БілімҚоғам

НҰРАСЫЛДА – 125 БАЛЛ

Бағы жанайын деген баланың айы оңынан туады. Астанадағы №72 мектеп-лицейінің түлегі, үздік аттестат иегері Нұрасыл Ержанов елордалық Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағын тапсырған 3 785 оқушының арасынан жалғыз өзі ең жоғары 125 балға ие болды.

Нұрасыл қарапайым ғана бозбала екен. Жүзінен инабаттылық есіп тұр. Жымиып қана тұрады. Қазақы тәрбиеде өскендігі болмысынан байқалады. Әке-шешесі де баласының осындай жетістікке жеткеніне аса қуанышты. Қазақша айтқанда, бөркін аспанға атып жатыр десе де болады. Әрине, төрт мыңға жуық оқушының арасынан осындай зор табысқа кенеліп, елорданың абыройын асқақтатқан баладан айналмасқа бола ма?! Әкесі Ержан – құрылыс компаниясында еңбек етсе, анасы – Жанар аяулы ұстаз, өзінің сынып жетекшісі.
– Астана қаласындағы №72 мектеп-лицейінің түлегімін. Ұлттық бірыңғай тестілеуге жыл бойы әзірлендім. Мек­тептегі ұстаздарымның сыртында «Ал­тын белгі» білім беру орталығында қосымша білімімді жетілдірдім. Жоғары балл алуыма ұстаздарымның еңбегі зор.
Ұлттық емтиханға кірер кезде де бойым­да соншалықты қорқыныш болған жоқ. Дайындалып жүрген сұрақтардың бәрі келді. Біздің сыныптан үш оқушы «Алтын белгіге» үміткер еді, олар да өз бі­лімдерін толық ақтады. Математика, физика пәндерін ерекше жақсы көремін. Алдағы таңда Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті немесе М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің елордадағы филиалында білім алғым келеді. Болашақта құрылыс саласының маманы болсам деп армандаймын, – дейді Нұрасыл.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button