Басты ақпаратМәдениет

Қымыз мерекесінің қасиеті

Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасы «Қарашаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында «Ұмыт болған салт-дәстүрді жаңғырту» атты шара өткізді. Онда этнографиялық бірнеше жобаның авторы, мәдениет саласының үздігі Бақтияр Қожахметов ­Қымызмұрындық мерекесі жайында әңгімеледі.

Кітапхана қонағы қымыз мерекесін өткізу бірнеше жыл бұрын Ұлытау облысы Ұлытау ауданындағы Терісаққан ауылында қолға алынып, жыл сайын өткізілетінін, ендігі мақсат елімізде «Көк майса» атауы­мен Дүниежүзілік қымыз мерекесін ұйымдас­тыру болып отырғанын айтып, аталған жобамен таныстырды. Бұл жоба қымыз ішумен ғана шектелмей, бірнеше рәсімнен, ұлттық ойындардан тұрады. Атап айтқанда, ақсақалдың бата беруі, бие байлау, қазық қағу, асық ойы­ны, ат жарыс болып жалғасып кете береді.

Бір атап өтерлігі, 2018 жылы Қазақстан Республикасы атынан «Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі мерекелік ғұрыптары» номинациясы ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне енгізілді.

– Бір ғана мерекенің шеңберінде қаншама ұмытылған салт-дәстүрді көрсетуге болады. Мақсатымыз – соларды жаңғырту, басқа елдерге танытып, таныстыру, – дейді Бақтияр Қожахметов.

«Қарашаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тұрар Шәкен ұлттық салт-дәстүрді таныту арқылы жастарды тәрбиелеу туралы ойымен бөлісті.

– Қазір жаһандану келе жатыр. Оған жұтылып кетпес үшін өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді сақтап қалу керек. Ол үшін бұрынғымызды білу қажет, – деді Тұрар Сәттарқызы.

Аталмыш кездесуге осыдан бір жарым ай бұрын «Мен жастарға сенемін» деп жырлаған Алаш рухты ақын Мағжан Жұмабаевтың аты берілген халықаралық колледждің студенттері қатысты. Кездесу қонағына сұрақ қойып, белсенділік танытқан жастарға кітапханашы Сағыныш Дүйсенқызы кітаптарды сыйға тартты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button