#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

Билік пен бұқара арасы ­алшақ па?

Мемлекеттік мекемелердің халықпен ашық жұмыс істеуі, диалог құруы неге дұрыс жолға қойылмайды? Бұл мәселені ел Президенті жыл сайынғы Жолдауында, ­Парламентпен өткізген мәжілістерінде қадау-қадау мәселе ретінде үнемі айтып жүр. Осыған орай, ­«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» немесе «Еститін мемлекет» атты тұжырымдама­лар қабылданғаны елгілі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген ­мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тапқаны белгілі. Яғни билік бұқараға ­барынша жақын болуы керек. Шенеуніктер алдына келген адамға шекесінен қарамай, қайта мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Президент Жолдауында айтылған пікірді, міне, осы екі ауыз сөзге сыйдыруға болады. Содан бері не істелді, не өзгерді? Бүгін осыны саралап көруге тырыстық.

 «Еститін мемлекет» болудың шарты қандай?  

ҚР Конституциясындағы 3-баптың 1-тармағында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп жазылған. 2-тармағында «Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді» делінген. Жалпы, азаматтық қоғам қалыптастырудың алғышарттары, демократияның жария көріністері заңда көрсетілгенмен, іс жүзінде олай болмай тұр. Тұрғындардың жайшылықта ауызша айтқан талап-тілегін, арыз-шағымын мемлекеттік органдар қарастыра алмайды. Бірақ оларды үнемі прокуратура сынды құзырлы органдар тексереді, ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде жазылғандай, ҚР әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына негізделген осы кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың тұрғындармен өзара іс-қимылына азаматтардың өтінішімен жұмыс істеу жүйелілігінің және мемлекеттік органдардың проактивтілігінің болмауы әсер етеді. Халықпен кері байланыс мәселелерін шешу, бұлардың бәрі дұрыс, бірақ жалпы елдегі жағдайға мониторинг жүргізу, проблемалы аймақтарды анықтау маңызды. Елдің ерекшелігін ескере отырып, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін арттыру талап етіледі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл барынша ашық және есепті мемлекетті қалыптастыру. Сондықтан тұжырымдаманы әзірлеу барысында, бірінші кезекте, халықтың пікірі барынша ескерілуі тиіс.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты мақсаты билік пен халық арасында конструктивті диалог орнату болса, қоғамдағы ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел түрде назар аудару – басты басымдықтың бірі. Цифрландыру дәуірінде, электронды Үкімет қарқынды дамып жатқан кезде бұл іс кешеуілдемейтін шығар деген үмітте болғанымыз рас. Тұрғындардың көп бөлігі солай ойлады. Мемлекеттік органдар мен олардың өкілдері, басшылары әлеуметтік желіде өз парақшасын жедел ашып, танымал топтарға тіркеліп, тікелей эфирге жаппай шығуы байқалды. Тікелей эфирдегі кейбір өзекті сауалдарына тұрғындар бірден жауап алған жоқ, мемлекеттік қызметшілер көбіне ресми түрде сұраныс жіберу керегін алға тартты. Жекеге келетін сұрақтар көбіне жауапсыз қалатын. Қатып қалған баспасөз релизін оқып беруді мақсат еткен меморган басшылары халықтың ықыласын емес, ашу-ызасын келтірді. Сенімсіздік күннен-күнге халықты ашындыра түседі. Фейк-аккаунттарда жағымды жазылған комментарийлер мен пікірлердің көбеюі жағдайды ушықтыра түспесе, мәселені оң шеше қойған жоқ. Осылайша, қараптан-қарап отырып көзбояушылыққа ұрындық. Кімді, неге алдаймыз – белгісіз.

Қатып қалған баспасөз релизін оқып беруді мақсат еткен меморган басшылары халықтың ықыласын емес, ашу-ызасын келтірді. Сенімсіздік күннен-күнге халықты ашындыра түседі. Фейк-аккаунттарда жағымды жазылған комментарийлер мен пікірлердің көбеюі жағдайды ушықтыра түспесе, мәселені оң шеше қойған жоқ

Халықтың сұрағын жолдаған редакцияға да меморганнан уақытылы жауап келгенін әлі көрмедім. Бірнеше рет құзырлы органға айтып, жазып жүріп, әрең дегенде орысшадан шала аударылған қысқаша мәтінге зорға дегенде қол жеткізесің. Шындығы солай.

Журналист жауап ала алмаса, өзгелер не істейді?

Қарапайым халық пен құзыретті органдардың арасын жалғайтын, көпшіліктің көкейіндегісін жеткізетін журналистер министрліктердегі, басқармалардағы баспасөз қызметімен қоян-қолтық жұмыс істейді. Алайда дәл қазіргідей баға шарықтап, әлеуметтік мәселелер ушыққан кезде, әсіресе, осы салаға қатысты меморгандардан тұрғындардың зәру сұрағына жауап алу қиын түйінге айналды.

ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда көрсетілгендей, жаңадан орынтаққа жайғасқан лауазымды тұлғалар көмекшілері мен баспасөз хатшыларын конкурссыз-ақ өзі тағайындай алады. Бұл – Мемлекет басшысы айтқан халық мұқтаж болғандықтан қабылданған шешім екені ақиқат. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында айтылғандай, мемлекеттік органдар халықтың үнін еститін жағдайға жету жолында меморгандар да, БАҚ өкілдері де күндіз-түні еңбектеніп жатыр. Тіпті қоғамдағы өзекті проблемаларды, атқарушы органның жылт еткен жақсы ісін, жұмысын жалпақ жұртқа жариялап, жеткізіп отырған да біз.

Ал енді сол мемлекеттік органдарға сауал жолдап, жауабын алу – қиынның қиыны. БАҚ туралы заңда «Бұқаралық ақпарат құралдарының сұрау салуына жауап ұсынбағаны немесе уақытылы жауап ұсынбағаны үшін мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады» делінген.

Мемлекеттік органдардың құлағына алтын сырға, қоғамның келеңсіздігін, кемшілігін айтқан, халықтың сөзін сөйлеген жандардың жанайқайына бейжай, немқұрайды қарауға әсте болмайды

Журналист – қарапайым адамдардың жанайқайын жеткізуші, билік пен халық арасындағы алтын көпір. Заңда жазылғандай, журналист (бұқаралық ақпарат құралының өкiлi) – еңбек қатынасы немесе өзге де шарттық қатынас негiзiнде бұқаралық ақпарат құралы үшiн хабарламалар мен материалдар жинау, оларды өңдеу және әзiрлеу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға.

Күн сайын редакциямызға әртүрлі сұрақпен қала тұрғындары хабарласады. Білімге, тәрбиеге қатысты сауал көп. Осыған орай, министрліктің баспасөз қызметіне WhatsApp желісі арқылы сұрақтарымыз­ға жауап беруін сұрадық. Бір аптадай уақыт министр­ліктен ешқандай жауап болмады. Апта соңында хабарласқанымызда, министрлік өкілі дөрекілік танытып, қатаң дауыспен жауап беріп, телефон тұтқасын қоя салды. Өзім талай жыл мемлекеттік қызметте болғандықтан, мұндай қылық мемлекеттік қызметшіге тән емес екенін де айтып үлгермедім.

Жуырда Facebook желісінде белгілі журналист Гүлбану Абенова осы тақырыпқа сай жанайқайын арнайы пост қылып жариялады. Мемлекеттік органдардың, олардың баспасөз қызметінің халықтың мұң-мұқтажын жазып жүрген журналистердің сауалдарына тіпті назар аудармайтынын ашына жазды:

«Менің жазбаларымды барлық мемлекеттік органдар оқитынын байқаймын. Бәрі де менің байланыс нөмірімді біледі және бірден қоңырау шалып, жауап беруге тырысады, алайда мынаны ескеріңіз. Кәсіби білігі жоқ баспасөз хатшылары сіз басқарған министрлікке көптеген проблема әкелуі әбден мүмкін. Егер баспасөз хатшылары өзінің жұмысы туралы хабарлама алғысы келмесе, мына ережелерді есіңізде ұстаңыз:

* Өз пікірімді білдіру үшін конституциялық құқығымды іске асырамын.

* Менімен қарыз алған адаммен сөйлескендей кейіпте, мысалы, 90-жылдардың басында мен сізден жүз сом қарыз алып, әлі күнге дейін бермей жүргендей көзқарасты мүлде өзгертіңіз.

* Сондай-ақ сіз Нобель сыйлығының лауреаты сияқты менімен ақыл-есі кем жандарға арналған мектептің екінші сыныбындағы балаға сөйлегендей кейіп танытудың қажеті жоқ.

Гүлбану Абенованың министрліктердегі тәжірибесіз баспасөз хатшыларына, SMM мамандарына айтары – осы. Кәсіби журналист ретінде де, адам ретінде де өте дұрыс айтады. Осы қағидаларды білмеген мамандар министрліктерге, мемлекеттік органдарға оң имидж, дұрыс пікір әкелмеуі әбден мүмкін. Өйткені қазір адамдар өте сауатты, ғаламтор мен технология дамыған заманда алты жасар баладан алпыс жасқа дейінгі аралықтағы кез келген адамнан сұрасаңыз, өз құқығын санамалап, сараптап айтып бере алады. Сондықтан мемлекеттік органдардың құлағына алтын сырға, қоғамның келеңсіздігін, кемшілігін айтқан, халықтың сөзін сөйлеген жандардың жанайқайына бейжай, немқұрайды қарауға әсте болмайды.

Халықтың сұрағын жолдаған редакцияға да меморганнан уақытылы жауап келгенін әлі көрмедім. Бірнеше рет құзырлы органға айтып, жазып жүріп, әрең дегенде орысшадан шала аударылған қысқаша мәтінге зорға дегенде қол жеткізесің. Шындығы солай

«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 18-1-бабында «Бұқаралық ақпарат құралы ақпарат иеленушіге ресми хабарға кірмейтін ақпаратты беру туралы сұрау салумен жүгінуге құқылы. Сұрау салуға жауап, егер сұрау салудың өзінде өзгеше көрсетілмесе, ол келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде, келіп түскен сұрау салу нысанында және тілінде ұсынылады» делінген. ҚР Конституциясында айтылғандай, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Сондықтан да мемлекеттiк органдар бұқаралық ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап беріп, қажетті құжатпен, жауаппен қамтамасыз етуге мiндетті.

«Мемлекеттік органдарда жұмыс істеу мәдениетін толық жаңғыртқан жөн» деген Мемлекет басшысының сөзі мына мысалда далаға кеткенмен бірдей. Айта берсе, мұндай мысал көп. Сұрағына ашық жауап ала алмаған тұрғын, әрине, оны әлеуметтік желідегі парақшасында жазады. Қоғамдық пікір қалыптасады. Ол дегенің түрлі әлеуметтік қарсылыққа, меморгандарға деген сенімсіздік жайлаған іс-әрекеттерге жалғасуы әбден мүмкін. Себебі билік тарапынан бұқараға бюрократиялық көзқарас тыйылмай тұр. Мұны әр жиында Мемлекет басшысы сынап айтып жүр.

Электронды үкімет тығырықтан шығара ма?

Бізде бір қуанарлығы сол, «eGov электронды үкімет порталының» жұмысы жақсы жолға қойылған. Ақпараттық-коммуникациялық инновация­лар есебінен мемлекеттік биліктің ел халқымен өзара іс-қимылын жеңілдету үшін әзірленген жоба азаматтар мен мемлекеттің өзара әрекеттестігін ыңғайлы, қарапайым, қолжетімді және түсінікті ету үшін электронды үкімет жұмыс істейді. 17 жылдың ішінде порталға 14 млн қолданушы тіркеліп, 400 миллионнан астам қыз­мет алған. Мемлекет көрсететін қыз­меттерді жеңілдетіп қана қоймай, жемқорлық тәуекелдерін төмендетіп отыр. Азаматтардың өмірін қолайлы ете түскенін атап өту қажет.

«Электронды үкімет жобасы бойынша әлемдегі көшбасшы елдердің қатарына кіріп отырмыз. Онлайн қызметтер көрсету жөнінен алғашқы ондыққа кіреміз. Осы жылдың аяғына дейін электронды негізде смартфон арқылы көрсетілетін мемлекет қызметтерінің үлесін 90 пайызға жеткізу міндеті тұр. Мобильді қосымшаны қазірдің өзінде 3 миллиондай адам қолданып жүр. Бұлардың бәрі – ай сайын оның қызметіне жүгінетін белсенді қолданушылар» деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.

Осыдан он жылдай бұрын, 2012 жылдары «eGov электронды үкімет порталында» мемлекеттік қызметтердің 77 түрі қолжетімді болса, бұл – қазіргі бар қызметтің 11 пайызы ғана. Бүгінде 700-ден астам мемлекеттік қызметті онлайн форматта, яғни телефонмен оңай алуға болады. Енді тек алыс, шалғай жатқан ауылдарды интернетпен, қолжетімді ақпаратпен, құжаттармен қамтамасыз ету мақсатында жұмысты жеделдету Цифрлық даму және аэроғарыш министрлігінің басты міндетіне айналуы тиіс.

Тиімділігін әлі де зерттеу керек шығар, соңғы уақытта «Ашық НҚА» порталында азаматтар заң жобаларын талқылауға да қатысып жүр. Мемлекеттік органдарға қатысты халықта сұрақ көп, бірақ жауап үнемі кешігіп, я түсініксіз тілде келетіні тағы рас. Орысшадан қазақшаға немесе қазақшадан орысшаға шала аударылған мәтін түріндегі мардымсыз жауаптар бұқараның көңілін толтыра алмайды, құрғақ статистикалар қарапайым халықтың не түсінерін білмей дал болады.

Кешегі сайлау кезінде де қаншама депутат халық алдында уәдесін төгіп, сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. «Судың да сұрауы бар», айтылған уәделер орындалуы тиіс. Бұл жолда жергілікті мәслихаттар мен Парламент бірлесіп жұмыс істесе, іс нәтижелі болар еді.

Мемлекеттік органдар қағаз жүзінде болсын, дәстүрлі БАҚ, электронды құралдар түрінде болсын, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, проблемасын шешетін, шын мәнінде, еститін Үкіметке айналуы тиіс. Бұл – қоғам талабы, бүгіннің шындығы.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button