Басты ақпаратЕл тынысы

Наурыз нақыштары

Әз-Наурыз құт пен ырыстың бастауы, әрбір жанның қалауын орындайтын жалпыхалықтық той елордада ерекше өтті. Биыл елордада Наурыз мейрамы қаланың төрт ауданындағы ашық алаңдардың бәрінде және елді мекендерде атап өтілді. Мерекелік әндер барлық ауданда шырқалды, сол сияқты жұртшылық жаңа піскен бауырсақтан, наурыз көжеден дәм татты.

«Наурыз базары» жәрмеңкесі

Наурыз күндері қаланың бас­ты алаңдарында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Байқоңыр ауданында киіз үйлердің көрмесі мен Ататүрік саябағында және Жазушылар аллеясында концерт өтті. Іс-шараларда қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Сондай-ақ, ашық аспан астында мерекелік көңіл күй сыйлау үшін түрлі түсті фотоаймақтар, алтыбақан ұйымдастырылды.

Жеке алаңда ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өткізілді, оның ішінде – гір тасын көтеру, армрестлинг, арқан тарту, асық ату, қазақша күрес, қой көтеру және тағы басқалары бар. Сонымен қатар, Өндіріс, Кирпичный және Қазқалашық тұрғын алабында ашық ауада мерекелік іс-шаралар ұйымдас­тырылды.

Есіл ауданының тұрғындары да Наурыз мейрамын ерекше атап өтті. Бірнеше қоғамдық кеңістік аумағында мерекелік концерттер ұйымдастырылып, киіз үйлер орнатылып, жұртшылыққа наурыз көже ұсынылды. Концерттік бағдарлама бірнеше тұрғын үй кешенінің аумағында да өтті. «Жағалау» ТК жанында әртістер, мектеп ансамбльдері өнер көрсетті.

21 наурызда елордалықтар және қала қонақтары «Қазақ­стан» ОКЗ-да «Әнім сен едің» концертін тамашалады. Еліміздің жетекші солистері мен заманауи эстраданың танымал әртістері қазақтың көрнекті композиторы Шәмші Қалдая­қовтың әндерін орындады.

21-23 наурыз аралығында ЭКСПО халықаралық көрме орталығының аумағында
«Наурыз базары» шығыс жәрмеңкесі өтті. Тұрғындар этностильдегі жаңа коллекциялардан киім, зергерлік бұйым, керамикадан, металдан, киізден, жібектен, қолдан жасалған бұйымдар, түрлі кәдесыйларды қолжетімді бағаға сатып алды. Сондай-ақ, мұнда елдің әртүрлі аймағынан шаруа қожалықтары мен тауар өндірушілердің өнімдері ұсынылды.

«Көшпелі өркениет» фестивалі

Наурыз тойындағы бір ерекшелік сол – «Көшпелі өркениет» фестивалі қаланың барлық төрт ауданының аумағында орналасты. Есіл ауданында ол ЭКСПО аумағындағы Nur Alem сферасының жанындағы ашық алаңда өткізілді. Фестиваль аясында ұлттық спорт түрлері бойынша – көкпар, бәйге, теңге алу, қыз қуу, қазақ күресі, арқан тарту, гір тасын көтеру, құмай тазы жарысы және тағы басқа жарыстар Астанадағы Наурыз тойын қыздыра түсті.

Мерекелік іс-шаралар «Бәйтерек» монументінің жанындағы алаңда, Пригородный және Үркер тұрғын алаптарында өтті. Сондай-ақ, Наурыз мейрамы Назарбаев орталығының, «Арнау», «Зеленый квартал» және «Жағалау» тұрғын үй кешендерінің аумағында, «Комфорт-1» коттедж қалашығында өткізіліп, тұрғындарға мерекелік керемет көңіл күй сыйлады.

Аудан аумағында орналасқан 9 СОО-ның әкімшілігі Наурыз мерекесіне орай түрлі іс-шара ұйымдастырды, оның ішінде киіз үй жасау бойынша шеберлік сыныбы, әртістердің қойылымдары, ұлттық ойындар, жәрмеңкелер, көрмелер, театрландырылған қойылымдар және т. б.

Наурыз мейрамы Сарыарқа ауданында орналасқан 4 қоғамдық кеңістікте ерекше атап өтілді. Ауданда мерекелік іс-шаралар 21 наурызда қала алаңында және Агроқалашық елді мекенінің алаңында өтті. Мұнда киіз үйлер, алтыбақан және фотоаймақтар орнатылды, дәстүрлі түрде ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар ұйымдастырылып, қонақтарға мерекелік тағамдар мен сусындар ұсынылды. Сондай-ақ мұнда кез келген адам садақ атып, бүркіт пен тазыны ұстап суретке түсті, қолдан жасалған бұйымдар жәрмеңкесі өткізілді.

22 наурызда мерекелік іс-шаралар «Көктал» және «Қорғалжын» саябағында өткізіліп, елордалықтарға ерекше әсер етті. Мұнда киіз үйлер, фотоаймақтар, алтыбақан орнатылып, концерт пен тәттілер дайындалды, келушілер асық ату, қол күрес, арқан тарту, гір тасын көтеру жарысында өз шеберлігін көрсетті.

21-22 наурызда Алматы ауданында түркі және парсы халық­тарының жаңа жылы – Наурыз мейрамы атап өтілді. Ауданда 15 орын дайындалған. Барлық алаңда мерекелік концерттер өткізіліп, ұлттық тағамдар үлестіріліп, ұлттық ойындар ойналды.

Инновациялық киіз үй орнатылды

Наурыз мерекесіне орай елордада ЭКСПО халықаралық көрме орталығының аумағында Nur Alem маңына жақын жерде көшпелі өркениет фестивалі ұйымдастырылды. Фестиваль алаңында этноауыл орнатылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген қолөнершілер өздерінің шеберлігін көрсетіп, білімімен бөлісу үшін жиналды. Мұнда келгендер қолдан жасалған бұйымдарды тамашалап, ұлттық ою-өрнектер мен кесте, кілем тоқу, киізден жасалған көне тоқыма өнері, тіпті сауыт жасау бойынша бірегей шеберлік сабағына қатысты. Фестивальдің басты ерекшелігі – жасанды интеллект көмегімен жасалған өнер, дизайн, анимация заттарын қамтитын Neo Nomad инновациялық киіз үйі орнатылды.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button