Астана-20Саясат

Рим Папасының сапары

2001 жылдың 22-25 қыркүйегінде Астанада Елбасының шақыруымен сол кездегі Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-нің мемлекеттік пасторлық сапары болып өтті. Бұл қоғамдық-саяси және діни іс-шаралардың қатарынан елеулі орын алып, Қазақстанның діни ахуалындағы ерекше оқиға ретінде тарих беттерінде қалды. Ватикан басшысы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевпен кездесіп, Отан-Ана алаңында мессия атқарды. Осы сапарында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті студенттерімен және мәдениет және өнер қайраткерлерімен жылы жүздесулер өткізді.

Иоан Павел ІІ Мемлекет басшысына Қазақстан діндері арасында бейбітшілік пен рухани келісімді, тұрақты қарым-қатынасты сақтай білгені үшін алғысын білдірді. Қасиетті Тақ пен Қазақстан Республикасы арасында өзара қарым-қатынасты әрі қарай дамытудың кепілі Н.Ә.Назарбаевтың Пия орденімен – жоғары сыйлықпен марапатталғаны болды, әлемде оған тек 15 адам қол жеткізген екен.
Король Юзеф Войтыла – тарихта Иоанн Павел ІІ деген атпен католик шіркеуінің басшысы ретінде жадымызда қалды. Бар ғұмырын адам құқығын қорғау­ға жұмсаған ватикан басшысы авторитаризммен күрестің символына айналды. Иоанн Павел II 1978 жылы 58 жасында қасиеті таққа отырады.

БЕЙБІТШІЛІК ПЕН БІРЛІК ҮШІН

1981 жылы 13 мамырда қасиетті Петр алаңында Иоанн Павел ІІ-нің өміріне қастандық жасалды. Түрік ультраоңшыл экстремистерінің мүшесі Мехмет Агджа понтификті оқ атып, ішінен жаралады. Қылмыскер сол жерде тұтқындалып, өмір бойы­на жазасын өтеуге жабылды. Екі жылдан кейін кесімін өтеп жатқан түрмеге Иоанн Павел ІІ өзі іздеп келіп, тұтқынмен ұзақ сөйлеседі. Бұл кездесу жайында не туралы сөйлескендерін ашып айтпаса да, Иоанн Павел ІІ Мехмет Агджаны кешіргенін айтты.
Рим папасы әлемнің қай бұрышында болмасын бұрқ ете қалған соғыстарға үзілді-кесілді қарсы тұрды. 1982 жылы Фолкленд аралдарына қақтығыс кезінде ол Ұлыбритания мен Аргентинаға барып, әлемде бейбітшілікті орнатуға шақырды. 2003 жылы Иракта соғыс басталғанда Иоанн Павел ІІ кардиналдарының бірін Бағдатқа, енді бірін АҚШ президенті Джордж Бушпен кездесуге жіберіп, американдар мен британдардың Иракқа шабуылын қатал айыптады.
Конфессияаралық қарым-қатынастарда Иоанн Павел II алдында өткен Ватикан басшыларынан көп артықшылығы болды. Ол басқа конфессиялармен сыйластық байланыс орнатудың дәстүрін жасап кетті.
1982 жылы рим-котолик шіркеуінен ағылшын шіркеуінің бөлініп шыққалы бері 450 жыл толғанда, екі шіркеу басшылары алғаш рет бас қосып понтифик пен архиепископ Кентерберийский екеуі бірлесіп құдайға құлшылық етті.
Осы оқиғадан үш жыл өткен соң, тамызда Хассан ІІ корольдің шақыруымен Рим Папасы Мароккода елу мыңға жуық жас мұсылмандардың алдында сөз сөйледі. Ол христиан мен мұсылмандар арасындағы түсінбеушілік туралы әңгімелеп, жер шарында тұтас қауымдастықты құрайтын ұлттар мен халықтар арасындағы бейбітшілік пен бірлікті орнатуға шақырды.
1986 жылы католик тарихындағы алғашқылардың бірі болып, Папа Синагоганың табалдырын аттады. Осы жолы ел аузында жиі айтылатын: «Сіздер – біздің сүйікті және біздің жасы үлкен бауырларымыз деп айтуға болады» деген қанатты сөзін айтқан еді. Осыдан кейін біраз жыл өткенде, Рим папасы Иерусалимде болып, иудаизмнің қасиетті көз жасы қабырғасына қолын тигізіп, Яд ва-Шем мемориалында болды.
1986 жылы қарашада Ассизиде бірінші дінаралық кездесу өтті. Конфессия аралық қарым-қатынасты қолдауға бастаған понтификтің шақыруына түрлі христиандық конфессиялардан 47 делегация және 13 өзге дін өкілдері үн қатты. 2001 жылы 4 мамырда Иоанн Павел ІІ Грекия­ға барады. Рим-католик шіркеуі басшысының бұл сапары нысаналы болды. Көне тарихқа көз жіберсек, 1054 жылы христиан шіркеуі: католиктік және православтық болып екіге жарылған еді. Осы оқиғадан екі күн өткенде Папа Дамаск қаласына барып бейбітшілік үшін дұғасын оқып, Омейядтар мешітіне кіріп шығады.
2000 жылы 12 наурызда қасиетті Петр соборындағы жексенбілік мессия кезінде Иоанн Павел ІІ католик шіркеуінің адамзат алдындағы барлық күнәлары үшін көпшілік алдында кешірім сұрайды. Ол шіркеу қызметкерлерінің шіркеулердің арасын ажыратқаны үшін, діни соғыстары үшін, Американы күштеп евангелия дініне кіргізгені үшін түрлі ұлттық, жынысына қарап кемсітушілікке жол беріп, әлеу­меттік және экономикалық әділетсіздіктің пайда болуына қатысы үшін кешірім сұрады. Осыған дейін бірде-бір дін не конфессия мұндай тәубешілікке бармаған еді. Жер бетінде ізгілік жолы қалған Иоанн Павел ІІ дүние салғаннан кейін әулиелер қатарына енгізілген.

КАТОЛИКТЕРДІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ІЗДЕРІ

Қазақстандағы католик дінінің таралуын, патшалы империяның қазақ жеріне ішкерілей енуімен байланыстырамыз. XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың екінші жартысындағы қуғын-сүргінге ұшыраған поляк ұлтының өкілдері, әскери қызметкерлер мен арнайы қоныс аударғандардың қоныстануы осы сенімдегілердің көптеп келуіне себеп болды.
Тарихқа үңілсек, ХІХ ғасырдың соңында Қостанайда Омск приходының филиалы болған католик храмы болған. ХХ ғасырдың басында Ақмола және Семей аймағына жер аударылған поляк және неміс ұлтынан шыққан католик қауымы болған. 1930-1950 жылдары қуғынға ұшыраған және жер аударылған неміс, поляк, латыш, украиндықтардың келуі католиктік қоныстардың артуына алып келді.
Шіркеу орындарын салуға ресми рұқсатты католиктер тек ХХ ғасырдың 70-ші жылдары алды. 1978 жылы Қарағандыда Қасиетті Иосиф храмы салынып, ал 1979 жылы Целиноградта (қазіргі Астана) алғашқы католик діни бірлестігі тіркелді.
Католик шіркеулерінің қайта жандануы Қазақстанның тәуелсіздік алуымен қайта басталды. Қазақстан Республикасының Қасиетті Тақпен байланысы 1992 жылғы 17 қазанда орнықты. 2003 жылдың мамырында Рим Папасы Иоанн Павел ІІ шешімімен еліміздің барлық аймағы орталығы Астанада орналасқан архиепархияны, екі епархияны (Алматы қаласы мен Қарағанды қаласы) және апостолдық администратураны қосатын бірыңғай католик митрополиясына енді. Қазақстандағы католиктік приходтарының шіркеу қызметкерлері шет елдік миссионерлер болып табылады. Католик шіркеулерінде құдайға құлшылық ету рәсімі орыс, украин, неміс, ағылшын және поляк тілдерінде жүргізіледі.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button