Басты ақпаратШартарап

Соғыс салған салдар

Украинада қақтығыс болып жатқанына 15 айдан асты. Ресей өзі бастаған процесті соңына шығара алмай титықтау­да. Халықаралық қауымдастықтан барған сайын алшақтап, әлемдегі ең көп санкция салынған елге айналды. Экономикасы әлсіреп, импорт-экспорт, сауда айналымы төмендеді. Аймақтағы ықпалы да әлсіреп, керісінше, Қытайдың ықпалы күшейе бастады.

Әлемге қалай әсер етті?

Украинадағы жағдай өңірлік қауіпсіздік үлкен сын-қатерге дөп келіп, халықаралық жағдайды шиеленістіре түсті. Әлемді энергиямен, астықпен қамтамсыз ету де күрделі мәселеге айналды. Өйткені соғысып жатқан екі тарап та әлемді мұнай, газ, астықпен қамтамасыз етіп отырған ірі елдер саналады. Ең алдымен бұл соғыс Еуропа Одағы мен Ресей арасында екі тарапқа да ауыр соққы болатын «қарусыз майдан» ашты. Табиғи газдың ең ірі экспорттаушысы саналатын Ресейді экономикасы әлем бойынша үшінші орында тұрған Еуроодаққа қарсы қойды. Сонымен Еуроодақ Ресей энергия­сынан тә­уелділіктен біржолата құтылудың қамына кірісті. Тасымал жолдары өзгере бастады. Ұзақ жылдар бойы қалыптасқан Еуропа-Ресей-Азия тасымал жолы бұзылып, Грузия-Әзербайжан-­Орталық Азия жолының маңызын арттыра түсті.

Қытай, Өзбекстан және Қыр­ғызстан Сианьдағы «Орталық Азия-Қытай» саммитінде Ресейді айналып өтетін темір жол құрылысы жобасының келесі қадамдары туралы үшжақты құжатқа қол қойды. Осылайша бұл елдерде халықаралық санкцияға ұшыраған Ресейді айналып өтіп, Еуропаға апаратын қысқа жол пайда болуы мүмкін. Бұл да соғыстан ке­йінгі әлемдік тасымалдағы ең үлкен өзгерістің бірі. Аталған темір жол бойынша алғашқы келісімге 2022 жылы 14 қыркүйекте Самарқанда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйы­мының саммитінде қол қойылған. Eurasianet.org сайтының жазуынша, темір жол Қырғызстандағы Торугарт асуынан (мұнда Қытайдан келетін темір жол бұрыннан бар) басталып, Арпа мен Макмал сияқты елді мекендер арқылы солтүстікке қарай жалғасып, Жалалабатқа жетеді. Ол жақтан Өзбекстанның темір жол торабына қосылады. Осыдан әрі Иран, Түркия арқылы Еуропа нарығына шығады. Бұл жоба Ресейді ғана емес, Қазақстанды да айналып өтіп, әлемдегі жаңа жеткізу жүйесін қалыптастырды.

Ресейдің Қытайға тәуелділігі артты ма?

Жанжалдан кейін Ресей экономикасы үлкен сынаққа дөп келді. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, шарасыз қалған Мәскеу өз өнімдерін (мұнай мен газ) Еуроодақ пен АҚШ-қа доллармен, еуромен сатудан бас тартып, табиғи газды ресейлік рубльмен сату туралы шешім қабылдады. Бұл рубльдің зор дәрежеде құнсыздануының алдын алғанмен, Ресей Еуроодақ пен Батыс елдерінің нарығынан айырылып, табиғи байлығын өз ақшасын әлемдік валютаға айналдыруға талпынып отырған Қытайға, жоғарыда айтып өткеніміздей, өте арзан бағамен сатуға мәжбүр болды. Осылайша бұл «қайтсем долларды ығыстырып, юаньді халықаралық валютаға айналдырам» деп басы қатып отырған Қытайға «май тілесең, міне, құйрық» болды. Яғни бұрын Қытаймен тең тұрғыда тұратын Ресейдің орны әлсіреп, Мәскеудің Бейжіңге тәуелділігі артты. Алда Ресейге несие беретін де тек Қытай болуы мүмкін. Тәуелділік тіпті артады деген сөз.

Наурыз айында Қытай төрағасы Мәскеуге барып қайтты. Осы кездесуде Қытай мен Ресей юаньмен есеп айырысуға, сондай-ақ юаньмен есеп айырысатын елдердің қатарын көбейтуге келіскен. Осы арқылы долларды ығыстырып, доллардан құтылу аяқ алысын тездетпек. Қытайдың бұл бастамасына Иран да келіскен. Қытай енді өз қатарына Сауд Арабиясын тартып, мұнайдан бұлақ ағызған елді барлық саудада юаньмен есеп айырысуға, АҚШ долларын біртіндеп ығыстыруға итермелеп отыр.

2016 жылы Халықаралық валюта қорымен болған келіссөздердің арқасында Қытай юаньді әртүрлі елдердің валюта резервін құрайтын халықаралық валюталардың біріне айналдырды, осылайша юаньнің одан әрі дамуына жол ашып, әлемдік валюта және қаржы жүйесіне кіруіне, юаньмен есеп айырысуға үлкен мүмкіндік тапты. Юань шетелдік резервтік валюта ретінде пайдалану көрсеткіші бойынша АҚШ доллары, еуро және жапон иенінен кейінгі төртінші орында тұр. Қазіргі уақытта Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Үндістан, Сингапур, Түркия және Индонезия сияқты 30 ел есеп ­айырысуда немесе инвестициялық мәмілелерде біртіндеп юаньді қолдануға көше бастады. Бүкіл Африка құрлығы да юаньнің ықпалында. Алдағы уақытта бұл елдердің қатары көбеймесе, азаймайтын түрі бар. Әсіресе, Ресейдің де юаньмен есеп айырысуға мәжбүр болуы, сондай-ақ, Сауд Арабиясы мен Қытай қарым-қатынасының күшеюі соңғы кезде тұтас әлемнің назарын аудара бастады. Егер алда-жалда Сауд Арабиясы да сыртқы сауда мен мұнай саудасында юаньмен есеп айырысуға көшетін болса, онда доллардың орны, шынымен де, шайқалайын деп тұр.

Оның үстіне, АҚШ-қа дефолт қаупі төніп тұр. Конгрестегі өкілдер палатасын бақылап отырған респуб­ликашылдар ұлттық қарыздың шекті мөлшерін көтеру үшін мемлекеттік шығындарды 8 пайызға азайту керек деген талап қойып отыр. Байден болса олардың ұсынысын орынсыз деп есептейді. Президент алпауыт корпорациялар мен фармацевтика өнеркәсібі үшін салықты көтергісі келеді. Оған республикалық партия қарсы. Демократтар мен респуб­ликашылардың келісімге келуіне небәрі он күн қалды. Қаржы министрі қос тарап 1 маусымға дейін ұлттық қарыздың шегін көтермесе, ел қазынасында қаржы таусылып, экономика дефолтқа ұшырайтынын ескертіп отыр. Лимитті көтеру туралы мәмілені конгрестің екі палатасы да мақұлдауы керек. Бұл жағдай да юаньнің ырықты орынға шығуына мүмкіндік беретін тағы бір фактор болып тұр.

Орталық Азия кімнің ықпалында?

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Орталық Азияның Ресей ықпалында болып келгені көпке мәлім. Алайда Кеңес Одағының шекпенінен шыққан елдерді «уысымнан шығармай, өз ықпалымда ұстап отырамын» деген Ресей енді не істейді? Атап айтқанда, Украинадағы соғыс ­НАТО-ның шығысқа ірге кеңейтуіне тосқауыл қойғаны былай тұрсын, керісінше, НАТО-ны Ресейдің іргесіне тіпті жақындатты. Соғыстан кейін Финляндия мен Швеция ұйымға мүше болуға өтініш тапсырып, Финляндия НАТО-ның 31-мүше еліне айналды. Швеция да көп ұзамай қатарға қосылатыны анық. Соғыс аяқталғаннан кейін Украина да НАТО-ға мүше болады. Демек, Ресей әлемдік сая­си жағдайға ықпал етемін деп жүріп, өз ықпалын әлсіретіп алды. Франция президенті Эммануэль Макронның L’Opinion басылымына берген сұхбатында «Бұл соғыста Ресей Қытайға тәуелділіктен басқа, Балтық жағалауынан айырылып, Швеция мен Финляндияның НАТО-ға кіруін жылдамдатты. Екі жыл бұрын бұл мүмкін емес еді. Осыдан-ақ Ресейдің үлкен геосаяси жеңіліске ұшырағанын байқауға болады» деп түйіндегені – соның айғағы.

Ресейдің Украинаға соғыс қоз­ғауы тұтас ТМД елдерінің экономика, саяси жағдайына әсер етіп, Орталық Азияда Ресей ықпалын кеміту аяқалысын тездетті.

«Орталық Азия-Қытай» саммиті 18-19 мамырда Қытайдың Сиань қаласында өтті. 31 жыл ішінде Қытай мен Орталық Азия елдері басшылары алғаш рет осындай форматта жүзбе-жүз кездесу өткізді. Кездесуде Си Цзиньпин мен Орталық Азия бес елінің президенттері өзара қолдау көрсету туралы Сиань декларациясын қабылдады. Осы жиналыста Қытай басшысы «Қытай Орталық Азия елдерінің қорғаныс қабілетін күшейтуге көмектесуге дайын. Әлемге тұрақты, гүлденген, үйлесімді әрі байланысы нығайған Орталық Азия керек» деп мәлімдеді. Ол сонымен бірге алты мемлекет аймақтағы елдердің ішкі мәселе­ле­ріне сыртқы күштердің араласуына қарсы шығуы тиіс деп бұрынғы сөзін қайталады.

Ресей мен Украина арасында соғыс жүріп жатқанда, Қытай Орталық Азия елдерінің қорғаныс мәселесін алғаш рет айтып тұрған жоқ. Былтыр Қытай басшысы ШЫҰ саммитіне бара жатқан кезде Қазақ­стан Президенті Қасым-­Жомарт Тоқаевқа Қытай Қазақстанның тә­уелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға дайын екенін, елдің ішкі мәселелеріне сыртқы күштердің араласуға қарсы шығатынын айтқан еді. Қытай төрағасының бұл сөзін екі тұрғыдан түсінуге болады. Біріншіден, бұл Орталық Азияда Ресей ықпалының әлсіреп, Қытайдың әсері күшейгенін анық аңғартса, екіншіден, Қытайдың Ресей өз басымен әлек болып жатқан шақта Орталық Азияның АҚШ ықпалына еніп кетуінен, сондай-ақ, өңірде тұрақсыздық белең алып, оның әсері Орталық Азиямен шекаралас жатқан, онсыз да Қытайдың бас ауруына айналған Шыңжаңға тие ме деп алаңдайтынын аңғартады. Қытай үшін де Орталық Азияның тұрақтылығы айрықша маңызды. Оның үстіне, Қытай мен Орталық Азия арасындағы сауда-саттық та жыл сайын артып келеді. Ресми ақпаратқа қарағанда, кейінгі кезде Қазақстан-Қытай сауда-саттығының көлемі 31 млрд долларға жеткен. Енді тараптар осы көлемді 40 млрд долларға жеткізуге келіскен. 18 мамырда құны 22 млрд доллар болатын келісімдерге қол қойылған.

Кремль Орталық Азияны үнемі сөзі жүретін стратегиялық аймақ ретінде қарастырып келді. Бірақ кейінгі жылдары өңірде Қытайдың экономикалық ықпалы артып, Ресей екінші орынға ығысты. Өңірде геосаяси, экономикалық шиеленіс артып, Қытайдың рөлі одан әрі күшейді.

Қытай үшін үлкен мүмкіндік

Биыл Қытай инвестициялық бас­тамасы – «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясындағы үшінші халықаралық форумын өткізеді. Осы арқылы Еуразиялық экономикалық одақ арасында байланыс табуға тырысып жатыр. Бұл форумда Оңтүстік және Орталық Азияға ерекше көңіл бөлініп отыр. Оның үстіне, Қытай ондаған жыл бойы Орталық Азияда экономикалық күшке ие болды. Аймақтағы Тәжікстан мен Қырғызстан секілді елдердің Пекинге миллиардтаған доллар қарызы бар. Кейінгі жылдары Пекин аймақпен қауіпсіздік саласындағы әріптестігін кеңейтуге тырысып, Тәжікстанды үйлестіруші орталыққа айналдырды. Тәжікстан ресми түрде жоққа шығарғанмен, тәжік-ауған шекарасында Қытай қауіпсіздік күштерінің әскери базасы бар. Ал АҚШ болса Қытайдың Орталық Азияға бұрылуына мұрша бермеу үшін Тайвань мен Қытайдың оңтүстік мәселесін де қайта-қайта қозғап тұр.

Қысқасы, Мәскеу өзімен-өзі әуре боп жатқанда, Қытайдың Орталық Азиядағы саяси, экономикалық және әскери ықпалын арттыруға жақсы мүмкіндік бар. Екінші тұрғыдан алғанда, Украинадағы соғыс Орталық Азияға көптеген елмен әріп­тестік орнату мүмкіндігін кеңейтті, бірақ Пекиннің Орталық Азия мен Ресейге қатысты ойын өзгерткен жоқ. Яғни Қытай өңірдегі ықпалын кеңейтіп, Орталық Азияны уысында ұстауға 30 жыл бойы талпыныс жасап келеді. Украина соғысы сол процесті барынша тездетті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button