Әлеумет

Шеткі көшелер де ескерілсе…

Миллионер атанған астанамыз төрт құбыласынан қарыштап, күн сайын қанатын жайып өсіп келеді. Ажарланып, көркейе түскен қала келбетімен көңілің де лезде көтеріліп, ақын болмасаң да, өлеңге жақын жан екенің сезіліп те қалары шындық.

Көтеріңкі көңілмен «Ала­тау» ық­шам ауданындағы туыстың үйін іздеп бардық. Қиқы-жи­қы тұйықталған шолақ кө­шелер таусылмайды. Академик Скрябин деген көшемен келіп Гетедегі үйге қашан такси жетеді-ау деп сол маңайды шарласаң, алдыңнан музыкант Чайковский, педагог Макаренко, декабрист Радищев тағы-тағы қайталанып, екі шолақ көшеде көсіліп тұр. Суретші Серов та бір көшені иемденіп, Республика даңғылына басын тіреген. Ең өкініштісі, академик Лихачев те бір бүйірден жалт етіп алдыңнан шығып, «Аз и я» кітабына айтқан сыным аз ба, міне, мен де тарихта қалдым ғой деп табалайтындай. Ақыры іздей-іздей туыс үйі де табылады. Гете деген көшемен құлдырап отырып, «Көктал-2» деген ықшам ауданға жеттік. Мұнда да толып жатқан ұшқыштар атын иемденген көшелер кездесіп, Громовтан құтылып едік, Чкалов қасқиып қарсы алды. Одан кейін қылыштарын жарқылдатқан Суворов, Карбышев сияқты сардарлар тып-тыныш шолақ көшелерді паналап алған. Герценнен декабристердің «Колокол» журналын іздегендей, ол көшені де «тіміскілей» жүріп, қайтар жолымыздағы Бөгенбай даңғылына түскенде қаланың тынысы сезіліп, биік-биік үйлер мен құрылыс нысандары жымыңдаған электр жарығымен құшағын жая түсіп қарсы алды.
Шынында, түнгі Астана тіпті тамаша. Қаланың орталығына кірген сайын сиқырлы әлемге бойлай бересің. Астанамыздың бүгінгі келбеті көңілге қуаныш ұялатады. Ал жоғарыдағы ай­­тылған жайттарды ұсақ-тү­йектерге балап, бас қаланың 2014 жылы жасалған карта-схемасына сәйкес келетін дүниелер екенін оқырмандар білгені жөн. «Көш жүре түзеледі» дейді ғой, қаламыз 20 жылда жастық жырын сұлулап, алдағы уақытта әлі де шырайлана түседі ғой деп, болашаққа үлкен үмітпен қараймыз.

Сүйеубай БАЙҚАДИҰЛЫ,
мәдениет қайраткері

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button