Sport

СПОРТҚА АРБАЛҒАН САЙЫПҚЫРАН

IMG_55531

Қазақстан Республикасының Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі агенттігі 8-9 мамыр күндері «Астана Арена» стадионында шағын футболдан БАҚ арасында көрнекті қаламгер әрі қоғам қайраткері Сейдахмет Бердіқұловты еске түсіруге арналған дәстүрлі республикалық турнир өткізеді. Айтулы жарысқа Қазақстандағы барлық орталық және аймақтық БАҚ командалары шақырылып отыр.

Сейдахмет Бердіқұловтың (1933-1994) шығармашылыққа толы өмірі бейбітшілік елшісіне баланған ізгілікті сала – спортқа арбалып өтті. Қазақстан спорт журналистикасының негізін қалаған ұлы мэтрдің шығармалары отандық публицистиканың үздік туындыларына айналды.

Сейдахмет аға өзінің «спорттық жазбаларын» өткен ғасырдың 50-60-ыншы жылдары «Лениншіл жас» газетінде бастады. Қатардағы спорт шолушысы болған талантты қаламгер кейіннен ұзақ жылдар осы басылымның бас редакторы болып жемісті еңбек етті. Сондай-ақ, «Жалын» баспасы мен «Қазақстан пионері» газетінде басшы болып, жастар мен балалар әдебиетінің өркендеуіне өзіндік үлесін қосты.

Сейдахмет Бердіқұлов спорт сиқырына ерекше арбалған қаламгер болғаны – ақиқат. Әсіресе, қазақ спортшыларының жетістіктерін ерекше екпінмен жазатын еді. Сол арқылы сан мыңдаған оқырманның жүрегінде намыс отын маздатып, сан мыңдаған баланың көкейінде арман алауын жақты.

Сан қырлы спорттың сырын ұққан сайыпқыран қаламгер үшін футболдың орны бөлек еді. Ол футболдың нағыз жанкүйері болды. Сол спортқа деген адалдығы мен футболға деген сүйіспеншілігі арқасында КСРО спорт журналистері делегациясы сапында екі бірдей әлем чемпионатына қатысты. 1966 жылы Англияда және 1970 жылы Мексикада өткен әлем біріншіліктері туралы жазған көптеген мақалалары, очерктері және кітаптары қалың оқырманның олжасына айналды.

1994 жылдан бері елімізде үздік спорт журналистеріне Сейдахмет Бердіқұл атындағы сыйлық беріліп келеді. Көрнекті спорт қаламгері атындағы сыйлықты әр жылдарда бүгінде есімі елге танымал журналис­тер – Несіп Жүнісбай, Қыдырбек Рысбекұлы, Ғалым Сүлеймен, Юрий Лифинцев, Диас Ахметшәріп, Рабат Жәнібек, Телжан Күдеров, Галина Полевая, Валерий Ильин, Дастан Кенжалин, Павел Цыбулин, Мәди Манатбек, Төлеубек Қадырмолда және басқалары ие болды.

Сонымен 8-9 мамыр күндері еліміздің ең басты футбол алаңы – «Астана Арена» стадионында журналистер қауымы сайысқа түседі. Ойындар сағат 10.00-де басталады.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ,
С. Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты

 

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button