Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

Тегін десе, тегін ұмытқан…

Биылғы наурызда өңірлерде тегін таратылған наурыз көжеге, палауға таласқан жұрттың видеосы әлеуметтік желіні жаруға шақ қалды. Бір кесе көжеге бола бірін-бірі басып-жаншып, балағаттасып жатқан ағайындардың әрекетіне қарап «халық сонша аш жүрген жоқ қой» деп кейістік білдіріп жатқандар да, «тегін десе ұятты ұмытып кетеміз» деп ұлтты кінәлап жатқандар да бар. 

Жалпы қазақтың тегін десе ұят, намысты қайырып қоятынын бұдан бұрын да көрдік. Қайсыбір қалада дүкенге жалаңаш кірсе, джинсы шалбар береміз деген жарнама шығарғанда қаракөз қыздарымыз таң бозынан барып кезекке тұрып, ақ тәнін ашып, шалбар ұтып алғанын да көргенбіз. Сол жолы да жұрт әлеуметтік желіде бірнеше күн оңдырмай сынады да, біраздан соң сап тиылған-тұғын. Сол сияқты көже мен палауға таласқан көптің ерсі қылығы да көп ұзамай ұмытылады да, ертең және біреу тегін дүние таратса, оған да боққа таласқан қарғаша тағы үймелейтініміз анық. Неге? Себебі бүгінгі қазақ тегін десе, алтын жатса алмайтын дегдар тегін ұмытып кетті. Былайша айтқанда, ұят пен намыс қу құлқынның табанының астында қалды. Осыдан барып, біздің ұлт жадағайланып, жоқ нәрсеге желпілдеп жүретін жеңілтек халыққа айналып бара жатқандай…

Шымқаладағы палауға таласқан көріністі көргенде Жапониядағы жағдай есіме түсті. 2011 жылы 11 наурызда Жапониядағы 9 балдық жер сілкінісінен теңіз шайқалып, мемлекет ауыр экономикалық шығынға ұшырады. Әсіресе, зілзала орталығына жақын Фукусима, Ивате және Мияги сияқты жерлер цунамиден ауыр зардап шекті. 11 мыңнан астам адам өлді немесе із-түзсіз жоғалды. Сондай қысылтаяң сәтте апат болған өңірлерге шұғыл түрде азық-түлік, құтқару бұйымдары жеткізілді. Жапон халқының мәдениеттілігі сондай, ел басына күн туып, аш-жалаңаш қалған сәтте де, ұлттық болмысын жоғалтқан жоқ. Қараусыз қалған үйлерді, дүкендерді ешкім тонаған жоқ. Әр өңірге жеткізілген азық-түлік белгіленген орынға жайғастырылғаннан кейін жапондар оны өздігінен кезекке тұрып, бір-бірлеп алғанын біз телеарнадан көрдік. Керек десеңіз, сол арада тәртіпті қадағалап тұрған құқық қорғаушылар да жоқ. Бірақ жұрт кезекпен келіп, бір құты су, бір тілім нан ғана алып кетіп жатыр. Артық алып жатқан немесе таласып, жұлысып жатқан бір жан жоқ. Бұған таң қалған Қытай тілшісі бір қариядан «неге екі құты су алмадыңыз, немереңіз бар ғой?» деп сұраса, ана қария «ондай әдепсіздікке аштан өлсем де бармаймын, немерем екеумізге бір құты су жетеді. Артық алып не істеймін, басқа жұртқа да азық пен сусын керек қой» деп жауап қайырды. Міне, дегдарлық деген осы. Жапондардың елімізге келіп, спорт жарыстарын көргеннен кейін, отырған орындарын түк қоймай тазалап, қоқыстарын алып кеткенін жазсақ, «олар пияр жасап жүр» деп мұрын шүйіреміз, енді ел басына күн туған кездегі жапондықтардың әрекеті мен ай мен күннің аманында тамаққа таласқан қазақтың әрекетін салыс­тырып көріңізші?!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button