Басты ақпаратЕлорда тынысы

Астананы асқақтатқан Саммиттер

Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы биыл өзінің 25 жылдық тойын тойлайды. Ширек ғасырдан астам уақыт әлемдік тарих үшін қас-қағым сәт! Десек те тұрақты даму жолына түсіп, өркениеттің көшіндегі әлемдік астаналардың қатарына ұмтылған Астана үшін бұл тұтас ғасырға татитын кезең! Осы жылдарда әлемдік деңгейдегі саммиттер мен форумдарды өткізу арқылы біздің елордамыз өзінің есімін жаһандық саясаттың жылнамасына ойып жазды. Бұрын-соңды әлемдік деңгейде мұндай мәртебеге, биік беделге жеткен жоқпыз. Осы саммиттер мен басқосуларға шолу жасайық.

Мәртебемізді өсірген жиын

2010 жылы 1-2 желтоқсанда Астанада ЕҚЫҰ елдері мемлекет басшыларының саммиті өтті. Саммитке 65 елдің делегациясы, соның ішінде 28 мемлекеттің президенттері, 10 елдің үкімет басшылары, сонымен қатар жоғары лауазымды шенеуніктер, халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун, Ресей Федерациясының президенті Дмитрий Медведев, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, Германияның Федералдық канцлері Ангела Меркель, Италия Премьер-минис­трі Сильвио Берлускони болды.

Жаһандық жиында ЕҚЫҰ-ның бірінші өлшемі аясында әлем қауіпсіздігіне баса назар аударылды. Сенім мен қауіпсіздік шараларын нығайту, жаппай қырып-жоятын қару-жарақтар таратуды тоқтату, терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, адам саудасы мен есірткінің заңсыз айналымына қарсы бірлесе күресу мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның экономикалық-экологиялық бағыттағы басымдықтары қаралды. Арал проблемасы да қозғалды. Форумда сөз сөйлеген Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа парадигмасына көшу, яғни ынтымақтастықтың төрт мұхит шекарасындағы – Атлант мұхитынан Тынық мұхитқа және Солтүстік Мұзды мұхитынан Үнді мұхитына дейінгі біртұтас кеңістігін қалыптастыру қажеттігі жөнінде ойын жеткізді. Саммиттің соңында Астана декларациясы қабылданды. Онда саммитке қатысушылар ЕҚЫҰ-ның Хельсинки актісінде, Жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясында, ұйымның өзге де құжаттарында бекітілген міндеттемелерді, қағидаттары мен құндылықтарды қуаттады.

Ядролық қаруға қарсылық форумы

2011 жылы Тәуелсіздік сарайында «Ядросыз әлем үшін» атты халықаралық форум өтті. Жиынға БҰҰ, МАГАТЭ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ, АӨСШК, ЮНЕСКО, ЯСЖТКҰ сияқты беделді де танымал халықаралық ұйымдардың басшылары мен өкілдері, сарапшылар мен ғалымдар жалпы саны 400-ден аса адам қатысты. Форумда Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен ядролық қарусыз әлем туралы декларация қабылданды.

Астана процесі

Қазақстан Сириядағы шиеленістерді реттеуге өз тарапынан мүмкіндігінше мол үлес қосты. Соның айғағы, елордамызда 2017 жылдың қаңтар айынан бастап 8 маңызды кездесу өтті. Астана процесіне Сириядағы жанжалды тоқтату бойынша Ресей, Иран және Түркия делегациялары, Сирия үкіметі мен оппозициясы өкілі, БҰҰ-ның және өзге мүдделі елдердің өкілдері қатысты. Астана осылайша көп жылдар бойы шиеленісіп келген тараптардың басын бір үстелге жинады. Ортақ шешімдер шығаруға ықпал етті. Кепілгер елдер Сирияда 4 деэскалация аймағын құруға уағдаласты.

Беделімізді арттырған басқосу

2017 жылы Астанада Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) ғылым және технологиялар бойынша бірінші саммиті өтті. Қазақстанның бастамасымен күллі ислам әлемінің басы бір жерге тоқайласты. Бұл жиынның маңыздылығы сол, 83 делегацияның 15-ін мемлекет басшылары бастап келді. Кейбір сарапшылар халықаралық маңызы жөнінен ИЫҰ-ның саммитін ЕҚЫҰ-ның саммитінен асып кетпесе, кем түспейтінін бірауыздан мәлімдеді.

Алқалы жиында ғылым мен инновация, ислам әлеміндегі бірлік пен қауіпсіздік мәселелері көтеріліп, барлық тараптардың өкілдері орамды ойларын ортаға салды. Сайып келгенде, Астана саммиті ғылым мен технологиялар саласындағы ахуалды терең түйсініп, дұрыс қорытынды жасауға және пісіп-жетілген мәселелерді шешудің жолдарын айқындауға жол ашты. Саммиттің өтуі 1,5 млрд халқы бар ИЫҰ-на мүше 57 елдің өзінің ғылыми, экономикалық әлеуетін жетілдіруге дайын екенін көрсетті. Саммитке қатысушылар барынша маңызды халықаралық мәселелерді (соның ішінде Мьянмадағы жанжал да бар) ашық талқылап, тиісті есептер қабылдады. Ал Астана декларациясы ислам әлемін дамытуға зор ықпал ететін құнды құжат есебінде ИЫҰ-ның тарихына жазылды.

Халықаралық экономикалық кеңес

Астананы әлемге танытқан ірі халықаралық басқосудың бірі – 2008 жылдан бері өткізілген Астана экономикалық форумы. Нобель сыйлығының иегерлері, әлемнің ең танымал экономистері мен саясаткерлері елордаға жиналып, экономика мен саясаттағы өзекті проблемаларды, оларды шешудің жолдарын талқылап, маңызды қарарлар қабылдады. Астана экономикалық форумы сияқты диалог алаңын құру уақыт үрдісі болды. Әлемдік экономикада соңғы жылдарда үлкен өзгерістер болды. Осы орайда АЭФ аса өткір экономикалық және әлеуметтік маңызды мәселелер талқыланатын бірыңғай тұғырнамаға айналды. Бұл форум бизнес үшін географиялық және ақпараттық шекараларды жеңуге мүмкіндік беретін практикалық құрал болып табылады. Жыл сайын АЭФ әлемнің 80 елінен 5000-нан астам делегат жиналды. 2019 жылға дейін осындай 10 форум өтті.

Туризм – экономиканың қозғаушы күші

2019 жылы 9-12 қазанда елордада Бүкіләлемдік туристік ұйымның (UNWTO) қала туризмі жөнінде VIII жаһандық саммиті өтті. Онда «ақылды» қалаларды дамыту арқылы шаһардың көкейкесті мәселелерін шешу, қаланы басқару, тұрақты даму, инновация­лар мен озық техноло­гияларды енгізу жолдары әңгіме өзегіне айналды. «Біз астанамыз­ды ең үздік 50 туристік шаһардың санатына енуін қалаймыз. Әлбетте, бұл салада бәсекелестік үлкен, түрлі кедергілер бар екені мәлім. Соған қарамастан елорданы туризмді дамытудағы негізгі қала ретінде бекіткіміз келеді» деп мәлімдеді саммитте сол кездегі Үкімет басшысы А.Мамин. Ал Астананың сол кездегі әкімі Алтай Көлгінов 21 жыл ішінде елорданың аумағы мен халқы 3 есе көбейгенін айтты.  «О баста тұрғындар саны 280 мың болса, қазір 1 млн-нан асып кетті. Астана тұрғындарының 70 пайызы, яғни 700 мыңға жуығы – жастар. Соңғы жылдары елорда әкімшілік қаладан іскерлік және туризм орталығына айналды» деді ол.

Астанада кейінгі 10 жыл ішінде туристер мен қонақүйлердің саны 2 есе өскен. Жаңа терминалдың ашылуы жолаушылар ағынын 3,5 есеге ұлғайтқан. Елорда әуежайы жылына 8 млн жолаушыны қабылдауға мүмкіндік береді. 2019 жылы Астана Mastercard компаниясының 200 жаһандық туристік дестинациясының құрамына енді. Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Куала-Лумпур сынды ірі қалалардың халықаралық тәжірибесі қолданылды. Саммитте елордада медициналық туризмді дамытудың әлеуеті жоғары екені айтылды. Мәселен, JSI-ға аккредитациядан өткен 7 ұйымның алтауы елордада орналасқан.

«Орталық Азия – Үндістан» саммиті

2022 жылы 27 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихта алғаш рет өткен «Орталық Азия – Үндістан» атты саммитке қатысты. Жиынға Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди бастамашы болды. Іс-шара онлайн форматта өтті. Көшбасшылар Орталық Азия елдері мен Үндістан арасындағы түрлі салалар бойынша ынтымақтастықты нығайтудың және кеңейтудің келешегін талқылайды. Жиын қорытындысы бойынша «Орталық Азия – Үндістан» атты бірінші саммиттің декларациясы қабылданды.

Үш күнде – үш саммит

2022 жылы Астанада 13-14 қазанда үш ірі халықаралық форум өтті. 13 қазанда – Азиядағы сенім және ынтымақтастық шаралары кеңесінің VI саммиті; 14 қазанда – ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысы және «Орталық Азия – Ресей» саммиті». Басқосуларда әлемдегі геосаяси ахуал, стратегиялық серіктестік, өңіраралық ынтымақтастық мәселелері ашық талқыланып, маңызды құжаттарға қол қойылды. Осылардың ішіндегі екі алқалы жиынға кеңірек тоқталайық.

Азияның болашағы Астанада талқыланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитінде Азияның болашағы, осы ұйымды трансформациялау мәселесі көтерілді. Қазақстан Президенті АӨСШК көпжақты ынтымақтас­тық платформасына және халықаралық заманауи дипломатия институтына айналғанын атап өтті. Ол әлемдегі геосаяси ахуалға айрықша назар аударды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия адамзат өркениетінің дамуына зор үлес қосқанына тоқталды. «ХХІ ғасыр Азия ғасыры болады деген болжам бүгінде шындыққа айналды. Азия номиналды жалпы ішкі өнім мен сатып алу мүмкіндігі бойынша әлемдік экономикалық көшбасшы ретінде мойындалды. Аймақ айтарлықтай адами және табиғи ресурстарға ие. Әлемдегі ең ірі 30 қаланың 21-і Азияда орналасқан. 2030 жылға қарай орта таптың қажетіне жұмсалатын 30 триллион доллардың тек 1 триллион доллары батыс экономикасына тиесілі болмақ. Дегенмен Азияның болашағы мәдениеттер, дәстүрлер мен дүниетанымдар арасындағы диалогты нығайтуға ұжымдық дайындығымызға байланысты. АӨСШК-ті дамыту үшін қабылданған қадамдар осы мақсатқа сай келетініне сенімдімін» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы адами өлшем, адами ресурстарды қорғау және дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі, экологиялық өлшем және АӨСШК-ні жетілдіру мәселелеріне кеңірек тоқталып, Қазақстанның ұстанымын жеткізді.

БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш саммитке қатысушыларға бейнеүндеу жасады. Саммит соңында АӨСШК трансформациясы жөніндегі Астана мәлімдемесі қабылданды.

«Орталық Азия – Ресей» саммиті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен мемлекет басшыларының «Орталық Азия – Ресей» форматындағы алғашқы кездесуі сәтті өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта бүкіл шекара бойында тұрақтылықты сақтап, қауіпсіздікті күшейту өңірдегі ең маңызды міндет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы терроризммен, экстремизммен, қару мен есірткінің заңсыз айналымымен бірлесе күресу, сондай-ақ түрлі гибридті қауіптерге қарсы өзара іс-әрекет мәселелері өзекті екеніне екпін түсірді. Сондай-ақ ол 2021 жылы өңірішілік сауда-саттық  34 пайыз­ға өсіп, 6 миллиард доллардан асқанын осы кездесулер барысында қол жеткізілетін уағдаластықтар алтыжақты ынтымақтастықтың іргетасын нығайтатынына сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев тұрақсыздыққа алып келетін тағы бір фактор – өңірдегі жекелеген елдер арасындағы шекара мәселесінің реттелмеуіне назар аударып, оны шешу үшін өңірлік сараптама алаңын құруды ұсынды. Бұдан бөлек, саммит қатысушыларына Орталық Азия елдері мен Ресейдің экономикалық ынтымақтастығының жаңа моделін әзірлеп, қабылдауға ұсыныс жасады.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button