ӘлеуметБасты ақпарат

ҚАҢҒЫБАС БАЛА ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?

Бүгінде қаңғыбас балалардың санының артуы өте өзекті мәселеге айналып отыр. Бейресми деректерге сенсек, елімізде ата-анасы бола тұра, көше кезіп, қаңғыбастыққа салынып жүрген балалардың саны жыл сайын 100 мыңнан асады екен. Қоғамдық тәртіпке жауапты органдар мен әртүрлі ұйым өкілдері еліміздің әр қаласындағы Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарынан келіп түскен деректермен ғана шектеліп отыр. Кейбір сарапшы мамандар тәртіп сақшыларының қолына түспей жүрген, бейімдеу орталықтарына келмей жүрген қаңғыбас балалардың нақты статистикасын анықтау еш мүмкін еместігін айтады.

????????????????????????????????????

18 ОРТАЛЫҚ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Қазір ел аумағында кәмелетке толмағандарды бейімдейтін 18 орталық жұмыс істеп жатыр. Мұндай орталықтарға жы­лына ондаған мың бала қабыл­данып, жаман әдетінен арылып, қалыпты өмірге қайта бейімделіп жатады. Солардың бірі – Астана қаласындағы Кәмелетке тол­мағандарды бейімдеу орталығы. Әлия Молдағұлова көшесінде орналасқан бұл орталық 2011 жыл­дың наурыз айынан бері жұмыс істеп келеді. «Дәл қазіргі уақытта 19 бала тәрбиеленіп жатыр. Жас ерекшеліктері де әртүрлі. Үлкені 15 жаста болса, ең кішісі – 3-те. Қараусыз қалып, қаңғыбастыққа салынған балалар бейімдеу орта­лығында үш ай болады. Олармен жас ерекшеліктеріне байланысты арнайы педагогтар мен психологтар айналысады. Мінезі ауыр немесе тәрбиесі нашар балалармен арнайы мамандар жұмыс жасайды. Тәрбие жұмыстары күндізгі және кешкі деп екі уақытқа бөлінеді. Барлығы да ел қатарлы білім алады. Астанадағы №14 мектеп-гимназияның ұстаздары осында келіп, әрбірін тиісті сынып бағдарламасы бойынша оқытады. Яғни, қолымыздан келгенше қорғансыз жеткіншектерге қамқор болып, қайта тәрбиелеу және олардың қылмысқа ұрынбауының алдын алуға тырысамыз» дейді аталмыш орталықтың әлеуметтік педагогы Жансая Әженова.
Бейімдеу орталықтары бұрын жергілікті Ішкі істер министрлігіне қарады. 2011 жылдың сәуір айынан бастап Білім және ғылым министрлігінің қарамағына, яғни жергілікті Білім басқармаларының қарамағына берілді. Алайда, со­ған қарамастан, ішкі істер сала­сының мамандары аталмыш ор­талықтармен әлі күнге дейін тығыз байланыс жасап келеді. Себебі қаңғыбас, қараусыз қалған бала­ларды көшеден ұстап әкеліп, осы Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталыққа өткізу жұ­мыстары тәртіп сақшыларының мойнына жүктелген.

 ҚАРАУСЫЗ БАЛА ҚЫЛМЫСҚА ҰРЫНАДЫ

Тәртіп сақшыларының айтуынша, қаңғыбас жеткіншектердің көбі Астана мен Алматы секілді үлкен қалаларға үйір болады екен. Көбі қара базарларда арба сүйреп, аула тазалап күн көрсе, тағы біразы қоғамдық тамақтану орындарында ыдыс жуушы, жүк тасушы болып күн көреді. Ал түнгі уақыттарда жақын маңдағы бос нысандар мен жертөлелерде қонады. Араларында ұрлық-қарлық, тіленшілік секілді жаман қылыққа үйір тұратындары да жоқ емес. Базар жағалап, қара жұмысқа жегіліп, қайыр сұрап жүрген мұндай жеткіншектер бірден қаладағы бейімдеу орталығына жіберіледі.
Аталмыш орталыққа 2011 жылы 308 бала келіп түсіпті. 2012 жылы – 1027, 2013 жылы – 716, 2014 жылы 628 бала тәрбиеленген. Ал өткен жылы 810 бала осы мекеменің тұрғыны болған. Бұлардың арасынан 673 бала ата-анасына, 16 бала Балалар үйіне, 3 бала арнайы білім мекемелеріне, 6 бала өзге қалалардағы Кә­ме­­летке толмағандарды бейім­деу орталығына, 1 бала қамқор­шылыққа, 7 бала Астанадағы СОС балалар қалашығына тапсырылған. «Айына орта есеппен 50-60 бала келіп түседі. Көбінің жеке бас құжаты болмайды. Қайда, қашан туғаны белгісіз, яғни мүлдем тіркелмеген балалар кездеседі. Ондай бүлдіршіндерге сот-меди­циналық, ДНҚ сараптама жасалады. Яғни, қолының сүйегін тексеру арқылы қай күні дүниеге келгені болжанады. Осы деректер негізінде перзентханаларға сұраныс жіберіліп, нақты уақытын анықтап, туу туралы куәлік беріледі. Мәселен, өткен жылы орталыққа 15 жастағы бір қыз келіп түсті. Астанаға Тараз қаласынан қашып келген екен. Айтуынша, анасы үйде босанған. Ешқандай құжаты жоқ. Мектепте оқымаған. Анасын тауып, көршілері арқылы деректер жиналды. Кейін ДНҚ сараптама арқылы нақты жасы анықталып, толықтай құжаттарын жасап бердік» дейді орталық қызметкері Жансая.
Жансаяның айтуынша, кейбір балаларды әке-шешесі кепілге өткізіп кетеді екен. «Ата-аналар балаларын тұрмыстық жағдайына байланысты бізге өткізіп жатады. Әртүрлі қысқартуларға ұшырап, жұмыссыз қалатындары бар. Үй-жайынан айырылып қалғандар да кездесті. Алыс-жақын елдерден жұмыс іздеп келген қырғыз, өзбек, тәжік мигранттары өткізіп кеткен балалар да бар. Мұндай балаларды ата-аналары тұрақты жұмыс тауып, аяғынан тұрып кеткенше қарай тұрамыз. Бірақ оларды қабылдау шарттары бар. Білім басқармасының арнайы рұқсаты керек. Мүлдем ата-анасыз балалар Білім басқармасының қаулысы негізінде Балалар үйіне жіберіледі» дейді ол.
Сонымен қатар, ата-анасы соңынан іздеп келмейтін, яғни балаға мүлдем қарағылары келмей, толыққанды бас тартқан, ішкілікке салынған ата-аналар да бар. Мұндай жағдайда іс сотқа жөнелтіліп, ата-ана құқынан айы­ру туралы шешім шығарылады. «Мұндай балаларды асырауға береміз. Алдымен ата-аналар келіп қарайды. Ұнатып, өздерімен алып кетеді. Біз қажетті құжаттары мен медициналық құжатын дайындаймыз. Уақытша асырауға да береміз. Аз уақыт ішінде бауыр басып, болашақ ата-анасының мейірімін оята білген балалар қалып қояды. Ата-анасы қайтыс болғандарға қамқоршылар тағайындалады» дейді Астана қаласындағы Кәме­летке толмағандарды бейімдеу орталығының әлеуметтік педагогы Жансая Әженова.

????????????????????????????????????

ОТБАСЛЫҚ КИКІЛЖІҢ – ОЙРАННЫҢ БАСЫ

Баланың еркінен тыс тағдыр кешіп, қаңғыбастыққа салынуына көбінесе отбасындағы кикілжің, ата-ананың тәрбиеге салғырттығы мен нашақорлыққа, ішкілікке салынуы себеп болып жатады. Әсіресе, отбасындағы кикілжің мен ажырасудың салдары орасан зор дейді мамандар. Оның үстіне соңғы жылдары елімізде ажырасу фактілері тым көбейіп кетіп отыр. АХАТ бөлімдері берген мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы еліміз бойынша 1843 жұп отбасын құруға өтініш берген. Өкінішке қарай, солардың 347-сі жыл толмай жатып ажырасып үлгеріпті. Яғни, әрбір үшінші жұптың некесі жылға жетпей үзіліп, шаңырақтары шайқалып жатыр деген сөз. Қаншама бала әртүрлі деңгейде психологиялық соққы алып, қиындыққа тап болып жатыр.
Биылғы алты айда да 174 отбасы ажырасып үлгерген. Ал тіркелген жұптардың саны – 646. Осындай жайттардың барлығы баланың қараусыз қалуына немесе қылмысқа баруына итермелеп жатады. Сөзімізге дәлел ретінде Астанадағы екi баланың жоғалу оқиғасын айтуға болады. Нұрәлi – 2, Жансая 14 жаста. Жансая ата-анасының ажырасқанына қапа­ланып, екi жасар iнiсi мен отбасылық бюджеттен 40 мың теңгенi алып, жол-жөнекей көлiк­пен Алматыға жеткен. Яғни, бала­лардың үйінен кетуіне 8 баланы тәрбиелеп отырған ата-ана­ның ажырасуы себеп болған. Ата-ана­ның әрекеті қыздың психикасына терiс ықпал етiп, ол iнiсiн алып, үйден кетiп қалған. Қуаныштысы, жоғалған екі бала да дін аман табылды. Қаншама бала осындай жайттың салдарынан жылы төсегінен безіп, қаңғырып жүр.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button