Таным

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ЕЛОРДА

Астана қаласының тарихы еліміз үшін өте маңызды. Тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген тарихшы-ғалымдар елорданың тарихына баса көңіл бөліп, осы тақырып аясында жаңа монографиялар, еңбектер жариялады. Қазақ елінің бас шаһары туралы тың деректер, құнды құжаттар Астана қаласының мемлекеттік мұрағатында да сақталған.

Қала мәртебесі қалай берілді?
Қазақстан тәуелсіздігін алғалы шет елдерде сақталып келген кейбір маңызды құжаттар, артефактілер елімізге орала бастады. Солардың ішінде Астана қаласының тарихы жөніндегі еңбектерді де көптеп кездестіруге болады. Айталық, өлкетанушы жазушы А.Ф.Дубицкийдің қолжазбаларынан Қазақстан астанасы ежелгі Астана қаласының тарихы туралы құнды деректерді көруге болады. Ал XIX ғасыр кезеңіндегі елоданың тарихы туралы белгілі ғалымдар Ж.К.Қасымбаева, Н.Ж.Агубаева зерттеулерінде жазылған.
Деректерді сөйлетсек, алғашында Ақмолада әскери бекініс салынған. Зерттеушілердің бірі «Ақмола бекінісінің іргетасы 1830 жылы 18 маусымда қаланған. Арқаның дәл кіндік тұсына қадаланған көк сүңгі іспетті, зеңбірекпен, карабин мылтықпен қаруланған мықты әскери гарнизон болатын» дейді. Осыған орай XIX ғасырда Ақмола бекінісінің өте маңызды бекініс болғандығын және Кенeсары көтерілісінің басты аумақтардың бірі болғанын байқауға болады.
Міне, осылайша әуелі Ақмола әскери бекінісі атанған елдімекенге 1862 жылы қала мәртебесі берілді және 1863 жылы бұл округ 1868 жылы уезд орталығына айналды. XIX ғасырдың II жартысында Ақмола аса маңызды сауда және экономика орталығына айналды. Орта Азия, Сібір, Орал жерлерін жалғастыратын керуен жолында орналасқан Ақмола жедел дамып, қазақ даласындағы ірі әкімшілік сауда, шаруашылық, мәдени орталыққа айналды.
Мемлекет тарихында астана әлденеше рет өзгертілді: 1920 жылы – Орынбор қаласы, бұдан бес жылдан кейін – Ақмешіт қаласы, 1929 жылы Алматы қаласы болды.

Ұлттық идеяның жетістігі
Ақмоланы астанаға айналдыру мәселесі жалпыұлттық мүдделерді негізге ала отырып шешілді. Астананы Ақмолаға көшіру идеясы тәуелсіздігіміз енді ғана тәй-тәй басқан, қиын-қыстау кезеңде дүниеге келді. Сол жылдары жұмыссыздық артып, жалақының, зейнетақының уақытылы берілуі мұң болып тұрған кез. Ел басындағы осындай қиындықтарға қарамастан елорданы ауыстыру туралы идея дүниеге келіп, ол сәтті жүзеге асырылды. Бұл шешімнің тым тәуекелшіл, батыл қадам болатыны да сондықтан.
Барша жұртшылықтың жүрегінен жол тапқан бұл шешім Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылдың 20 қазандағы Жарлығымен бекітілді. 1998 жылдың 6 мамырында Ақмола тәуелсіз мeмлекеттің астанасы болды. Жаңа астананың ресми тұсаукесері тойы 1998 жылғы 10 маусымында өтті.

Еңсесі биік елорда
Астана күллі қазақстандықтың бас қаласына айналғаннан кейін ол адам танымастай өзгеріп, ертегі батырларындай ерте есейді. Көз алдымызда көркейген шаһарда небір ғимараттар бой көтеріп, аз уақыттың ішінде қарқынды дамыды. Тек мәдениет саласындағы тұтас бір жобалардың өзі неге тұрады?! Айталық, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма теа-тры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрын, Конгресс-холды, «Жастар» сарайын ерекше атап көрсетуге болады.
Мәдени сала ғана емес, экономика да қарқынды өсті. Бүгінде Астана – өзін-өзі қамтамасыз ете алатын, бюджетке пайда түсіретін донор қала.
Сондай-ақ, тәуелсіздік жылдарында кіші және орта бизнес дамыды. 1997 жылы желтоқсан айында көптеген өндіріс орындары 340287 мың теңге жұмсалды, кейін қараша айында бұл өнімдер 3,5 пайызды, ТОО СП «Берекет» – 100 пайызды, СП Фудмастер Н.С. 108,9 пайызды, ТОО СП «Ақмола-Дирмен» – 115,3, «Ақмоланан» – 115,2 пайызды құрады.
Қазақстан өз егемендігін алғаннан кейін барлық аудандарда, әсіресе, Астанада демография қазақыланды. Он жыл ішінде (1998-2008) елорда тұрғындары үш есе көбейіп соның ішінде қазақтардың үлесі 60 пайызға жетті.
Қазақстанның бүгінгі елордасы Астана – Қазақстанның халық саны бойынша екінші, ал даму қарқыны жағынан бірінші орында.
Елорда бүгінде республиканың әкімшілік орталығы болса, ертеңгі күні республиканың мәдени ғылыми және өнеркәсіп орталығына да айналaтын болады.
Астана инфрақұрылымы Азияның ең әсем әрі осы заманғы елордалардың бірі ретінде дамып келеді.
Астана Қазақ­станның шапшаң қарқынмен дамуы мен жасаруының айқын символы аталды. Мемлекет басшысының тұрақты қолдауының арқасында Астанада ұлттық нақышқа толы дәстүрлеріміз бен салтымыз жаңаша түрге еніп, белсенді дамуда.

Б.БАЛТАБАЕВА,
Астана қаласы мемлекеттік мұрағатының бөлім басшысы
А.ИМАНӘЛИЕВ,
Астана қаласы мемлекеттік мұрағатының тәлімгері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button