Жаңалықтар

СӘКЕННІҢ САРА ЖОЛЫН САЙРАТТЫ

ERA_2432

ҚР Ұлттық мұрағатының директоры, ғалым Марат Әбсеметов мынадай дерек келтіреді: «1924 жылы үлкен жиын болады. Онда астананы ауыстыру мәселесі талқыланғанда Тұрар Рысқұлов – Шымкентті, Сұлтанбек Қожанов – Ташкентті, Ораз Исаев – Қызылорданы, Сейітқали Меңдешов – Ақтөбені, ал Сәкен Сейфуллин Ақмоланы ұсынады». Ендеше, Сәкен арманы орындалды деп толық сеніммен айтуға болады. Қазақтың бас қаласы Астана да қайраткер ұлының 120 жылдығын өз дәрежесінде атап өтті. Одан, әрине, Сәкен Сейфуллин мұражайы да қалыс қалмай, нақты мерейтойы күні «Сәкен оқулары» байқауы мен «Сыр сандықты ашып қара» атты әдеби-сазды кешті ұйымдастырды.

Сәкен – сегіз қырлы, бір сырлы азамат болғаны, поэзия, проза, драматургия сынды әдеби жанрларда да, одан қалды музыкада да артына мол мұра қалдырғаны белгілі. Жыл сайын өтіп тұратын «Сәкен оқуларының» мақсаты да оның шығармаларын жасөспірімдер арасында насихаттау, сол арқылы кемел азаматтарды тәрбиелеу. Осы аптада өткен кезекті байқауда да елордадағы 70-тен астам мектептен 7-11 сыныптардың жүзге тарта оқушысы қатысты.

Сәкеннің ақындық қырын ашатын «Сыр сандықты ашып қара» номинациясында Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектептің 9-сынып оқушысы Камила Еманғалиева поэзиялық шығарманы мәнерлеп жатқа оқудың үлгісін көрсетіп, жеңімпаз атанды.

 «Қазақты қазақ дейік» прозалық шығармаларынан үзінді оқу номинациясында №37 мектептің оқушысы Әйгерім Орынбасарова оза шапса, «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» номинациясы – Сәкеннің әндерін орындауда №62 мектептің 8-сынып оқушысы Елнұр Қадырберген дараланды.

«Сәкеннің аманаты» номинациясына қатысқандардың арасында сахналық көрініс көрсеткен №38 мектептің оқушысы Қуаныш Жашкеев актерлік қабілетін байқатты.

Қазылар алқасының құрамы – ақын, «Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы, Сәкеннің нағашы қарын­дасы Асылгүл Әбішева, жазушы Талғат Кеңесбай және Сәкен Сейфуллин мұражайының ғылыми қыз­меткері Әйгерім Мақажанова осылай деп шешті.

Игі шара «Астана» ұлттық сурет галереясында өткен әдеби-сазды кешке ұласты. Оны Алматыдан Сәкен тойына арнайы ат арытып жеткен сәкентанушы ғалым, орда бұзар жасында Сәкеннің азаматтығын танып, тоқсанға келіп отырған осы кезде оған деген адалдығынан айнымаған Тұрсынбек Кәкішев және ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Сәкен Сейфуллин мұражайының директоры Несіпбек Айтұлы ашып берді. Олар Сәкен жайлы толғанысқа толы сөздерін жеткізіп, осы тойды өткізуге мүмкіндік тудырған Астана қаласы әкімдігіне алғыстарын айтты.

Сонымен бірге кеште «Сәкен Сейфуллин мұражайы» альбомы мен  «Сұңқар Сәкен» кітабы, Амантай Кәкеннің «Сәкен тағылымы» еңбегі, Тұрсынбек Кәкішев құ­рас­тырған Сәкен Сейфуллин шығарма­ларының 13 томдығы оқырмандарға жол тартты.

Азамат атын ұлықтаған шараны елімізге танымал дәстүрлі әншілер Ерлан Рысқали, Клара Төленбаева, Қанапия Жүкенов, Қанат Жүнісов, Қарағандыдан келген Ержан Базарбеков, Дәуренбек Әркенов, Меруеш Башай әнмен әрледі. Тағы бір қарағандылық қонақ, Нұра ауданы Ахмет ауылындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектеп директоры Атымтай Балабиев Сәкеннің кезіндегі мектеп макетін мұражай директорына табыстады. Сәкен рухына тағзым ете келген қадірлі қонақтарға қонақасы беріліп, онда да мерейтой иесі жайлы небір кесек сөздер айтылды.

 Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button