Басты ақпаратРухани жаңғыру

«Сол домбыра Парижде» – 2

(Соңы. Басы газетіміздің №117 санында)

Тілегеннің бір баласы, сырқаттау әйелі бар екен. Өзі етік тігеді, онысына ақшаға қоса бөлке нан алады. Тілеуің бергір Тілеген біз бейшараларды үйіне бір ай сақтады. Ес жидық. Әкем сұрастыра жүріп бір татар саудагерінің Белағаштағы 100 қой, 13 сиырын бағуға жалданды. Бірақ шешек шығып, сол жылы шешем қайтыс болды. Өзіме тете інім де дүние салды. 3 ай мал бағып, жалғыз үй отыра алмай, Семейге қайта оралдық. Әкем етік тігеді. Мен болсам он жеті-он сегізге ілігіп қалдым. Кәсіп, жұмыс іздеуге кірістім. Бәрінен де тіл білмейтінім қиынға соқты. Сөйтіп жүргенде орыс-қытай қоғамының «Китай» кемесіне кочегар болып жұмысқа орналастым. Қазақша түсінетін келбетті, зор денелі орыс жігіті үйден киім-кешегімді алдырып каютадан жатын орын берді. Күн ыстық еді. Кешкі сағат тоғызда сменаға келдім. Бір жігіт жұмыс жағдайын түсіндіріп өтті. «Қазанның оттығына күрекпен көмір лақтырғанды білермін» деп қоямын ішімнен. Кемеміз Өскеменге өрлей тартып жүріп келеді. Сөйтсем, бүлдіріп қойыппын,– қазанның оттығына көмірді төпеп салып толтырып тастаппын.
Тез тазалауға бұйрық берді. Жан ұшыра қимылдаппын. Бір заматта ыстықтан ұшып жығылып палубада, самалда жатқанымды бір-ақ білдім.

Кеме Өскеменде бір тәулік тұрды. Мен болсам жұмысқа жаттыға бердім. Сонан соң Зайсанға бардық. Жоқ, үйреніп қалдым. Сөйтіп екі тәуліктен кейін Семейге қайта оралдық-ау.
Кемеде жүріп көп жерді көріп қалғандаймын. Өскемен, Зайсан, Түмен арқылы Обьта да жүздік. Барнаул, Омбы қалаларында болдық. Бір жолы кемеміз Барнаулда қыстап қалды. Мен басқа кемеге ауыстым. Қойшы әйтеуір, кемелерде кочегар болып төрт-бес жыл жұмыс істедім. Таныс та, жақын да көбейді. Орысша тілді де жақсы үйреніп алдым. Обьта жүрген бір сапарымда империалистік соғыстың басталғанын естідім. Соғыс қызу жүріп жатқан шақта мен «Прокофьев-Плещеев» деген үлкен кемеде кочегар болдым. Өзі Омбы-Семей аралығында жолаушы таситын. Сонда жүргенде матростардан «большевик», «Ленин» деген сөздерді естідім.
Қазақтан майдандағы окопқа солдат жинайтын атақты 1916 жыл келді. Сұлу киінетін, сүйріктей бозбала шағым ғой. Серілік құрғандаймын, өлең айтамын, домбыра шертемін. Жинала қалсақ, қыз-келіншегі бар үйге барып қымыз сапыртамыз, ән салып, сауық құрамыз.
Кемеміз сапардан қайта Семейге бір-екі тәулік аялдайды. Өзі үлкен кеме, бір сапарда 500 солдат, 1000 жолаушы алғанын ұмытқам жоқ. Сол кемеміз түн қараңғылығымен жүргелі тұрған-ды.
Жол жүрердің алдында серуен құру салтым еді, кешкісін бір көшеден өтіп бара жатып ашық терезеден естілген гармонь дауысына бұрыла бердім. Үйдің есігін ашсам, үш-төрт жігіт және бір-екі қыз сауық құрып отыр екен.
– Кеш жарық!
– Ешкің арық. Төрлет, жігітім!
Жайдары жандардың ыс­тық ықыласын таныған соң дас­тар­қанға жайғастым. Үдере құйыл­ған үш-төрт кесе қымызды тастап алдым. Тағы ән, тағы гармонь. Екі-үш ән салдым. Сөйтіп отырып, қымызды сіміре берсек керек, үй иесі әйелдің «қымыз таусылды» деген сөзін естідік.
– Сені бізге Құдай айдап кездес­тірген болар, тоя қымыз ішетін бір үй тауып алайық, бізбен бірге жүр, – деп жігіттер мені қақпалап сүйрей жөнелді.
– Ол заманда Семейде не көп, қымызшы көп. Бір көшені айналмай, әлгі жігіттер әлдекімнің қақпасын қағып-қағып жіберді. Қараңғы, терезеден шам жарығы саңлау беріп есік ашылды.
– Қымыз ішеміз.
– Жоғары төрлетіңдер!
Жайғаса келе білдім, үй иесі әйелдің ері ертеректе өлген екен. Өзінің бойжеткен қызы бар.
Дастарқан жайылды. Ал іш, тағы іш! Домбырада тыным болған жоқ. Әлгі жігіттер таң ата рұқсат сұрап, өз жайларына кетті. Мен сол үйде қонып қалдым.

 

ӘМІРЕ

Семейдегі сол кездегі үлкен кәсіпорынның бірі – Затонға барып кеме-қайық жөндеуші, балташы болып жұмысқа орналастым. Кешікпей, үй-ішімізбен сонда барып тұрақты қоныс тептік.
«Патша тақтан түсіпті» деген хабар Семей көшелеріне құйындай жүйткіп тарады. Қызыл ту ұстап біздер, Затон жұмысшылары да көшеге шықтық. Семей пролетариаты ояз бен губернаторды тұтқынға алды.
Затонда жеті үй – Қояныштағай, Әліпбай, Сәттібай, Төкебек деген жігіттердің үйі бар. Атам баласы болып сыйласып, тату тұрып жаттық. Соның ішінде Төкебек жас жігіт, сауда-саттық жасап, өзінің әлденіп келе жатқан беті бар еді. Бір күні сол Төкебек Семей барып қайтып, мені шақыртты.
– Семейде бір үйден асқан әнші жігітті көрдім. Шамасы, өзің құралпы жас жігіт, ал бірақ көмейі қара қазаққа бітпеген әнші ме деп ойладым, – деді Төкебек маған. Әлгі әншіні бір көрсем деп ынтықтым да қалдым. Төкебек те уәдесін желге жібермейтін жігіт еді, екі күннен кейін әншімен таныстырам деп Семейге мені бірге ала кетті. Орта бойлы, үлкен көз сары жігіт, гармонь мен домбыраны кезек ауыстырып ән салды. Семей қазағының бірсыпырасы осы үйден табылғандай екен, әншіні ошара қоршап алып тамашалап отыр. «Екі жирен», «Ағаш аяқ», «Сырғақты», «Жиырма бес» – Сарыарқаның небір асқақ әсем әндері әншінің кең көмейінен басқаға ұқсамас, қайталанбас бояу-ырғағымен судай сорғалап жатыр. Оның бір тамаша ерекшелігі, бірден биікке самғайды, содан аз тыныс алады да, әннің нақыш-өрнегімен тыңдау­шысын рахат дүниесіне жетектей жөнеледі. Сол күні Төкебек екеуміз әншіні қолқа салып, ауылға алып қайттық. Биязы тігілген, қонымды қоңыр мақпал шапаны бар, қамзол-шалбары бойына тым жарасып тұр. Дене бітімі ірі емес, бірақ аузы үлкендеу, еріндері қалың, әлгі әнші – Әміре адамға тым үйірсек жігіт екен. Қалжың-күлкіге әуес, ашық-жарқын отырады. Шешесі біздің елдің Кернейінің қызы болып шықты. Жиен келді деп Затондағы 7-8 қояныштағай үйлерінде ес қалған жоқ. Бар мәзірімізді дастарқанға төгіп бақсақ керек. Тіпті бүкіл Затон халқы қасылықты бір театр келгендей есік пен төрімізді керіп кетті. Шолпысын сылдыратқан қыз-келіншек, әнге әуес бозбала мұнша көп болар ма? Жайшылықта пеш түбінен шықпайтын кәрі-құртаңдардың өзі Әміренің әнін естиміз деп намаздарын қаза ғып жүрді.
Әміре қымыз ішуге гәп жігіт екен. Бір отырыста дәм алмай 12 кесе қымыз ішкенін көрдім. Екеу­міз жасты, бір жыл туған төл екенбіз. Құрдастық, нағашылы-жиендік бізді тым жақындастырып, қатты қалжыңдасатын жайға апарды.
– Ертелі-кеш ән айтып қарныңды жел алып кеткен шығар деп ойлап едім, – қымыз жұтысыңа қарағанда олай емес болды ғой, – дедім Әміреге сол дастарқанның үстінде қалжыңдап.
– Жиеніңнің әр нәрседен өнері бар, тіршілік болса әлі талай көре жатарсың, нағашы, – деп қойды Әміре маған қуланып.
Семей өңірінің қазағы бауырсақты тым тәтті пісіреді, қамырын ашытпайды ма, жұмыртқа қосып, бармақ басындай ғана шапатылап кесіп пісіреді. Қайсыбір түнемелі қымыздың уыты қазіргі шарабыңнан кем түспейді. – Асқа араның ашылып, дастарқанға қасқырдай тиесің. Сондай сәттерде Әміренің 16-17 бауырсақты аузына бір-ақ салып шайнағанын көріп жүрдім. Соған орай мойны да ұзын, кеңірдегі де кең әнші жаңағының бәрін түгел толғап бір-ақ жұта салатын-ды.
– Ойпыр-ай, жиен-ай, мына аузыңмен Семейдегі аз үй нағашыларыңның дастарқанын тез түгесіп тастайтын болдың ғой, – деп Әмірені әжуалайтын едім.
Сол сапарында Әміре біздің ауылда 15 күн болды. Өзі білетін әннің көбін естідік. Қазақ әнін былай қойғанда, гармоньмен татар жырларын тамаша орындаушы еді. Жоғарыдағы айтқан әндерден бөлек: «Қарға», «Шіркін-ай», «Баянауыл», «Қос барабан», «Екі жирен», «Дудар», «Қызыл бидай» – бұлардың бәрін ол басқа әншілерге ұқсамайтын Әміренің өзіне тән иықтылықпен, шырқауын да, ­баяуын да асқан ұсталықпен айтар еді. Әміре сол жолы маған «біздікіне барайық» деп жатып жабысты. Төкебектің Семейде оқып жүрген баласы екеуміз әншіні апарып салатын болдық. Семейдегі шет көшелерінің біріндегі үлкен қоңыр шатырлы үйге ат басын тіредік. Әміренің бұйрығы солай болды. Түтін-тұрмысқа түзу үйлердің бірі екен, Әміренің үйі деп қалып, орныға отырып жаттық. Қазан асылды, дастарқан жасалып, қымыз-шараптар қатарласа қойылды. Әннің де, әзілдің де дүкені құрылды. Көп отырдық.
– Жоқ, сендер кетпейсіңдер – енді біздің үйге барамыз, – дейді Әміре жиналып жатқан бізге.
Сол жылғы қыста қалың түсіп еді. Қаланың шетіндегі таудай үйілген бір күресінге келе бере Әміре шананы тоқтаттырды. Үйілген қардың арасынан салынған соқпақтан сүйретіле басып белі бүгіліп кеткен қызыл көз кемпір шықты да:
– Ой, қарағым, Әмірежан-ай, бізді тастап қайда кеттің, – деп дауыс айтып баласын бас салды.
– Жылама, ана! Әміре жай жүрмейді, – ол шешесінің басын көтеріп бізді нұсқады, былай қарашы өзің, бір қора төркініңе кездесіп мына екеуін артымнан ерте келіп тұрмын. Қалың қар басқан, жер кепе екен – өзі бір-ақ бөлме. Төрдегі ескі, қоңыр ағаш төсекте дене бітімі бір қауым болып біреу жатыр – әкесі Қашаубай төсек тартып ауырып жатыр деп естігенбіз-ді. Қашаубай біздің дабырымызбен бері аунап түсті. Ұлын көргенде жылап жіберді.
– Даусыңды сағынып қалдым, бір ән салып жіберші, – деп өтінді баласынан ол. Бел шешіп үлгермеген Әміре тізе бүкпестен гармонды алып «Екі жиренді» шырқай жөнелді.
Қашаубай алпамсадай денелі кісі еді. Әміренің дауысы шыққаннан кейін әнді төсектен басын көтеріп отырып тыңдады. Бәйбішесі болса белін бір жазбай қазан қамдауға кірісті. Олжай дегенде Әміренің Бәтима деген туған апасы болды. Немере, шөбере жағы баршылық еді. Соның ішінде Исабек деген Әміренің немере туысы – саудадан бірқыдыру сома құраған кісі. Ертеректе Әмірені саудаға бейімдемекке біраз әурелеп әннен басқаға басқысы жоқ болған соң іргесін аулақ әкетіпті. Шынында мен білетін Әміре жоқпын, кедеймін деген емес, – қалтасына тиын тұрмайтын жігіттің өзі еді. Әміренің шешесі бауырмал кісі екен – жөн сұрап, төркін жағы болған соң ес-тұсы қалмай қуанды. Жүрерде Әміреге бас-көз болып келіп тұруымызды өтінді.
– Жалғызға деп Алланың өзі аяп берген бір сыйы шығар-ау, Құдай енді оны сол ән-сауығынан айырмасын. Сөйтсе де баламызға жұрт қолқасы көбейіп кетті, шырақтарым, бірдеңеге кезігіп ұрынып кете ме деп шал екеуміз қатты қауіп илеп отырамыз, – деп шын сырын айтты шешесі қоштасарда.
Осыдан кейін мен Әміремен 7-8 жыл жақын жолдас, қимас дос болып жүрдім. Қайда ойын, қайда шілдехана, той – соның бәрінде де жұрт қалаулысы – Әміре. Шаршау-шалдығу деген онда болмайды. Біреу бір әнді қолқалап сұраса бәлденуді білген емес – шырқап жөнеледі.
Қазір әркім Әміренің дауысын Манарбекке ұқсас еді дегенді айтады. Мен білетін Әміренің дауысы Манарбектен әлдеқайда екпінді, тегеурінді, шоқтығы биік, сәл жуан­дау әрі зор, бірақ сүйкімді еді. Манарбек те тынысы кең әнші ғой. Ал Әміре болса әнді онан екпінділеу шырқайтын-ды.
Семейдің Әміре бастаған сауық­қой жастары жиын-тойға жинал­ған едік. Әміре елді өз аузына қаратып, жұрт ынтасын құрта бермей мен сияқты домбыра шертетін, әләуләйі бар «жаяу» әншілерді тыңдауды ерсі көрмейтін.
Әкесі Қашаубай қарт сол жылы сырқаттан оңалмай дүние салды. Туыс-жақынын былай қойғанда Әміренің нағашы жұрты атанған біздер әкесі марқұмды қолымыздан қойған едік.

МАЙРА

Жетпісбай деген кісі Семейдегі сауықшыл адамның бірі еді. Әміремен біз сол үйге жиі келіп, ән салып, сауық құрып жүрдік. 1922 жылдың жазы болар. Сол Жетпісбайдың үйі­не жиналып думандатып отырғанымызда әлдекімнің: – Әбілмәжін Керекуден әйел әкеліпті, – өзі асқан сұлу, кереметтей әнші екен, – деген сөзін естідік. Дүйсенбінің Әбілмәжінді деген кесек денелі, бірде жығарлық білегі бар балуан, сері жігіттің бірі еді. Той-думанда жиі тоқайласып, әңгіме-дүкен құрысып жүрген жігітіміздің бірі. Мына жаңалықты естіген соң отырған жігіттер тағат таппай, қоқырақтаса қозғалып кеттік. Қайырлы болсын айтпаққа және сәлем бермекке (Әбілмәжіннің жасы бізден үлкен еді) Әміре, балуан Шәкіман, сері жігіт Елубай, әнші Бекбергеннің Қалиы, Жетпісбайдың өз баласы Абдолла (бұл да әнші) – барлығымыз жұп жазбастан Әбілмәжіннің үйіне келдік. Әбілмәжін – менің қарындасым барған Төлубектерге аталас адам, – «құдалар кеп қалды» деп үй іші тік көтеріле қарсы алды.
Қыз-келіншектер арасында жасы сол кезде 25-26-лар шамасында ұзын бойлы, бидай өңді, қыр мұрын, ашаңдау келген келіншек отыр. Өзі бізге тағзым етіп иіле қарсы алды. Біз төрге жайғасқан соң барып орнына отырды. Басында бос салған жібек шәлісі, оның ішінде торғын орамалы, бақай етек көйлек, сыртында оқамен көмкерілген жеңсіз қазекейі бар. Той бастар жоралғысы, әрине төрде отырған бізде болды. Мен, Қали, Абдолла – сонан кейін барып Әміре әр алуан әнді бірқыдыру етіп шырқап тастадық. Байқап отырмыз, келіншек Әміре ән шырқаған шақта ұйып тыңдап қалыпты. Ән үзіле, аз-кем отырыстан кейін барып тіл қатты:
– Семейде Әміре деген әнші ағамыз бар деп естуші едік. Енді міне өз дидарыңызды көріп, бір жасап қалдым, рақмет, ағажан, – деді.
Қазаққа сол заманда бітпеген келіншектің ашық жарқындығына біз де разы болып қалдық.
– Исі қазақ Керекуді Семейден бөле-жарып көрген жоқ. Жатсынбай, жатырқамай тыңдасаң, ән-күйден іркіліп жатқан біз жоқ. Өзіңді көріп Керекудің керім иық әншісінің бірі болар деп шамалаймын. Енді өз лебізіңізді тыңдасақ, – деді Әміре де келіншекке қолқа салып.
Отырған көп қыздың бірі гармонь әкеліп, келіншектің қолына ұстатты. Қайда, шіркін, гармонь сайрап кетті! Мақпал дауысын сыз­дықтата көтеріп « Қанапия» әнін шырқай жөнелді.
Бұрын-соңды мұндай сырлы-сазды, сұңғыла әйел дауысын естіп көрмеген біздер ән әуеніне жығыла елтіп, рахат дүниесіне бір кенелдік. Келіншек «Қанапиядан» соң «Сырымбетті», онан «Ғазизді» – бес-алты ауыз ән салып берді. Бұл әндердің баршасын да ол гармонға сүйемелдеп, жанды жай таптырар жұмсақ, қоңыр мақпал үнімен орындады. Асығу-сасу онда жоқ, – ән­­нің қайырмасын қайтарып ал­­ғаннан кейін кезекті гармонға беріп аз тыныстай қалды.
– Бәсе, Керекулік, көрім иық жеңгеміздің осындай өнері болса керекті, – деп Әміре өзінің ашық, әзілқой мінезіне бағып разылығын білдіріп жатты.
– Семейдің еркегі болмаса әйелінен жас жеңгемізге шақ келері тіпті жоқ, – деді Әміре.
– Бұл кісінің өзі шығарған «Майра» атты бір әні бар. Сендер, сірә, сұрауға батпай отырған шығарсыздар-ау, – бұл кісінің өз аты да Майра, – деп Әбілмәжін келіншектің естілмеген әніне баршамызды ынтықтыра түсті.
Майра баяу да байыпты қимылмен гармонын алып, біз естіп-білмеген бір әнді бастай жөнелді. Тап сол жерде Майраның атақты «Майрасы» жайма қоңыр өз дауысымен Семей аспанына тұңғыш рет қалықтай көтерілді.
«Қызы едім мен Уәлидің атым Майра»…
Керекулік келіншектің асқан әнші ғана емес, ақындық-композиторлық өнерден де құралақан емес екеніне ден қойдық.
«Ілесер маған сонда жігіт қайда?»
Әннің осынау бір сөзін естігенде Әміре шайқалақтап, жан-жағына қарап қозғалақтап қойды. Керекулік келіншектің биік өнеріне селбесе аларлық жігіт іздеп қиналғандай. Арқаның асқақ әншісі Әміре өзін әсте артық санап, пандық көрсетпейтін. «Мына Майраға сен, тек сен ғана ілесесің, Әміре». – Біз баршамыз Майраның «Майрасын» тыңдап отырғанда тек осындай ойда отырдық.
Әннің өзгеше әсем қоңырлығы, әуені мен дыбыс, ырғағының сонылығы – Майраның өз орындауында кереметтей естілуші еді. Біз енді әнді үйреніп алмаққа Майраға бірнеше мәрте қайталаттық. Әміре және біз – барша әншілер әнді домбыра, гармоньға салып жағалай айтып өттік. Сөзін қағазға жазып алдық. Әміре «Майра» әнін тез жаттап, қолма-қол бірнеше қайталап орындап берді. Майра болса Әміренің әншілік алғырлығына қайран қалды.
– Әміре сияқты әншісін тапқан менің «Майрамда» енді не арман болсын, тіпті баршаңызға көп рақмет, – деп алғысын айтып жат­ты.
Әміре «Майраны» Әміреше, өзіндік үн-бояумен, тым шебер орындады. Бекбергеннің Қалиы да керім әншінің бірі еді, – бірақ сол кеште ол Майра мен Әміреге көмекші болып жай отырды.
– Майра жеңгей, мына әніңізді енді бүкіл сахара іліп әкетеді. – Сәті болса кешікпей Өскемен-Зайсан барып, ондағы елге бұл әнді өз аузымнан үйретемін. Тіпті Жамбек екеуміз бүгін-ертең жүріп кетсек те болар еді, – деп Әміре маған қарап қойды.
– Күйеу келсе қыз дайын, ақыры баратын болсақ бүгін-ертең дейтіні жоқ, – осы бүгін кетейік, – дедім мен де жедеқабыл.
– Жүр, кеттік ендеше!
Әміре гармонын құшақтай көтеріле берді.
– Жарайсыңдар, жігіттер! Сұ­раған жанға сәлем айтындар, – Майра да, Әбілмәжін де қуана орындарынан тұрып бізді шығарып салды.
Тап сол күні таңғы кемемен Әміре екеуміз Өскеменге тартып отырдық. Өскемен – Зайсан менің кемемен көп кезіп жүргенде дәм-тұзын мол татқан жерім. Дос­-жаран, сауықшыл жігіттер көп. Әміренің «Майрасын» Өскемендегілер ауыздарының суы құри тыңдады. Әні мынадай болғанда, өзі қандай болды екен шіркін, шын періштенің өзі шығар-ау! – десті жұрт.
Майраның керім иық сұлу әйел екенін, өзінің таяуда Әбілмәжін деген балуан жігітке тұрмысқа шыққанын айттық.
Өскеменде үш күн болдық. Сол үш күнде Әміреде жақ жабу болмаған шығар. Әмірені тыңдаймыз деп Өскеменнің кәрі-жасы біз отырған үйдің бәрін ошарып жатты. Әнге бейім жігіттер, қыз-келіншектер «Майраның» сөзін жазып жаттап, үйреніп жатты. Ән Алтайға тез тарады.
Зайсан жағына кемемен бара алмадық. Ән десе ішкен асын жерге қоятын Құсайын деген жігіт болушы еді. Сол Құсайын­ға телеграмма бердік. Хабарды естісімен Құсайын Өскеменге сарт етті. Жүріп кеттік.
Күздің ұзақ таңында, шіркін-ау деймін сонда, бізде бір шаршап-шалдығу болсайшы! Зайсан – шағын қала. Құсайынның үйі сол күндерден әнге ынтық адамдарға таң бір театрдай қаптап кетті, жұрт «Майраны» үйренуге ынтызар. Әміре екеуміз бір аптада Семейге сол сапардан әрең деп қайта оралдық. «Майрамен» Алтай еліне саяхаттап, дегенімізге жетіп қайттық. Ән Алтайдың небір алыс ауылына дейін шыр­қалып кеткенін келгендерден естіп-біліп қуанып жүрдік.
Әміре екеумізді Майра қонақ етіп, әңгімемізді үздіге тыңдады.
Кешікпей Әбілмәжін Майраның шешесі мен әкесі Уәлиді Керекуден Семейге алдырды. Бірақ әкесі сырқаттанып жүрсе керек, – сол жылдың қысында қайтыс болды. Ақ жуып арулап, Уәли шалды қолымыздан қойдық.
Майра болса Семейдің жиын-тойына жиі барып ән шыр­қап жүрді. Бірақ сол тойдың артынан Майраға деген өсек-аяң қап-қап айтылды. Ара-ағайынның сөзі қандай, қайран әншіні тоғыз саққа жүгіртіп, Әбілмәжінге жеткізе берген.
Сөйтсек әлгі өсек-аяң Майра сор­лының шымбайына шын батып жүрген екен. Жаз шығысымен шешесін қасына алып, кемемен Керекуге тартып отырды. Ұрыс-керіс дегенді білмейді екен. Әбілмәжіннен бас бостандығын қолқалап рұқсат алған, балуанның өз аузынан естіп білдік.
– Ұрысқан боларсың? – дейміз біз оған сенбей.
– Аузымнан айырылайын, – дейді Әбілмәжін.
Мұнан кейінгі болған жиын-тойларда ән-жырдың піріндей болған Майраның орны толмай ойсырап тұратын еді.
Қайран Майра!

ПАРИЖДЕ ҚАЛҒАН ДОМБЫРА

Өлең-жырға үйірсек Семей жұртында домбырасыз үй кемде-кем шығар. Сол жиырмасыншы жылдары менің қолымнан жасалып шыққан көлем-тұрқы шағын домбыра екі үйдің бірінде кездесе беретін. Сонда күніне екі домбыра жасап тартып жүрдім десем, мына Жамбек мақтанып отыр дейсіңдер-ау. Бірақ солай болғаны рас.
Мен жасайтын домбыра қазіргі жұртқа тарап жүрген фабрикалық домбыралардан өзгеше. Ұзындығы бір кезден (70 см) аспайды. 9-10 пернеден артық өзіне перне тағылмайды. Соған қарамай ән мен күйге бірдей бесаспап болып шығар еді.
Мен жасаған домбыраны Әміре сүйсіне тартатын. Өз қолымнан өзіне арнап әлденеше домбыра жасап бердім, – сындыра ма, жоғалта ма, – әйтеуір ұзақ ұстамайтын еді.
1925 жылдың жазы. Бір күні Затондағы біздің үйге Әміре келді.
– Парижге – Францияға барамын, нағашы. Домбыраңды маған бер, – деп жатып жабысты. Қалтасынан алып бүктеулі қағазын ұсынды. РСФСР ағарту халық комиссары А.В.Луначарскийдің телеграммасы еді, – Парижге баратыны шын болып шықты.
– Ойпыр-ай, мына Қашаубайдың жаман баласына Мәскеудің қызыға қолқа салуын-ай! Семейдің көшесінен аспаған әнді енді Париж бен Мәскеу тыңдайтын болды-ау, – деп қалжыңдадым сол арада Әміреге.
Саусақ тисе жөнелетін сарғыш лакпен боялған, өзімнің қолтума шешен домбырам бар еді.
– Жиен, мына қолқаның жөні бір басқа болды. Париж бен Мәскеуден ұят болар, берсем берейін, – дедім. – Және қайтып келген соң өз қолыма аман-есен тапсыратын боласың, – дедім.
– Әй, Жамбек, оң саусағың аман болса әлі осындай жүз домбыра жасап алмайсың ба? Бір кез қарағайды ұзақ жолға аттанып бара жатқан жиеніңе басын бүтін қия­сың, – деп Әміре қиылып тағы сөйледі.
– Е, әкең Қашаубай Әміремді домбырамен жабдықтап тұрғайсың деп өлерінде маған тапсырған жоқ еді ғой сені. Бергенімнің бірісің бір, екісін екі шыдатпайсың. Енді келіп бір қаралық домбырама қармақ салып отырсың, – дедім мен де қарап қалмай.
– Жарар енді, нағашы, нар жолында жүк қалмайды. Мен де бір өтермін осы жақсылығыңды, – деп Әміре сөзін айтып жатты.
Сол домбыра Әміремен бірге Парижге кетті.
Әмірелер Мәскеуде Үлкен театр­да концерт берді. Оны бір газеттен оқыдық. Қазақ әншісі Әміре, башқұрт қурайшысы Исенбаев, өзбек бишісі Тамара ханум, Советтің этнографиялық ансамблі Париж сахнасында 9 рет концерт қойған. Елге қайтарда Париждегілер Әміренің қолындағы домбырасын музейге экспонат етіп қоюға қоярда-қоймай сұрап алып қалыпты.
– Жанымды қоймады. Қолқа салып жармасты. Қазақ халқынан бір ескерткіш болсын деген соң тастамасқа лажым қалмады, – деген еді сол сапардан қайтқан Әміре маған.
– Әміре өзі 1920 жылы үйленді. Семейдің ауасы жақпай келіншегі жиі сырқаттана беретін. Қойшы, 1926 жылы республика үкіметі шақыртып, Әмірені Қызылорда театрына алып кетті.
– Енді сол домбыра, Жәке ес­тідіңіз бе, қазір сол Париж музейінде бар ма екен сірә? – деп сұраймыз ғой біз.
– Оны кім білсін, – дейді Жәкең қинала отырып. – Сонау бір жылдары жігіттердің туристік сапармен Парижге барып, Әміренің домбырасын музейден көрдік дегенді естігенім бар. Бірақ сенер-сенбесімді білмеймін.
Жәкеңе сөз бере берсек таусылмас тарих, сарқылмас дария. Жәкең өз заманында Жарылғап­берліні көрген, Қажымұқан па­луанды да төңіректеген, Исамен бірге жүрген.1924 жылы Затондағы жұмысшылар атынан атаман Аненковқа болған атақты сот процесіне, Семейдің кеме жұмысшыларының большевиктік ұйым­дарына қатысқан. Сөйтіп өзі 1920 жылы партияға мүше болған. Партиялық жолдамамен советтік Лениногордың іргетасын қаласқан. Қызылжар элеваторында, Қарағандыда ұзақ жыл жұмыс істеді. Тіпті 1930 жылы Ақтоғайдың іргетасын көтерушінің бірі де – осы Жәкең. Сөйткен адамның дербес пенсия ала алмай жүргеніне қайранбыз. Ол түгілі кей жылдары отын-судан да қағажу қалып қоятын кездерін көресің.
83 жастағы Жамбек Балғабаев – бір кезде бүкіл Париж бен Мәскеуді тамсантқан атақты домбыраның авторы!

Смағұл ЫБЫРАЙ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button