Басты ақпарат

Қамқор робот неліктен қыз дауысты?

Біздің өмірге қатысты қалыптасқан көзқарасымыз диджитал медиада да соған ұқсас жолмен көрініс табады. Amazon, Facebook, Apple, Google секілді технологиялық алып компаниялар өздерінің нәсілге, жынысқа, жасқа байланысты қандай да бір стереотиптерге жол беретін функцияларын түзеп, жиі жаңарту жасап отыратыны сондықтан. Осы тұста олар әйел құқығын қаншалықты толық қорғап отырғанына төмендегі мақалада тоқталамыз.

Смартфон ішіндегі сызылған «келіншек»

«Бүгінде танымал диджитал ассистенттердің көбісі – әйелдер. Мысалы, неліктен Apple өнімдерін қолданғанда – Siri, Microsoft тауарларында – Cortana, ал Yandex қызметтерін пайдалансақ Алиса сөйлейді? «Ассистент, яғни хатшының міндетін әйел адамдар атқаруы – қалыпты құбылыс» деген стереотиптің көрінісі деп ойламайсыңдар ма мұны?». Шеффилд университе­тінде оқып жүргенімде, мұғаліміміз бірде осындай сұрақ қойды. Шынымды айтсам, сол кезге дейін әлгі сұраққа басымды қатырмақ түгіл, технология саласында «хатшы әйелдердердің» көптігі туралы ой миыма кіріп те шықпапты. Бақсам, бұл тенденцияның дәлелін айналамыздан күнде көріп жүр екенбіз. Әлденені іздеуге ерінгенде, айфонның түймесін ұзағырақ баса қалсаң, Siri есімді сыпайы қыздың дауысы сізбен сәлемдесіп, қандай көмек қажет екенін сұрайды. Yandex навигаторын пайдалану барысында да тақ-тақ еткен Алиса атты диджитал «келіншек» қалай жүріп, қайда бұрылу керектігін тәптіштеп түсіндіріп отырады. Microsoft Windows қолданушысы болсаңыз, көмекші әйел Cortana сіз үшін іздеу жүйе­сінен қалаған нәрсеңіз туралы ақпарат тауып, тіпті маңызды кездесулеріңіз бен жақын адамдарыңыздың туған күндерін есіңізге салып тұрады. Айта берсең, мысалдар көп.

Терминатор «хатшылыққа» жарамайды

Жоғарыда аталған компаниялар жасанды интеллект «жынысын» әйел етуде қандай қағидаға сүйенді екен сонда? Кейбіреулері мұндай қадамға қолданушылардың психологиялық жайлылығын ойлағандықтан барғанын айтады. Мысалы, Стэнфорд университетінің профессоры Клиффорд Нас CNN журналисімен әңгімесінде «Адамдар әйел дауысын ер адамдікіне қарағанда әлдеқайда жылы қабылдайды. Мұның бір себебі құрсақта жатқан әр бала тұңғыш рет анасының дауысын еститінінен болса керек» дейді. Бұл тұжырымды Amazon-ның Smart Home бөлімі директоры Дэниель Роч америкалық Business Insider порталына берген сұхбатында растайды. Оның айтуынша, компания Alexa-ның дауысын таңдамас бұрын адамдардың арасында тыңғылықты зерттеу жүр­­­гізіпті. Нәтижесінде рес­­­понденттер ең жағымды дауыс ретінде соныкін таң­даған.
Тағы бір қызығы, жұртшылық жуан дауысты роботтарды көбінесе көмекшіден гөрі тәуелсіз батыр тұлға ретінде көреді екен. Терминаторды, Марвэлдің туындыларын немесе «I, Robot»-ты еске түсіріңіз. Олардың бұйрық берсеңіз елп етуге дайын тұрар түрін елестету қиындау. Ал диджитал медиада юзер­лердің жағдайын барын­ша жақсартуға тырысып, «қамын жеп отыратын қамқор» роботтар керек. Ірі компаниялардың таңдауы не үшін «әйел жынысты» жасанды интеллектерге түскенін түсінгендейміз.

Facebook-ты тек ерлер қолдана ма?

Гендерлік теңдік мәселесі әлеуметтік желі платформаларында да жиі көтеріледі. Аватар дегенді естіген боларсыз? Негізі, оны жүктесеңіз де, жүктемесеңіз де – өз еркіңіз. Егер профильдік фото ретінде ешқандай сурет таңдамасаңыз, әлеуметтік желінің өзі автоматты түрде шаблонды аватарды ұсынады. Яғни сіздік профильдік фотоңыз­дың орнында түр-сипаты анық­­талмаған адам сұлбасы «ілінеді». Енді мына қызықты қараңыз. 2009 жылға дейін Facebook өзін тек ер адамдарға арналған платформамыз деп «ойлап қалғанға» ұқсайды. Өйткені профильдік сурет жүктемеген кез келген қолданушының аватарында еркек жынысты, яғни шашы қысқа сұлба шығатын. Юзерлер тарапынан көп шағым түскен соң, 2009 жылы компания карэ шашты әйел адамның сұлбасы салынған аватарды қолданысқа енгізді. Алайда іс мұнымен біткен жоқ. Facebook-тағы «Дос­тар» тізімін бейнелейтін символда әйел адамның сұлбасы ер адам сұлбасының артында жасырынып тұратын. 2015 жылы бұл икона да өзгертіліп, нәтижесінде әйел кісінің сұлбасы ер адамның бергі жағына ауыстырылады.

Желаяқ эмоджидің туу тарихы

Әлеуметтік желілердегі эмоджилер әлемі де әйелдер құқығын қорғау­дың арқасында біршама өзгеріске ұшырады. Көз қысқан, бармақ шошайт­қан смайликтерді бәріміз мессенджерлерде күніне сан мәрте жолдаймыз. Бірақ кейбіреулерінің жаңадан қосылу себептерін онша біле бермейтініміз рас қой. Мәселен, 2016 жылға дейін әлгі эмоджилер қатарында
жүгіріп бара жатқан әйел адамның символы болмады. Қыздар қауымы өздерінің әлдеқайда асығыс екенін білдіргісі келсе, адымын ашып билеп тұрған қызыл көйлекті қыздың эмоджиін енгізуге мәжбүр-тұғын. Кей интернет-қолданушылар осы жайттан «Қыздар спорттан гөрі биге жақын болуы керек» деген стереотиптің ұшқынын да байқап қалды. Бұл жағдай 2016 жы­лы америкалық желаяқ әйел Молли Хаддлдың Twitter-дегі жазбасынан кейін жөнге келді. «Неге бізде желаяқ қыздың эмоджиі жоқ? Бұл менің онлайн қарым-қатынасыма кедергі келтіруде» деп жазған еді ол. Аталған жайттан кейін эмоджилердің жаһандық стандартына жауап беретін Unicode Consortium ұйымы тізімге зілтемір көтеріп тұрған әйел ке­йіпкерді де енгізді.
Сондай-ақ үш жыл бұ­рын эмоджилер қатары «жұмыс істейтін әйелдермен» толықты. Оған де­йін адамдар полиция мен
дәрігерді тек ер адам бейнесінде ғана қолданып келген болатын. Қазіргі таңда барлық мамандық иелерін сипаттайтын бел­гілердің, оның ішінде механик пен ферма жұмыс­шысының да әйел нұс­қа­сын таңдауға болады.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button