Басты ақпаратМәдениет

«СҰЛТАН БЕЙБАРЫС» – САХНАДАҒЫ БІР БАРЫС

Алдағы күзде көрермен қауыммен жүз он екінші рет жүздесетін М. Горький атындағы академиялық орыс драма театры осы күні қазақы қойылымдармен байып, іріленіп һәм түрленіп келеді.

Құланды қыпшақ даласынан құба қыпшақтың қаласына барған «Бейбарыс сұлтан»

Елордалық осы театр өз елімізде ғана емес, шет елдерде де кең танымал. Петербордағы театр байқауында бірнеше рет жүлде алып қайтты. Қытай, Ұлыбритания, Италия, Оңтүстік Корея, Польша мен Ресейдегі байқауларға Қазақстан атынан қатысты. Өткен жылы күзде Дағыстан астанасы Мақашқалада Қара теңіз бен Каспий аймағы және Солтүстік Кавказ елдері драма театрларының фестивалі өтті. Оған бізден басқа Ресейдің он екі театры һәм Израйль мен Германия келді. Сол жолғы Халықаралық ІІІ фестивальде өзіміздің орыс театрымыз М.Булгаковтың «Мастер и Маргаритасына» қол соқтырып, «Астана – космос!» деген қошемет арқалап қайтқан. Бұған дейін Бертольд Брехтың «Крах третьего рейха» спектаклі «Әлемдік классикалық туындыларды меңгергені үшін» аталымы бойынша жүлде алды.

Тараздағы театр додасында «Ұлттық драматургияны игергені үшін» Әлімбек Оразбековтің «Одинокая яблоня» және Рахымжан Отарбаевтың «Султан Бейбарс» пьесасының қойылымы жоғары бағаланды.

Анау жылдары мәдениет жанашырлары «орыс театрлары қазақ тақырыпты дүниелерді неге қолға алмайды?» деген мәселе көтерген. Бұлар әуелде жүре тыңдады ма, әлде жүрексінді ме, ә дегенде іліп әкете қоймаған. Дегенмен, көп күттірген жоқ, Алматы мен Астана көш бастады. Елордалық ең көне театр 2009 жылы нау рыз айында қаламгер Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан» пьесасын сахналады. Өткен күзде, 111-маусымның шымылдығын осы қойылыммен ашты. Бұл спектакль Астана мәдениетінің қазынасын еселеп, орыстілді көрерменнің бір тынысын кеңейтті. Ал, өздеріне Еуропаға жаңа, жарқын жол салды. Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Венгрияға өнер сапарымен барды. Құланды қыпшақтың даласынан құба қыпшақтың қаласында түркі текті дешті қыпшақ қандасы, Жайықта туған Жамақ баласы, құлдан сұлтан шығып, алыстағы араб елінде тақ иесі дәрежесіне жеткен әл-Мәлік аз-Зәкір Рух-ад-дин Бейбарыс әл- Бундукдари әл-Салихли туралы аңыз желісті ақиқатты айтып қайтты. Спектакль қарашаның 15-і күні Сольнок қаласындағы Аба Новак мәдени орталығының сахнасында қойылды. «Қанына тартпағанның қары сынсын», спектакльді елдің түкпір-түкпірінен жеткен құба қыпшақтар, Мемлекеттік хатшы Михай Варга мен Мәдениет министрі Геза Соч бастаған ресми өкілдер де келіп, тамашалады. Венгрияда оқитын қазақ жастарымен иықтасып, іргедегі елдерге көшіп кеткен қазақстандықтар да отырды.

Театрдың бұл сапары «қанға сіңген» қашанғы гастроль емес-ті! Дешті қыпшақтың бірі Ұрымда, бірі Қырымда ғұмыр кешкен ұлдарының бір тұяғы Арабтың елін басқарғаны хақында Венгриядағы қандастарға сахна тілімен танытуды мақсат етті. Оның тарихи мәніне ден қойған Астана қаласы әкімдігінің ықпалы ерекше. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Венгриядағы Елшісі Рашит Ибраев пен Қазақстандағы Венгрия Елшісі Имре Ласлоцки зор қолдау жасады.

Спектакльдің мәтінін венгр тіліне Елшінің жұбайы Валентина Ласлоцкая аударып, қыпшақ балаларын баурап, бауырластырды. Ойын, әрине, орысша өтті. Ал, егер қазақша қойылса, тілмәшсыз-ақ түсінгендей еді. Өйткені, көнеден көнермей келе жатқан бес жүз сөздің қазақ пен венгр тіліндегі айтылуы да, мағынасы да жойылмаған.

Екі жұртта да ежелгі қыпшақ дәстүрінің нышаны әлі бар. Яс-Надькун-Сольнок облыстық Ассамблеясының төрағасы Шандор Ковачтың қазақшасы мүлтіксіз.

Венгрлердің қазақша сөйлеуі осы күнде таң емес. Бұдан қырық алты жыл бұрын, 1965 жылы Торғайға қазақ пен венгрдің түр-сипатын зерделеуге келген антрополог Тибор Тот туыстан кейін ат шалдырғандардың қарасы аз емес. Араға бір мүшел салып, 1977 жылы елімізге қазақ, қырғыз және татар тілдерін таза меңгерген Иштван Қоңыр Мандоки келді. Ол өзі бұрынғы құман (қыпшақ) тілін тірілтуге көп еңбектенді. Айтпақшы, тарихшылар Бейбарыс бабамыздың сусынды қазақы тостағанмен ішіп, өмір бойы тек қыпшақ тілінде сөйлеп өткенін айтады. Ал, 1970 жылдардың соңында Башқұрт Мемлекеттік университетінің аспирантурасын тауысқан түркітанушы Йожеф Торма қазақ тілін өте жетік игерген. Қазақстанға алғашқы Елші болып келген ол «Ана тілі» газетіне Жүсіп Торма деп қол қойып, қазақша ғылыми мақала жазып тұрды. Күні кеше, 2003 жылдың күзінде құба қыпшақтың және бір баласы Бенко Михай фольклорлық және лингвистикалық деректерді сараптай келе, өз мемлекетінің Хунгария деп аталуы «Ғұн» деген сөзден шыққан деген тұжырымға келген. Дәуіт Қара, тіпті, көмеймен жыр төгеді. Міне, қыпшақ тектілердің бір тұяғы осындай. Арғы-бергі заманғы қыпшақтың рухын, қыпшақтың даңқын мойындаған актерлар спектакльдің соңында Көк Туды желбіретіп «Менің Қазақстанымды» шырқады. Әнұранды тік тұрып бір кісідей қол соғып тыңдаған көрерменнің шарасына шық тұнды. Қарсақ қаласына барғанда мұражайға шаңырақ пен ұлттық киімдерді тарту етті. Будапешті аралап, өзі Алматыда, «Кеңсайда» жатқан Қоңыр Мандокидің ескерткішіне гүл қойды. Қарсақтың мэрі Шандор Фазекаш актерларға Қазақстанның тәуелсіздігін 1991 жылғы желтоқсанның 21-інде таныған Венгрияға қыпшақ рухын қондырып кеткені үшін алғыс айтып, өзінің де бір бабасы Бейбарыстың даңқына бас иді.

 «Көкелеген» даусы көкке жетті, өзі табандылығымен таққа жетті

 Бейбарыс сұлтан жайында тәуелсіздіктен кейін ғана шым-шымдап тани бастадық. Қарапайым қалың елді қойғанда, қағаз-қалам, жазу-сызу танымының төңірегінде жүргендердің дені дендеп білген жоқ. Герольд Бельгер өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін Бейбарыс турасынан бейхабар болғанын айтады. «Морис Симашконың «Емшан» повесін оқып, қатты таңғалдым. Жусан исі аңқыған осы шығармадан кейін «Сұлтан Бейбарыс» фильмі шықты. Кейінірек, 2003 жылы Бекет Қарашиннің «Бейбарыс: дәуір және тұлға» деп аталатын зерттеуі қолыма түсті. Сонсоң «Казахстанская правда» газетінде Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Сұлтан Бейбарыс» деген, етектей, танымдық мақаласы жарық көрді» деп еске алады.

Ал, бұл кезде Бейбарыс сұлтан туралы араб әлемінің төрт құбыласы түгел хабардар-ды. Сирияда Сұлтан Бейбарыс туралы тарихи телехикая түсірілген. Ол бірнеше тілдерге аударылып, таралды. Әл-Мәлік аз-Зәкір Рух- ад-дин Бейбарыс әл-Бундукдари әл-Салихли Сұлтан Сирия мен Мысыр елдерінің тарихи тұлғасы ретінде қарастырылған кітаптар әлі де жазылып, жарыққа шығып жатыр. Арабтар мен халифаттар тарихының білгірі И. М. Фильштинский Бейбарыстың әуелі Сириядағы әскери мектепте оқығаннан кейін, мәмлүк жасақтарына жазылғанын, әл-Мансур деген жерде болған алғашқы шайқаста-ақ ол ерлігімен көзге түскенін хатқа жазып кеткен.

…Араб елінде сонау 1271 жылдан бастап исламның сопылық бағытқа көшуіне байланысты, әскерге түріктің ұлдары іріктелініп алына бастады. Солардың бірегейі Бейбарыс 1250 жылы қаңтар айында Әл-Мансур қаласы түбінде француз королі-крестші IX Людовикке қарсы шайқаста мәмлүк әскерін басқарды. Аюби әулетінен шыққан сұлтандардың үлкен-үлкен үш қаласын тартып алып, оларды Сирия жеріне қия бастыртпаған, осы күнгі гүлденген араб дүниесінің бір бастауында Бейбарыс тұрған. Сол уақытта крестшілер мен моңғолдарды жеңгені үшін айтылған «Бейбарыс сұлтан» әңгімесі араб ауыз әдебиетінің жауһарына айналған. Египет тарихында ислам заңына сәйкес төрт сатыдан тұратын қазылар соты тұңғыш рет бекіді.

Мысырда тарихи әдебиет дамып, Алтын Ордамен байланыс жолға қойылды. Түркі халықтарының тарихи-географиялық мәліметтерін толық түзген энциклопедиялар пайда болды. Бейбарыстың өмір- дерегіне арнап жазған хатшысы Абд-аз-Захирдің тарихи еңбегі дүниеге келді. Бейбарыс сұлтан Араб әлемін билеген тұста арабтардың саяси-мәдени жүйесі, әскери стратегиялық соғыс қимылы, өнері ерекше дамыды. Мысырдың түркі текті қыпшақ сұлтаны ел ырысы үшін егін шаруашылығын өркендетіп, суландыру жүйелеріне дейін қалпына келтіртті. Қыпшақ текті көптеген әскербасыларға Сирия мен Египеттен жер бөліп берілген. Әл-Искандария яғни Александрия, Дамиетта, Әл-Қаһира секілді қалалары ірі-ірі сауда орталығына айналып, Венеция Сицилия, Генуя, Индия, Орта Азияның сауда керуендері мен кемелері келіп тұрды.

Бейбарыстың есімі 786—809 жылдары өмір сүрген халифа һарун ар-Рашид секілді аңызға айналды. Бейбарыс жайлы риуайаттарда оның бұқара үшін жасаған қайырымдылығы мен қарапайымдылығы жыр етілген.

Араб халқы шығарған Бейбарыс жайлы аңыздар, қисса, әңгімелер өте көп. Бейбарыспен тұстас қыпшақ батырының хатшысы әрі оның ғұмырнамасын жазған Мухий ад-Дин ибн Әбд аз-Захир, кейін 1362—1442 жылдары ғұмыр кешкен тарихшы-шежірешілер әл-Мақризи мен одан көш кейін, 1409—1470 жылдары жасаған Ибн Тагрибердилер мол мағлұмат қалдырған. Көп жыл Египетте өмір сүрген ағылшын шығыстанушысы Э.У. Лэйн «Каир каласында отызға жуық қиссашылар бар деседі. Олардың бәрі де тек «аз-Захирдің» («Сират аз-Захир» немесе «ас-Сира аз-Захирийа») ғұмырнамасы атты шығарманы жатқа айтады» деп кеткен. Египеттің осы заманғы, 1889 жылы туып, 1975 жылға дейін келген тамаша ғалымы, классик жазушысы Таха Хуссейн «Аййам» («Күндер») деп аталатын өмірбаяндық жазбаларында бала кезінде өзінің ең көп естігені Бей- барыс батыр жайлы риуайаттар еді деп еске алады.

Бейбарыс заманында өмір сүрген тарихшы Вильгельм Тайпольский де оған: «Бейбарыс— жауынгерлігі жағынан Гай Юлий Цезарьмен терезесі тең тұратын қаһарман» деп бағалаған. Осылардың бір нұсқасын шығыстанушы В. Н. Кирпиченко араб тілінен орысшаға тәржімалап, 1975 жылы Мәскеуде басып шығарған.

Солайша, аласапыран ХІІ ғасырда есін білер-білмес, елең-алаң шағында Жайық жағасынан моңғол шапқыншылары «көкелеген» да- усын көкке жеткізе шырқыратып алып кеткен бала өсе келе, Еги- пет пен Сирия сұлтандарының ішінде ең атақтысы, ең сыйлысы болды. Иә, «жақсы – ай мен күндей, әлемге бірдей» екені рас. Дегенмен, Египетті 1260 пен 1277 жылдар аралығында 17 жыл билеп, Мәмлүк мемлекетінің төртінші сұлтаны болған баһадүр баба туралы айтып, насихаттаудың шегіне жеткен жоқпыз. Мақала, монография сипатты зерттеулер ғылым әлемі үшін аса құнды. Дегенмен, бұқараның бағытұстары ретінде танып, арқатұтар тұлға туралы бұқаралық насихат шаралары кемдеу. «Бейбарыс сұлтан» фильмінің қатарына сахнадағы «сыңары» туды. Жазушы Рахымжан Отарбаевтың орыс театры қойып жатқан пьесасы – «араб аспан болғанда, қыпшақ – жұлдыз» ғана сынды спектакль…

Алтын таққа, атақ-даңққа айырбастамас бір түп жусан…

Мысырда мәдениет пен сәулет өнерін дамытуға ерекше мән берген Бейбарыс мешіт-медреселерді салдырғанда қазақы ою-өрнектерді араластырып, араб мәдени әлемінде тосын да, айрықша сәулет өнерінің негізін қалаған. Оның алдындағы Салахаддин тұсындағы, одан кейінгі Аяидтер тұсында сәулет өнерінде мұндай сипат мүлде басқа болған. Соның бірі – Мысырдың астанасы Каирдағы 700 жылдан бері келе жатқан Сұлтан Әз-Захир Бейбарыс мешіті. 2005 жылы еліміз осы мешітті жаңғыртуды қолға алғаны – қиырдағы Каирдағы баба мұрасын сақтауға ниет қойғаны. Мешіттің мәрмәрдан жасалған 180 бағанасы, имам-шейхтардың жеке-жеке оты- ратын бөлмесі мен түрлі мінәжат бөлмелері бар.

Ал, Сирия астанасы Дамаск қаласында салдырған үлкен медресесі де қазір халыққа жақсы таныс. Тарихи кешенде дәрісхана, кітапхана, мұрағат пен Бейбарыс сұлтан және оның ұлының қабірханасы орналасқан. Тарихшы ғалымдар кешеннің ішінде орналасқан кітапханада кезінде 205 мыңға дейін кітап қоры болғанын алға тартуда. Онда Платон мен Аристотельдің кітаптарынан бастап, араб ғалымдарының кітаптары болған. Мұндай кітапхана сол кезде өркениеттің шыңына шыққан мемлекеттерде болмағаны анық. Бейбарыс сұлтан билік құрған тұста нақыштарды сақтауға баса мән берілді. Сәулет өнерінде күн және түн деген мағынаны білдіретін ақ және қара жолақ Бейбарыс сұлтан билік құрғанда араб елдеріне кеңінен тарады. Сондай-ақ, тарихи- мәдени кешеннің есіктері алтынмен апталып, сыртына қазақтың қымыз ішетін тостағаны мен барыс бей- неленген.

Египет сұлтаны болып жарияланған кезде әл-Мәлік әз-Заһир Руки-әд-Дүние вә-д-Дин Бейбарыс әл-Бундукдари әл-Салихи деген есіммен таққа отырады.

Спектакльде Тәңірберді деген атпен қауырсын қалам ұстаған шежіре түзуші Бейбарысқа таққа отырғанын мәлім етіп, есіміне құрмет белгісі ретінде қосымша жалғанатын, араб әлеміне сай Әл-Мәлік аз-Зәкір Рух-ад-дин Бей- барыс әл-Бундукдари әл-Салихи құрметті есімін естігенде: «Мынау бір бұйдаға тізілген керуендегі іркес-тіркес түйелердей екен. Бұдан гөрі менің анам айтатын жалғыз ғана «Бейбарыс» деген атыма не жетеді» деген толқынысы сөз ойнатудың шебері Рахымжанның өз көкейінен қайнап шыққанын танисың. «Бейбарыстың Бейбарыс екені рас болса, шағалалы Жайықты сағынған Жамақ баласы қанына тартып, шамырқанғанда дәл осылай айтқан-ақ шығар» дегенге сүйеген болар. Осы арада анасының аруағы алыстағы араб жеріне жетіп елден, жерден шалғай кеткен жетімегімен тілдеседі. Бұл – кіндігі туған елінен қыл елі ажырамағанын танытады.

Шаңырақ, уық, керегенің қадірін ұлдары Саид пен Ахметтің, жары Тәж-Бақытқа танытқаны – жазушының аңызды ақиқатқа сүйеп айтқысы келген Бейбарыстың ішкі сағынышы.

Осы спектакльдің жұмыр түзілгенін сахналық көріністердің жинақылығынан танисың. Бейбарыстың араб әлеміне жасаған игіліктерінің бәрін Тәңірбердінің тізіп, түзіп отырғаны жалқы сөзден көрінеді. Сондай-ақ, Бейбарыстың жолына көлденең қойылған көреалмаушылықты да жалт еткен көріністер жақсы айқындайды.

…Араб еліне айқассыз берілу туралы сәлемді алып келген Моңғол елшісінің бірінен сонау заманда өзін ұрлап кеткен шапқыншыны таниды. Араб әлемі үшін мәмлүктерден артып ешкім еңбек сіңірмегенін осы спектакльді көкірегі сәулелі көрермен көкейіне тоқып үлгерді.

Ал, Бейбарыс осыншама атақ-даңқ пен аса зор билік әлеуетіне ие бола отырса да, оның жүрегін сыздатқан қыпшақ даласы есінен бір сәтке шыққан емес. Ол сұлтандық билікке қол жеткізген кезде қыпшақ жерлері моңғол ханы Берке Құлағу билеп отырған Алтын Орданың иелігінде еді. Бейбарыс оларға әуелі достық ниетті хат жіберді. Бұл 1262 жыл еді. Р. Отарбаевтың пьсасында дәл осы көрініс айрықша назарға тар- тылады. Хатшысына хат жаздыртқан Бейбарыстың іші сағыныштан ала- улап жусан, қымыз, қос бұрымды, қарақат көз қыздар, қайыңның

безіндей, емендей берік жігіттер мен болат тұяқты жылқыларды аңсағаны анық-ақ қой. Хатқа қосып сардалаға сартап сағынышын жолдайды, Сағынышы – бір түп жусан еді… Елшісін аттандырады. Бұл кезде өзі Мысырды «мың бір түн ертегісіндей» гүлдендіріп жатқан кезі еді. «Жан тартпаса да, қан тартқанының» белгісі, Беркеден жауап келгенде айрықша елеңдегені осыдан-дүр…

Алтын Орда Елшісін өзі қабылдап, сұратқанын сұрайды. Он екі түйеге артқан асыл тастар, ат басы алтын мен тайтұяқ алтын, гауһар, інжу, ақық, меруерттің бірде-бірі қажет емес. Олардың мың пұты бір түп жусанға жетпейді…

Екатеринбургтің Мемлекеттік театр институтының түлегі Денис Анников басты рольдің бағын да, бабын да табуға тырысқан. Жат елде жан теңгермей сұлтан болған, тақта отырып даласын аңсаған, ат басы алтынға емес, бір түп жусанға ділгір болған Бейбарыстың іші-бауырын сыздатқан сартап сағынышты толғап-толғап, жусан иіскеп, шер тарқатқан сәті ойнап жүрген емес, шындап жүргенін көресің…

Осы туындының авторы қабырғалы қаламгер Рахымжан Отарбаевтың «Шер», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры», «Қараша қаздар қайтқанда», «Дауысыңды естідім», «Отверженный мир» атты прозалық жинақтары шыққан. Республикалық және шетел театрларында сахналанған «Бейбарыс сұлтан», «Бас», «Нашақор жайлы новелла», «Нұржауған- ғұмыр», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» сынды пьесалары қойылып жүр.

Соның ішінде М. Горький атындағы орыс драма театры қойған «Сұлтан Бейбарыс» спектаклін Астана қалалық Мәдениет басқармасы Әдебиет және өнер саласындағы Қазақстан Республикасының 2012 жылғы Мемлекеттік сыйлығына Музыка, театр және кино секциясы бойынша ұсынды. Шығарманы сахналаған авторлық ұжым Еркін Қасенов, Қанат Мақсұтов, Денис Анников, Владимир Иваненко сынды азаматтардың еңбегі айрықша. Әрине, талай жылғы театрдың орны әрдайым өзгеше. Дегенмен, олардың театр өнеріндегі еңбегін ресми түрде танып, бағалау деген сөз. Целиноград, Ақмола кезінен бері сахнасы суып көрмеген кәсіпқой театр академиялық деңгейіне Астана тұсында, Қазақстанның тәуелсіздігінің 20 жылдығы тұсында қол жеткізді. Оған орыс театры репертуарының тек орыс және әлемдік классика ғана емес, соңғы кезде ұлттық тақырыптағы туындыларды игере бастағаны айтарлықтай ықпал етті. Театрдың бұлайша түрленуіне театрдың директоры һәм көркемдік жетекшісі Еркін Қасенов дем берді. Талайлаған театр додасында жүлде алып келген спектакльдердің режиссері Қанат Мақсұтовтың шеберлігі осы жолы айқын танылды. Ол спектакльдің тарихи сипатын ашуда көп еңбектенді.

Айтпақшы, бұл спектакль осы күнге дейін қосымша рольдерде ойнап келген Денис Анниковтың бағын ашты. Оған Бейбарысты сеніп тапсырды. Кейіпкердің сан қырын санаулы уақыт ішіне сыйғызып алып шықты. Көпшілік риза. Ал, алпыс жыл бойы «аттан түспей» келе жатқан театрдың абызы Владимир Иваненко Хуанның бейнесін асқан шеберлікпен, көп жылғы тәжірибенің қырымен де, жүзімен де ойнап жүріп, көрерменнің көз алдында қалды.

Тоқсан ауыз сөзді түйіп айтқанда, сахнаның барысына айналып келе жатқан «Сұлтан Бейбарыстың» бабы да, бағыты да – биіктік!

Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button