Басты ақпаратМәдениет

«АҚТАСТАҒЫ АХИКО» АСТАНАҒА КЕЛЕДІ

Қара шаңырақ М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры биылғы 91 маусымын Мәдина Омарованың «Ақтастағы Ахико» спектаклі премьерасымен ашқан болатын. Режиссер Асхат Маемиров сахналаған бұл қойылым мен аталмыш театр репертуарындағы өзге де туындыларды астаналықтар да тамашалай алады. 28-30 қараша күндері ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «әкемтеатрдың» елордадағы гастрольдері өтеді.25-03-2016-auezov-680x332-1

Гастрольдік турды 28 қараша күні Жастар театрының сахнасында қойылатын Д. Исабековтің «Жүз жылдық махаббат» драмасы (режиссері А. Кәкішева) ашады. Шығарма өткен ғасырдың отызыншы жылдардағы қуғын-сүргін құрбанына айналған ақын Мағжан Жұмабаевтың ауыр тағдырынан, жары Зылиха екеуінің арасындағы махаббат хикаясы туралы сыр шертеді.

30 қарашада астаналықтардың назарына А. Володиннің «Қоштасқым келмейді» драмасы шығарылады. Спектакльде сегіз отбасының тағдыры жөнінде баяндалады. Әр кейіпкердің бітім-болмысын ашатын оқиғалар желісі өте тартысты өрбиді.

Ал 29 қарашада Бейбітшілік және келісім сарайында «Ақтастағы Ахико» спектаклі көрсетіледі. Шығарманың бас кейіпкері – тағдырдың жазуымен Қазақстанға келіп, осында қалып қойған жапон азаматы Ахико Тецура.

М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Ерлан Біләл бұл кісі туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбековтен естиді. Оның хикаясын жазушы Мәдина Омароваға айтып, қаламгер 15 жасында жазықсыз жазаланып, жасөспірім шағын КарЛагта өткізген, Қарағанды облысының Ақтас кентінде тұрып жатқан жапондықпен кездеседі. Содан Ахиконың бастан кешкен өмірін өз ауызынан естіп, оны драмаға айналдырады. Бас кейіпкердің тағдыры Алаш қайраткерлерінің өмірімен параллель өрбіп отырады. Көрермендер онда ұрпақ болашағын ойлап, Арқа жерінде еуропалық үлгідегі қазақ-орыс мектебін салдырған Ақайдың Қасенінің, Сәкен Сейфуллиннің әкесі Сейфолланың бейнелерімен қауышады.

Спектакльде Ахиконың рөлін белгілі актер Дулыға Ақмолда сомдайды. Бұған қоса драмада Болат Әбділманов, Бекжан Тұрыс, Данагүл Темірсұлтанова, Азамат Сатыбалды, Астанадан Алматыға жақында ауысқан Қуандық Қыстықбаев сынды танымал әртістер ойнайды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button