. Украинадағы соғыста Путинді жақтаған ақжолдық экс-депутат Азамат Әбілдаевтың «қылығы» партия­ның абырой-беделіне үлкен нұқсан келтірді. Парламентте оппозиция кейпін танытатын партияның «Аманаттан» кейінгі орындарды алуға үміті бар ма, оны уақыт көрсетеді.

Асхат Рахымжанов жетекшілік ететін Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) да құрылтайын өткізіп, партиялық тізім бойын­ша Мәжіліске депутаттыққа үміткер 19 адамның есімін жария етті. Мажоритарлық жүйе бойынша партиядан 6 адам сайланады. Партиялық тізіммен додаға түсетіндердің ішінде президенттіке үміткер болған Нұрлан Әуесбаев та жүр. Сондай-ақ бүгін жаңадан тіркелген «Байтақ» жасылдар партиясы да өз құрылтайын өткізіп, сайлауда бақ сынайтын үміткерлерінің атын атады. 4 ақпанда – «Ауыл», 6 ақпанда – «Республика» және 7 ақпанда «Аманат» партиясы өз құрылтайын өткізеді. Айтпақшы, жуырда Орталық сайлау комиссиясы «Байтақ» пен «Республиканың» барлық облыстық мәслихаттар сайлауы­на қатысатынын хабарлады.

Шынайы саяси күрес бола ма?

Бұл сайлаудың бұрынғылардан бір өзгешелігі – саяси додаға өзін-өзі ұсынушылардың қайтып оралуы. 2004 жылдан бері алғаш рет Мәжіліске үміткерлердің 30 пайызы бір мандаттық округтер бойынша сайланады. Оларға 98 орынның 29-ы беріледі. Бұрын билікті сынағандардың бәрі мұндай мүмкіндікті пайдалануға тырысуда. Алайда бірқатар саясаткер сайлау науқаны алдындағы тең емес жағдайлар туралы мәлімдеме жасады. Парламент сайлауы 6 ай бұрын жарияланғанмен, ресми түрде шешім шығарылған 2 айда «танымал» болып үлгермейтіні айдан анық.

Белгілі саясаттанушы, «Тә­уекелдерді бағалау тобының» директоры Досым Сәтпаев бір мандаттық округтер бойынша сайланатындардың арасынан мықты саясаткерлер шығуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

«Қазақстан билігі сайлау додасын бақылауда ұстайды. Бұл үшін үміткерлерге қатыс­ты «сүзгілерді» қолданады. Біріншісі – сайлау салығы, Мәжіліске – 1 млн теңгеден асады, мәслихатқа – 400 мың теңгеге жуық. Екіншісі – бір мандаттық жүйе бойынша додаға қатысатындардың бір сүрінетін жері – салық декларациясын тапсыру. Декларацияда кішігірім қате кетсе, үміткер сайлаудан шеттетіледі» дейді Д.Сәтпаев.

Саясаттанушы Димаш ­Әлжанов сайлауға екі айдан аз уақыт қалғанмен, шынайы саяси күрестің нышаны байқалмайды.

«2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін ел билігі белгілі бір реформалар жасауы қажет еді. Бұл жерде аралас сайлау жүйесіне көшу арқылы саяси жүйе мен заң шығару органына бақылауды сақтап қалуы үшін бірқатар бағытта іс-шараларды жүзеге асырады. Аралас сайлау жүйесі билікке Парламенттегі дауыстардың көпшілігін иеленуге мүмкіндік береді. Тіркелген 7 партия да билікке шынайы оппозиция болмайды. Демек билік ауысады деуге ешқандай негіз жоқ» дейді ол.

Саяси жүйе жаңарады

Саясаттанушы, «Еуразия әлемі» қоғамдық қорының басшысы Эдуард Полетаев Парламент сайлауы саяси жүйені қайта реттеуге, жаңартуға мүмкіндік береді деп санайды.

«Парламент сайлауы мемлекеттік басқару формасын жаңартуға алып келеді. Қазақстандағы реформалардың мәнісі күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет формуласына негізделген» дейді ол.

Жалпы алғанда, болашақтағы Парламент қандай болатыны әзірше беймәлім. Бір анығы, ол жерде билікшіл партиялардың басымдығы сақталады. Әлеуметтік-саяси қарым-қатынас жүйесі жақсы дамыған «Аманат» партиясына балама болатындай күш әлі жоқ. Қоғаммен де, қоғамдық пікірмен де жұмыс істеудің тиімді, күшті тәсілі осы партияда ғана бар. Бәсекелестік пен монополия тұрғысынан алғанда да күш-қуаты мығым партияға билік өкілдері басшылық етпесе де, бұрынғы ұстанымы мен беделі қала береді.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button