Жаңалықтар

ТАЛАЙ ДОС ТАПТЫМ

f9c0a8a3e51d5f6d0ed1dff22858801d

Жалпы, қазақы мінезімізге сай, көршіміз өзге ұлттан болса, «ол-орыстамыр», «дәлдікті сүйетін неміс қой», «қайырымды кәріс», кейде риза болып, «өзі қазақшаға судай» деп іш тартып жатамыз. Бірақ олардың шыққан тегін түп-тамырына дейін қазбалап жатуды әдетке айналдырмаған екенбіз.

Осыдан он шақты жыл бұрын Алматыдағы Достық үйінде орналасқан республикалық «Достық-Дружба» журналы редакциясына жұмысқа орналасқанымда өзге ұлттардың салт-дәстүрі мен мәдени мұрасынан білетінім мардымсыз еді. Алайда, жұмыстың бабымен қазақ жерін мекен етіп жатқан түрлі ұлт өкілдерімен тілдесе келе әр ұлттың мәдени мұрасы өзгеше әлем екенін, ал әрқайсысының сол бір әлемнің лайықты өкілі екенін ұқтым. Және жақын таныған сайын әрқайсысының жақын туысыма айналғанын сезбей де қалдым. Геология-минерология ғылымдарының докторы Сұлтан Оздоев, медицина ғылымының докторы Мұрат Каримов, академик Надир Надиров, медицина ғылымының кандидаты Иван Коркан, Асылы Осман, Гүлнәр Аннакулиева, Людмила Хочиева, Зиятдин Касанов, Леонид Питаленко, Артуш Карапетян, Владимир Примин, Ахмед Муратов, Розақұл Халмұрадов, Егор Каппель, Князь Мирзоев, Хусей Дауров тағы басқа белгілі азаматтармен жүздесіп, сұхбаттасқаныма қуанамын. Бұлар – рес­публикалық этномәдени орталықтарының жетекшілері ғана емес, барша қазақстандықтардың береке-бірлігінің бастауында жүрген азаматтар.

* * *

Қазақты дәріптеген қаламгер деп Моисей Михайлович Гольдбергті ерекше құрмет тұтамын. Моисей Михайловичтің талантты скрипкашы Руслан Тұрынтаевты қамқорлап, оның Мәскеудің П.И.Чайковский атындағы мемлекеттік консерватория­сы жанындағы мектепте білім алуына жағдай жасап жүргенін көбіміз біле бермейміз. Одан бөлек, соғыс тақырыбына қалам тартып, қазақ батырларының майдан жолдарын көп зерттеген. Қарулас достарының соғыстан кейінгі тұрмысы назарынан тыс қалмаған. Соның бірі соғыс ардагері Әскен Нәбиевтің жаңа пәтер алуына себепкер болғанын тіршілік тірлігімізбен қазбалап сұрап білген едік.
Жақсы адамдармен сұхбаттасудың өзі – бір ғанибет. Кейде тіліміздің ұшына үйірілген сұрақты тежей алмай қаламыз. Сондай бір жайт астаналық «Хазар» әзербайжан қоғамдық бірлестігінің төрағасы Видади Агаевпен болған еді. Оның жас кезінде Қарабах қақтығысына қатысқанын білдім. «Алда-жалда қазақ жерінде қиын-қыстау кезең болғанда қазақстандық әзери түркінің ұлдары не істер еді деп ойлайсыз?» дедім. Сонда Видади «Жамандықтың бетін әрі қылсын. Мүмкін менің жасым келіп, қайратым қайтып, мылтық кезенуге көзім де нашар көретін болар. Алайда, сын сағатта қазақпен бірге мен де атқа қонамын. Түбі бір түркінің намысы үшін, бізге көрсеткен жақсылығының қайтарымы үшін, қазақтың бір кәдесіне жараймын деп ойлаймын» деді іркілместен.
Елімізде жасап жатқан түрлі ұлттар мен ұлыстардың қазаққа деген шын ықыласына талай мәрте тәнті болдым. Бірде Тәжікстаннан қазақ бауырымыз хабарласты. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын квотамен елімізге келіп, азаматтық алуына өтініш берсе де, солтүстіктің суығына шыдамай кері қайтқан екен. Содан бері он жыл өтіпті. Балаң жігіт есейіп елге келгісі келсе, мұндағы бітпей қалған шаруасы алдынан шығып қала ма деп алаңдапты. Бас тіреп баратын да жақындары жоқ екен. Содан жергілікті Ассамблеяның азаматтарына өтініш айттық. Арада көп өтпей, бауырымыз мұрағатта жатып қалған құжаттарын реттеп, азаматтығын да алды. Жатын жайынан қысылмай, келген шаруасының тез арада түгенделгеніне себепкер болғанымызға біз қуандық.

* * *

Мәжіліс депутаты, Қазақстан корейлері қауымдастығының президенті Роман Ким «Біз – қазақ халқына алғысты болыңдар деп өсиет еткендердің ұрпағымыз. Отбасында ата-анамыздың разылық сөздерін көңілге тоқып өстік. Осыдан үш жыл Алматы облысы, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласындағы Бастөбе тауының бөктерінде Алғыс монументінің іргетасын қаладық. «Қазақ халқына мың алғыс» деп қазақ, орыс, корей тілдерінде тасқа қашалып жазылған сөздер қазақ жерін мекен еткендердің разылығының бір белгісі болды» деп, өз ойымен бөліскен еді.

* * *

Ал «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының жетекшісі Салман Героевтың «Өздерінің басын қатерге тігіп, аштықтан, аурудан қайтыс болған ингуштарды түн жамылып жерлескен қазақтарды білемін. Жер аударылғанда шашырап кеткен ингуштардың ағайын-туысын іздеп, өз атынан майданға, Қырғызстанға, еліміздің басқа өңірлеріне хат жазып, сұрау салғаны да белгілі. Жазалы халықты іздемек түгіл, олармен түзу сөйлесіп, амандасқанның өзін қырына алатын алмағайып заманда бұл ерлікке пара-пар еді. Оны ұмытуға болмайды» деген сөздері де есімде. Ауыр жылдары қазақтың бүтін құртты бөліп жеген, жарты құртты жарып жеген күндерді басынан өткергендер дүниеден өтсе де, ұрпағына аманат етіп кетіпті. Осындай сөздерді жиі естіген сайын кейде қазақ жерін паналап келгендердің бүгінгі ұрпағының алғысын жеткізуші жандай сезінетінім рас. Осы жылдары «аралап талай жердің дәмін таттым» деуге болады. Оңтүстіктің алыс ауылдарындағы тәжік ағайындардың, Шонжадағы ұйғыр-тараншылардың, жүздерін жел қаққан қараталдық корейлердің, сортөбелік еңбекқор дүнгендердің ортасында болып, ақсақалдарының әңгімесіне қанықтым. Орыс, беларус, украиндардың немістердің, шешендердің, молдавандар мен гректердің де мерекелеріне қатыстым. Бүгінгі қоғамдық бірліктің, бейбіт өмірдің нұрынан қуат алған қарапайым халықтың жарқын жүздері әлі көз алдымда. Бірлік пен ынтымақтың бағасын білген адамдардың жан шуағын сол қалпында қағазға түсіріп, оқырмандарға жеткізуге тырыстым. Бір-бірімізді жақын танытуға, атасы бөлек демей, бір туыстай жақындастыруға дәнекер болған кәсібімнің бір қыры осылайша өрбігеніне разымын.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button