Басты ақпарат

Қазақ терминжасамы қалай қалыптасты?

Қазақ терминжасамының қалыптасу, даму тарихын зерттеген еңбегінде академик Ө.Айтбайұлы бірінші кезеңді А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, ­Х.Досмұхамедов т.б. тұлғалардың тіліміздің бар байлығын сарқа пайдалану бағытын ұстанған кезеңі деп көрсетеді.

[smartslider3 slider=3861]

XX ғасырдың 10-30-жылдарының екінші жартысында жарық көрген: А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы, М.Әуезов, Ж.Күдерин, М.Дулатұлы, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытұлы, Н.Төреқұлұлы, К.Кемеңгерұлы, Т.Шонанұлы, Ғ.Қараш т.б. алғашқы ұлт зия­лыларының еңбектері қазақ тілінде ғылым тілі мен терминологиясының қалыптасуының бастау көзі болды.

Бұлардың арасынан қазіргі қазақ терминжасамының арқауын құрайтын негізгі қисын ретінде ұстанылатын Ахмет Байтұрсынұлы еңбектеріндегі жүйелі сипат, ұлттық болмыс, ғылыми қисын және нақты дәйектілік қазіргі Ахметтану ілімінің өзегін анықтайды.

Мемлекеттік тіл мәртебесіндегі қазақ тілінің қоғамдық-әлеуметтік қызметі мен қолданыс өрісін кеңейтетін терминологияның қалыптасуы мен дамуына зор  үлес қосқан Ахмет Байтұрсынұлы қазіргі қазақ руханияты санасында «бірегей тұлға», «рухани көсем» деп бағалануда. Басқаша айтқанда, А.Байтұрсынұлы – қазақ терминдік жүйесін қалыптас­тырудың негізін салушы ғана емес, тіл тұтынушысы санасына сүйеніп, қазақ сөзінің әлеуетін мейлінше пайдаланып, қазақ лексикасын байытқан жаңа үдеріс басында тұрған ерекше ұлттық тілдік тұлға.

А.Байтұрсынұлы – терминжасам тәсілдерін анықтап, оларды өз тәжірибесінде тұңғыш рет кеңінен пайдаланған ғалым. Мұның жарқын көрінісі – ғалымның «Оқу құралы» және «Тіл-құрал» оқулықтарындағы, қазақ тілі қазынасына сүйеніп ұсынған, осы кезге дейін қолданылып жүрген мына терминдер: бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш, түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, жалаң сөйлем, салалас сөйлем, сабақтас сөйлем, дауысты дыбыс, дауыссыз дыбыс, жақша, сызықша, буын т.б.

Демек, сәтті жаңа қолданыс болсын, терминнің сәтті табылған төл тілдік баламасы болсын, танымдық тірегі – ана тілінің өз мүмкіншілігін сарқа пайдалану, танымдық болмысына сүйену. Шын мәнінде, үлкен талғампаздық пен тілді шеберлікпен пайдалана білуді қажет ететін жаңа ұғымдарға ат қою, жаңа сөз жасау – өте күрделі жұмыс.

А.Байтұрсынұлы қазақ тілінің құрылымдық жүйесіндегі сөзжасам тәсілдерін анықтап қана қоймай, ол тәсілдерді терминжасамда пайдаланудың жарқын үлгісін көрсетті. Оған қазық болған – ғалымның бойындағы ана тілінің төл болмысы мен тіл иесінің танымдық сабақтастығы.

А.Байтұрсынұлының 1926 жылы Бакуде өткен Бүкілодақтық түркологтардың алғашқы съезінің материалдарымен қазақ жұртшылығын таныстыру мақсатымен жазған «Түрікшілер құрылтайы» атты мақаласында, қазақ терминологиясын қалыптастыруда қазақ тілінің өз мүмкіншілігін толық пайдалану және интернационалдық терминдерді қолдану тәсілдері кеңінен сөз етілді.

Қазақ тіл біліміндегі алғашқы терминтанушылардың бірі, тілші-ғалым, профессор Қ.Жұбанов­тың: «Қазақ сөзінің табиғатына сәйкес келмейтін шет сөздер – біріншіден, олардың бойындағы біздің тілге жат дыбыстар керекті дыбыстармен алмастырылады; екіншіден, олардың суффикс­тері қазақша суффикстермен алмастырылады; үшіншіден, қосарлы дыбыстардың бірі алынып тасталады; төртіншіден, қазақ тіліне тән емес қосымшалар қазақша айтылу ыңғайына көшіріледі» деген қағидасынан оның ­А.Байтұрсынұлы пікірлерімен байланыстылығын көреміз.

Бұл қағида 1924 жылдың мау­сымында Орынбор қаласында «Қазақ ғылыми қызметкерлерінің I съезінде» бекітілген ұлттық терминологияны қалыптастырудың алғашқы қағидаттарында көрініс тапқаны белгілі.

А.Байтұрсынұлы бастаған алаш зиялылары ұсынған жаңа атаулар сол заманның өзінде тек қазақ тілі үшін ғана емес, басқа да түркітілдес елдермен ортақ терминологиялық қор құрып, сол арқылы түркі әлемінің мәдени және рухани байланыстарының күшейе түсуін бағдарлаған.

Бұл ой-пікірлер 1924 жылдың маусымында Орынбор қаласында өткен «Қазақ ғылыми қызметкерлерінің I съезі» мен 1926 жылы Бакуде өткен «Түрікшілердің I құрылтайында» т.б. шараларда алғаш рет айтылып, алаш зия­лыларының биік ой-өрісі мен жан-жақты білім парасатын көрсетті.

А.Байтұрсынұлы қазақ тіліне енген шетел кірме сөздеріне қарағанда, көп жағдайда, таным-түсінігі ортақ түркі халықтарының сөздік қорын пайдалану маңыздылығына тоқтала келіп: «Егер қазақ тілінде қажетті пән сөздері болмаса, оларды қазақ тіліне туысқан тілдерден алу керек. Бұл мынадай оймен жасалады: 1) туысқан тілдердің көптеген сөздері формасы жағынан ұқсамаса да, түбірлері ортақ, сәйкесінше олар түсінуге де, естуге де оңай және туыс емес елдің сөзі секілді айтқанда бөтен болып көрінбейді; 2) түркі халықтары өзара тұрақты қатынаста, сол себепті ортақ түбірі болмаса да бір тілдің көптеген сөздері өзге тілдің өкілі үшін таныс болуы мүмкін» деген болатын.

Демек, А.Байтұрсынұлы жаңа сөзжасам үдерісінде «ана тілінің өз мүмкіншілігін сарқа пайдалану» қағидасын ұстануда тек қазақ тілі өрісімен ғана шектелмей, оның түп тамырын тереңмен ұластырып, түркітану кеңістігіне жалғастыруды көздеген. Жылдар бойы үзіліп қалған осы үрдіс қазіргі қоғамдық сана мен мемлекеттік тіл мәртебесіне сәйкес қайта жаңғыруда.

Олай болса, осындай мәдени-танымдық негізге сүйенген игі істер мен зерттеу үрдісінің жалғастығы қазіргі замандағы түркі тамырластығын тануға, өрісін әрі қарай кеңейтуге септігін тигізіп, қазақ-түрік сөзжасамын зерттеуге бағытталған осы тектес жұмыстардың өзектілігін анықтайды деп ойлаймыз.

Сондықтан, «Қазақ терминологиясының негізін салған А.Байтұрсынұлының термин жасаудағы өнегелік үлгісі күні бүгінге дейін маңызын жоғалт­қан жоқ. Әсіресе, тілдің бар қатпар-қыртысын, бар амал-тәсілін сарқа пайдалана білуде А.Байтұрсынұлы үлгісі – таптыр­майтын үлгі». Бұл – үлгі, жаңа сөзжасам сүйенетін танымдық қазық.

Сайып келгенде, А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов сынды ұлт зиялыларының терминжасам үдерісіндегі ұстанымдарының негізгі арқауы – уәжділігі ұлттық танымға сүйенген, қоғамдық, кәсіби, әлеуметтік мүдде талаптарына сай, тілдің табиғи жүйесін бұзбайтын талаптар. Соның нәтижесінде қоғамның сан алуан салаларында коммуникативтік қызмет атқаратын терминдерде де халықтың ақыл-ойы, рухы, білім аясын жаңа сапада өсіру мұраты да іске аспақ.

А.Байтұрсынұлы заманында да жаңа сөздерді жасауда қай тілді негізге алу керек және бұрынғы терминдерді қалай сараптап, пайдалануға болады т.б. мәселелерге қатысты ізденіс­терде түрлі талас-пікірлердің болғаны белгілі.

Бірақ мамандар бұл мәселеде екі нәрсеге ерекше назар аударды: бірі – күні кешеге дейін орысшасын жұмсап келген, бірақ қазақша толық баламасы бар немесе табуға болатын сөздер, екіншісі – баламасын табу мүмкін емес, тіпті қажет емес сөздер. Осы тұрғыдан алып қарағанда, өз бастауын өткен ғасырдың бас кезінен алып, қазіргі қазақ тіліне жалғасқан терминдер мен жаңа ұғым атауларының көбі қашанда қоғамдық-әлеуметтік, саяси-экономикалық, мәдени-рухани кодтық жадты жаңғырту ықпалының нәтижесі деп қараймыз.

Тіл мен таным арақатынасын қазақ тіл білімінің құрылымдық жүйесі  негізінде арнайы зерттеген ғалым Э.Оразалие­ва­ ХХ ғасыр басынан бастап А.Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, С.Аманжолов, ­К.Аханов, Ә.Қайдар, Р.Сыздық т.б. ғалымдардың еңбектеріндегі тілдің әлеуметтік, психологиялық, танымдық қызметтеріне ерекше көңіл аударып: «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі…» деген А.Байтұрсынұлының пікірін қазақ тіл біліміндегі тілдің танымдық табиғатын зерттеуге деген алғашқы қадам ретінде бағалайды.

Зерттеуші А.Байтұрсынұлының: «Тіл – құрал. Құрал болғанда толып жатқан есепсіз бөлшектері бар, ол бөлшектері түрлі жағымен қиысатын толып жатқан қырлы, тетіктері есепсіз көп бір өте үлкен машина секілді құрал» деген пікірін қазіргі тілші ғалымдар айтып жүрген тілдегі дүниетанымдық құрылымдармен байланыстырады.

Мысалы, орыс тіл білімінде сөйлем мүшелерін «главные члены предложения» және «второстепенные члены предложения» деп атайды. Сөзбесөз қазақшаға аударсақ, «басты сөйлем мүшелері» және «басты емес (екінші қатардағы) сөйлем мүшелері» деп аударылуы тиіс. Бірақ, Ахмет Байтұрсынұлы олардың бірін – «сөйлемнің тұрлаулы мүшелері», екіншісін – «сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері» деп атап, оларды атауда қазақ тілінің құрылымдық жүйесінде қалыптасқан лексикалық бірліктердің мағынасына сүйенеді.

«Қазақта «тұрлаулы» сөзі «тұрақты», «тиянақты», «баянды» деген мағынада қолданылады. Бастауыш пен баяндауыш мүшелерінің тұрақты, тиянақты екендігі, оларсыз сөйлем құралмайтындығы, ал басқа сөйлем мүшелерінің бірде бар, бірде жоқ болып жұмсала беретіндігі шындық. Ендеше, оларды «басты мүшелер» (бастауыш, баяндауыш), «басты емес мүшелер (толықтауыш, анықтауыш, пысықтауыш) дегеннен гөрі «тұрлаулы мүшелер», «тұрлаусыз мүшелер» деп атау ғылыми ұғымды әлдеқайда дәлірек бейнелейтіндігі ақиқат».

Сондықтан қазақ тілі грамматикалық категорияларының антропоөзектілік сипатын зерттеген ғалым О.Жұбаеваның пікірінше, А.Байтұрсынұлы орыс тіліндегі «сложноподчиненные предложения» деген терминді сөзбе-сөз аудармай, «сабақтас құрмалас сөйлем» деп, «сложносочиненные предложения» дегенді «салалас құрмалас сөйлем» деп атап, қазақ тілі табиғатына, жүйесіне жақын болуды көздейді. Соның нәтижесінде А.Байтұрсынұлының «салалас құрмалас», «сабақтас құрмалас» деп, екеуін бір-біріне қарама-қарсы қойып атауы да оларды ұғуға, түсінуге жеңіл болып шыққан.

Көріп отырғанымыздай, А.Байтұрсынұлы – XX ғасырдың басындағы қазақ терминологиясын қалыптастыру мен дамытудың бағыт-бағдарын айқындаушы, қазақ терминологиясының тұңғыш ғылыми принциптерін жасаушы.

Жаңа ұғымды бейнелейтін жаңа атаулардың сөзжасамдық үдерістеріне қатысты қазіргі қазақ тіл біліміндегі тілді таным құралы ретінде зерттейтін лингвокогнитивтік бағыт ұстанымының бастау көзін ұлт көсемі А.Байтұрсынұлы еңбектерінен табамыз: «Басқа жұртпен араласқанда өз алдына ұлт болып, өз алдына тілі бар, өз тілінде жазған сөзі бар жұрттар ғана тұрады. Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған ұлттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек».

Осыған байланысты А.Байтұрсынұлының публицистика тілін арнайы зерттеген Г.Ерназарованың: «Коннотациялық мағынаның бір түрі болып табылатын бағалау компоненті А.Байтұрсынұлының публицистикалық шығармаларында доминанттық дәрежеге ие болып отырады. Бағалаушы немесе экспрессиялық-эмоциялық бояулы мағынадағы сөздер терминдер жүйесіне енгеннен кейін бағалауыштық мағынасының орнын потенциалды семасы басып, белгілі бір ұғымның атауы ретінде қолданылады. Мысалы: жазықты қылмыс, жарылқарлық-қарғарлық управитель, жасырын шағым, тағылықты үкімет, ереуіл келетін шатақтар, күмәншіл жауапкер т.б.» деген тұжырымы аса маңызды.

Бұл қағида, сайып келгенде, А.Байтұрсынұлы бастаған зия­лылардың қазақ тілінде термин түзуді ұлттық тіл мен мүдде тұрғысынан, ана тілі табиғатына сай кәсіби деңгейге қоюды мақсат еткен тұжырымдарымен үндеседі. Уақыт пен кеңістік аясындағы тілдің тарихи-әлеуметтік, коммуникативтік қызметіне сай кез келген жаңа ұғымды немесе белгілі ұғымды жаңа қырынан атау жаңа қолданыс­тарды туғызады.

А.Байтұрсынұлы қолданған, ұсынған сөздердің халық санасында қолдау тауып, қалыптасуының негізгі себебі – атау берудің С.Л.Мишланова атап көрсеткендей, ұғымды белгілеу үдерісі ғана емес, сонымен бірге танымдық үдеріс екендігінде.

Г.Ерназарова А.Байтұрсынұлының публицистика тіліндегі байырғы қазақ сөздерінің жаңа қоғамдық-әлеуметтік ұғымдарға қатысты қолданысын былайша жүйелеп көрсетеді:

Жұрт: келімсек жұрт, тұрғын жұрт, өзге жұрттың есігі, жұрттың ұлттығы, жұрт сынына салу, жұрттың қорлығы.

Тіл: қазақ тілі азып жоғалуға ықтимал, қазақ тілінен жирену.

Жер: жер кесу, бос жер, жер алу, уезге қараған жерлер, сұрып жер, жер жалдау, жер кіндік ел.

Пайда: қазақ пайдасындағы жер, зор пайдалы болар, пайдалы қызмет, газеттің пайдасы.

Халық: халыққа беру, саналы халық азаматтары, халыққа қызмет ету.

Білім: білім дәрежесі, білім жарысы, білім жүйріктері, бастауыш білім, білім иесі, үздік білім.

Мәселе: мәселелердің ішіндегі ең маңыздысы, соғысқа қатысы бар мәселелер, әскерлік мәселе, жер мәселесі, ортақ мәселе.

Дәреже: мәдениет дәрежесі, жоғарылы-төменді дәреже.

Кеңес: кеңеске салынды, мұсылмандар кеңесі.

Үміт: үміті зор, үмітті жұрттар.

Сол қатардағы етістіктің қолданыстық мәнінің кеңеюіне де назар аударады:

Қозғау: соғыс кезінде қозғау, қозғау қолайлы, мәселе қозғау.

Қарау: депутаттық правосын қарау.

Кіргізу: заң жобасын кіргізу, блок программасын кіргізу.

Ұлғаю: істің ұлғаюы.

Көздеу: қабыл етерлік жағы көзделсін.

Қосу: күш қосу, бас қосу.

Сонымен қатар зерттеуші Г.Ерназарова А.Байтұрсынұлының публицистика тілінде қолданған жаңа қолданыстары мен халықаралық терминдердің қазақ тіліндегі баламаларын көрсетеді.

А.Байтұрсынұлының кейде сол дәуірде жалпыхалықтық тілде кеңінен қолданыс тапқан араб-парсы тілдерінің элементтерін қажетті жағдайда ұғым атауы ретінде қолданғанын да газет мәтіндері көрсетеді: рисалар (рисалатун) – миссия, үндеу – хат; матбуғат (матбу атун) – басылым; мазхаб (мазхәб) – діни қауым, секта, жік; ағза (а да у) – мүше; низам (низамун) – тәртіп, қоғамдық режим, заң, жөн т.б.

Сондай-ақ А.Байтұрсынұлының, терминжасам үдерісінде қоғамдық қызмет аясының тарылуына байланысты байырғы сөздер қатарына жататын сөздерге жаңа мағына үстеп, арнайы қызмет жүктеп, сөз бойындағы әлеуетті пайдалану арқылы іске асырғаны да баспасөзде қолданылған жаңа қолданыстарды зерттеу барысында нақты көрсетіледі: бүлік басылары, жасақ беру жұмысы, лау салығы, ереуіл сөз, дау ыспаты, даушар істер, би қарындас, аса билік, дәйімдік сиез, қоңсы уез, тарқы заман, тәуел оңаша мәселелер, дүния тегершігі, қорғандық дуандар т.б.

А.Байтұрсынұлы публицис­тикасында қолданылған осы қағиданың көбінің қазіргі қазақ тіліндегі жаңа қолданыстардан орын алғанын көріп отырмыз: несие ақша, сауда капиталы, айыр­бас-сауда, тілім, жоба, құжат, жерге қоғам иелігі, қазыналық орын, хұқ, кесілген жаза, кепіл, жауапкер, жасырын шағым, жазықты қылмыс, куәланған қағаз, үздік білім, білім жарысы, сырттан оқу бөлімі, талапкер, оқу министрі, оқу құралдары, білім ордасы т.б.

Сонымен, А.Байтұрсынов жасаған ғылыми терминдер қазіргі тіл танымының биік талаптарына жауап береді, себебі олар терминология теориясының – салалық терминология, терминдер номенклатурасы тағы басқа ұғымдарына сәйкес­тендіріп жаратылған. Сөзден сөз жасап шығару әркімнің қолынан келе бермейді. Сондықтан тілдің міндетін терең түсініп, оны термин шығармашылығында асқан шеберлікпен, үлкен жауапкершілікпен жұмсай білген ұлы тұлғаның қазақтың ғылыми терминологиясын қалыптастырудағы еңбегі ұшан-теңіз.

Ақмарал БИСЕНҒАЛИ, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты терминология орталығының ғылыми қызметкері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button