Басты ақпарат

Тұтынушы құқығы қорғалып жүр ме?

15 наурыз – Халықаралық тұтынушылар құқығын қорғау күні. Кеше елорда әкімдігінде осы күнге орай «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау бірлестігінің ұйымдастыруымен арнайы конференция өтті.

Жиынға Парламент Мәжілі­сінің депутаты Ирина Смирнова, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау коалициясының төрағасы Мұрат Әбенов, Медицина ғылымдары академиясының академигі Ерболат Дәленов, сондай-ақ қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті мен түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Іс-шара басында Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау бірлестігінің төрағасы Қабыкен Закариянов АҚШ-тың Чикаго қаласында 200 жыл бұрын болған оқиғаны әңгімелеп берді.
– Сол шақта қала тұрғындары аяқ киім шығаратын фабриканың өнімдеріне наразы болып, орталық алаңға шығыпты. Оған басты себеп аяқ киімнің нашарлығынан жұрт тұмауратып, түрлі ауруға шалдыққан. Чикаго басшылығы арнайы сараптама жүргізіп, соның нәтижесінде фабриканың кінәсін анықтап, халықтың ақшасын кері қайтаруды міндеттепті. Ал алаяқтыққа жол берген компания банкротқа ұшыраған екен, – деп АҚШ-тағы тұтынушылардың құқығы қалай қорғалатынын мысалға келтірді.
Ал Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова бұл өмірде кез келген адам тұтынушы екенін айта келіп, бәрінің құқығы тең дәрежеде қорғалуы тиіс екенін айтты. Тұтынушы деген ұғым бір затты сатып алушы деген оймен шектеліп қалмайтынын, кез келген адамның қауіпсіздігін қорғауда, білім алуда, келтірілген шығынның орнын толтыруда толық құқығы бар екенін қозғап өтті.
– Көп нәрсе тұтынушылардың өзіне байланысты. Егер келеңсіз нәрсеге тап болсақ, бей-жай қарамай, құқығымызды аяқасты етпей, соңына дейін күресуіміз керек. Мұндай жағдайда жауапты мекемелердің жоғары деңгейде жұмыс істеуі шарт, – деді халық қалаулысы.
Конференция барысында Мұрат Әбенов қызмет көрсететін, сауда жасайтын орындар күннен-күнге дамып келе жатқанын айтып, алайда азаматтардың құқығы қаншалықты қорғалатыны үлкен мәселе тудыратынын қозғап өтті. Құқығы қорғалмаған тұтынушының арыз-шағымы аяқасты қалып жататыны мә­лім. Ол бүкіл дүние жүзінде әлі күнге дейін бар. Мәселен, бізде тауардың бағасы мен қызмет көрсету сапасы әлі күнге дейін ақсап тұр. Былтыр осыған ұқсас алғашқы атаулы көмек алу, пәтер алу үшін кезекке тұру, жер алу, сапалы білім алу секілді мәселелер қамтылып, тұтынушылар құқығын қорғау комиссиясы құрылып, осы ретте бұл жұмыс­та мемлекет тарапынан мейлінше қолдау көрсетілсе, кез келген адамның құқығы қорғалатынын қадап айтты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button