Жаңалықтар

Қазақтың тойы қайда барады?

photo-529

Өткен жексенбі күні бір жама­ғайынымыз аққудың көгілдіріндей әлпештеп, аялап өсіріп отырған қызын ұзатты. Алғашқы тойы болғасын ба, ағамыз да ештеңеден тартынып қалмады. Елордадағы сәні мен сәулеті келіскен мейрамхананы жалға алып, барлық ұлттық бояуымен әрлеп, дүркіретіп өткізді. Аста-төк дастарқан, риясыз пейіл, ақеділ көңіл… ернеуінен асып, сапырылып жатты.

Бір шақта той басталардан сәл ғана бұрын артынып-тартынып, барлық асай-мүсейлерін құшақтап, тойдың асабасы мен әншілері де жетті. Оларға ілесіп фотоға түсірушілер келді. Әйтеуір, құдалыққа келгендей бір қора адам. Асабамыз – жүзіктің көзінен өтер пысық өрімдей жігіт. Таңдайы да тақылдап тұр. Әп-сәтте жұртшылықты иіріп, үйіріп әкетті. Оған біз де қуанып, «мынау, бір болайын деп тұрған өнерлі бала екен» деп, мәз-мәйрам болдық. Той иесі екібастан есі шығып кеткен. «Інішек, тойымды жақсылап өткізіп берсең, еңбегің де екі есе қайтпақ» деп, асабаның арқасынан қағып қояды. Ол да мәз. Сонымен, көп күткен той да басталды. Обалы нешік, асаба да, оның қасында үйіріліп жүрген жігіттер де шетінен өнерлі топ екен. Неше түрлі ұлттың әнін нәшіне келтіре шырқап, биді де түбін түсіре билеп, қуаныштың сәнін кіргізді. Әсіресе, жастардың делебесін қоздырды. «Той болғасын, осылай болсын» деп біз отырмыз. Бір кезде байқаймын, мен мақтап, мадақтап отырған асабам, әр сөзін қазақша бастап, ортасына келгенде орысша шүлдірлеп кетеді екен. Бір емес, екі емес… үнемі… жан-жағыма қарасам, тойға келгендердің бәрі де – өз ағайындарымыз. Тек әнебір шеткі үстелде ағамыздың әріптестері ретінде екі-үш өзге ұлт өкілдері отыр екен. Бірақ олардың асабаның сөзіне құлақ тігіп отырғанын көрмедім. Өздерімен-өздері… «Сонда бұл кімге орысша сөйлеп отыр» деп қоямын. Бір қаға берісте «інішек, осы тойға келгендердің бәрі де қазақ, неге бастан-аяқ өз тілімізде жүргізбейсің, өзге тілде шүлдірлеп, миымызды атала қылып жібердің қой» деп едім, «аға, бәрімізге де түсінікті тіл ғой» деп иығы қиқаң етіп, өтіп кетті. Сонымен, той біткенше көңілім алабұртып, тыным таппай, беймаза күйге түстім.
Жалпы, біздің бұрынғы бабаларымыз аса тойшыл болмаған секілді. Болса да әр нәрсенің шегі мен шетін біліп, мөлшерден асырмаған. Бүгін оның барлығы «ескілікке» баланып, ертегідей той өткізуге құштар болып барамыз. Расын айтқанда, қазақы тойдың өзі шоу-бизнестің бір бөлшегіне айналды. «Ойбай, ананың тойына әнебір әнші келіп, ән салыпты» десе, оған аузымыздың суы құрып, тамсанып отырамыз.
Өткен жолы әлеуметтік желілерде той үстіндегі анайы қылықтардың үдеп бара жатқанын бейне­лейтін видеороликтер жарияланды. Кәдімгі, қазақы тойдың үсті… Бірақ, анайы қылық көрсеткен қыз бен жігітке «әй, тоқтат» деп отырған бір адам жоқ, бәрі мәз-мәйрам күлкіге кенелген… Ау, сол жерде әлгі жөнсіздікті тыятын аузы дуалы қарияның да қалмағаны ма?
Шындығында, бүгінгі тойларда түрлі «салтты» көріп жүрміз. Әйтеуір, ішімізден тынып, тымырайып отырамыз. Көбінесе бүгінгі үйлену тойларында екі жас ортаға шығып, ата-енелеріне торт асататын «дәстүр» бар. Бір жағынан бұл да дұрыс шығар…
Алайда, жас келіннің атасына торт асатқаны сырт көзге түрпідей тиеді екен. Біздің бұрынғы ибалы жеңгелеріміз ата-енесіне айырмен аузына тамақ ұсынбақ түгілі, көздеріне тік қарамаған ғой… Сонымен, осындай дәстүрге жат қылықтар жалғаса берсе, қазақ тойы қайда барады…?

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button