Басты ақпаратҚоғам

Ұлттық кеңес ұтымды бола ма?

Ертең Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірінші отырысы өтетіні жоспарланып отыр. Конституцияның 44-інші бабының 20-сыншы тармағына сәйкес Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен құрылған кеңестің жалпы ережелері мен құрамы да бекітіліп қойған.

Иә, бұл ұйымды құптадық десек те, несін жасырамыз, оған сенімсіздікпен қарайтындар да жоқ емес. Егер Жаңа кеңес көптің көңілін өзіне аударып, еліміздің сая­си да, әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерлетуде тиімді рөлін атқарып жатса нұр үстіне нұр болар еді.
Осы тұста, мына бір жәйға назар аударуды жөн деп отырмын. Әкімдіктердің де, Қазақстан халқы ассамблеясының жанында да, бүгінде көптеген қоғамдық кеңестер жұмыс істеуде. Бұған, әкімдіктердің қоғамдық даму, ішкі саясат бөлімдері мен басқармаларын қосыңыз. Ал шынайы демократиялы ел болған соң, жаңадан құрылған сенім кеңесі биліктің – заң шығару органдарымен тығыз байланыста болу керек. Себебі билік орындарының көбінде сен тимесең мен
тимеймін дейтіңдер баршылық. Ең бастысы, ел Президенті өзі басқарып отырған ұйымда оның мүшесі болып жұмыс істеу еместігін ескергені үлкен абырой, әрі жауапкершілік екенін сезінген жөн.
Осы Кеңес құрылмас бұрын, өз өтінішім бойынша еліміздің Ғылым және білім, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Нұр Отан» партиясы басшыларының орынбасарларымен кездестім. Олардың бәріне, мені мұқият тыңдап әрі сауалыма жазба түрінде жауап бергендеріне, өте ризамын. Бірақ та шынын айтуым керек, маған олардың арнайы берген жауабына көңілім толмады. Өйткені олардың берген жауабында мен сарапқа салып отырған мәселелерді шешу үшін қолданыстағы заңдардың талаптарына сәйкес мүмкіндік жоқ деп айтылған. Ал сол мәселелерді ойдағыдай шешу үшін жаңағы өздері айтқан заңдарды және басқа да нормативті акттерді өзгертейік деген ұсыныстарыма ешқандай қызығушылық білдірмейді.
Бірінші кезекте шешуін күтіп тұрған, еліміздің саяси әлеуметтік-экономикалық дамуынан бастап, жеке бір адамға байланысты мәселелердің бәрін екі топқа бөлуге болады. Мына менің осы алақандай мақаламда күні бүгінге дейін шешімі табыл­маған мәселелердің бәрін атап айт­пақ түгілі қанша екенін де білмейміз. Алайда қанша көп болғанымен бұлардың бәрінің де шешімін табуға болады. Тек, бір еске сала кететін жәй – сол не бір қиын мәселені қайтсем де шешемін деген ықылас болу керек.
Жуырда ғана өткен ел Президентін сайлау қарсаңында біраз адамдар көшелер мен алаңдарға шығып, рұқсат берілмеген митингілерге қатысып, сайлауға байкот жариялап әлек болды. Сайлау өткен соң тағы да көшелер мен алаңдарда шеру өткізіп немесе митингтерде кездесейік дегендерге Алматы мен Нұр-Сұлтанда рұқсат берілді. Митинг пен шеруге шығуды құптағандарға және оларға рұқсат беруші мемлекет органдарына менің айтарым мен ұсыныстарым бар.
Шет елдерде, әсіресе демократияны дамытудың шыңына жеткен Батыста өткен шерулер мен заңды да заңсыз митингтердегі шерушілердің қатарында жүргендердің көшедегі жеңіл машиналар, кафе, ресторандар мен небір ғимараттардың әйнек пен есіктерін сындырып, «молотов» шөлмектерімен өрт салып жатқандарын көргенде: «ондай демократияның барынан жоғы жақсы» деп, тәубә қыласың. Осындай шерулер мен митингтерде жарақатанғандар мен кісі өлімі де болып жатады. Тіпті шерулер мен митингтердің бейбіт түрде өтуін бақылауға жан-жақты мұқият дайындықпен шыққан полиция қызметкерлері де жарақатанып немесе өліп жатады. Көріп те, естіп жатырмыз бұндай оқиғалардың арасында провакоторлар жүреді. Сондықтан шерулер мен митингтерді өткіземіз дегендерге рұқсат берудің алдында олардан елді мекендердердегі зардап шеккендердің шығынын толық өтеу мақсатында алдын ала белгіленген қаржысын банктерге аудару талап етілсін. Егер де сен, өзіңнің емес көптің қамын ойлап, халқыма қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүруін жақындатам десең, Сенім кеңесінің дөңгелек үстел басында кәсіби мамандар мен сондай-ақ билік өкілдерімен өз жобаларың мен ұсыныстарыңды сарапқа сал. Болмаса, ел арасына іріткі салмай тыныш жүр дер едім. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, келісіп бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғандай, кеңес отырысында бірлесе қабылданған шешімнің уақытында орындалуын қамтамасыз ету мақсатында оны Үкіметтің тиісті атқарушы органдарына аманат ретінде ресми түрде тапсыру қажет. Содан соң, осы шешімдердің қалай нақты іске айналғанын мұқият қадағалап, анықталған қателіктер мен кемшіліктерден арылу керек. Міне, тек осылай немесе көптің басқа да ұсынған жолдарымен ғана, Сенім кеңесі ел сенімін ақтай алады.

Хамза ОСПАНОВ,
экономист,
«Нұр Отан» партиясының мүшесі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button