Басты ақпаратҚоғам

Жастарды қолдау жалғаса береді

Астана жастары кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында жеңілдетілген несие ала алады. Бүгінгі таңда елордада жылдық 2,5 пайызбен шағын несиелеу жүйесі арқылы жас кәсіпкерлерге стартап ашу мүмкіндігі қолжетімді болып отыр. Сонымен қатар жастарды жұмыспен қамту бойынша бірқатар бағдарламалар іске қосылған.

Жас кәсіпкерлерді қолдау, оларды жұмыспен қамту – күн тәртібінен түспейтін мәселелердің бірі. Осы орайда кеше Астана қаласының Жастар сарайында елордалық жастармен кездесу ұйымдастырылып, жастарға шағын несие беру, жұмыспен қамту және «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, 16 жұмыс беруші 300-ге тарта бос жұмыс орнын ұсынды.

Соңғы кезде елордада жас кәсіпкерлерді қолдауға барынша жағдай жасалуда. Оның ішінде жылдық 2,5 пайызбен жеңілдетілген шағын несиелеу тетігінің арқасында жастарға стартап ашу мүмкіндігі қолжетімді.

Елорда жастары кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында жеңілдетілген несие ала алады.

– Шағын несиелер агронесиелік корпорация арқылы жүзеге асырылады. Бұл шағын несие 21 мен 35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Ол конкурс негізінде беріледі. Жеңілдетілген несиенің шарттары: номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыз; несиенің максималды сомасы – 5 млн теңге (кепілдікпен). Мерзімі – 5 жыл. Мал шаруашылығына – 7 жыл, – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жүсіпов.

Өтініш берген кезде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу мерзімі 5 жылдан аспауы керек. Сонымен қатар, микрокредит беру мерзімінің үштен бір бөлігі үшін негізгі борышты өтеу және сыйақы төлеу бойынша жеңілдік кезеңі қарас­тырылған. Міндетті шарт – кепілзаттың болуы. Кепіл ретінде жылжымалы да, жылжымайтын мүлік те қабылданады. Олар болмаған жағдайда, кепіл берушіні тарту көзделеді. Кепіл беруші жастардың ата-анасы, туыстары және басқа да сенімді адамдар болуы мүмкін. Сонымен қатар соңғы екі жылда несие тарихы бойынша 180 күннен артық кешіктірудің болмауы қажет.

Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысы орынбасарының айтуынша, биыл бұл мақсатта 562 микрокредит қызметін алушыға республика бюджетінен 2,8 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ кепілге қойылған мүліктің Астана қаласының аумағында болуы міндетті емес және оны Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тіркеуге болады. Жастарды жұмысқа тарту бойынша Жұмыспен қамту орталығы «Қоғамдық жұмыстар», «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» секілді жұмысқа орналастыру бағдарламаларының талаптарымен де таныстырды.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ елордадағы филиалы директорының несиелеу жөніндегі орынбасары Олжас Баймаханов микрокредит алу үшін өтініш беруші бірнеше құжат тапсыруы керек екенін атап өтті.

– Өтініш беруші алдымен, жеке басын растайтын куәлігі мен бизнес жоспарын тапсыруы қажет. Содан соң оның жеке шоты бар екенін растайтын банк анықтамасы болуы керек. Егер өтініш беруші азаматтың атында несиелер болған жағдайда, несие берешегінің, оның ішінде мерзімі өткен берешегінің бар немесе жоқ екені туралы анықтама талап етіледі. Өтініш беруші жұмыс істейтін азамат болса, онда жалақысы мен басқа да табысын растайтын құжатты көрсетуі керек. Сондай-ақ кепілге берілген мүлікті бағалау туралы есеп және басқа да құжаттар болуы қажет, – деді Олжас Баймаханов.

Жиын барысында «Студенттік құрылыс және жастар отрядтарының республикалық қозғалысы» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Асылбек Әбдірәшитов елордада «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының ХIX еңбек маусымы бастау алғанын айтып, жұмыс істеуге қызығушылық танытқан жастарды мемлекеттік бағдарламаға қатысуға шақырды. Биыл 4200 жасөспірім мен жастарды жұмыспен қамту көзделген. Олардың қатарында жасы 14-тен асқан мектеп оқушылары, студенттер, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары, 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар да бар.

Жастарды жұмыспен қамтуда кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жұмыссыз жастарға 273 бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңкеге 910 жұмыссыз жас қатысты. 16 жұмыс берушінің қатарында «Қазпошта» АҚ, «Jusan Bank» АҚ, «Retro Retail» ЖШС және қалалық Полиция департаменті, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері қатысып, мекемелер жұмыс іздеп жүрген азаматтарға ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізіп, түйіндемесін қабылдады. Осылайша елордалық жастар бірнеше жұмыс берушілермен бір жерде тікелей сөйлесуге тамаша мүмкіндік алды.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button