Басты ақпаратБілім

Қазақ археологиясының атасы

Астана қаласына қарасты Көктал елді ­мекенінде Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейі бар. 2004 жылы ЮНЕСКО көлемінде академик Әлкей Марғұланның 100 жылдық мерейтойы аталып өтуіне байланысты ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 5 шілдедегі №690 қаулысымен мектепке Әлкей Марғұлан есімі берілді.

2005 жылы 29 желтоқсандағы Астана қаласы әкімінің №22-4-1132 қаулысымен «Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектеп» мемлекеттік мекемесі болып аталды. 2006 жылы 11 мамырда академик Әлкей Марғұлан атындағы мемориалдық музейі ғалымның өмірі мен шығармашылық қызметі арқылы жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптас­тыру мақсатында ұйымдас­тырылып ашылды. Оның құндылығы сонда – қорда ғалымның көзі тірісінде пайдаланған құнды жәдігерлердің болуы. Музей қоры бірнеше рет толықты.

«Ең алғаш рет 2006 жылы Алматыдағы ғалымның қара шаңырағында отырған қызы Дәнел Әлкей­қызы әкесі туралы деректер мен көзі тірісінде тұтынған құнды заттарды музейге тақиясы, қаламы, тарелкасы мен кесесін берді. Алматыдан мектеп мұғалімі Гүлнәр Елубаева алып келді» дейді мектеп музейінің меңгерушісі Сәуле Байдрахманова.

Музей ашылған кезде Дәнел апай келіп, археологиялық экспедицияға шыққанда киген құндыз құлақшынын, мойынға салатын жылы шарфын, жылы жемпірін және Ыбырай Алтынсарин бейнеленген түкті кілемшені музейге берді. 2009 жылы мамырда Қазақ радиосының «Алтын қорынан» ғалымның сөйлеген сөзі жазып алынды, орталық мемлекеттік мұрағаттан көзі тірісінде түсірілген деректі фильмі алынды.

Марғұлан мұрасы – ұрпаққа ұлағат

2010 жылғы мамыр айын­да ғалымның жұмыс бөлмесінде тұрған бес кітап сөресі, жұмыс столы, диваны, экспедицияға ұстаған чемоданы, тақиясы, белдігі, дастарқаны және домбырасы, суреттері мен қолжазбалары музей қорына қосылды. Мұражайға берілген ең құнды дүниенің бірі – ғалымның ұстаған домбырасы. Дәнел апай тарих қойнауынан сыр шертіп, ғалымның саусағының ұшы тиген, сырласы мен мұңдасы болған қасиетті қара домбыраны бұрынғы мектеп директоры Ербол Ісләмұлына аманаттап тапсырды. Марқұм ­Ербол Ісләмұлының музейді жасақтауға, жалпы білім саласына сіңірген еңбегін ерекше атап өткен жөн.

«Пандемия кезінде көз жұмған білікті маман, іскер басшы, ұлтжанды азамат талай нәтижелі жұмысқа жетер еді» дейді көзін көргендер.

«2011 жылғы 11 наурыз­да ғалымның жеке кітап­ханасындағы кітаптары мен қолжазбалары, отбасына сыйлыққа берілген кәдесыйлары, жазу машинкасы, шапаны, костюм-шалбары, көйлегі, шұбат ішкен ағаштан ойған сырлы аяғы, суреттері музейдің құнды жәдігерлеріне айналды» дейді музей меңгерушісі Сәуле Жұмабекқызы.

2013 жылы 5 сәуірде Әлкей Хақанұлының он төрт томдық шығармалар жинағы, кітап оқуға пайдаланған лупасы, ­хрусталь вазасы, бет маскасы, ­портреті, ғалым оқыған және отбасына сыйға берілген кітаптар әкелінді.

Жалпы, мемориалдық музейдегі материалдар мынадай тақырыптар бо­йынша топталып, жинақтау жұмысы жүргізілуде:

* Әлкей Марғұлан және филология;

* Әлкей Марғұлан және тарих;

* Әлкей Марғұлан және этнография;

* Әлкей Марғұлан және шоқантану;

* Әлкей Марғұлан және археология.

Әр сала бағытына сай арнайы топ пен жоспар құрылды. Әр бағыттың өзіне тән зерттеу мәселелері анықталған.

Мектеп музейінің мүшелері бар. Мектеп оқушыларына арнайы таныстыру жұмысы мен тәрбие сабағы жүргізіледі. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның 110 жылдық мерейтойында республикалық, қалалық деңгейде және мектеп ішінде түрлі іс-шара өткізілді.

Құнды жәдігерлер

Ғалымның кең-дария мұрасына иелік етіп, соңында қалған тұяғы Дәнел ­Әлкейқызы мектеп мұражайына құнды жәдігерлерді тарту етті. Ғалымның көзі тірісінде өзі пайдаланған дүниелерінің ішінде ұлттық нақышпен оюланған алқызыл шапаны, зерленіп, кестеленіп тоқылған тақиясы, сапалы матадан тігілген шетелдік костюм-шалбары, қайыс белбеуі, жұмыс бөлмесіндегі терезеге ұсталған пердесі (штор), ғалымның ұзақ жылдар бойы көз майын тауысып, ел тарихына қа­тысты небір құнды еңбектерді дүниеге әкелген немістің Эрфурт қаласынан шыққан Оptima жазу машинкасы, алпыс жылдық мерейтойына сыйға тартылған орыстың ұлы ғалымы Ломоносовтың қола мүсіні, жетпіс жылдығына арнайы дайындалған ­портреті бар.

Ғалымның үлкен байлығы – өмір бойы тірнектеп жинаған кітапханасы. Онда екі жүзге жуық көркем әдеби және ғалымға сыйға берілген кітаптар бар.

Әлкей Марғұлан – қазақ археология ғылымының атасы, оның негізін қалау­шы. Осыған байланысты «Беласар», «Сангуру» т. б. экспедицияларда түсірілген құнды фотосуреттер мен зерттеулер бар.

Әлкей Марғұлан – шоқантану ғылымының негізін қалаған ғалым. Өзінің естелігінде саналы ғұмырының 20 жылын Шоқанды зерттеуге арнағанын айтады. Соның айғағы ретінде Шоқан Уәлиханов мұраларының бес томдығын жарыққа шығарып, қазақ ғылымының алға қарыштап дамуына әсер етті. Берілген материалдардың ішінде ғалымның Шоқанға байланысты қолжазбалар мен мерзімді баспасөз бетінде жарық көрген дүниелер бар. Ерекше қызықтыр­ғаны – Шоқанның әкесі Шыңғыстың 1860 жылы Петерборда оқып жүрген ұлына жазған хаты. Әкенің балаға қамқорлығы да, берген тәрбиесі де осы хатта көрініс табады.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button