Қоғам

Министр болуды армандайды

«Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде он жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан кадрлар бөлімінің аға инспекторы Айнұр Нұрдәулетқызы Әркенова жайлы жазу көптен бері менің ойымнан түспей жүрген еді. Таяуда соның сәті түсіп, кадрлар бөлімінің басшысымен әңгімелесудің реті келді.

Ана тілінің қадір-қасиетін бойына сіңіріп өскен Айнұрдың мектеп бітірген сәттегі мамандық таңдауы да кезек күттірмеді. Ол Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «қазақ тілі және әдебиеті» факультетіне оқуға түсіп, оны 2007 жылы ойдағыдай тәмәмдады. Осы саланың маманы болуына орай, сол жылы Нұра ауданындағы аудандық «Нұра» газетінің меншікті тілшісі болып қызмет ете бастайды. Тілшілік қызметін оқумен ұштастыра жүріп, талапты жас «Қазтұтыну одағы» Қарағанды экономикалық университетінің заң факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны 2009 жылы аяқтап, заңгер мамандығына да қол жеткізеді.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты орталыққа әлеуметтік қызметкер болып орналасады. Осы тұста оның өмірінде өзгерістер орын алып, Асылбек деген азаматқа тұрмысқа шығып, отбасын құрады. Дүниеге келген Арайлым есімді сүйкімді қыздары өмірлерінің қуанышына айналады. Айнұр Нұрдәулетқызы, бала күтімі бойынша демалысқа шығып келгеннен кейін Орталықтағы жұмысын жалғастыра береді. Уақыт өте келе, яғни 2012 жылдың 19 қарашасында мекеме директорының әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары, ал 2013 жылдың 22 сәуірінен бастап кадрлар бөлімінің басшысы болып тағайындалады. Ол өз міндетіне кіретін кадрлық іс жүргізу, жұмысқа қабылдау, жұмыстан босату, қысқарту, ауыстыру және сол сияқты басқа да ауқымды жұмыстарды әрдайым уақытында және мұқият орындауға ден қойған. Сол сияқты қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, көптеген мерекелік шараларды ұйымдастыруға белсене ат салысады және өзі де қатысады. Атап айтсақ, таяуда ғана ол қала күні мерекесіне орай өткен мерекелік концертте әуезді ән айтып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сонымен қатар Айнұр Нұрдәулетқызы Әркенова мекемедегі қазақ тілінің айтулы жанашыры.
«Әрине, армансыз адам болмайды. Мысалы, мен әлеуметтік саланың министрі болғым келеді, жалғыз қызыма серік болатын ер бала тууды армандаймын» дейді Айнұр Нұрдәулетқызы күлімсіреп.
…Несі бар, білімді, адал, мейірімді, ақылды замандасымыздың асқақ арманы орындалып жатса нұр үстіне нұр болары хақ.

Нұрбек ЖАҚАНОВ,
журналист

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button