Басты ақпарат

ҚОШ КЕЛДІҢ, ҚОЙ ЖЫЛЫ!

коооой

Арғымақ шауып өтті арындатып…
Күні кеше ғана еді көңілімізді қуаныш кернеп күтіп алғанымыз. Қас-қағым сәттей ғана өте шыққан жылқы жылы жетістіксіз болды деуге ауыз бармайды, әрине. Ине-жіпке несін тізейік, қай саладағы болмасын маңызды уақиғалар көпшіліктің көкейінде.

Есік қағып тұрған қой жылы… Қазаққа тәуелсіздігін сыйлаған, егемендігін алып берген, дербестігін ұсынған қоңырым ғой. Қой жылынан бастау алған азаттығымыздың арқасында «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда ғұмыр кешудеміз. Бұл жылы қазаққа Абайдай ұл сыйлаған Құнанбай қажы дүниеге келді, Ахмет Байтұрсынұлы туды…

Тамырлы тарихымыз төңірегіндегі істер – бір төбе. Спорттағы саңлақтарымыздың сүйіншісі тағы бар, айтпақшы, алтын айдарлы ұлымыз (Илья Ильин) төртінші алтынын қанжығаласа, Жасұлан Қыдырбаев пен Жазира Жаппарқұлдың ерліктерін тілге тиек етпеске болмайды. Қазақ топырағына тұңғыш табан тіреген Франция президентіне Елбасымыздың шапан жабуы, Мемлекет басшысының «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапатталуы, осы сияқты басқа да уақиғалар әлем елдерімен қарым-қатынасымыздың табысты екенін ұғындырады.

Енді, міне, қой жылы тойға ұласпақ. Осы тұста Елбасы сөзін ойға оралтпасқа лаж жоқ: «2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белес­тер жылы» деді ол. Көп ұзамай Қазақ хандығының бес жүз елу жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың жиырма жылдығын, Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығын мерекелейміз. Тағы айта кетерлігі, 2015 жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы. Өйткені, «елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда».

Қой – берекесі мол түлік. «Қойдың сүті – қорғасын» деген бабаларымыз Шопан ата ұрпағының иелігіндегі жылдан көп үміт күткен, жайлылығына сенген. Момақан қалпымен молшылыққа кенелткен қой жылы жетістіктерін қазірден әзірлеуде.

«Қой егіз тапса, шөптің басы айыр туады», «Бір төл туса, бір түп жусан артық өседі». Ендеше, әр қазақтың шаңырағында іңгәлаған сәбилермен несібеміз еселенсін!

…Рас, мемлекетіміздің екінші мүшелі. Жақсылығынан бұйырсын!

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button