Басты ақпаратДенсаулық

Пластикалық ота: Пайдасынан зияны басым ба?

Астана қаласының тұрғыны Бибіғайша Есенбекова өткен жылдың қыркүйек айында бетіне пластикалық ота жасатқан-ды. Содан бері көңіл күйінен маза кетті. Әп дегенде бәрі ойдағыдай көрінген. Бірақ бір-екі апта өткенде иегінің асты қышып, тырысатынды шығарды. Келе-келе бетінің әр жері қызарып, сыздап ауырып, ісіне бастады. Ота жасаған хирургке қайта барды. Ал ол болса бірнеше дәрі жазып беріп, шыдау керек екенін, ешкім де плас тикалық отаның ойлағандай нәтиже беретініне жүз пайыз кепілдік бере алмайтынын айтып, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Міне, барлық сергелдең осыдан кейін басталды.

Жасырын жарнаманың әлегі 

Жандар Елемес өзін тәжірибелі дәрігер деп әлеуметтік желілерге бірнеше хабарландыру берген. Міне, сол жарнаманың біріне Бибіайша да назар аударады. Телефон шалған бойда ол өзін пластикалық ота жасаудың майталман маманы екенін айтып, «сіз дұрыс хабарластыңыз, біз сізге кейбір жеңілдіктерді де ұсына аламыз» деп оны одан сайын қызықтыра түседі. Шындығында, бұрын пластикалық ота дегенді тек газет-журналдан оқып, теледидардан көргенінен басқа еш хабары жоқ келіншекке хирургтің «пейіліңіз бен ниетіңіз болса, 10-15 жасқа жасарып шыға келесіз» деген сөзі әсер етті ме, әйтеуір көп кешікпей ол аталған мекенжайдың қоңырауын басады. Операция сәтті өткен сияқты еді, бірақ келіншектің сенімі ақталмады. Денесі күнде сыздап ауырып, мазасы кетті. Кейін мамандар ол таңдау жасаған маман-дәрігердің қателескенін тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Көзі мен иегінің айналасындағы теріні шамадан тыс көбірек алып жіберген болып шықты. Соның салдарынан бет терісі тырысып, тамыр соғысы қиындайтын болған. Әділдік іздеп сотқа жүгінді. Сөйтсе өзін «осы саланың нағыз маманымын» деп таныстырған адамның мұндай ота жасауға рұқсаты да (лицензия) болмай шыққан. Бірақ бұған дейін де ол 10-15 адамға ота жасап, бәрі сәтті болғанын, ешкім оның үстінен арызданбағанын айтып, ақталып әлек болды. Дегенмен сот оған қомақты айыппұл салып, бұдан былай мұндай кәсіппен айналысуға қатаң тыйым салды. Ал Бибіайша жіберген шығынын қайтарып алып, қайтадан басқа хирургке барып, бірнеше ота жасатқанмен, көз жанары мен бет терісінің бұрынғы пішімін қалпына келтіре алмады. Соған қарамастан, бүгінгі таңда елімізде әйелдердің де, ерлердің де пластикалық ота жасатуы азаймай келеді. Мәселен, тек өткен жылы ғана Астана қаласында 112 әйел адам, 24 ер адам қандауырдың көмегімен бет әлпетін әдемілепті.

Бұл шариғатқа қайшы

Дінтанушы Тәжібай Нұралы мұндай мәселеге түпкілікті қарсы екенін жасырмады. «Алла Тағала әр адамды көркем қылып жаратады. Өмірдегі тосын жадайлардан болған (жол апатынан, күйіп қалудан, тағы басқа жайлар) кемістіктері болмаса, «қалқан құлағымды кішірейтемін, мұрынымды қырлаймын, қасымды керемін, иегімді түзеймін» деп пластикалық хирургке бару, біріншіден, шариатқа қайшы; екіншіден, астамшылық. Олай дейтінім, дені сау адам өз еркімен «пышаққа түспейді», денесін кескізбейді. Онда үлкен қауіп жатыр. Наркоздың өзі адам ағзасына өте зиян. Міне, мұны әсіресе өрімдей жастар түсінсе деймін». Расында да, маман-дәрігерлердің айтуынша, пластикалық отаға тілек білдірген адамның бірінші денсаулығына толыққанды талдау жасау керек екен. Ол ең әуелі бір-екі ай дәрігердің бақылауында болып, қаны, жүрек соғысы, дене бітімі түгел тексерілуі қажет. Егер сәл де болса денсаулығында кінәрат байқалса, өзі емдеп барып, содан кейін ота үстеліне жатқызылуы тиіс. Ал бізде көбіне ақшасын төлесе болды, қан талдауын да жасамастан бірден бет-әлпетін «әрлеуге» кіріседі. Сосын барып «артық жасаймын деп тыртық жасап» қыз-келіншектердің қиналып жүргені. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдардың заңсыз қызметпен айналысқан (лицензиясыз) жеті фактісін анықтаса, осы салада сертификатсыз қызмет көрсеткен тоғыз дәрігердің қызметін тоқтатқан. Ал 2021 жылы сапасыз косметология жасаған медициналық және медициналық емес мекемелердің үстінен 18 арыз-шағым түскен. Мемлекеттік орган соның бесеуін тексеріп, төртеуіне жаза қолданды. Ал өткен жылы осындай қызметке 20 адам наразылық білдіріпті. Сапасыз пластикалық отадан зардап шеккендер саны әсіресе Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қостанай қалаларында басым болып отыр. Ал олардың жалпы саны еліміз бойынша қанша екенін ешкім де тап басып айта алмайды. Өйткені олардың көбі жасырын, көзден таса жұмыс істейді. Тек адамдара көпе-көрінеу зардап шектіріп, қылмысы анықталып қалғнда ғана әшкере болып жатады. Ал айлап, жылдап оңалту жұмысымен айналысып жататыны қаншама… Клиникалардың мәліметі бойынша Қазақстанда пластикалық ота, негізінен, блефаропластика (қасты керіп, көзді үлкейту), маммопластика (қыз-келіншектердің омырауын ұлғайту), липосакция (денедегі майды жою), бетті тартып, мұрынның пішімін өзгертуге жасалатын көрінеді. Ал осыларды көбіне қалтасын қампайту үшін маман емес, көлденең көк аттылар істеп жататыны өкінішті-ақ.

Үнсіз қалуға болмайды

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ қызметкерінің айтуынша, пластикалық хирургия мамандығы бойынша еліміздің денсаулық сақтау саласында лицензиясы бар барлыы 89 маман бар екен. Олар арнаулы медицина жабдықтарымен жабдықталған клиникаларда жұмыс істейді. Әр дәрігердің осы мамандыққа сәйкес кем дегенде бес жылдан жұмыс өтілі бар. Ал басқа қаптаған жекеменшік клиникалардың көбі – заңсыз жасырын жұмыс жүргізетіндер. Заң бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медицина және фармацевтикалық бақылау комитеті косметологиялық кабинеттер мен жекеменшік клиникаларды тек пациенттерден арыз-шағым түскен кезде ғана тексере алады. «Қазақстандықтар мұндай келеңсіздікке тап болып тұрса да, арыз-шағым түсіруге онша асыға қоймайды. Содан келіп осындай жалған оташылар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп отыр» дейді отыз жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Өтебай Ғарифуллин. Шындығында, пациент маманға келіп тұр ма, әлде қой терісін жамылған жалған хирургке келіп тұр ма, оны өзі анықтауына болады. Ол үшін дәрігердің мемлекеттік үлгіде берілген ресми құжатын сұраса жетіп жатыр. Сол құжатта маманның «пластикалық хирург», «дерматокосметолог», «косметологияға маманданған дерматовенеролог» деген сияқты атқаратын қызметі тайға таңба басқандай жазылып тұрады. Сондай-ақ, дәрігердің сертификатын eGov арқылы да тексеруге болады. Әрі ота SPA-ға байланысты шаштараз, тырнақты әсемдеу сияқты кабинеттерде емес, арнаулы мамандандырылған клиникаларда немесе косметологиялық кабинеттерде өтуі керек. Бұған қоса, ота кезінде тек Қазақстанда тіркелген дәрі-дәрмектер мен дәрілік заттар қолданылуы керек. Жалған оташылардың әрекетіне үнсіз қалуға болмайды. Көбі жылдар бойы оңалту шараларын алып, сәтсіз операциясына мән бермей жүре береді. Бұл мүлдем дұрыс емес. Ондай клиникалардың ісін бірден сотқа беру қажет. Әйтпесе олардың кесірінен бұрынғы түріне де зар болып, денсаулығын құртатын жандардың қатары көбейе береді. Сондықтан денеңізде қандай да бір ақау болып, пластикалық ота жасатуға тура келетін болса, оны тек тексерілген, тәжірибелі маман-дәрігерге ғана жасатыңыз.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button