Жаңалықтар

Қалам мен бесікті қатар тербеткен

11651264_392168500975152_936863214_n

Қазақ журналистикасында өзіндік орны бар, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Нәзира Байырбектің жазуы ерек, ойы бөлек журналист екенін көзі қарақты жұрт жақсы білсе керек. Осы бір талдырмаш қыздың өн-бойынан қаламгерлікке тән қайсарлықты ғана емес, мамандыққа деген ма­хаббаттың ерен үлгісін де көруге болады.
Журналист болса, Нәзирадай-ақ болсын. Қалам ұстауды үлкен жауапкершілік санайтын ол оқылымды дүниелер жазып, ойлы мақалалар, салиқалы сұхбаттар жариялап келеді. Жазуға келгенде тастай Нәзира негізгі міндеті – отбасын құрып, ана атануды да ұмытқан жоқ. Қандай мықты болса да кейбір қыздар тұрмыс құрып, бала туғанда, қаламынан қол үзіп алады. Ал Нәзира олардың қатарынан емес. Қағілез замандасымыз қаламды да, қазанды да қатар ұстады. Екеуін де ақсатқан жоқ. Бір қолымен қалам тербетсе, екінші қолымен бесік тербетті. Жаялықпен жағаласа жүріп, талай татымды дүниелер жазып тастады, Өзінің алғашқы кітабы – белгілі опера әншісі Нұржамал Үсенбаеваның өмірі мен шығармашылығына арналған «Нұржамалды» жазып жүргенде, Нәзираның аяғы ауыр болатын. Біз «жаныңды жеп жазу оңай деймісің, жас баланың бұғанасы қатпайынша, кітабын бітіре алмайды-ау» дестік. Жоқ, қайсар қаламгер баласын баға жүріп, кітабын аяқтап шықты. Онымен қоймай, «Журналистің жұлдызды сәттері» атты эсселер жинағын да кітап етіп шығарды. Төртіншіі баласын дүниеге әкелгенде, Нәзира белгілі ақын Күләш Ахметова туралы кітабын жазуды бастаған болатын. Бұйыртса, оның да оқырман қолына тиер күні алыс емес деп ойлаймыз.
Өз кәсібінің шебері атанып қана қоймай, жарының да бабын тауып, балаларын да бағып, жұмысына да, кітап жазуға да үлгеріп жүрген Нәзираны қалай мақтамайсың енді. Өзі ұлтжанды. Ұлтқа қатысты жылт еткен жылы жаңалық болса, бірінші қуанатындардың бірі де осы Нәзира. Көпбалалы ана атанып, ұлттық демографиямызға дем салып жүргенінің бір сыры да туған халқына деген сүйіспеншілігінде жатса керек. «Әр бала – Алланың аманаты. Балаларымды жақсылық жасағаннан ләззат алатын адам етіп тәрбиелегім келеді» дейді өзі.
Өмірге ұрпақ әкелу, оны саналы азамат етіп тәрбиелеу – үлкен жауапкершілік. Ендеше, Нәзираның қайырлы қадамына тек ақжол тілейміз. Ұрпағың аман, қаламың қарымды болсын! Сенен әлі де ірі дүниелер күтеміз!

Қымбат Тоқтамұрат

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button