Ел тынысы

Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетті   

Биылғы көктем көптеген қиындықтармен келді. Кібісе жылында Қазақстанның Батыс, Солтүстіктегі аймақтарын бұрын-соңды болмаған топан су басты. Қарғын судан зардап шеккендер аз емес. Қазақстандықтар, жергілікті кәсіпкерлер, ірі компаниялар, қарапайым азаматтар, оқу орындары ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқыны салдарынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетуге шақырғанын құп алып, жұдырықтай жұмылып, қолдан келген көмегін көрсетуде.

– Отандық бизнестің барлық өкілдерін осы жауапты сәтте шетте қалмауға және адамдарға көмек қолын созуға шақырамын. Табиғи апаттан зардап шеккен барлық тұрғындар мен өңірлерге барынша қолдау көрсету қажет. Бүгінде бұл бәріміз үшін ортақ міндет, – деді Мемлекет басшысы. Осыған орай Maqsut Narikbayev University Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, қиын жағдайға тап болғандарға алғашқылардың қатарында көмек көрсетті. Университет ұжымы табиғи апаттан зардап шеккендерге материалдық және қаржылық көмекті ұсынды, су тасқынынан зардап шеккендерге арналған қайырымдылық қорларына қомақты қаражат бөлді. MNU студенттері қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырып, Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп, Қостанай және Атырау өңірлеріне гуманитарлық көмек жіберді. Сондай-ақ университет су тасқынынан зардап шеккен студенттерді оқыту үшін 10 грант бөлуге ниетті. Грант иегерлеріне қосымша қолдау көрсету мақсатында Студентер үйінен кезектен тыс орын бөлу туралы ұсынысты қолдап отыр. Университетте су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек жинау алдағы уақытта жалғасады. Президент айтқанындай, су тасқыны болған өңірлердегі азаматтардың шығындарын өтеу үшін мемлекет тарапынан барлық тиісті шаралар қабылданатын болады, себебі әлі де қауіп сейілген жоқ.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button