Басты ақпарат

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы декларациясы

Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтті. Күн тәртібінде қос Палата төрағаларының атына бір топ депутаттардан жолданған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығы Декларациясын қабылдау туралы үндеуіне байланысты бір ғана мәселе қаралды. Маңызды құжат екі Палата депутаттарының шынайы қолдауына ие болып, Декларацияны қабылдау туралы арнайы Қаулы қабылданды.
Бұл маңызды құжатта Қазақстан Президентінің басшылығымен 25 жыл ішінде жеткен жетістіктердің жарқын көрінісі жан-жақты баяндала келіп, елордада «Тәуелсіз Қазақстан» монументін тұрғызу, Ел Конституциясында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың біздің мемлекетімізді құрудағы бірегей үлесін атап өту, Елбасының есімін елорданың атауында және еліміздің басқа да маңызды нысандарында көрсету туралы ұсыныстар айтылған.

????????????????????????????????????

* * *

Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Парламенті Қазақстан Тәуелсіздігін халқымыздың аса зор құндылығы ретінде бағалай отырып, Тәуелсіз Қазақстанды құру және қалыптастыруда ерен еңбек сіңірген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағытына берік ұстанымын таныта отырып, «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсатына жетуді болашақ ұрпақ алдындағы өзінің тарихи парызы және жауап­кершілігі деп сезіне отырып, «Мәңгілік Ел» қас­терлі мекенінде жарқын ке­лешегімізді жасауға ұм­тыла отырып, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығы Декларациясын қабылдайды.

* * *

Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы – өз тарихында тұңғыш рет заманауи мемлекет құрған Қазақстан хал­­қының ауқымды тарихи жетістіктерінің жарқын көрінісі. Қазақстан үшін Тәуел­­сіздіктің жиырма бес жылы ілгерілеу мен орнықты дамудың кезеңі болды. Тә­уелсіз Қазақстан өзінің жаңа тарихымен табысты мемлекет және бүкіл Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атануға құқығы бар екендігін дәлелдеді. Өз Тәуелсіздігінің 25 жылында Қазақстан экономикасы қарқынды дамыған, табысқа жетудің бірегей тәжірибесі бар саяси тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты. Біздің елімізде экономикалық, саяси және әлеуметтік салаларда аса ірі өзгерістер жүзеге асты. Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері мен жеңістері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тегеурінді
және дана басшылығымен әрбір қазақстандықтың табанды да тынымсыз еңбегінің арқасында мүмкін болды.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың саяси ерік-жігері және стра­тегиялық көрегендігі дамудың қазақ­стандық үлгісінің табысты болуын айқындап, Қазақ­стан­ның орнықты өсіп-өркен­деу жолына шығуына мүмкіндік тудырды. Еліміз «Қазақ­стан-2050» Стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, әлемнің озық 30 елі­нің қатарына қосылуға қа­рышты қадам басуда. Мемлекет басшысының байыпты және жемісті халықаралық бастамаларымен еліміз биік халықаралық беделге ие болып, ғаламдық ядролық қару­сыздану қозғалысының танымал көшбасшысына айналды.

* * *

1991 жылы 16 желтоқсанда Парламент «Қазақстан Республикасының мем­лекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдады. Тәуелсіз Қазақстанның бұл тұңғыш құжаты халқымыздың қуатты және пәрменді мемлекет құру арманының жүзеге асуын айғақтады. Заң Қазақстан егемендігінің оның ұлан-ғайыр аумағында және әлемнің саяси картасында мыз­ғымастығын мәңгілікке бекітіп берді. Еліміздің бас­ты құжаты – Қазақстан Республикасы Конституциясын 1995 жылғы 30 тамыздағы референдумда бүкіл Қазақстан халқы бірауыздан қабылдады. Конс­­титуция егемендіктің саяси және құқықтық негіз­дерін бекітіп, адамның өмірін, құқықтары мен бостандығын, тегіне, әлеуметтік жағдайына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге қатыстылығына қара­мастан, адам мен азамат құ­қық­та­ры­ның теңдігін мемлекеттің жоғары құнды­лықтары деп жариялады. Тәуелсіз Қазақ­станның Конституциясы мемлекет пен қоғамның тұрақ­тылығы мен өркендеуінің мызғымас негізіне айналды.

Қазақстанда тиімді демо­кратиялық институттар – президенттік институты, Парламент, сот жүйесі және белсенді азаматтық қоғам қалыптасты. Елімізде жаһандық сын-қатерлерге төтеп беруге және бүкіл қоғамның мүдделерінің жүзеге асуын қамтамасыз етуге қабілетті мемлекеттік құры­лымның тиімді жүйесін құруға мүмкіндік берген тарихи маңызды экономикалық және саяси реформалар жүргізілді. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап еліміздің саясаты ұзақ мерзімге негіз­делді, қазақ­стан­дық­тардың әл-ауқаты, өмірдің жоғары сапасына жүйелі де мақсатты ұмтылысы оның басты ұста­нымдары болды және солай болып қала береді. Қазақстан әлемнің бәсекеге ең қабілетті 50 елінің қатарына енді. Әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруді мақсат етіп қойған «Қазақстан-2050» Стратегиясы жаңа сипаттағы стра­тегиялық құжат болып табылады. Мемлекет басшы­сының «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспары әлемдік қаржы жүйесіндегі аса жа­ғым­сыз құбылыстарға қара­мастан, елі­мізде өндіріс пен ин­но­вация­ны, әлеуметтік саланы дамы­туға және жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Қазақстан ядролық қауіпсіздік рейтингінде ең қауіпсіз елдердің қатарына кіреді. Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстанды еліміздің ұлттық мүдделеріне нұқсан келтір­местен ядролық қарусыз мемлекетке айналдыру жөніндегі тарихи маңызды міндетті шеше білді. 1991 жылғы 29 тамызда Елбасы Семей ядролық полигонын жапты. Қазақстан Президенті өз елінің ғана емес, сондай-ақ бүкіл адамзаттың тағдыры үшін өзіне жауап­кершілік ала отырып, әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде танылды. Семей полигонының жабылуымен ядролық қаруды таратпаудың және қарусыз­данудың жаһандық процесінің жаңа кезеңі басталды. Қазақ­станның бастамасы бойынша БҰҰ 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады. Қазақстан ядролық қаруды таратпау режимін нығайту жөніндегі нақты ұсыныстарын алға тартып, Ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын қабылдауды ұсынды. Тәуел­сіздіктің 25 жылында қазақ­стандық дипломатия әлем елдерінің басым бөлігімен сенімді достық және ынты­мақтастық қарым-қатынастар орнатып, халық­аралық ұйым­дардың қызметіне белсенді түрде араласып келеді. Біздің еліміз әлемдік қоғам­дастықта орнын нық айқындап, лайықты құрмет пен беделге ие болып отыр. Әлемде аумағы жөнінен тоғызыншы орын алатын Қазақстан Республи­ка­сының шекарасын делимитациялау мен демаркациялау Президент Н.Ә.Назарбаевтың тарихи жетістік­тері болып табылады. Қазақстан өңірлік және жаһандық процестердің бел­сенді қатысушысы бола отырып, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қомақты үлес қосуда. «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру Қазақстанның Еуропаның жетекші мемлекеттерімен әріптестік пен ынтымақ­тастықтың барынша жоғары деңгейіне шығуына жол ашты. Қазақстан ынтымақтастықтың еуразиялық көпіріне айналды. Біздің еліміз ЕАЭО, ШЫҰ, АӨСШК секілді интеграциялық жобалардың бастамашысы және ілгерілетушісі болып табылады. Қазақстан ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ЕАЭО, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, АӨСШК және Түркі кеңесі сияқты ірі халықаралық ұйымдарда табысты төрағалық етудің тәжірибесіне ие. Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында алғашқы болып 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Халықаралық қоғамдастық Қазақстанның халықаралық қатынастарды дамытудағы үлесін лайықты бағалай отырып, біздің елімізге ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуді сеніп тапсырды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақ­станның Қарулы Күштері еліміздің сенімді қалқанына айналды. Президент – Жоғарғы Бас қолбасшы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін, аумақтық тұтас­тығын, оның шекарасының мызғымастығын, халқымыздың бейбіт және тыныш өмірін сенімді қорғауға қабілетті Қарулы Күштердің түбегейлі реформалауды, әскери қуаты мен әлеуетін арттыруды қамтамасыз етті. Тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстанда жоғары экономикалық көр­сеткіштерге қол жеткізілді. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқын дәйекті түрде ең жоғары әлемдік көрсет­кіштерге жетуге бағыттап келеді. «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары – әлемнің ең дамыған мемле­кеттерінің қатарына кіруге қабілетті Қазақстанның қуатын нығайтуға бағытталған жоспарлар. Біздің бәсекелес болатын бірегей басымдықтарымыз – Қазақстанның мол табиғи байлығы, ауыл шаруашылық, коммуникациялық және транзиттік әлеуеті еліміздің экономикалық жетістіктерінің негізіне айналды. Бүгінде Қазақстан – жекеменшік институты орныққан, орта тап бел­сенді дамитын, ал кәсіпкерлік экономикалық өркендеудің қозғаушы күші болып табылатын тұрақты нарықтық экономикасы бар ел. Елбасының стратегиялық көрегендігі арқасында Қазақстанда жаһандық қаржылық-эконо­микалық дағдарыстарға қара­мастан, ел экономикасын жаң­ғырту табысты жүзеге асырылып жатыр. Қазақстан индус­триялық қуатын нығайту мен инновацияны дамытуды нық көздеп отыр. Ауқымды құры­лымдық реформалар барысында мүлде жаңа жоғары технологиялы салалар: мұнай-химия, автомобиль өнеркәсібі, теміржол машина жасау, IT-техно­логиялар, ғарыштық спутниктер өндірісі салалары құрылды. Елбасының бастамасы бойынша әр азаматтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған «Бизнестің жол картасы-2020», «Агробизнес-2020», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Тәуелсіздіктің мерейлі 25 жылында Қазақстан Әлемдік банктің Doing Business рейтингінде 35 орын алды. Елімізде жаңа экономикалық ұмтылысты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін «Нұрлы жол» бағдарламасы, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі, Транскаспий халықаралық көлік маршруты секілді бірқатар стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып отыр. Жаңа елордамыз Астананы құрудағы айрықша рөл еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевқа тиесілі. Астана Қазақстан Тәуелсіздігінің салтанат құруын паш етіп, халқымыздың мақтанышына айналды. Астана құрылысы жаңа мемлекеттің, жаңа қоғамның құрылысы ретінде киелі мәнге ие болды. Астана өткеннің барлық құндылықтарын жи­нақтап, болашақтың жарқын келбетін елестетті. Бүгінде Астана – өз күшіне сенімді, жаңа Қазақстанның бүкіл әлемге әлеуетін танытқан ірі іскерлік орталық. Астана саммиттер мен басқа да маңызды халықаралық кездесулерді өткізетін ірі орталыққа айналды, еліміздің басқа қалалары үшін дамудың үлгісі болды. Аста­наның өзінде 2017 жылы «Болашақтың энергиясы» инновациялық күн тәртібімен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін болады. Қазақ­стан конфессияаралық және этносаралық татулық пен келісім үстемдік құрған мемлекет дамуының бүкіл әлемде танылған жаңа бірегей моделін құрды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы бірлігін нығайтудың конституциялық мәртебесі бар айрықша институты – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Әлемдік діндердің, тілдердің, мәде­ниеттер мен дәстүрлердің тоғысындағы тарихи араласуы Қазақстанда бейбітшілік пен келісім әлеуметтің адамгершілік және әдеп нормасына, ортақ мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналған қоғамның айрықша үлгісін қалыптастырды. Ол көпэтностық пен көп­конфессиялылықты Қазақ­стан­ның стратегиялық ресурсына және артықшылығына айналдыра отырып, руханилық пен азаматтықтың құрыштай құймасын мейлінше бекемдей түсті. Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік пен қоғамдық келісім моделі қоғамның үйлесімді дамуының әлемдік эталонына айналды. «Мәңгілік Ел» құнды­лықтары Тәуелсіздік жетістіктерін, Қазақстан халқының мүдделер ортақтастығы мен тарихи тағдырын көрнекі бейнелеп берді. «Мәңгілік Елдің» жеті құндылығы қазақ­стандықтардың Тәуелсіздікті нығайтуға, еркін де өркендеген елде өмір сүруге ұмтылысын – ортақ мақсатын, ортақ мүдделері мен ортақ болашағын біріктірді. Қазақстан халқы қабылдаған «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісі қуатты жұмыл­дырушы бастауға, қоғамдық келісімді нығайтудың өзегіне, бүкіл қоғамның мүдделері мен ұмты­лысын біртұтас тұрғыда бекемдеу құралына айналды. Басты бағдары Жалпыға ортақ еңбек қоғамы құндылықтары болып табылатын әлеуметтік тұрақтылық қоғамы құрылды. Қазақстан тәуелсіздігін алған сәттен бастап Президент Н.Ә.Назарбаев халық алдына әлеуметтік бағдарлы на­рықтық экономикасы бар қуатты егемен мемлекет құру міндетін қойды. Әлеуметтік жаңғырту әлеу­меттік прогрестің экономикалық еркіндіктері мен идеалдарын үйлестікпен өрістетіп, қоғам мен әрбір адамның әл-ауқатының артуы үшін жағдай жасады, қарқынды дамитын еңбек нарығын құруға мүмкіндік берді. 25 жылда бала туу деңгейі 60 пайызға өсті. Қазақстан аналар үшін қолайлы елдер рей­тингінде жыл сайын жоғары көтеріліп келеді. Біз қазақ­стан­дық­тардың өмір сүру жасын ұзартуға қол жеткіздік. Еңбек адамының мүд­делері – біздің мемлекетіміздің басты назарында. Мемлекет қазақ­стандықтардың оқуы мен кәсіби дағдыларын үнемі жетілдіріп отыруы үшін жағдай жасайды, еркін еңбекке және лайықты еңбекақы алуға мүдделі әрбір азаматтың конс­титуциялық құ­қықтарын қам­тамасыз ету үшін өндірістер, инфра­құ­рылымдар және басқа да нысандар құрылысын жүргізеді. Білім беру саласын кешенді реформалау Қазақстанның әлемдік білім беру кеңістігінде лайықты орын алуына жағдай жасады. Отандық білім беру жүйесі мен ғылымды жетілдіру мемлекеттік саясаттың стратегиялық басым­дықтарының бірі және елді әлеу­меттік-экономикалық жаңғыр­тудың шешуші тетігі болып табылады. Қазақстан ересек адамдардың сауаттылығы деңгейі бойынша Адам дамуы индексі әлемдік тізімнің алғашқы үштен біріне кіреді. Қазақстан зияткер ұлтты қалып­тастыру үшін дәйекті түрде жағдай жасай отырып, адам дамуының деңгейі жоғары елдер тобынан нық орын алды. Президент бастама­сының арқасында елде ерекше сипатты «Болашақ» бағдарламасы ұдайы жүзеге асырылуда, «Назарбаев Университеті», зияткерлік мек­тептердің кең тараған желісі құ­рылды. Еліміздің көптеген жоғары оқу орындарында универ­ситеттік білім беру деңгейі көтеріліп келеді. Барлық өңірлерде мыңнан астам заманауи мектептер салынды. Ұлт денсаулығы, денсаулық сақтау саласын дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру экономикалық және әлеуметтік дамудың маңызды факторларына айналды. Отандық денсаулық сақтау саласы әлемдік стандарттар дең­гейіне көтерілді: заманауи медицина орталықтары, ауруханалар мен емханалар салынды, еліміздің барлық өңірлерінде зерт­теу­лер мен жоғары технологиялы операциялардың бүкіл спектрі жүзеге асырылуда. Қазақстан еуразиялық кеңістікте медициналық туризмнің орталығына айналып келеді. Халық денсаулығы көр­сеткіштерінде БҰҰ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойын­даған айтарлықтай оң өзгерістерге қол жеткізілді. Қаржы ресурстарымен және жоғары шығармашылық қайтарыммен нығайтыла түскен мәдениет саласы қуатты даму серпініне ие болды. Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бо­йынша іске асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы отандық мәдениетті сақтау мен дамыту жөніндегі кең ауқымды жұмыс­тардың бастамасы болып табылды. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, «Таңбалы» археологиялық кешені сияқты бірегей отандық ескерт­кіштердің, сондай-ақ «Сарыарқа – Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдері» табиғи мұра ны­сандарының ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралары тізіміне енуі әлемдік маңызы бар оқиға болып табылады. Тәуелсіздік жылдарында спорт пен саламатты өмір салты саласында тамаша нәтижелерге қол жеткізілді. Спорт­шыларымыздың аса ірі халықаралық жарыстардағы табыстары қуатты және бірлікшіл спортшы ұлт өмір сүретін Қазақ­станның жаңа бей­несін жасады. Бүгінде Қазақстан спорты ең жақсы дамыған әлемдегі 30 елдің қатарына кіреді.

* * *

Тәуелсіздіктің Ұлы Жолы мәңгі болуы тиіс! Елордада «Тәуелсіз Қазақстан» монументін тұрғызу қажет. Ел Конституциясында Тұң­ғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың біздің мемлекетімізді құрудағы бірегей үлесін атап өтуді, Елба­сы­ның есімін елорданың атауында және еліміздің басқа да маңызды нысандарында көрсетуді ұсынамыз. Біздің тұтас мақсатымыз – Елбасы төңірегіне топтасып, ең қымбат қазынамыз – тәуелсіз Қазақстанды көзіміздің қарашығындай сақтап және ұрпақтарымызға аманаттап, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын қастерлеу. Тәуелсіздік біздің ең басты ұйыстырушы құндылығымыз болған, қазір де солай және бола да бермек.

ҚР Парламенті Мәжілісі
23 қараша, 2016 жыл

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button