Экономика

Қанжығасы майлы қазақ экспорты

Бүгін елімізде индустриялық тыныс-тіршілік апталығы басталады.
Оның алғашқы күні Қазақстан экспортына арналып отыр.

Үдемелі индустриялық-иннова­циялық даму бағдарламасының маңыз­ды бағыттарының бірі – отандық ком­­­­паниялардың сыртқы нарықты иге­­руіне ықпал ету. Осы мақсатта «Эспорт-2020» бағдарламасы қабылданған еді. Қазіргі Қазақстан экспортының ахуалы қандай? Аз-кем саралап көрелік.
Сыртқы нарыққа қозғау салған – «Kaznex Invest»

2009 жылы «Kaznex Invest» экспорт және инвестиция бойынша ұлттық агенттігі дүниежүзінің 13 мемлекетінде жиырмадан астам сауда миссиясын атқарған. Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Әзербайжан, Қытай сияқты шекаралас елдер, сондай-ақ Иран, Польша, Белорусь, Корея, Румыния, Грузия, Үндістан сияқты алыс-жақын шетелдерде отандық өнеркәсіп өнімдерін таныстырып, 183 миллион АҚШ долларына экспорттық келісімшартқа қол жеткізіліп еді. Сыртқы нарыққа сыналап енуді мемлекеттік тұрғыда ұйымдастырған мұндай жүйелі қадамның арқасында «Белкамит», «Казнефтегазмаш», «АгроТехМаш», «Hyundai», «Қазфосфат», «Алина», «Kaizer», «Mimioriki», «RG Brands», «Цесна», «Eurasian Foods», «Рахат» секілді тауар брендтерінің өнім өткізу өрісі кеңейді.

Сыртқы нарыққа әбден орнығып, тұтынушы тапқанша, кез келген компанияға шығын шығаруға тура келеді. Баж салығы, сертификациядан өту, тасымалдау мен логистикаға қыруар қаржы кететіні рас. Осы бір сындарлы сәтте көмек қолын созған мемлекет 2010 жылдан бастап экспорттаудың жарты шығынын көтеру механизмін енгізгенін де айта кеткен жөн. Күні бүгінге дейін 131 экспорттаушы компанияға «Қазэкспортгарант» корпорациясы 530 млн теңге қаржылай көмек берді.

Қырқыншы орындамыз

Отандық экспорттың қазіргі жай-күйін аңдау үшін статистикаға көз жүгіртейік. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша 92,3 млрд доллардың тауарын шетелге шығарыппыз. Еліміз экспорт көлемі бойынша әлемдік рейтингте қырқыншы орынға табан тіреді. Дүние жүзін дағдарыс дауылы шарпығанына қарамастан, сонау 2008 жылдан бері Қазақстанның экспорт көлемі жыл сайын 7%-ға өсіп отырыпты. Сол уақыттан бері жалпы дүниежүзілік экспорттық өсім 6%-дан адым ашпағанын ескерсек, мұны жақсы көрсеткіш деуге болады.

Күні кешеге дейін шикізат өндірумен шектелген еліміз күрмеуге келмейтін қысқа уақыт ішінде өңделген тауар мен дайын тауар шығару көрсеткішін едәуір жоғарылатты. Мыс, мырыш, ферроқорытпа, мұнай өнімдері, уран, алтын, күмісіміз Қытай, Ресей, Швейцария, Түркия, Германия сынды әлемнің бес әл-қуатты мемлекетіне тұрақты жөнелтіледі. Соның арқасында былтыр өңделген тауардың экспорты 25,5 млрд долларға жетті. Бірақ бұлай жалғаса берсе жартылай өңделіп, жартымсыз бағаға кете баратын кен байлықты да сарқып аламыз. Сондықтан мемлекет индустриялық-инновациялық даму саясатында қосымша құны жоғары, дайын өнім шығарушыларға экспорттық тәуекелді сақтандыруына, сырттан серіктес іздеуіне көмек көрсетілетіні содан. Мәселен, жақында Теміртаудағы бөтелке ге арналған кронен-қақпақтар шығаратын «Ast Etalon Сrown» компаниясы «Kaznex Invest» агенттігінің атсалысуының арқасында португалиялық «Nilorn Portugal» компаниясымен келісімшартқа отырды.

– Агенттік өткізу нарығын анықтап, сатып алушылармен келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде, Батыс Еуропаға жылына 60 млн кронен-қақпақ өткізетін болдық. Алғашқы легі Португалияға жөнелтілді, – дейді жетістік сырымен бөліскен «Ast Etalon Сrown» компаниясының директоры Юрий Дюпин.
Қазіргі таңда компания жылына 900 млн қақпақ шығарса, соның 60%-ы шетел асады. ТМД аумағында орналасқан әлемге танымал сыра зауыттарымен, Өзбекстан, Қырғызстан кәсіпорындарымен сенімді серіктестік жолға қойылды.

Кеден одағының кеңістігі

Соңғы үш жылда мұндай дайын өнімнің сыртқы саудасы екі есе артып, 4,2 млрд теңгені құрады. Алюминий сымын өткізу 3 есе, трансформатор – 2 есе, полимер пропилен – 57%-ға, макарон өнімдері – 56%-ға, өсімдік майлары – 47%-ға, металл құбырлар – 22%-ға, астық – 10%-ға, мойынтірек (подшипник) шығару 6,1%-ға артты.

Әлбетте, отандық өнімнің өрісі кеңеюіне Кеден одағына мүше болуымыз жол ашты. Қазір таңда Кеден одағы арқылы экспортталатын тауардың жартысынан астамын өңделген, дайын өнімдер құрайды. Мойынтірек, аккумулятор, ет консервілері, кондитер тағамдарының басым бөлігі Ресей, Белорусь нарығына шығарылады. Алыс-берістің біртарифтік саясаты басталғалы отандық бизнесмендер мен шетелдік инвесторлар бұрын-соңды болмаған өндіріс түрлерін ашуға батыл кірісті.

Мәселен, «ZIBROO» брендімен спорттық киім шығарумен таныла бастаған «КазСПО-N» компаниясы Ресеймен жалпы құны 7 млн еуро болатын ұзақмерзімді келісімшартқа отырды. Компанияның даму жөніндегі директоры Марина Остапенконың айтуынша, отандық спорттық киімнің сапасын жоғары бағалаған Мәскеудегі Шаңғы керек-жарағын жабдықтау орталығы оны Ресейдің он қаласына (Мәскеу, Қазан, Ижевск, Сыктывкар, Тюмень, Петрозаводск, Ухта, Тула, Киров, Череповец) тарататын болады. Сонымен қатар, Белорусь мемлекетіне де 600 мың еуроның тауары сатылмақшы. Атап кетерлік бір жәйт, ресейлік бизнес-серіктес 2018 жылға қарай өткізу нарығын 20 өңірге дейін арттырмақ. «КазСПО-N» компаниясы өнімдерін шетелге бірінші мәрте шығарып жатқан жоқ. Былтыр Мәскеуде өткен «Лыжный салон-2012» көрмесіне қойылған өнімдерінің сапасын жазбай таныған Ресейдің «Неотекс», Австрияның «WODL SEILBAHNEN» компаниялары да келісімшартқа отырды.

Ал, машина құрастыру саласына келсек, Астанадағы Электровоз құрастыру зауытының, «Тальго» вагондарын құрастыру зауытының өнімдеріне алдағы бес-он жылға тапсырыс әлден-ақ дайын тұр. Өскемендегі «Азияавто» мен Қостанайдағы «АгроМашХолдинг», Алматыдағы «Астана Моторс» компаниялары автодиллерліктен автоөндіріске оңай ауысуының сыры осы дайын тұтыну нарығында болса керек. Яғни, ортақ экономикалық кеңістіктегі елдерге көлікті қияңдағы Кореядан, Жапониядан алдыртқанша, бөлшек күйінде әкеліп осы жерде құрастырып сатқан уақыт, баға тұрғысынан әлдеқайда тиімді. Астанадағы Индустриалдық парктің тусырап жатқан жері бас-аяғы бір екі жылдың ішінде жанданып сала бергенін де осы өзгеріспен байланыстырамыз. Шыны-пластикалық құбыр шығаратын «Amitech Astana» ЖШС-нің коммерциялық директоры Нариман Шарафутдиновтың айтуынша, еркін экономикалық аймақтар мен Кеден Одағының құрылуы отандық өндірістің шынайы бәсекеде ширығуына кәдімгідей түрткі болды. Ол өз сөзіне ай сайын Ресейге 30 вагон құбыр жіберетінін айтып дәлел келтіреді. Яғни, бұрын-соңды кәсіпкерлер он алты миллион тұтыну нарығы жұмырға жұқ болмайды деп, ақшасын желге ұшырудан қорқушы еді. Нарық географиясының өзгеруі ондай қорқынышты сейілтіп, білек сыбантқан бәсекеге жағдай жасады.

Әділбек ЖАПАҚ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button