Төртінші билік

Қазақ тілді бақ бағасын көтерсек…

Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды талқылау комиссиясының отырыстары өте қызу пікірталастармен өтуде. Ешкім ешкімге есесін жібергісі келмейді, әрқайсысы өз ұстанымдарынан танбауға тырысады. Аға буын тарапынан бұл заңды өзгертуге қарсылық та жоқ емес. Ал қатарға кейін қосылған жас журналистер өзгеріс керек дейді. Кейбір әріптестер журналистерге бюджет қызметкерлері секілді бір басымдық берілу керек деген пікірлер айтады, өз басыма заңның бұл тармағы түсініксіз. Ондай жағдайда журналистің тәуелсіздігі, еркіндігі жойылады деп санаймын.

[smartslider3 slider=3342]

 

урналиске бір мәртебе берудің соңы билік пен ақпарат құралдарының арасындағы бүгінге дейін орнап келген тең әріптестікті мүлде жойып жіберуі мүмкін. Егер елімізде «Жаңа Қазақстан» түпкілікті орнап, біздің еліміз демократия қағидаларының негізінде өмір сүретін болса, БАҚ төртінші билік ретінде өзінің орнын табады. Сондықтан заң қабылдап, журналистің мәртебесін нақты бекітудің қажеті жоқ. Елімізде демократия қағидалары жұмыс істесе, соның өзі журналистердің мәртебеге қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Осы заңды талқылау аясында бізді бірнеше топтарға бөліп тастады. Соның ішінде біз әлеуметтік желілер, телеграм арналар, жыл өткен сайын ықпалы артып келе жатқан жаңа медиа құралдар бойынша бөлінген топтамыз. Тақырып аясында пікірімізді білдірдік, кейбір әріптестер мұндай әлеуметтік желідегі топтар, пабликтер, телеграм арналарды медиа құрал ретінде тіркеуге қатты қарсы. Менің де оларға қарсы айтар ұстанымым бар. Қазіргі заманда тек сайтқа, газетке қана арқа сүйеп отыруға болмайды. Мемлекет саясатын тек тар аяда жүзеге асыру оған бөлінген ақшаны ақтамайды деп санаймын. Әлем өзгеріп, жаңа медиа­лар пайда болып жатыр. Сондықтан әлеуметтік желілердегі пабликтер мен телеграм арналарды тіркеу өте өзекті деп санаймын. Себебін түсіндірсем, қазір тұтастай алғанда, аудитория әлеуметтік желіде отыр. Солармен жұмыс істеу керек, оларға үгіт-насихат жүргізбесек те, жасап жатқан жұмыс­тарды көрсету тек медиа құралдар арқылы ғана жүзеге асады. Өйткені дәстүрлі медианың көмегімен, яғни дәстүрлі медиаға сайттарды да кіргізе отырып қарағанда халыққа қандай да бір ақпарат беру қазір өте қиын. Сондықтан әлеуметтік желілер халықпен жұмыс жүргізудің тиімді құралы деп есептеймін. Оларды тіркеу мәселесі қолға алынса дұрыс болар еді.

Тағы бір мәселе, 30 жыл өтті, бірақ әлі күнге дейін қазақ тілді аудиторияның әлеуетін толыққанды бағаламай келе жатқандар бар. «Қазақ тілді аудитория аса белсенді емес, олар тек өнер жұлдыздарының өмірі мен ішіп-жегеніне қатысты ғана жеңіл-желпі ақпараттарды ғана оқиды, өзге тақырыптар олардың деңгейіне келмейді, орыс тілді аудитория әлдеқайда ауқымды» деген жылдар бойы манипуляцияға әлде имитацияға ұшырап келе жатқан пікірлер бар. Ал шындығында бұл мүлде олай емес. Қазақ тілді аудитория сан мен сапа жағынан жыл өткен сайын артып келе жатыр. Бұған тәуелсіз журналист ретінде келтірер дәлеліміз бар. Қазір қазақ тілді аудиторияның сапа жағынан да орыс тілді аудиторияны он орап алатын қауқары бар. Бірақ жаңағыдай қисық-қыңыр көзқарастың кесірі тиюде, мәселен, көптеген тапсырыс берушілер, әртүрлі компаниялар қазақ тілді аудиториямен жұмыс істеуден тартыншақтайды. Бізбен жұмыс істеуге келгенде он ойланып, жүз толғанады, ақша бөлуге келгенде тартынып қалады. Сол қаржыны орыс тілді сайттарға, әлеуметтік желідегі орыс тілді топтарға бөле салғанды жөн көреді, қазақша берілген жарнама ақталмайды деп санайды. Негізінде олай емес.

Осыдан туындайтын тағы бір мәселе – еліміздегі квазимемлекеттік компаниялар бюджетінің 90 пайызы орыс тілді басылымдар мен ақпарат құралдарына, әлеуметтік желілердегі пабликтерге бөлінуі. Бұл ретте олар ешкімнен рұқсат та сұрамайды. Жаңа заң аясында сондай олқылықтардың орнын толтыру керек. Ендігі жерде бюджетті бөлу айналасындағы әділетсіздіктер қаралып, 50/50 негізінде жұмыс істелу керек, яғни еліміздегі ірі компаниялардың үгіт-насихатқа бөлетін қаржысының басым бөлігін орыс тілді БАҚ-қа беру – үлкен әділетсіздік. Осы тұрғыда ойларымды комиссияның әр отырысында айтып жүрмін. Биыл қаңтар оқиғасынан бастап еліміздегі өзгерістерге қазақ тілді аудитория қозғау салды. Сондықтан «Жаңа Қазақстанда» қабылданатын жаңа заң қазақ тілді ақпарат құралдарының орнын лайықты бағалайтын, мәртебесін көтеретін құжат болуы тиіс.

Думан БЫҚАЙ,

«Қала мен сала» газетінің
және «Dala news» сайтының
бас редакторы, БАҚ туралы

Тағыда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button