Басты ақпарат

Санаға сілкініс керек

Немесе тіршілік таным-түсініктен басталады

[smartslider3 slider=2539]

(Бұлардың бәрін саралап танып, білу – арнайы жеке зерттеу­лердің тақырыбы. Сондықтан бұл арада сол көп себептердің бірі ретінде өз халқымыздың  өткенінен сыр шертер көне жазба деректерді замана талабына сай  ғылыми тұрғыдан зерделеп, жазылған жайлардың шындығы мен жалғандығының ара жігін ашу арқылы оқырмандардың таным талғамын, түсінік сапасын тәрбиелей алар шын мәніндегі білімді де білікті тарихшының жоқтығы екенін айтумен шектелеміз).

Қазіргі біздегі бар тарихшылар – кешегі отарлаушылардың бодан елдің жас ұрпақтарының тегін білмей тексіз болып өсуін қамтамасыз етуді мақсат еткен ұзақ мерзім бойы жүргізілген жоспарлы зұлым әрекетінің нәтижесі  ретінде кезеңдік белгілі бір әлеуметтік-саяси оқиғаларды зерттеу өзегі етіп алып, соның негізінде тақырыптық диссертация қорғап, тарих ғылымның кандидаты, докторы атанған тарихшылар. Олар – барлы-жоғы сол өздері  зерттеген кезеңде болған  нақты бір  оқиғаның, әрі кеткенде бір кезеңнің ғана білгірлері. Солардың ішінде «тарихшы» деген атқа сай болу үшін өз бетінше ізденіп, білімін көтеріп жүрген кейбіреулері болмаса, олардың бәрін бірдей өз халқының арғы-бергі тұтас тарихын түбегейлі  зерттеп, өздері танып білген  тарихшы ғалымдар деу қиын. Соған қарамастан,  оларды қазір біз «кәсіби тарихшылар» деп атаймыз…

Айтқанымыздың түсінікті болуы үшін нақты бір дерек келтіре кетелік. Айталық, мысалы, «Қазақстанның Коммунистік партиясы Совет Одағының Ұлы Отан Соғысы кезеңінде (1941-1945 ж.)» («Коммунистическая партия Казахстана в период Великой Отечественной Войны Советского Союза (1941-1945 г.)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, кәсіби тарихшы ғалым атанған адам осы зерттеуі арқылы  қазақ халқының тұтас тарихына қатысты өзі нені танып, нені білуі, болмаса, өзгеге жаңалықты не айтып, не ұсына алуы мүмкін?!. Бұл – барлы-жоғы кеше ғана болып өткен, дүние жүзі халықтарының біразының сан миллиондаған адамын қанды қырғынға ұшыратқан, «соғыс» деп аталатын 4-5 жылға созылған, қасіреті мол, зұлмат бір оқиғаның ғана тарихы ғой!.. дұрысы, тіпті,  бір оқиғаның тарихы да емес, Советтер Одағының осы соғыста жеңіске жетуіне Қазақстан Компартиясының қандай ұйымдастырушылық қабілет танытқанын дәріптеген мадақ баян ғой!.. Ал осы адамның тарихшы бас маман ретінде ұзақ жылдар бойы Ұлттық Ғылым Академиясының Тарих институтын басқарып келгені баршаға мәлім.

Қазір бір үміт етерлік жағдай: қоғамның тарихи санасын дұрыс қалыптастырып, түзеп  алмай тұрып, елдің еңсесін тіктеп, ертеңінің  игілігіне бүкіл халықтық ұмтылысты тудырудың аса күрделі болатындығын сезінгендіктен болар, Президенттің бастамасымен қазақ халқының, қазақ елінің тарихын, сонымен бірге әлем халықтарының тарихын замана талабына сай, бүгінгі жетілген ғылымның жетістіктеріне сүйене отырып, өз халқымыздың дүниетанымы негізінде жаңаша зерделеп, қазақша жазу қолға алынып, осы бағытта жұмыс қарқынды жүріп жатқан секілді

Өкінішке қарай, бұл – тек осы бір  кісіге ғана тән емес, кешегі Совет империясы құлағанға дейін бодан елдердің бәріне тән тарихшы мамандар даярлаудағы қалыптасқан ортақ жағдай болатын. Олар да: партия съездері, бесжылдықтар, екпінді құрылыс­тар, тың көтеру және басқа осылар тәрізді саяси-әлеуметтік оқиғалардың тарихын зерттеп, «тарихшы ғалым» атанғандар. Солардың соңғы екеуінің тақырыбы: «Шымкенттің цемент заводының тарихы» және «Шұбартау комсомол жастар бригадасының тарихы» деп аталады (Ә.Меңдекенің «Қазақ әдебиеті» газетінде  жарияланған сын мақаласы арқылы есте қалыпты. Қ.С.).

Бұл ретте кешегі КСРО салтанат құрған жетпіс төрт жыл ішінде қазақ халқының сан мыңжылдықтарды құраған ұзақ тарихын тануға қатысты  арнайы зерттеу жүргізіп, соның нәтижесінде, ең болмаса, бір адамның ғылыми диссертация қорғамағаны, дұрысында қорғатпағаны да зерделі оқырманға біраз жайды аңғартса керек. Осындай жағдайдан кейін қазіргі қаулап өсіп келе жатқан жас ұрпақтың ұлттық ортақ таным-түсінігін өз халқының шынайы өмір тәжірибесі негізінде қалыптастыруға мүмкіндік берер, өнеге алар тұтас тарихы қалай жазылмақ, оны кім жазбақ?!. Әлі күнге танымдық-теориялық тұрғыдан да, тарихи-философиялық тұрғыдан да, тіпті, әдістемелік тұрғыдан да тек өзгелердің көзқарасы негізінде жазылған, халқымыздың халықтық болмысын танытпайтын жасанды тарихты «төл тарихымыз» деп малданып келе жатқанымыз – осының салдары. Бүгінгі  тарихшыларымыз өз халқының тарихынан жан-жақты хабардар болып, оны тұтас танып білмеген соң, сол өздері білмейтіндері жөнінде жазған өзге елдердің ғалымдарының ой-тұжырымдарының дұрысын да, бұрысында сол күйі қабылдап, соларды өмірлік шындықтың айғағы ретінде жұртқа ұсынуға мәжбүр. Қазіргі таңда өзіміздің төл тарихымызға, әсіресе, оның көне замандарға қатысты жасалынған тұжырымдарына байланысты байламды бір түйінге келе алмай, әрқайсымыз әр жаққа тартып, таласып, өзара қызылкеңірдек болып жатуымыздың да бір себебі осында жатыр. Басқаны айтпағанда, тек нақты тұлға бір Шыңғыс ханның шыққан тегіне қатысты дау-дамайдың арада тоғыз ғасырға жуық уақыт өткеніне қарамастан, әлі күнге нақты бір шешімін таппай келе жатқаны – осы айтылғандардың бір айғағы  болса керек. Түптеп келгенде, отарлаушылардың көздеген мақсаты осы еді ғой!..

Қазір бір үміт етерлік жағдай: қоғамның тарихи санасын дұрыс қалыптастырып, түзеп  алмай тұрып, елдің еңсесін тіктеп, ертеңінің  игілігіне бүкіл халықтық ұмтылысты тудырудың аса күрделі болатындығын сезінгендіктен болар, Президенттің бастамасымен қазақ халқының, қазақ елінің тарихын, сонымен бірге әлем халықтарының тарихын замана талабына сай, бүгінгі жетілген ғылымның жетістіктеріне сүйене отырып, өз халқымыздың дүниетанымы негізінде жаңаша зерделеп, қазақша жазу қолға алынып, осы бағытта жұмыс қарқынды жүріп жатқан секілді. Бұл бастаманың маңыздылығы ерекше, мұны өз мәнінде түсіне білген жөн.

Өз басым мұны, ең алдымен, тарихымыздың заманында түрлі эгоцентризмнің зардабына ұшыраған, ақауы мол сыңаржақ көзқарастардың жетегінде көп қиянатты бастан кешкен дертті тарих екенін танып, сол дерттен жедел айықтырудың қажеттілігін жете түсінгендіктен жасалып жатқан маңызды бір шара деп білем. Сондықтан бұл мәселені бұған дейінгі жасап келгеніміздей тағы да кезеңдік бір науқандық іске айналдырмай, мейлінше асқан жауапкершілікпен, білімділікпен, мүдделілікпен, жанашырлықпен асықпай, аптықпай тиянақты жүзеге асыру қажет. Бұл ретте дағдыланған әдетпен әр тарихи кезеңді өзінше пайымдаған танымдық жаңалығы жоқ, еуропалық таным-түсінікпен жазылған, бұрыннан бар белгілі жайларды қайталаған жекелеген зерттеу­шілердің мақалаларының басын құрап, бір жылда тарихымыздың төрт томдығын (1998 ж.), бес томдығын (2010 ж.) шығару секілді науқаншылдықтың түк пайдасыз, халықтың қаржысын құр текке шашып, өзімізді өзіміз алдау екенін ұққан жөн. Осы орайда бұған дейін де төл тарихымызды төл болмысында тану мақсатында бір емес, бірнеше рет, атап айтқанда: «1998 жылды арнайы тарих жылы» деп  атаудан бастап, соңы «Тарих толқынында», «Рухани жаңғыру бағдарламаларымен» көмкерілген бірнеше шараның нақты нәтиже бермей, айқай-шуы мол кезекті науқанды істің бірі болып қалғандығы бізге сабақ болуы тиіс. Бүгінгі «қазақ халқының тарихын қазақша жазу» бастамасының күн тәртібіне қайыра қойылуы да осы айтылғандардың шындық екенін дәлелдей түседі.

Бұл арада, алдымен, бастама иесі – ел Президентінің  қазақ тарихын неге «қазақша жазу керек» деген талабының мәнін зерделеп алу қажет. Президент мұны, басқаны былай қойғанда, советтік кезеңдегі және Тәуелсіздікке ие болғаннан бергі уақытта жарық көрген қазақ тарихының көп томдықтарының қазақша жазылғанын білмегендіктен айтып отырмағаны анық (бәлкім, тарихтың орысша жазылып, қазақшаға аударылғанын білгендіктен де болуы мүмкін). Қалай болғанда да, мұндағы «қазақша жазу» дегеннің  мәні – қазақ тарихын осы күнге дейін қазақ халқының ұрпағын төл болмысынан айырып, ата жолынан тайдырып, мәңгүрттендіру мақсатын көздеген еуропалық, қалды орыстық таным-түсінікпен жазудан бас тартып, ата-бабаларымыз қалыптастырған салт-дәстүріміз негізінде қазақы таным-түсінікпен жазу қажет дегенді білдірсе керек. Сонда ғана тарих жастарды ұлттық өнеге үлгісінде тәрбиелейтін тағылым мектебіне айналмақ. Қазіргі таңда бізге ауадай қажет тарих та осылай жазылған тарих, әр дерегі  ғылыми сұрыптаудан өткізіліп, өмірлік шындық негізінде қорытылып жазылған  тарих.

Қазіргі қолданыстағы «Қазақстан тарихы» деп аталатын, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты бірігіп шығарған көне заманнан бүгінге дейінгі кезеңдерді қамтитын көп томдықтар бұл талапты өтей алмады. Оның себебі де сан алуан. Оларды да санамалап саралау – арнайы жеке әңгіменің тақырыбы. Сондықтан оқырман уақытына қиянат жасамас үшін сол көп себептің бастыларының біріне тоқталсақ, алдымен, бұл көп томдықтарда қазіргі «қазақ» деп атылып жүрген халықтың ата тегінің кімдер екенін, олардың қашан, қайда пайда болғанын, бүгінгі иеленіп отырған жерін қай заманнан бері мекендеп келе жатқанын, мына жер бетіндегі мыңдап саналатын басқа халықтардан ерекшелер қандай халықтық құндылықтары барын танытар нақты деректің жоқтығынан бастаған жөн. Көп томдықтың алғашқы томы: «Ежелгі тас ғасыры (полеолит) дәуіріндегі Қазақстан», «Жаңа тас ғасырындағы (неолит, энео­лит) Қазақстан», «Қазақстан ертедегі дәуірде» деп аталатын тарихымызды түп-тамырынан таратып, түгел тануға үміттендірер тараулармен басталғанымен, бұлардан бүгінгі «қазақ» деп аталған халықтың түптегі «е-е, осылар екен ғой», «олар осылай қалыптасып, осылай өмір сүрген екен ғой» дегізер танымдық нақты бір мәлімет таппайсыз. Мұндағы  «Қазақстан» атауы қайталана айтылып, нақты көрсетілгенімен, оның бұл қолданыстағы білдірер ұғымы – қазақ елі мен халқына қатысты емес, олардың қазақ аталғаннан кейін иеленіп отыр­ған бүгінгі жеріне, сол жерден табылған тас, мыс дәуірлеріне жататын заттық айғақтар жөнінде ғана. Бұл заттық айғақтардың нақты иесі  кімдер? Оны тап басып тану қиын. Шамасы, бәлкім, тарихтың «Қазақ халқының тарихы» деп аталмай, «Қазақстан тарихы» аталуы да содан шығар. Өйткені «Қазақстан» – халықтың емес, осыдан бес жарым ғасыр бұрынғы жұртынан жеке бөлініп шығып, «қазақ» деген атпен өз алдына жеке мемлекет құрған түріктердің бір бұтағының мекен еткен жерінің, елінің атауы ғой. Ал қазіргі таңда бізге керегі қазақ халқының өзінің төл тарихы емес пе?!.

Зерделеп көріңіз: есте жоқ ескі замандарда қазіргі Қазақстан жерін кімдер мекен етпеді?!. Тас дәуірінен бергі кезеңдердегі Батыс­тан Шығысқа, Шығыстан Батысқа қарай жөңкілген халықтардың белгісізін былай қойып, тарихқа белгілі айтулы қоныс аударулардың өзі қаншама… Нақты бір бұлтартпас айғағы болмаса, қазіргі Қазақстан жеріндегі жерасты қыртысынан, ескі молалардан табылған адамның қаңқа сүйектері мен тас құралдардың, тағы басқа заттардың иесі Ұлы даланы мекендеген ежелгі халықтардың кез келгенінің, тіпті, Жер шарының арғы бетіндегі майялар мен ацтектердің  арғы ата-бабалары болуы да бек мүмкін ғой. Өйткені олардың да түп аталарының Азиядан кеткендігін қазір ғылым дәлелдеп берді емес пе?! Олай болса, олардың да түп аталарының бір кезде осы Қазақстан жерінде болмағанына кім кепіл? Осындай жағдайда, қазақтардың арғы бабаларының қазіргі Қазақстан жерін тас дәуірінен бері мекендеп келе жатқанын, болмаса,  сырттан қоныс аударып келіп, осы жерде қашаннан бері тұрақтап қалғанын нақты анықтап, білмей тұрып, қазіргі жерімізден табылған тас және мыс дәуірлеріне тән заттық айғақтарды қалайша иеленіп, сол арқылы қазақ халқының нақты  шынайы тарихын жазуға болады?!.

Жалпы бағзы замандардың айғағы етіп ұсынылар археологиялық қазба деректер сол кезде өмір сүрген халықтардың қай-қайсысының болсын болмысын танытар нақты тарихының шындығын ашып бере алмаса керек. Ол тек белгілі бір кезең тарихын тануда ғасырлар тозаңы бүркеп, көзден де, көңілден де тыс қалған кейбір көмескі жайлардың шындығын анықтауға септігін тигізер жанама деректеме ретінде ғана қызмет етеді. Мұның сыртында олардың құндылығы, негізінен, заттық айғақты тапқан археологтардың білімі мен білігіне, өз ісіне деген адалдығына да байланысты екенін де естен шығармаған жөн. Археологиялық материалдарды әртүрлі қисынмен интерпретациялауға болатыны да қазір көпке мәлім. Тіпті атақ-даңқ үшін арамзалыққа барып, қазба жұмыстары кезінде өзі тапқан ежелгі маймылдың сүйегін ешкімге білдірмей, өз зертханасында түрлі өңдеуден өткізіп, адамның сүйегіне бейімдегеннен кейін табылған жеріне қайта апарып көміп тастап, арада он жыл өткен соң, жаңадан арнайы экспедиция жасақтап барып, қайта қазып алып, алғашқы адамның (питекантроптың) қаңқасын тапқан тұңғыш маман ретінде тарихқа енген, тек арада көп жылдар өткенен кейін ақиқаты анықталып, бәрі белгілі болғаннан кейін ғылыми ортаға  масқара болған голландиялық археолог Е.Дюбуа тәрізділердің де болғаны баршаға белгілі ғой.

Осы тәріздес келеңсіз жайлар ескінің куәгері делінетін көне жазбалар төңірегінде де баршылық. Бұған дәлел ретінде, тіпті, берідегі – ХVІІІ ғасырдың басында Кённигсберг қаласында І-ші Петр патшаның тапсырмасымен Ресей империясының билік басына келген Романовтар әулетінің мүддесі тұрғысынан қайта өңделіп, арнайы шақырып алдырылған немістің үш бірдей тарихшы ғалымына (Г.З.Байер, А.Л.Шлёцер, Г.Ф.Миллер) еуропалық қалыпқа түсірілгізілген Радзивиллов жылнамасының көшірмесін айтсақ та жеткілікті. Осы көшірме нұсқаның кейінгі орыс тарихының бірден-бір басты дереккөзіне айналғаны да, орыстың көне тарихы осы үш немістің қолымен  жазылғаны да жұртқа аян. (қараңыз: Г.В.Носовский, А.Т.Фоменко. Правильно ли мы понимаем историю. Т. ІІ. М. 2001. Стр. 36-50).

Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button