Жаңалықтар

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ҚОЙНАУЫНА БЕРІЛДІ

0cc5d737ac856502cf71193835c4696c

Ұлы Отан соғысында  қаншама майдангерлер хабарсыз кетті. Сол сұрапыл жылдарда «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен жігерлене ұрысқа аттанған менің үлкен атам Қабен Құсайынов та хабарсыз кеткендердің қатарынан болатын. 

Ол 1942 жылдың тамыз айында Смоленск қаласын жаудан азат ету кезінде мерт болыпты. Бірақ, денесі табылмаған. Соғыс аяқталғаннан кейін туыстары атамды іздестіреді. Тиісті орындарға хабарласады. Қаза болған жерін тауып, басына тас қойсақ деп мақсаттанады. Қанша уақыт өтсе де, біздің көңіліміздегі үміт оты сөнбей, атамнан бір хабар болар деп сенгенбіз. Ақыры үмітіміз ақталды. Смоленск облысындағы «Надежда» іздестіру жасағынан қуанышты хабар алдық. 2014 жылдың мамыр айында атамның сүйегі із-түссіз жоғалғандар арасынан табылып, солдат медальоны арқылы аты-жөні анықталыпты. Және тағы бір туысқанымыз Ескен Әбілқасеновтің Смоленск облысының Демидов ауданында жерленгенін білдік. Бұл жаңалыққа біз ғана емес, ауыл-аймақ түгелдей қуанды. Әкесінің денесі табылғанын естіген Әмірхан атам «сүйегін туған жерге жеткізу – менің перзенттік борышым» деп, Смоленскіге жол тартты. Бауырластар зиратына жерленген ағасы Ескен Әбілқасеновтің басына ескерткіш тақта орнатып, Қабен атамыздың сүйегін туған жерге алып қайтты. Зеренді селосының орталық алаңында Қабен Құсайыновпен салтанатты қоштасу митингісі өткізіліп, оған Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев қатысты. Осылайша, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгер атамыздың сүйегі араға 72 жыл салып, туған жердің қойнауына берілді.
«Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді» деп батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, нағашы атам Мұса Жүсіповтің де тылдағы ерен еңбегін мақтанышпен айтамын. Менің де мақсатым – осындай аталарымның үміттерін ақтап, елімнің ертеңі үшін қызмет ету.

Аружан ҚҰСАЙЫН,
Ақмола облысы Целиноград ауданы Талапкер
орта мектебінің
6-сынып оқушысы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button