Жаңалықтар

Ұлттық ойындар ұлықталған Елорда

Халықаралық «ЭКСПО» көрмесін дүркіретіп абыроймен өткізген елордада жаз бойы ұлттық ойындарымыз салтанат құрды. Кеше дәстүрлі «Алтын тұғыр» сыйлығымен марапаттау рәсімінде Астананың аты ерекше аталып, ұлттық спортты ұлықтауға барынша қолдау көрсеткен қала әкімдігіне арнайы алғыс хат табысталды.

Астанада биыл ұлттық спорт түрлерінен дүркін-дүркін жарыс өтіп, халықаралық шараның көрігі қызды. «Қазанат» атшабарына қазақ ауылы қонып, әр өңірден, әр елден кіл дүлдүлдер келіп, бақ сынады. Солардың ішінен ең ауқымдыларын атап айтсақ, жамбы атудан алғаш рет «Алтын жебе» халықаралық турнирі, «ЭКСПО кубогы» бәйгесі, аламан бәйге, көкпар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, еліміздің және әлемнің апайтөс балуандарын белдестірген қазақ күресінен «Қазақстан барысы», «Әлем барысы» және әлем чемпионаты өтті.
«Алтын тұғыр» сыйлығы осындай ұлттық сайыстырда жұлдызы жанған үздіктерге табысталады. Марапаттау рәсімінде Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрметті президенті Қайрат Сатыбалды арнайы сөз сөйлеп, «Елімжан» төсбелгісін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа тақты. Оған қоса, ұлттық спортты ұлықтау­ға ерекше атсалысқан өңірлердің қатарында Астана қаласының әкімдігіне берілген арнайы алғыс хатты шаһар басшысының орынбасары Ермек Аманшаев қабылдап алды.
Ал жекелеген аталымдар бойынша «Үздік жамбы атушы» – Айтбек Сарыбай, «Үздік аударыспақ ойыншысы» – Нармағамбет Иманғазыұлы, «Үздік балуан» – Еламан Ерғалиев, «Үздік теңге ілуші» – Мағжан Сапарбеков, «Үздік бүркітші» – Тәттімбет Кәпұлы, «Үздік тоғызқұмалақ ойыншысы» Хакім Елеусенов атанды.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button