Имантаразы

ҚҰРАНДЫ «ҚҰР ӘН» ДЕМЕҢІЗ

Құранды «құр ән» дей көрмеңіз! Себебі, Құран – Алланың сөзі. Ал, Алланың сөзі ана­мыздың да, әкеміздің де, тіпті, ата-баба­­ла­рымыздың да аманатынан жоғары тұр­мақ. Жал­пы, Құран Кәрім нұсқайтын жол – дұрыс та бақытты ғұмырға бастайтын дара жол. Үйіңізде Құран кітабы жай ғана шаң басып тұрса, «ештен кеш жақсы», дәрет алып, оны тазалап, оқуға үлгересіз. «Арабша білмеймін, қалай оқимын» десеңіз, қазақ­шасын оқуыңызға да болады. Тіптен жақсы! Сіз қазақшасын оқи отырып, ондағы жазылған Алланың бұйрықтарын оқып, түсіне аласыз. Алайда, барлық аяттар түсі­нікті болады дей алмаймын. Түсінбеген жерлеріңіз болса, уайымдамаңыз. ҚМДБ-ға қарасты жергілікті мешітке барып, имамға жолығып, әлгі түсінбеген аятыңызды тәпсірлеп беруін сұраңыз. Имам бауырымыз, әлбетте, кеңінен жауап беруге тырысып бағады. Тек мешітке, Алланың үйіне баруға ұяла көрмеңіз.

Сонымен қатар, Құранды тыңдауыңызға да болады. ҚМДБ сайттарына (www.muslim.kz, www.azan.kz, www.muftyat.kz) кірсеңіз, Құранды онлайн түрде тыңдай аласыз, жүк­теуге де болады. Бірақ, Құранды аяқ асты тыңдай салуға болмайды. Оған ниет, дайын­дық керек. Алдымен дәрет алыңыз, сонан соң Аллаға ниет етіп, ыңғайлы отырып тыңдаңыз. Ескерте кетейін, Құран жай ән емес. Сондықтан музыка тыңдағандай болудан сақ болыңыз!

Әбу Үмәма (р.а.): «Алла елшісінің (с.а.с.): «Құран оқыңдар, өйткені, Қиямет күні Құран оқығандарға шапағатшы болады» – деп айтқанын естідім» – деген (Мүслим, салатүл-мусафирин 252). Мінеки, Құран – құр ән емес, ол Қиямет күні шапағатшы бола алады.

Осман ибн Аффан (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (с.а.у.): «Ең жақсыларың Құран (оқу мен ілімін) үйреніп, оны басқаларға да үйреткендерің» – деп айтты» делінген (Бұхари, фадайлул-Құран 21). Тәжуид ілімін үйреніп, сол үйренгеніңізді басқаларға да жеткізсеңіз, сауаптарға кенелесіз. Егер, Тәжуид үйренуге уақытыңыз болмаса, ұл-қызыңызды немесе жақындарыңызды мешіттерге діни сауат ашу курстарына жіберсеңіз болады.

Айша анамыз (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.): «Құранды нақышына келтіріп оқитын мұсылман кісі адамдардың амал дәптерін толтыратын әс-Сәфәра әл-Карим әл-Бәрара періштелерімен тең дәрежеде болады. Ал, Құран оқуға тілінің икемі келмегеніне қара­мастан, шын ықыласымен ежіктеп болса да оқыған адам екі бірдей сауапқа кене­леді» – деп айтты» деген (Бұхари, тау­хид 52; Мүслим, салатүл-мусафирин 243). Мі­неки, Тәжуидке қатысып, Құранды нақы­­шына келтіріп оқуды үйреніп алсаңыз, амал дәп­терін толтыратын періштелермен дәре­жеңіз теңесе түспек екен.

Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Расында, Алла тағала осы Кітаппен (амал еткен) қауым­ның (екі дүниеде де) мерейін өсіріп, ал, (амал етпеген) қауымның дәрежесін түсіріп, қор қылады», – деп айтты» делінген (Мүслим, салатүл-мусафирин 269). Арабша оқуға шамаңыз жетпеді делік, бірақ, қазақшасын оқып, амал етуге шамамыз жете­тіні шындық. Жоғарыда айтқанымдай, Құраннан түсінбеген жеріңізді мешіттердегі имамдардан сұрасаңыз болады. Ол кісілер сауалыңызға жауап беруге әрдайым дайын. Тым болмаса екі күнде бір аятты оқып, соған амал етуге машықтансаңыз, дағдылансаңыз – нұр үстіне нұр. Сол аяттарға, яғни, Алланың бұйрықтарына амал қылсаңыз, қор болмайсыз, зор боласыз.

Ибн Аббас (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (с.а.с.): «Құранды аз да болса жатқа білмеген адам қирап қалған үй тәрізді» – деп айтты» делінген (Тирмизи, фадайлул-Құран 18). Ал, қирап қалған үйде жан баласының тұрақтамайтыны белгілі. Демек, Құранды шамамыз жеткенше жаттап алсақ, ұтылмайтынымыз хақ. Аллаға ниет етіп, бойыңыздағы нәпсіңізге қарсы тұрып, ықыласыңызды күшейтіп, намаз оқи бастасаңыз, ештеңеден де ұтылмайсыз. Қайта, ақиқат іліміне жолыңыз ашылады, көкірек көзіңіз көре бастайтын болады.

Жалпы, ата-ананы ренжітпей, айтқанын бұлжытпай орындауды, туған-туыстарға жәрдемдесуді, мұсылман бауырларға қол ұшын беруді, арам нәрсеге жоламауды, арам нәрсені жемеуді (себебі, арам нәрсе адам баласына зиян) Алла тағала Құран Кәрімде айтқан болатын. Демек, Құран жай ғана әуен емес. Құран – өмір кітабы. Құрандағы аяттарға амал қылсақ, екі дүние бақытына бөленеміз.

Медет ЖАНСАНОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button