Жаңалықтар

Тілші қандай, тіршілік нешік?

brand-journalism-is-better-than-content-marketing

«Қазақтың жанын қырық қайшымен қидалап, өртеп, күлін эфирге шашып жатқан пәленбай каналды теледидарлар мен радиолар…» деп Тұрсынжан Шапай мәселені төтесінен қойған кез­де әлеу­меттік желілер шырт ұй­қы­датұғын. Бүгін сол қалған күлді facebook-те бұрқылдатып шашып ойнап жүрген қайран қазақтың журналистері!.. Осы ой – үлкен ұйым құрып, ұлттың іздеушісі мен сұраушысына айналған, өзі бірнеше газет-журнал шығарып отырған әріптестің әлеуметтік желідегі парақшасын оқып отырғанда келді. Өткен 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында сол әріптесіміз парақшасына «бұл күні той жасап, би билеуді доғарайық дегенді жылда айтамыз, бірақ нәтиже аз. Қажет болса осы күні барша 17,5 миллион қазақ бір минут ортақ үнсіздік жариялау керек» деп жазды. Ниеті дұрыс, орындалуы олақ жазбаны оқыған соң: «Сіз айтып отырған сандық мәлімет жалпы қазақстандықтардың саны шығар, тұтас дүние жү­зіндегі қазақтың басын қосқанда 15 миллионға әзер жетеміз» деп сәл ескерту жасап едік, пост иесінің талағы тарс айырылды. «Маған жөн сілтемей-ақ қойыңдаршы!» Жарайды дедік іштей, «өзім жемеген көтенішек боғымен піссін». Бірақ әлеуметтік желілердегі осындай «асқақ» амбиция, күнделікті өмірдегі бетекі кез­десіп жататын түрлі істер кө­ңіліңді толқытпай қойсын ба, «өз сөзім өзімдікі» деп қалам ұстайсың…

«Бізді он жыл
бұрынғы лекциясымен оқытты»
Елге аты мәлім оқу орнында журналистика мамандығы бойынша білім алып, енді сол білгені мен түйгені бойын­ша телеарналардың бірін жағалап жүрген інішек бар еді. Өзі әжептеуір ақын, өлеңдері жүректі тербейді. Анда-санда кездесіп, шүйіркелесіп қа­ламыз. Сол інішек біржолғы әңгімесінде: «Біздің бір ағай бізді он жылдың алдындағы лекциясымен «ұзақ» оқытты» деп мұңын шағып еді. «Неге?» дейміз ғой баяғы бәрін түсініп, біліп тұрсақ та қайтара сауал
қойып. «Ой, шәкірттеріне жаны ашымайды ғой, әйтпесе, ізденіп, дайындалып, «осылар бірдеңе білсе екен» деген кісі сөйтіп сүле-сапа аудиторияға бас сұға ма? Ағайдың алдында жұлма-жұлмасы шығып жататын парақтар қай дәуірден бері «ұлы ұстазбен» жолдас екенін әйгілеп тұратын. Әй, сол кісінің неге сонша күйінбейтінін түсінбеймін» дейді байғұс көздері жапақ-жапақ етіп. Жұмысқа енді-енді араласа бастағанда елдің де, өзінің де қор болған уақыты есіне түсіп, жіберген кемшіліктері алдынан кесе-көлделеңдей берсе керек. Налымай қайт­сін енді. «Қазаншының еркі өзінде» болған заманда «ана­бір арнада продюсермін, анабір бағдарламаның жүр­гізушісімін. Журнал ашып, газет шығарып жатырмын» деп, бітірген түгі жоқ болса да кеудесін керетіндердің су ішкен бастауының басында сондай бір «ұстаздық қылып, үйретуден жалыққан» жан отырған шығар…

«Біздің журналистер күніне алты бет
жазады…»
Өткен қыста дәм айдап, Астана қаласына қоныс аудардық. Қыстың көзі қырауда кім жылы-жұмсағын алдыңа төсеп, қарсы алады дейсің. Жан-жаққа шапқылап, «екі қолға
бір күрек» іздеп жүргенде, ертерек осында келіп орныққан дос жігіттің көмегіне көп жүгіндік. Ақыл-кеңесін де аямады. Бірде сол досым:
– Осыған хабарласшы, журналистер іздеп жатқан көрінеді. Айтысына қарағанда тәжірибелі адам болса, тіпті өз орнына қоятын секілді, – деп қолыма телефон нөмір жазылған қағазды ұстатты.
– Бұл қандай жұмыс екен?
Өз орны деген қандай орын екен, – дедім мен де бір жұмыс­тың шеті көрінгенге қуанып.
– Жеке журнал. Бірақ ақ­шасы жақсы деп естігем. Өзі – сол журналдың бас редакторы. Сөзді көбейтпей, сөйлесіп көрсеңші, – деп досым асығыс жұмысына кетті. Мен де отыр­мадым, жаңағы нөмірге қоңырау шалдым. Жас әйел
телефон көтерді. Жөн-жа­йымды айттым. Аз-маз танысудан кейін жұмыс мәселесіне көшкен телефонның арғы жағындағы кісім:
– Бұл журналдың шығып жатқанына бірер жыл боп қал­ған еді. Қаржысын өзіміз таба­мыз, бірақ қазіргі жағдайы жаман емес. Бізге керегі тәжі­ри­белі маман боп тұр. Сіздің жағ­да­йыңызды білмейміз ғой енді, – деді сыпайыгершілік танытып.
– Қандай жағдайымды? – де­дім мен де анығын білгім келіп.
– Жұмыс істеу тәжірибеңіз, біліміңіз дегендей.
– А-а-а… Енді бұған дейін біраз газет-журналдарда жұмыс істеп келдім, аз да болса тәжірибем бар деп ойлаймын.
– Былай ғой, біздегі журналистер өте білімді, күніне алты бет жазады.
– Алты бет?
– Иә, көбінде үлкен кісілерден сұхбат алады. Соны айтып тұр­мын ғой, күніне алты бет жазады, – деді жас әйел даусы ал­-
д­ың­ғыдай емес, зілдене шығып. Журналистердің деңгейін те­рімшілікпен өлшейтін бас ре­дакторсымақтың қылығы жынымды келтіріп тұрса да әдейі қитұрқы сауалымнан жазбадым.
– Сонда олар күніне Wоrd-пен алты бет жаза ма?
– Иә, Wоrd-пен алты бет жа­за­ды. Не деген түсінбейтін адам­сыз. Сіз қалай жұмыс істе­мекшісіз өзі? Қарапайым нәр­селердің өзін түсінбейді екенсіз. Жарайды, сау болыңыз, – деп телефон тұтқасын тастай салды.
– Сау болыңыз, – дедім мен де құтырғаннан құтылып. Кеш­ке досым телефон соғып, жұ­мыс­тың жай-жапсарын сұрады.
– Оларға журналистер емес, терімші керек екен, – дедім.
– А-а-а… онда адам алып қойған болды ғой, басқасын көрерсің.
– Иә, басқасын көрермін, ние­тіңе рахмет, – деп еріксіз бір жы­­миып алдым… Ұстағанның қо­лында, тістегеннің аузында кет­­кен қайран газет-журналдар!..

Ырысбек ДӘБЕЙ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button