Басты ақпарат

Тәуелсіздік – ұлттың ең ұлы мұраты

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына ­арналған салтанатты жиында сөз сөйледі.

[smartslider3 slider=1447]

 

Құрметті отандастар!

Ардақты ағайын!

     Баршаңызды қастерлі Тәуелсіздігіміздің мерейлі белесімен шын жүректен құттықтаймын! Біз осыдан отыз жыл бұрын бабалар арманын ақиқатқа айналдырдық. Жаңа Қазақ мемлекеті құрылғанын дүние жүзіне паш етіп, Тәуелсіздігімізді жарияладық. Бірнеше ғасырдан бері үзіліп қалған дербес мемлекеттілік дәстүрімізді қайта жалғадық.

Шын мәнінде, егемендік – елдің бәріне бұйыра бермейтін бақ. Әлемде сан миллион халқы болғанымен, ұлтарақтай жері жоқ қаншама ұлт бар. Ал, қазақтың пешенесіне өз мемлекетін құру бақыты жазылды. Бұл – ұлы бақыт, ұлттың бақыты! Бұдан асқан қуаныш, бұдан биік мәртебе бар ма?!

Тәуелсіздік – ең қасиетті, қастерлі құндылығымыз, ең басты байлығымыз. Халқымыз егемендіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінеді. Өйткені, біз азаттықтың құны қандай екенін жақсы білеміз.

Бостандық жолында талай батырларымыз құрбан болды. Қаншама қиын күндер басымыздан өтті. Бірақ, халқымыз барлық сынақты қайыспай көтерді. Тағдыр тауқыметі ұлтымыздың жүрегінен азаттық рухын өшіре алмады. Қазақтың қайсар ұл-қыздары қашанда елді бостандыққа үндеп, жігерін жани білді.

Біздің мемлекеттілік тарихымыз көне заманнан бастау алады. Бір кезде бөрілі байрақ көтерген көк түріктер мәңгі ел болуға ұмтылды.

Күлтегін мен Білге қаған туралы тастағы жазулар тарихымыздың тереңдігін танытады. Батыр бабаларымыз бүкіл Еуразияда ат ойнатқан қуатты мемлекеттер құрды. Сайын далада теңдесі жоқ көшпелілер өркениетін қалыптастырды. Алып құрлықтың саяси-экономикалық даму барысына орасан зор ықпалын тигізді. Олар ұрпаққа асқақ рухын және өр намысын мирас етті. Баға жетпес мәдени мұрасы мен жауһар жәдігерлерін табыстады.

Алтын Орда орта ғасырдағы алып мемлекет ретінде белгілі. Қазақ халқы осы ұлық ұлыстың тікелей мұрагері болып саналады. Одан кейін тарих төріне Қазақ хандығы шықты. Қазіргі таңда Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәукенің Жеті жарғысын білмейтін қазақ кемде-кем.

Мемлекеттілігіміздің берік тұғыры болған дала заңдары ел жадында сақталып, бүгінгі күнге дейін жетті. Төл тарихымыздағы ең күрделі сәттерде халқымыз жұдырықтай жұмыла білді. Бұланты, Орбұлақ және Аңырақай шайқастары – осының айқын дәлелі.

Қазақтың елдік жолындағы ерлігі отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық қозғалыстарда айқын көрінді. Алаш арыстары дербес мемлекет құру үшін жанын пида етті. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ел азаматтары майдан даласында ерлікпен шайқасты. Кеңес заманында зиялыларымыз тіліміз бен ділімізді сақтап қалу үшін аянбай еңбек етті.

Алпысыншы жылдарда төл мәдениетіміз ерекше дамып, қазақ әдебиетінде таланттар шоғыры қалыптасты, бірегей туындылар дүниеге келді. Көркем шығармалар ұрпақ санасын оятып, жақсылыққа жетелейтін тәрбие құралына айналды. Кешегі Желтоқсан қаһармандары Тәуелсіздікті бір табан жақындатқаны анық.

Асқар тау алыстаған сайын асқақ көрінеді. Біздің бабаларымыз қазақтың дербес мемлекет құрып, еркін өмір сүруге құқылы екенін тарих алдында дәлелдеді. Осылайша, мыңжылдықтар тоғысатын тұста азаттық туы көгімізде желбіреді.

Ұлттың ең ұлы мұраты – Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сол сәттен бастап Қазақ елінің ұлы көші болашаққа бет түзеді. Халқымыз өз мемлекетін құруға кірісті. Бұл – тарихи әділдіктің орнауы.

Мүлдем жаңа геосаяси ахуалда мемлекет құру оңай шаруа емес, нағыз көшбасшының ғана қолынан келетін іс. Ең күрделі, бұлыңғыр кезеңде
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай дара тұлға тарих төріне шықты. Анығын айтқанда, Тәуелсіздік шежіресі Елбасының қолымен жазылды.

1991 жылы 1 желтоқсанда халқымыз оған бірауыздан дауыс беріп, сенім мандатын тапсырды. Ал, 16 желтоқсанда Президент Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заңға қол қойды. Ақиқатын айтсақ, бұл халқымыздың тарихындағы ең қуанышты әрі бақытты сәт болды. Сол сәттен Қазақ елінің жаңа дәуірі – Тәуелсіздік тарихы басталды. 17 желтоқсанда Елбасы Алматыдағы алаңға келіп, елдің ортасына шықты. Тұңғыш Президент «Халқымыздың билігі толық өз қолына тиді. Азат күн туды» деп халықтан сүйінші сұрады. Оның тебіреніске толы сол сөзі жұрттың жадында жатталып қалды.

Бәлкім, бүгін бәрі оңай көрінер. Тіпті, кейбір адамдар Тәуелсіздіктің құндылығын жете түсінбеуі мүмкін. Ал, аға буын оның қандай қиындықпен келгенін жақсы біледі. Тарихи күндердің әрбір минутын тек Елбасы ғана жан-жүрегімен сезініп, басынан өткерген деп айтсақ, артық емес. Тұңғыш Президент өзінің бір сұхбатында азаттықтың алғашқы әсерін еске алғаны бар. Онда: «Жұрттың бәрі мәз-мейрам болып жатты. Менің де қуанышымда шек жоқ еді. Бірақ, қатты қобалжыдым. Өйткені, әрі қарай не боларына алаңдаулы едім» деген болатын. Бұл – шүбәсіз ақиқат. Елбасы айтқандай, «Тәуелсіздікті алу бір басқа, оны сақтап қалу бір басқа».

Президенттің алдында жаңа мемлекет құру міндеті тұрды. Бірақ, сонымен қоса өзіне сенім артқан халқын қиындықтан алып шығуы керек болды. Елдегі сан түрлі мәселені шешудің басты жауапкершілігі Мемлекет басшысына жүктелді. Соның бәрін Тұңғыш Президентіміз абыроймен еңсере білді. Түптеп келгенде, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқымыздың ұлы перзенті екенін өз еңбегі арқылы толық дәлелдеді. Жұртымыз оның дара басшылығымен кедергінің бәрінен сүрінбей өтті.

Бүгінгі мерейлі мемлекетіміз – Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі, көзсіз ерлігінің жеңісі! Ол Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған тұлға ретінде әлем тарихынан мәңгі орын алады. Тұңғыш Президентіміз – жаһан жұртының алдында ұлт мүддесін қорғай білген көреген саясаткер. Қиыннан қиыстырып, тосын шешімдер қабылдай алатын жасампаз реформатор. Осындай бірегей қасиеттің бәрі бойына тоғысқан біртуар тұлғасы бар қазақ – бақытты халық!

Мемлекет басшысы өз сөзінде Тәуелсіздік күні бұл біздің мемлекеттілік үшін көпғасырлық күресіміздің нәтижесі, халқымыздың кемел келешекке ұмтылысының айқын көрінісі болып табылатын ұлық мереке екенін атап өтті. Президент тәуелсіздіктің бізге кездейсоқ келмегенін, біреудің сыйға тарта салмағанына тоқталды. Тәуелсіздік құндылықтары көптеген жүзжылдықтарға созылған ұлттық тарихымыздың тезінен өтіп, аңсап-армандап қана қоймай, ұлы күреспен жеткенін айтты. Президенттің пайымдауынша, қазақ халқы мемлекеттілік құру идеясына мұқияттылықпен қарады, өйткені азат елі бар ұлт, тарихи тұрғыдан келгенде, табысты ұлт. Ол өзінің даму жолын таңдауға әрқашан құқылы. Осынау құнды қағидат бірнеше мәрте тарихта дәлелденді.

Президент бүгінгі таңда еліміздің жеткен жетістіктері алдын ала анықталмағанын, болжанбағанын қадап айтты. Ол 30 жыл бұрын, тәуелсіздік жолын таңдаған мемлекеттің жағдайы оңай болмағанына тоқталды. Әсіресе, экономика тығырыққа тіреліп, әлеуметтік сала қожырап жатқанын мысалға келтірді. Оған қоса, геосаяси ахуал және әлемдік нарықтардан сырт қалғаны сенімсіздік ұялатты. Шекарамыз шегенделмей, заңдық тұрғыдан реттелмеген мәселелер көп болатынына тоқталды. Ал қазір Елбасының стратегиялық идеялары мен саяси ерік-жігерінің арқасында еліміз сол қиындықтардың барлығынан өтіп, тұрақты дамудың жолына түскенін айтты. Тәуелсіздік алған оң, барлық салаларда өсу, өркендеу үрдісі кең қанат жайғанын тілге тиек етті.

Тәуелсіздіктің отыз жылы – біз үшін тұтас дәуірге бергісіз мерзім. Оны үш белеске бөліп қарастыруға болады. Әр онжылдық ғасырдың жүгін арқалап тұр.

Алғашқы онжылдық – жаңа Қазақстанның негізін қалау кезеңі.

Осы жылдарда мемлекеттік нышандарымыз белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Төл теңгеміз айналымға қосылды. Айбынды армиямыз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Ана тілімізге мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Ата дініміз оралып, салт-дәстүріміз жаңғыртылды. Бірлігіміздің бастауы болған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Әлем елдерімен дипломатиялық қатынас орнықты. Қазақстан беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып қабылданды. Стратегиялық даму бағдарымыз айқындалды. Шекара мәселесін заң тұрғысынан шегендеу үрдісі басталды. Қасиетті жеріміз атом қаруынан тазартылды. Елордамыз Есілдің бойына көшірілді. Экономиканы өркендету үшін ауқымды реформалар қолға алынды. Жеке кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасалды. Жастарымыз әлемнің үздік университеттеріне оқуға жіберілді. Қазыналы Ұлттық қорымыз құрылды. Ұлы көшке жол ашылып, шетте жүрген қандастарымыз атамекеніне қайтарылды.

Екінші онжылдық – Қазақ елінің өрлеу кезеңі.

Біз керегемізді кеңейтіп, тұғырымыз­ды нығайттық. Халықтың әл-ауқатын арттыра түстік. Төл тарихымызды түгендеп, рухани мұрамызды жаңғырт­тық. Көптеген халықаралық бастама көтердік. Елге қомақты инвестиция әкелдік. Ұлы Жібек Жолының бойында ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырдық. Заманауи өндіріс орындарын салып, сан түрлі жаңа өнім шығара бастадық. Тұрғын үй құрылысының қарқынын күшейттік.

Үшінші онжылдық – Қазақстанның кемелдену кезеңі.

Осы уақытта абырой-беделі артқан мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. 2050 жылға дейін стратегиямызды қабылдап, дамыған елдердің қатарына қосылуды межеледік. Түрлі бағыттар бойынша ауқымды бағдарламаларды жүзеге асырдық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруды қолға алдық. Тұтас түркінің алтын бесігі атанған Түркістанды түлеттік. Саяси реформаларды тың қарқынмен жалғастырдық. Халқымыздың саны 19 миллионнан асты. Осылайша, Қазақстан тұғыры берік, мықты мемлекет болды.

Президент Қазақстанның мемлекет құрудағы, халықтың әл-ауқатын арттырудағы табысын нақты цифрлар мен дәйектерден көруге болатынын мәлім етті. Ауқымды реформалардың нәтижесінде отандық экономиканың көлемі 2,5 есеге дейін өсті. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 13 есеге ұлғайып, еліміздің Орталық Азиядағы көшбасшылық көрсеткішін дәлелдеп берді. Бұл көрсеткіш бойынша біз посткеңестік кеңістіктегі елдердің бәрінен және бірқатар Шығыс Еуропа мемлекеттерінен озып кеттік. Президент Қазақстанның халықаралық резервтері 90 млрд АҚШ долларын құрайтынын мысалға келтірді. Сондай-ақ еліміздің өңірлерді дамыту, көлік инфрақұрылымын өркендету, әлеуметтік саланы алға сүйреуден айтарлықтай жетістіктерге жеткенін тілге тиек етті. Мәселен, 13 мың шақырым автокөлік жолдарының салынуы және жөнделуі, 2500 шақырым теміржолдардың салынуы – осының айғағы.

«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» күре жолының еліміздегі бөлігі іске қосылды. Каспий теңізінің жағасында Құрық айлағы ашылды. Өндіріс саласына серпін берілді. Аумағы 180 миллион шаршы метрден астам үй салынды. Соның нәтижесінде бір жарым миллион азаматымыздың тұрғын үй жағдайы жақсарды. Балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 1999 жылдан бері 10 есе өсті. Тәуелсіздік кезеңінде 1800-ден астам мектеп салынды. 21 Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды. Біз кадр дайындаудың жаңа тәсіліне көштік. Мемлекеттік білім беру тапсырысы жыл өткен сайын көбейіп келеді, соңғы 20 жылда оның саны 5 есе өсті. Күрделі кезеңге қарамастан «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Білім беру саласының ең озық мекемесіне айналған Назарбаев университеті құрылды. Ғылым саласын дамытуға арналған қаржы көлемі бірнеше есе артты. Соның арқасында жаңа институттар мен ғылыми орталықтар ашылуда, жас ғалымдардың қатары көбеюде. Денсаулық сақтау – ұлттың бәсекеге қабілетін арттыратын маңызды саланың бірі ретінде жаңа деңгейге көтерілді. Тәуелсіздік кезеңінде 1800-ден астам аурухана мен емхана салынды. Елордамызда медицина кластері құрылды. Қомақты инвестицияның арқасында фармацевтика саласында маңызды қадам жасалды. Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 71,4 жасқа жетті. Коронавирус індетіне қарсы отандық вакцина жасап шығарылды. Бұл жетістік ұлттық медицина ғылымының әлеуеті зор екенін көрсетті.

Медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, қоғамдағы мәртебесін көтеруге баса мән беріліп жатыр, олардың жалақысы және қосымша төлемақысы көбейтілуде. Ал, ұлт саулығын сақтау үшін мемлекетімізде бұқаралық спортпен және дене шынықтырумен айналысуға жағдай жасалуда. Елімізде 38 спорт нысаны бой көтерді, 8 мыңға жуық спорт алаңы салынды.

Тәуелсіздік кезеңінде төл мәдениетіміз жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, қайта өрлеу кезеңіне қадам басты. Ауқымды «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асырылды. Көптеген құнды жәдігеріміз елдің игілігіне айналды. Тарихи-мәдени мұралар инфрақұрылымы біртіндеп кеңейтілуде. 9 мемлекеттік қорық-музей құрылды. Үздік әдеби туындыларымыз алғаш рет әлем тілдеріне аударылды. Егемендік жылдарында Қазақстанда 20 театр ашылды. Ұлт киносы әлемге таныла бастады. Қазақ мәдениетінің жаңа шоғыры әйгілі сахналарда өнер көрсетуде. Армиямыз қазіргі заманғы қару-жарақпен қамтамасыз етіліп, еліміздің қорғаныс қабілеті нығая түсті. Сот және құқық қорғау жүйесінде маңызды реформалар жасалып, азаматтардың құқықтары тиімді қорғалуда. Олардың құқық қорғау органдарына сенімі арта түсті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс белсенді жүргізілуде, тиісті заңнамаларды жетілдіру үшін нақты шаралар қолға алынды.

Мемлекет басшысы еліміздің жетістіктері прагматикалық, көпвекторлы сыртқы саясатпен тығыз байланысты екенін айтып, Қазақстанның халықаралық стратегиясының іргелі негіздері өзгеріссіз қала беретінін атап өтті.

– Бұл негіздер мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау, ұлттық мүдделерді әлемдік аренада ілгерілету сияқты мызғымас басымдықтарға сүйенеді. Мемлекеттік шекараны заңнамалық ресімдеу Қазақстан мен оның көшбасшысының, Тұңғыш Президент – Елбасының тарихи жетістігі. Бұл халықаралық акт ел тәуелсіздігінің сенімді құқықтық және саяси кепілдігіне айналды, – деді Президент.

Оның айтуынша, Елбасының жаһандық антиядролық қозғалыстағы мойындалған көшбасшылығы – аталған тәсілдің айқын айғағы. Еліміздің түрлі мемлекетаралық және азаматтық жанжалдарды реттеудегі делдалдығы халықаралық қауымдастықтың жоғары бағасына ие болды.

– Елбасының әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің тұрақты съездерін өткізу жөніндегі бастамасы жаһандық деңгейде сұранысқа ие болды. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі бірегей форум-кеңес қазақ дипломатиясын танытатын айрықша шараға айналды. Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі және 2017-2018 жылдары БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігі еліміздің сыртқы саясатының нәтижелігін көрсетті. Тәуелсіздік жылдары, жаңа тарихи және геосаяси жағдайлардағы Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық дамудың берік негізі қаланды деп нық сеніммен айтуға болады. Қазақстан Республикасының азаматтары соңғы онжылдықтардағы әлемдік қаржы-экономикалық ауыртпалықтарды еңсере отырып, бұрын-соңды болмаған пандемияға табысты қарсы тұрып, алға нық қадаммен басып келе жатыр. Біз болашаққа сеніммен қарап отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тұтас дәуір екенін атап өтті.

– Бұл – аса ауыр ауыртпалықтар мен сынақтарды еңсеру дәуірі. Бұл – халқымыз тарихындағы бетбұрысты кезеңге айналған, жетістіктерге жетелеген жасампаздық дәуірі. Сондықтан еліміздің азаматтары атынан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тәуелсіз Қазақстан құрылысындағы ерен еңбегі үшін шынайы алғысымды жеткізгім келеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздің дамуы, тәуелсіздіктің нығаюы барысында халқымыз оның құндылығына бойлап, қасиетін сезінуде, мәңгілік құндылық ретінде қабылдауда.

– Біздің қасиетті парызымыз – болашақ ұрпақ үшін тәуелсіздігімізді сақтау. Олар біздің жетістіктерімізді еселеуге тиіс. Мемлекет басшысы бүгінгі жастар қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларында жан-жақты дамуы үшін барлық жағдайды жасап жатыр.

Елбасымыз жуырда жариялаған мақаласында тәуелсіздіктің мән-маңызы мен қадір-қасиетін барынша ашып көрсетті. Егемендік жолымыз бүгін де жалғасуда. Осы күрделі жолда кедергілер, қиыншылықтар аз болмасы анық. Оны еңсеруге біз бәріміз әрқашан дайын болуымыз қажет. Осы тарихи шындықты, жауапкершілікті терең сезіне білуіміз керек. Бұл ұстаным мемлекеттік стратегиямыздың өзегіне айналуға тиіс. Сонда ғана ел бірлігі, татулығы нығая бермек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қуатты мемлекет және әділ қоғам құру үшін ел халқын бірігуге шақырды. Тек бірлік қана азаматтардың әл-ауқатын көтеретінін атап өтті. Барлығымыз бір жұдырық болып жұмылғанда ғана тәу етер тәуелсіздігіміз асқақтап, күн сайын өзгеріп жатқан әлемде еліміздің ықпалы артатынын айтты.

 Құрметті қауым!

Біз жаңа Қазақстанның негізін қалап, іргесін кеңейтуге бүкіл халық болып жұмылдық. Еліміздің өсіп-өркендеуіне әрбір отандасымыз өз үлесін қосты. Біздің барлық жетістігіміз – түрлі кәсіп иелерінің ерен еңбегінің жемісі. Ұстаздарымыз ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп, жаңа белеске жол ашты. Дәрігерлеріміз ұлт саулығы үшін барлық күш-жігерін салып еңбек етті. Әсіресе, пандемия кезінде адам өміріне араша түсіп, індетпен аянбай күресті. Әскери қызметшілер ел шебін қас қақпай күзетті. Тәртіп сақшылары тыныштығымызды, қауіпсіздігімізді қорғады. Төтенше жағдай қызметкерлері қатерден қаймықпай, талай жанды аман сақтап қалды. Зиялы қауым мәдениетімізді байытып, ғылыми әлеуетімізді арттырды. Мемлекеттік қызметшілер халыққа қызмет етіп, елдігіміздің тұғырын бекіте түсті. Құрылысшылар миллиондаған шаршы метр үй, мыңдаған шақырым жол салып, өрісімізді кеңейтті. Диқандар дән егіп, шопандар төрт түлігін өргізіп, ырысымызды көбейтті. Мұнайшылар қара алтын өндіріп, қазынамызды байытты. Кеншілер жер қойнауын игеріп, игілігімізді еселеді. Өнерпаздар әлемді мойындатып, Тәуелсіз Қазақстанды жер жүзіне танытты. Спортшылар дүбірлі додаларда туымызды желбіретіп, әнұранымызды әуелетті. Кәсіпкерлер өндіріс орындарын ашып, жұртты жұмысқа тартты. Еңселі ел болуымызға барлық саланың, түрлі мамандықтың өкілдері және барша азаматтарымыз бір кісідей атсалысты. Түптеп келгенде, Тәуелсіздікті нығайту дегеніміз – елге пайдасы тиетін нақты жұмыстарды жүзеге асыру. Қазақстан сіздердің жасампаз еңбектеріңіздің арқасында зор жетістікке жетті. Мен осы мерейлі сәтте Тәуелсіздігімізді нығайтуға қосқан үлесі үшін дүйім жұртқа алғыс айтамын!

Президент өз сөзінде Қазақстан халқы егеменді мемлекет құрып, тарихи мүмкіндікті толық пайдаланғанын жеткізді. Алайда ол жаңа жаһандық және өңірлік сын-қатерлер алдында тәуелсіздік жетістіктерін еселеу үшін алда әлеуметтік-экономикалық өмірдің барлық салаларында үлкен жұмыс күтіп тұрғанын да жасырмады. Осы орайда ол өз мүмкіндіктерімізді шынайы бағалау керектігін айтты. «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағиданы қатаң ұстануға шақырды. «Құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай мемлекеттік қызметкерлер елдің тілегін ескеруде бар күш-жігерін салуы керек деді.

«Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанның барлық азаматтары экономикалық дамудың практикалық артықшылықтарын сезіну, өйткені адамдар үшін нақты игіліктер маңызды. Өйткені елдің жетістігі оның әрбір азаматының табысынан тұрады. Өздеріңіз білетіндей, әлем түбегейлі өзгерістер дәуіріне аяқ басты» деді ол. Мемлекет басшысы болашақта ел экономикасын құру жаңа технологияларға, жасанды интеллектке, жоғары еңбек өнімділігіне, шығармашылық бастамаға негізделетінін айтты. Бұл ретте ол жастарға үміт артып, қоғамдағы сындарлы диалог пен ынтымақтастықты мақсатты түрде дамытуда саналы азаматтарға арқа сүйейтінін жеткізді.

Қазақстандағы тыныштық пен тұрақтылық үшін, ең алдымен, ел иесі – қазақ халқы – жауапты. Осыны жете түсінетін кез келді. Біз әрдайым кеңпейіл болып, өзге этнос өкілдеріне қамқорлық танытуымыз керек. Сонда ғана берекелі бірлігімізді сақтап, тату-тәтті өмір сүреміз.

Мемлекет басшысы болашақта ел экономикасын құру жаңа технологияларға, жасанды интеллектке, жоғары еңбек өнімділігіне, шығармашылық бастамаға негізделетінін айтты. Бұл ретте ол жастарға үміт артып, қоғамдағы сындарлы диалог пен ынтымақтастықты мақсатты түрде дамытуда саналы азаматтарға арқа сүйейтінін жеткізді.

Қазақстан әлеуметтік антагонизмге, ішкі жағдайды тұрақсыздандыруға жол бермей, елімізде келісім мен тәртіптің берік іргетасы ретінде заң үстемдік етуі керек. Президент сонымен қатар алдағы онжылдықта қоршаған ортаны жақсарту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болатынына назар аудартты. Қазақстан цифрлық технологияларды кешенді енгізуді күшейтеді.

Қазақстанның жиырма, отыз жылдан кейінгі болашағы еліміздің әрбір азаматына, яғни әрқайсымызға тікелей байланысты. Бұл – айрықша тарихи маңызы бар мәселе. Алдағы онжылдық Отанымыздың жаңа белеске көтерілетін кезеңі болады деп сенемін.

Бүгінгі ауқымды жоспарларымыз жүзеге асып, толағай табысқа жетеріміз анық. Тұңғыш Президентіміз ұзақмерзімді стратегиясында еліміздің бағыт-бағдарын айқындап берді. Біз осы бағдарды ұстанып, Ұлт жоспарын жүзеге асырып жатырмыз. Мұның бәрі мемлекетімізді түбегейлі жаңғыртуға, экономикамызды жан-жақты дамытуға және жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтуға арналған.

Елбасымыз жуырда жариялаған мақаласында Тәуелсіздіктің мән-маңызы мен қадір-қасиетін барынша ашып көрсетті. Егемендік жолымыз бүгін де жалғасуда. Осы күрделі жолда кедергілер, қиыншылықтар аз болмасы анық. Оны еңсеруге біз бәріміз әрқашан дайын болуымыз қажет. Осы тарихи шындықты, жауапкершілікті терең сезіне білуіміз керек. Бұл ұстаным мемлекеттік стратегиямыздың өзегіне айналуға тиіс. Сонда ғана ел бірлігі, татулығы нығая бермек.

Құрметті қауым!

Тарихи уақыт өлшемімен қарағанда отыз жыл деген – қас-қағым сәт. Ал, өткен оқиғалар тұрғысынан бағаласақ, ғасырларға татитын мерзім. Қазақстан халқы үшін бұл – азаттық жылнамасының тұтас дәуірі.

Жарқын болашағымызға жол салған ұлы жетістіктер кезеңі. Енді Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басқалы тұрмыз. Бұл кезең бізге жаңа міндеттер жүктейді. Мемлекеттігімізді одан әрі нығайтып, халқымыздың әл-ауқатын арттыра түсуіміз керек. Сондықтан, барлық саладағы реформаны міндетті түрде жалғастыра береміз. Ең бастысы, бейбіт өмірді, тыныштық пен тұрақтылықты сақтай білуіміз қажет. Сонда азаматтарымыз Тәуелсіздіктің игілігін әрдайым сезінетін болады. Біздің мақсатымыз – осы.

Бабаларымыз ғасырлар бойы Тәуелсіздікке жету үшін күрессе, ендігі ұрпақ Тәуелсіздікті қорғап, нығайту үшін күреседі. Біз бүгінгі елдік істерді жастарға аманаттаймыз. Қазіргі ауқымды жұмыстың бәрі жарқын болашақ үшін жасалуда. Егемендік кезеңінде ойы азат, рухы биік Тәуелсіздік перзенттері өсіп-жетілді. Шын мәнінде, олардың әлеуеті өте зор, мүмкіндіктері орасан. Өскелең ұрпақ аға буынның тәжірибесін пайдаланып, біздің үмітімізді ақтайды деп сенемін. Жолдарыңыз кедір-бұдырсыз болмайды, сондықтан, көп білім алып, рухани жағынан байып, нағыз азамат ретінде қалыптасу керек.

Уақыт тынысын дөп басып, заман талабына бейімделе білген жұрт ешқашан ұтылмайды. Кез-келген сынаққа дайын тұрады. Біз күш-қуаты мен қарым-қабілеті сай кемел халық болуымыз керек. Күнде өзгеріп жатқан құбылмалы кезеңде бұл мақсатқа жету күрделі екені анық. Қазір әлемге тұрақсыздық факторлары әсер етуде. Оның үстіне, пандемияға байланысты жаңа сын-қатерлер пайда болды. Бірақ, жұртымыз қиындықтың бәрін еңсере алатынына сеніміміз зор. Себебі, тұғыры мызғымас мықты мемлекетіміз бар.

Даму жолымызды нақты нұсқап тұрған стратегиялық мақсаттарымыз бар. Еліміз өзінің сара жолынан айнымай, алға қадам баса береді. Біз үшін Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Осы баға жетпес құндылығымызды қастерлеп, қуатты Қазақстанды дамыту үшін бәріміз жұмылып, бір ел болып аянбай еңбек етейік.

Жалпыұлттық мерейтойымыз құтты болсын!

Еліміздің абыройы асқақтап, беделі биіктей берсін!

Елбасымыз аман болсын!

Қазақстанымыз мәңгі болсын!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button